"ҚАЗАНЫМ ҚАЙНАМАЙ ҚАЛДЫ" Избранное

Среда, 24 Ноябрь 2021 04:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 583 раз

бай-кулактар  неге жазықты болды?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін мемлекеттік комиссия құру туралы айрықша бастама көтерді. Осы бастама аясында елімізде кер заманның ұлтымызға тигізген зарарын тереңнен зерделеу жұмыстары жалғасуда.

603

 

Ұлтымыздан шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлерін ақтау жұмысы – (1956-1957жж, 1987-1988 жж, 1997-1999 жж.) үш кезеңнен тұрды. Олардың мемлекет және халық алдында еш кінәсі болмаған деп табылды. Ал жергілікті жерлердегі «қанаушы-эксплуататорлар» деп танылғандар, соның ішінде Шымкент қаласы мен Сайрам ауданынан шыққан ірі бай, орташа байлар, кулактар, саудагер-алыпсатарлар, ишан, имамдарды ақтау мәселесі қалай шешіледі?
Ең басты мәселе сол қасіретті жылдарда қуғын-сүргінге ұшырағандарды, шетелге ауа көшкендерді миллиондап көрсетіп, оқулыққа енгізді де әлі күнге дейін олардың толық аты-жөндері белгісіз болып тұр. Оларды анықтау ісімен бірнеше қоғамдық және ғылыми-зерттеу институттары, архивтер айналысып жатса да қуғындалғандардың санын сол оқулықтарда жиі қайталана беретін санға жеткізу тіпті мүмкін болмай отыр.

604


Қазіргі таңда «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент қаласы бойынша жұмысшы тобы» зерттеп-зерделеу жұмыстарын жалғастыруда. Жұмысшы топ құрамындағы ғалымдар қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттары немесе заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттары бар қуғындалғандарды анықтау жұмысымен Ішкі істер департаментінің архиві, Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві және Түркістан облысы мемлекеттік архивінде (ары қарай-ТОМА) осы жылдың наурыз айынан бері жұмыс жасауда. Мен ТОМА-дағы 1930-1933 жылдар аралығындағы «Шымкент қалалық прокуратурасының құжаттары» деп аталған №620 қорды және «Cайрам аудандық прокуратурасының өндірістік бақылаудағы істер» деп аталатын №168 қорды, «Сайрам ауданы халық сотының материалдары» атты №505 қорды қарастырудамын. Қала аумағындағы ауылдарда колхоздардың құрылысы қалай жүзеге асқаны туралы архив материалдарымен таныса отырып, қазақ байларын тәркілеу және олардың көздерін құрту саясаты сол кездегі тоталитарлық жүйенің басты мақсаты болғанына көз жеткізіп отырмыз. «Контрреволюциялық элемент» саналған байларды, діндарларды құртпайынша социалистік жаңа қоғам құру қиын деген теріс көзқарастағы принциппен таптық күресті қатаң іске асырған. Оған 1929 жылдың 13 тамызында БК(б)П ОК-нің барлық окружкомдары мен ауданкомитеттеріне «Колхоздарды кулактар мен байлардан тазарту туралы» хаты дәлел бола алады.
Күштеп ұжымдастыруға тап болған шаруа қожалықтары және шаруалар саны туралы Шымкент қаласының Янгишахар, Калинин, Қызылжар, Сталин, Киров, Орджоникидзе, Қосдиірмен, Ворошилов, Тассай, Красный Октябрь колхоздары мен Сайрам ауданының Қарабұлақ, Қарамұрт, Базар Қопа, Ярға-лиқ, Манкент атты жалпы 16 колхозды атап көрсетуге болады. Осы ауылдарда ұжымдастыруға қарсы шыққаны үшін әкімшілік және қылмыстық тәртіппен жазаланғандардың аты-жөндері белгілі болып отыр. Ақталғандардың ішінде кешірімге ілінгендердің де саны анықталып жатыр.
Шымкент аудандық халықтық соттары 5 участоктан тұрған және оған Ақсу селосындағы Сайрам аудандық халық сотын қоса 6 участокті көрсетуге болады. Осы соттардағы РСФСР-дің 1926 жылғы Қылмыстық Кодексінің ақталуға ұсынылған тек 58, 59, 61, 62, 63,69,73,79,82,95,97,105,107,108, 110, 111 баптары бойынша қазірге жүздеген іс табылып отыр. 1926-1939 жылдардағы іс-қағаздар төте жазу (арапша) мен латын қарпінде жазылған. Олар негізінен – түсініктемелер, хаттама жауаптары, куәлердің түсініктеме хаттары. Ал ОГПУ-дің тергеушілері мен соттары тергеу хаттамаларын орысша толтырған. Соған қарағанда «бай» табынан шыққан жауапкерлер орысша жазу, оқуды білмеген. Олардың басым бөлігіне «сауаты жоқ» деп көрсетілген.

