ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АХУАЛ ЖАҢА ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШТЫ Избранное

Пятница, 12 Август 2022 04:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 838 раз

5 айда шаһар экономикасына 131.1 миллиард қаржы құйылған

Шымкенттегі машина жасау саласының флагманы – «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің трансформатор зауыты. Айта кетейік, бұл серіктестік Қазақстандағы электр жабдықтарын шығаратын жетекші компания «Alageum Electric» акционерлік қоғамының құрамына кіреді. 2019 жылы іске қосылған зауытта Швейцария мен Германияның «High volt», «Knutch», «Tuboly astronic», «Mika fluit» сынды әйгілі компанияларының озық заманауи технологиялық жабдықтары орнатылған. Соның арқасында өндірісті басқару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Зауыттың негізгі өнімі – 110 кВ-тан 550 кВ-қа дейінгі қуаттылыққа ие майлы-күштік трансфарматорлар мен автотрансформаторлар. Кәсіпорын жылына осындай 150 трансформаторға дейін өндіре алады. Компанияның өнімдері барлық еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Өндірілген өнімдердің 60 пайызы ішкі, ал, 40 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады екен.

258

Иә, бұл – Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында жұмыс істеп тұрған 20 кәсіпорынның бірі. Бұл зауыттың құрылысына 17 миллиард 500 миллион теңге инвестиция салынған. Жалпы, кез келген елдің де, жекелеген өңірдің де экономикалық дамуының негізінде өнеркәсіп саласы жататыны жасырын емес. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел Үкіметі қабылдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсім» ұлттық жобасында өнеркәсіп саласын, соның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға айрықша назар аударылған. Ал, өнеркәсіп секторы алға жылжуы үшін экономикаға инвестицияның молынан тартылғаны абзал. Осыған орай Шымкент қаласында инвестициялық ахуалды жақсарту мен өнеркәсіп саласын дамытуға ерекше назар аударылып келеді.
Соның айғағы ретінде өткен жылы Шымкент қаласында негізгі капиталға құйылған тікелей инвестиция көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 65,1 пайызға артып, 460 миллиард теңгеге жеткенін айтуға болады. Қала әкімдігінің жоспары бойынша, биыл бұл көрсеткішті 538 миллиардқа жеткізу көзделген. Бұл жоспар қазірдің өзінде ойдағыдай орындалып келеді. Нақтырақ айтар болсақ 2022 жылдың қаңтар-мамыр айының қорытындысы бойынша қала экономикасына 131 миллиард 100 миллион теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға жоғары екен.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша, Шымкент қаласында 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн. теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталған. Олар толығымен іске қосылған кезде жаңадан 20 мыңнан аса жұмыс орындары ашылатын болады.
–Оның ішінде 2022 жылы жалпы құны 241 миллиард теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда. Солардың бірі – аралас иірілген жіп шығаратын «Azala Cotton» зауытының екінші цехы. Инвест жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Жылына 2500 тонна өнім өндіретін жоба жыл соңына дейін іске қосылғанда 200 адамға жұмыс орны ашылады. Өнімнің 100 пайызы ішкі нарыққа арналған. Сондай-ақ, жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында 2022 жылы қала аумағында 52,3 млрд. теңгеге 1043 жұмыс орнын құрумен 16 жоба іске қосылатын болады, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Біржан Әзімбердиев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Шымкент қаласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге және инвесторларға «бір терезе» қағидатымен консультациялар жүргізу, сүйемелдеу, мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету, сонымен қатар, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және инвесторларға қызмет көрсету барысында жолығатын шектеулер мен бөгеттерді жою және сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс атқаруда.
Жыл басынан бері фронт-кеңсеге 12 мыңға тарта кәсіпкер жүгінген. Оның ішінде Шымкент қаласының әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған «Мен кәсіпкер боламын» арнайы іс-шаралар жоспары бойынша, «Shymkent» ӘКК» АҚ-ынан жер учаскелерін, көше саудасы және қызмет көрсету объектілерін орналастыру үшін сенімгерлік басқаруға беру қағидалары бойынша «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кеңес алып, түрлі қызметтерді пайдаланушылар көп.

