МЕМЛЕКЕТ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАРЫЗДАНБАУЫНА МҮДДЕЛІ Избранное

Среда, 03 Август 2022 05:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 300 раз

Президент қол қойған жаңа заң соның айғағы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықтың шамадан тыс қарыздануы мәселесіне назар аударып, тиісті органдарға табысы аз, әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған азаматтардың тым көп несие алуының алдын алуға бағытталған шаралар қабылдау туралы тапсырма берген болатын.

99

 

«Қаржы секторындағы тағы бір жағымсыз фактор – тұтыну сегменті мен бизнеске несие беру ісіндегі теңгерімсіздік. Тұтынушыларға тоқтаусыз, тіпті, жауапсыз несие беруге нормативтік тұрғыдан тосқауыл қою керек. Оның айтарлықтай, әлеуметтік зардабы болуы мүмкін. Азаматтардың қаржылық сауатының төмендігі оларға түрлі несиені жөн-жосықсыз тықпалауға себеп болмауы керек» деп атап өткен болатын.
Содан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде заңнамалық және нормативтік база өзгертіліп, қарыз алушының төлем қабілетін бағалауға қатысты талаптар едәуір күшейтілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
Осының нәтижесінде бұрын тұтынушылық мақсаттағы несиені барлық клиенттерге оңды-солды таратып келген микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар мен өзге де қаржы мекемелерінің қызметі мемлекет тарапынан реттеле бастады. Ал, ең бастысы, жаңа заң қарыз алушылардың борыштық жүктемесі мен төлем қабілетін есептеу тәсілдерін жетілдірді және банктердің меншікті капиталының жеткіліктігіне қойылатын талаптарды күшейтті.
Атап айтқанда, отбасының жан басына шаққандағы табысы күнкөріс минимумына жетпейтін болса, тұтынушылық мақсаттағы несиелер беру шектелді. 2022 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі адам басына 36 018 теңге болып белгіленгенін ескерсек, 4 перзенті бар, 6 адамнан тұратын отбасының табысы 216 108 теңгеге жетпеген жағдайда екінші деңгейлі банктер оған несие беруді шектеуі тиіс. Сондай-ақ, жеке азаматтың несиелері бойынша қазір төлеп жүрген ай сайынғы төлемі табысының 50 пайызын құрайтын болса, оған жаңа несие беруге тыйым салынған. Бұл белгілі бір дәрежеде банктердің кепілсіз қарыздарды беталды үлестіруін шектеді.
Алайда, сарапшылардың пікірінше, бұл шаралар халықтың қарыздануына қатысты түйіткілді мәселені толық шешу үшін жеткіліксіз болған. Әсіресе, короновирус пандемиясына байланысты туындаған дағдарыс кезінде елдің табысы азайған тұста азаматтардың қарызға бату қаупі арта түскен. Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары жоғарыдағы заң нормаларын орындауға мүдделі болмай, оларды айналып өтетін түрлі схемалар жасауға ұмтылған.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ, несие бойынша шекті мөлшерлемелерді саралап-жіктеу және азайту үшін қосымша реттеу шараларын қабылдаған. Осы жұмыстың нәтижесі ретінде шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл заңда қарастырылған нормалар қарыз алушылардың борыш жүктемесін дұрыс бағалау үшін берілген қарыздар туралы ақпаратты Кредиттік бюроға ұсыну мерзімін 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқартып отыр. Аталған мерзімде қарыз алушыға кредит беру фактісі және оны идентификаттау туралы ақпарат берілетін болады. Бұл шамадан тыс көп несие алған адамдарға қарыз бермеуді міндеттейді.

100


Микроқаржылық қызмет туралы заңның қолданыстағы редакциясы шеңберінде жеке тұлғаға 50 айлық есептік көрсеткішке дейін сомаға және 45 күнге дейін мерзімге микронесие берудің ерекше жағдайлары көзделген. Мысалы, шағын несие бойынша сыйақының шекті мәні және айыпақы мөлшері шектелген. Заңда микронесие бойынша артық төлем мөлшерін екі есе қысқарту, яғни микронесие сомасының 100 пайызынан 50 пайызына дейін қысқарту арқылы қарыз алушылардың борыш жүктемесін шектеу тетігі іске қосылды. Яғни, Сіз микроқаржы ұйымынан 100 мың теңге қарыз алсаңыз, оған қандай жағдайда да (тіпті несиені уақтылы өтемеген күннің өзінде) 50 мың теңгеден артық пайыздық үстемақы мен айыпақы қоса алмайды.
Жалпы, қазақстандықтардың несиелік борышы туралы деректер топтастырылатын Бірінші кредиттік бюроның ресми сайтындағы деректерге жүгінсек, 2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша отандастарымыздың несиелік жүктемесі 6 триллион 200 миллиард теңгені (аталған сайттағы деректер қазақстандықтардың депозиттерінде 25 триллион теңгеден астам қор жинақталғанын көрсетеді – авт.) құрайтыны көрсетілген. Бұл халықтың екінші деңгейлі банктер мен шағын несие ұйымдарынан алған қарызының мөлшері.
Аталған 6,2 триллион теңгенің 59 пайыздайын тұтынушылық мақсатта алынған несиелер құрайды. Барлық қарыздың 15 пайыздайы ипотекалық несиелер, 11 пайызы кепілді несиелер, тағы 9 пайыздайы автонесиелер екен. Тек 6 пайызы бизнес мақсаттарға берілген кредиттер болып отыр.
– Бұл жағдайға қарап негізінен екі түрлі қорытынды шығаруға болады. Біріншіден, бұл азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмен екенін көрсетеді. Өйткені, тұтынушылық несие алу экономикалық тұрғыда өте тиімсіз. Қарапайым сөзбен айтсақ, банктер кепілдікке ештеңе алмағандықтан Сіздің қарызды қайтармай қоюыңызға байланысты үлкен тәуекелге барады. Тәуекел жоғары болған сайын пайыздық үстемақы да көбейе береді. Сонда тұтынушылық несие алған адам табысының едәуір бөлігін банктердің пайызын өтеуге құяды деген сөз, – дейді танымал экономикалық сарапшы Рахым Ошақбаев.

101


Сарапшының пікірінше, бұл екінші жағынан Қазақстан экономикасының әлі де әлсіз екенін көрсетеді. Лайықты жалақысы бар жұмыс орындары тапшы болған соң адамдар тиімсіз шарттармен болса да тұтынушылық несие алуға мәжбүр. Әр адамның табысы мол, жинақтаған қаржылық қоры бар болса, халықтың кредиттелуіне байланысты проблема мұншалықты ушығып кетпес еді.
Маманның сөзінен түсінгеніміз, Президент қолға алған реформалар халықты қарызға батудан сақтайтыны рас. Табысы аз азаматтарға несие берілмесе, олар уақыт өте келе өзінің қаржылық мүмкіндіктерін объективті түрде бағалауды, басы артық шығындарға бармауды үйренеді. Яғни, ендігі жерде бала-шағасы аш отырса да несиеге айфон алатындар мен кредитке той істейтіндердің қатары азаяды деген үміт бар. Оған қоса Ұлттық банк 26 шілдеден бастап базалық мөлшерлемені 14,5 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Қаржы ұйымының хабарлауынша, бұған ішкі-сыртқы факторлар себеп болған. Атап айтқанда, маусым айындағы нақты инфляция болжамнан асып түсіп, 14,5 пайызға жеткен. Ал, базалық мөлшерлеменің көтерілуі дегеніңіз, міндетті түрде онсыз да жоғары пайыздық мөлшерлемелердің одан әрі көтеріліп, әсіресе, несиелердің одан әрі қымбаттауына әкеп соқтырады. Демек, ендігі жерде орынсыз шығындарды қысқартып, мүмкіндігінше несие алмауға әрекет жасау керек. Әйтпесе, күрделі қаржылық проблемалармен бетпе-бет келуіңіз ғажап емес.