606


2017 жылы Шымкент қаласында «Сырдария округіндегі тәркілеу науқанына қатысты құжаттар жинағы» жарық көрді. Оған Cайрам ауданына және Шымкент қаласына қатысты сот материалдарының тың деректері енбей қалған-ды. Енді оларды ғылыми айналымға шығарудың уақыты келді деп есептейміз.
Қала аумағына кірген Сайрам ауданынан бай-кулактардың кәмпескеге ілінгендерінің тізімдерін №168 қордағы істерден таптық. Оларға қолданылған жазаны облыстық сотының материалдары деп аталатын №217 қордан іздестіріп жатырмыз. Сол бай-кулактардың көпшілігі жазадан құтылу үшін белгісіз жаққа қашқаны туралы прокуратура құжаттарында мәліметтер баршылық. Жалпы, әзірге 64 бай-кулак, ишан, саудагерлердің тізімі белгілі. Сыртқа қашқан 41-нің аты-жөндері анықталды. Оларды отбасымен бірге ауып көшіп кеткен деп болжап отырмыз.
Архив құжаттарынан Қарабұлақ ауылындағы күштеп колхоздастыру науқаны туралы мына деректерді мысалға келтірейін. Сот, тергеу құжаттарын оқи отырып, колхоздардың алғашқы жылдары дұрыс жұмыс істемегенін көруге болады. Азық-түлік түріндегі салық ет, астық түрінде алынған. Олар мәжбүрлеп жүргізілген. Әсіресе, бұл ауқатты байларға зардабын тигізген. Нәтижесінде Қарабұлақ колхозында азық-түлік тапшылығы орын алып, ел аштыққа ұрынған. Колхоз құрылысына қарсылықты тек бай, орташа бай, діндар адамдардың әрекетінен көруге болады. Қызығы сол, олар өздерін кінәлімін деп санамаған. 58-7,10-баптары бойынша «колхозға қарсы үгіт- насихат жұмысын жүргізді» және жеке малдарын базарға сатып пұлдады, колхозға өткізбеді деген «контреволюциялық айыптаулар» тағылған. Олардың кейбіреулерінің аты-жөндерін көрсетіп және әрекеттері туралы айта кетейік. Айталық, 1930 жылы 48 жастағы Ниязмет Тошметов Қарабұлақ ауылының белгілі байы саналған. Ол 61-3 және 79 -1 тармағы, яғни екі баппен сотталған (ТОМА-505 қор, 1-тізбе, 1 бума, 13-іс.1931 қаңтар-ақпан). 61-3 бап- «мемлекеттік маңызы бар жұмыстарды орындауда бас тарту...», ал 79-1 бап «мемлекеттік кәсіпорындарға тиесілі мүліктерді өрескел түрде жою» болып табылады. Ол бұрын мал саудасымен айналысқан алыпсатар болыпты. Бірнеше гектар бау-бақша өсірген, егіншілікті те кәсіп еткен. Ол кедей-батрактардың еңбегін пайдаланған «эксплуататор» деп танылған. 1929 жылы мал-мүлкі кәмпескеленген. Осы жылы құрылған «Қайтпас» колхозына мүше де болып кірген. Бірақ ол колхозда мақта егуге қарсылық танытқан. Мақта тұқымын егу тапсырмасын орындамаған. Астық салығын да орындамай 1929 жылы көрші Өзбекстанға қашып кеткен. 1930 жылы ол жақтан қайта оралған соң ұсталып, Сайрам аудандық сотында жоғарыда аталған екі баппен сотталып түрмеге қамалған.

605


1930 жылы 27 желтоқсанда ОГПУ тергеушісі Мустакимов Қарабұлақ ауылының бұрын кәмпескеленген мына байлардың қылмыстық істеріне тергеу жұмыстарын аяқтап, істерін сотқа өткізген екен:
1. Умаров Усмантай – 38 жаста. Тегі өсімқор саудагер. Екі сиыры, бір жылқысы қалған. Астық, ет салығын орындамаған.
2. Тойметов Ниязәлі – 60 жаста. Тегі бай. Астық, ет салығын орындамаған.
3. Темиров Тайхана – 48 жаста. Бай. Бұрын кәмпескеленген. Бір өгіз, екі сиыр, екі жылқысы қалған. Астық, ет салығын орындамаған.
4. Исраилов Сағидулла – 34 жаста. Тегі бай. Екі жылқы, екі сиыры қалған. Астық салығын орындамаған.
5. Артықбаев Мутали – 53 жаста. Тегі бай. Бір сиыр, бір есегі қалған. Астық салығын орындамаған.
6. Қасымходжаев Абдураим – 55 жаста. Тегі бай. 1929 жылы кәмпескеленген. Бір сиыры мен бір жылқысы қалған. Астық, тұқым себу жоспарын орындамаған.
7. Умаров Садық – 49 жаста. Ауқатты шаруа. Тұқым себу мен астық жоспарын орындамаған.
8. Абдуллаев Сағидулла – 72 жаста. Имам. Ауқатты орта шаруа. Бұрын 61 баппен істі болған. Тағы да осы бапқа және «контрреволюциялық» 58 бапқа ілінген.
9. Умаров Қошқар – 53 жаста. Тегі бай. Мүлкі кәмпескеленген. Астық салығын орындамаған.
10. Умаров Абдусамат – 38 жаста. Тегі саудагер. Астық салығын орындамағаны үшін кәмпескеленген.
11. Ташметов Сағамбек – 47 жаста. Мал саудагері. Ет салығын орындамаған.
Кеңес өкіметі алдымен бұл байларға колхоз жүйесімен егін егіп, оған қарайлап, жиын-терім жасап, салық түрінде есеп беруін міндеттеген болатын. Бірақ олар «бұл кеңестер билігі ұзаққа бармайды, колхоз дұрыс емес, өзіміздің сақтаған тұқымымызбен себеміз, оның өнімін өзіміз белгілейміз..» деген секілді үгіт-насихат сөздер айтып, қарсы әрекет еткен. Тергеуші Мустакимов жоғарыда аталған байларға қатысты 58-10 және 61-2 баптармен қылмыстық іс қозғайды. 1931 жылы 3 қаңтарда аудан прокурорының шешімімен «домзакқа – түрмеге» сотқа дейінгі тергеу жұмысы үшін жабылады. Сот баршаға үлгі болу үшін ашық жүргізіледі.
«ДомЗак-қа» жабылғандар:
1. Шажалиев Ергеш
2. Умаров Усмантай
3. Тойметов Нияз али
4. Тимиров Тайхана
5. Исроилов Сағидулла
6. Артыкбаев Мутали
7. Қасымходжиев Абдураим
8. Ташметов Ниязмет
9. Умаров Садық
10. Умаров Қошқар
11. Умаров Абдусамат
12. Ташметов Сағамбек
13. Абдуллаев Лутфулла
14. Абдуллаев Сағидулла
15. Абдураимов Абдуали
Осы адамдарға қатысты тергеу істерінде колхозды мәжбүрлеп құрудағы асығыстық, аштық туралы бір ауыз мәлімдеме не факті кездеспейді. Тек айыпталушылардан алынған төте жазу (арапша) өзбекше мәтінде жазылған түсініктемелерде ғана «бала-шағам, туыстарым аш отыр, қазаным қайнамай қалды, егуге бар дәнді колхозға өткізгем, соның біразын сұрауға бардым» деген мазмұндағы жауаптарды оқуға болады. Оны тергеуші сұрақ хаттамасына себептерін басқаша жазып қоспауына амалы болмаған. Өйткені, «ұрладым», «тонадым», «кеңес өкіметінің қолхоз құрылысына қарсымын» т.б деп соңынан жаздырып, қол қойдырып алған. Құжаттарды оқып отырсаңыз олардың басты кінәсі тегі бай, колхоз құрылысына қарсы болғандығын байқауға болады. Олар «қанаушы-эксплуататорлар» деп танылып, бірнеше жылды арқалап, лагерге жөнелтіліп, қара жұмысқа жегіліп кете берді. Архив құжаттарын ақтара отырып, Елбасы бағыт берген Ұлтық код институтын құру аса маңызды екенін түсіндік. Оған тоталитарлық режимнен жәбір көргендерді толық енгізіп, оларды саяси ақтаудың уақыты келді деп ойлаймын.

Бахадыр АЙТАЙ,
тарих ғылымдарының кандидаты, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық
ақтау жөніндегі Шымкент қаласы бойынша жұмыс тобының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.