259


Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, қала аумағында ауданы 743 гектарлық 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Аталған аймақтарда 11 мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұл аймақтарда 294,5 млрд. теңге инвестиция тарта отырып 191 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бүгінгі таңда 161,8 млрд.теңге сомасына 128 жоба іске қосылған. Қалған 62 зауыт-фабриканың кейбірінің құжаттары рәсімделіп жатса, бірқатарының құрылысы жүруде.
Мәселен, 2016 жылы ашылған «Тассай» индустриалды аймағының ауданы 89 гектарды құрайды. Мұнда 6 жылдың ішінде бұл аймаққа 28 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, 20 кәсіпорын ашылған. Бұл кәсіпорындарда 1100-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылған. Қазіргі таңда тағы 14 кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Оған 11 миллиард 700 миллион инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр.
Ал, «Оңтүстік» индустриалды аймағында 89,6 млрд. теңге инвестиция тартыла отырып 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны бар 94 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 75 жоба іске қосылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылған.
Көлік логистикалық аймағында 530 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 7 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 32,5 млрд. теңге инвестиция тартылады. Бүгінде соның ішінде 15,9 млрд. теңгелік 3 жоба іске қосылып, әзірге 225 жұмыс орны құрылыпты.
Басқарманың мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелінде жалпы құны 126,4 млрд. теңге болатын 53 жоба бар екен. Олар толық іске асқан кезде аймақта еңбек ететін адамдардың саны 4 мыңнан асады. Ал, әзірге бұл арнайы экономикалық аймақта жалпы инвестиция көлемі 54,9 млрд. теңге болатын 30 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 2400 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Б.Әзімбердиевтің айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы қолданыстағы өнеркәсіптік аймақтар аумағының 90 пайызы кәсіпорындарға толып тұр. Осыған байланысты жаңадан тағы да 4 өнеркәсіптік аймақ құру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жалпы алаңы 306 гектарлық жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағы құрылуда. Ол биылғы жылдың соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.
–Жаңа аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика және жиһаз өнеркәсібі саласындағы жобалар іске асырылады. Сонымен қатар, қаржыландыру бойынша өтінім жолданып, инфрақұрылымға бюджеттен 6,5 млрд. теңге, ал жолға 2,8 млрд. теңге қаражат қарастырылып, жұмыстар қарқынды түрде жүріп жатыр, – дейді Б.Әзімбердиев.
Қаладағы ауқымды жобалардың бірі - мегаполистің солтүстік бөлігінде 427 гектар алаңды алып жатқан «Шымкент Сити» жаңа шағынауданының құрылысы. Жобаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 27 млрд. теңге бөлінген. Шағын ауданда инженерлік инфрақұрылымның барлық қажетті түрлері жүргізілген. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 204 мың шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй салынған. Бұл жерде 39 көпқабатты тұрғын үй немесе 2 338 пәтер және 1 орта мектеп бар.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының дерегінше, айтулы жоба шеңберінде 2026 жылға дейін қалаға 432 млрд.теңге мөлшерінде жеке инвестициялар тартылады, Жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй (9 қабаттан бастап және одан жоғары) немесе жалпы ауданы 1,6 млн. шаршы метрлік 27 500 пәтер пайдалануға беріледі.
Мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп салынады. Оның бірі дарынды балаларға арналған физика-математика мектебі болады деп жоспарланған. Мұнан бөлек балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл ашылады. Мұның барлығы мемлекеттік бюджеттің қаржысы пайдаланылмай, жеке инвесторлар есебінен жүзеге аспақ.
–Қазір «Шымкент Сити» аумағына 15 инвестор тартылды, олардың арасында «BI Group», «Отау Строй», «Орда Инвест Групп», «Оңтүстік Құрылыс Сервис» сияқты отандық компаниялар бар. Бұдан басқа, заманауи көп қабатты тұрғын үй, бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, саябақ салуға шет мемлекеттердің де компаниялары тартылуда. Аталған жобаның құрылыс материалдарын жергілікті тауар өндірушілер өндіретінін ескерсек, «Шымкент Сити» қаладағы өнеркәсіпті дамыту үшін зор әсерін тигізеді, – дейді Біржан Қанатұлы.
Айта кетейік, жоғарыда аталған жобаларға тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізу, проблемалық мәселелерін шешу бойынша, қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб жұмыс істеп тұр.
Штабтың негізгі қызметі – инвесторларды мемлекеттік қолдау арқылы ынталандыру, қала аумағында жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын кеңейту мен жаңарту, жаңа өндіріс алаңдарын құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы проблемалық мәселелерді шешуді жеделдету. Тұрақты түрде әр апта сайын өткізілетін штаб отырысында инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып отырады.
Қорыта айтқанда, инвестиция – игіліктің бастауы десек, Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін атқарылып жатқан жұмыстың ауқымы, міне, осындай. Инвестицияның көбеюі қала экономикасының дамуына, ал, бұл өз кезегінде, халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашады.