Жүз жасаған әженің арманы

Понедельник, 12 Март 2018 07:54

Шымкентте ғасырдан ұзақ жасаған кейуана тұрады. Назым әже биыл 109 жасқа келіп отыр. Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тумасы екі ғасырда талай тарихи оқиғалардың куәсі болған. Бүгінде үш қыз, бір ұлдан тараған 31 немере, 19 шөбере сүйіп отыр. Әженің айтуынша, дәл қай күні туғанын өзі де анық білмейді.

109-1

– «Қауын піскенде Назым қызым туылған еді» деп айтып отырушы еді әкем жарықтық, – деп кейуана әңгімесін бастады. – Біздің заманымыздағы балалар қазіргідей әкеге еркелеп, мойнына асылмаушы еді. Отбасымда 3 ұлдың ішінде жалғыз қыз болдым. Ол уақытта қазіргідей мектеп дегенің көп емес еді. Екі ауылға бір мектеп, сол мектепте 6 класқа дейін білім алдым. Содан сұм соғыс басталып, әкем майданға аттанды. Ізінше 2 ағам мен інім де майданға кетіп, әкем мен 2 ағамнан қара хат алдық. Інім ғана ортамызға оралды, – деп әжей мұңын шақты. 

Тағдыр тауқыметін тартқан Назым әжей өткен өмірін еске алғанда тек еңбек еткені ғана есіне түсетінін айтты. Ұзақ өмір сүрудің сыры да содан болар. Ғасырдан астам өмір сүрсе де әжейдің әлі де есте сақтау қабілеті жақсы. Алдына келген адаммен еркін әңгімелесіп, өсиетін айтып отырады.

– Қазіргі егемен еліміздің балалары қандай бақытты. Алдыма келгеннің барлығына сендер бақытты заманда ғұмыр кешіп жатырсыңдар, қарындарың тоқ. Осындай бейбітшілікке шүкір деп айтыңдар деймін. Ал біздің кезімізде күннің ыстық – суығына қарамастан колхоз бригадирі жұмысқа алып кететін. Көктем келісімен білекті сыбанып, колхоздың жұмысына кірісеміз. Шілденің ми қайнайтын аптабында далада кетпен шаптық. Күзде желтоқсан келіп, жерді қар басқанша мақта тердік. Сондықтан барынша тәуелсіз елімізге қызмет етіңдер деп айтып отырамын, – дейді Назым әже.

 

Соғыстың зардабы

Соғыс жылдары тылда жүргендер де майданмен үндесіп, еңбек еткені белгілі. Назым әже де жүннен жылы киімдер тоқып, майданға жөнелтіп отырды. Соғыста шейіт болған әкесі мен екі бауырын бүгінгі күні де сағынатынын жасырмады. Әсіресе, бауырларының бейбіт күндерді көрмей, қыршынынан қиылғаны жанына бататынын айтты.

– Бауырларым көз ашқаннан таршылықтан басқа не көрді? Есейгенде майданға аттанды. Олардың мынадай тәуелсіз заманды көрмегеніне мен өмір бойы арманда қалдым, – деп Назым әже ағынан жарылды.

 

Соғыс біткен соң қыз 

Назым тұрмысқа шығып, Өзбекстанға көшіп барады. Өкініштісі сол, ана болып 6 баланы дүниеге әкелгенімен, барлығы шетінеп кеткен екен. Мұны еске алған кезде әже терең ойға батты.

– Сәбилерден айрыла бергесін қоныс аударсақ, мүмкін, балаларымыз аман өсер деген ырымды алға тартып, туған жерге қоныс аудардық. Осында келгесін туылған қыздың атын ырымдап, Қойсынай деп қойдық.

Содан кейін Назым апа үш қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, қызды қияға, ұлды ұяға қондырды.

 

Өнегелі келін

Бүгінде Назым әжеге немере келіні Ұлбосын күтім жасап отыр. Ұлбосынның айтуынша, әжей әлі де болса үй тірлігіне араласқысы келеді.

– Әжем барлық тірлікті өзі істеп тастағысы келіп тұрады. Тысқа қолтығынан сүйеп алып шығайын десем, менің көмегімсіз өзі жүргісі келеді. Әлі де сол жас күндегідей қамыр жайып, тамақ істегісі келіп тұрады. Нан илеп, далаға таба нан жапқысы, қойып берсең, барлық шаруаны ешкімнің көмегісіз тындырсам дейді, – деді немере келіні.

Ғасырдан ұзақ жасаған әжейдің ендігі арманы – ұрпақтарының амандығы. «Өскелең ұрпақты шуақты көктем мезгіліне ұқсатамын. Олар да нәзік, енді бүр жарған өскінге ұқсайды. Ал енді осы көктеммен қатар келетін 8 наурыз – аналар мерекесі, ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы да бар. Еліміздегі барлық аналарды, қыздарымды осы көктемгі мерекелермен құттықтай отырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деп, бетін сипады қарт ана...

Дәстүрге берік отбасы

Пятница, 02 Март 2018 09:58

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығында отбасы құндылықтары мен тәрбие мәселесін жандандыру мақсатында «Дәстүрге берік отбасы» атты ток-шоу өтті.

dasturge-berik-otbasy

Іс-шараны орталық директоры, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Тағаев ашып, жиылған қауымға салт – дәстүріміз бен отбасы құндылықтары жайында сөз қозғады. Зейнеткер-ұстаз Ырымкүл Ертаева, «Құрмет» орденінің иегері Сексенбай қажы Тұрысбеков, «Байғұт баба» мешітінің наиб имамы Нұрмахан қажы, орталықтың ғылыми қызметкері Райхан Алтыбаева және Сәбит пен Гүлжазира Мүсіреповтер отбасыларының қатысуымен өткен шара барысында отбасы құндылығы мен қыз бала тәрбиесі, атастыру, әмеңгерлік және сүйек жаңғырту дәстүрлері жөнінде көкейде жүрген мәселелер талқыланды.

Сыр-сұхбат соңында Сая Қасымбек, З. Бекмырзақова, З. Жантасова бүгінгі көтерілген мәселелерге жан жақты талдау жасап, өз бағаларын берді.

Шараға мәдениет мекемелері қызметкерлері мен студенттер қатысты. Ток-шоу барысында «Сарқылмас қазына» тележобасы аясында түсірілген салт дәстүрімізге қатысты бейнероликтер көрсетілді.

ОҚО аумақтық инспекциясы ұйымдастыруымен өсімдіктер карантині саласында көрсетілетін қызмет және құжаттардың рәсімделу тәртібі, кәсіпкерлердің міндеттері мен құқықтарын түсіндіру мақсатында іс-шара өтті.

zansyzdyk-zhemkorlyk

Жиынға ОҚО кәсіпкерлік палатасының Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің сарапшылары, ОҚО аумақтық инспекциясының бөлім басшылары, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары, Шымкент қалалық аумақтық инспекциясының мамандары, ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдаушы кәсіпкерлер қатысты.
Елбасы Жолдауындағы «Жемқорлыққа қарсы күрес және заңның үстемділігі» бағытында айқындалып өткендей, ауылшаруашылық өнімдеріне сертификат беруде заңсыздыққа жол бермеу үшін кәсіпкерлерге өтінімдерді қалай толтыру керектігі мен тиісті құжатты қанша күнде алуы тиістігі туралы мамандар түсіндіріп өтті.

– Карантинге жатқызылатын өнімдерді экспорттау немесе республика ішінде тасымалдау фитосанитариялық немесе карантиндік сертификатпен тасымалданады. Фитосанитариялық сертификат – экспортқа шығатын өнімнің фитосанитарлық қауіпсіздігі мен фитосанитариялық талаптарға сай екендігін растайтын құжат. Аталған құжаттарды алу үшін, облыстың 16 аудан, қалаларында орналасқан аумақтық инспекцияларға немесе «Е-gov» порталы арқылы өтінім берулеріңізге болады. Өтінімдеріңіз қаралып 5 күн ішінде тиісті құжатқа қол жеткізе аласыздар. Мемлекеттік қызметтер ақысыз және кезек тәртібімен көрсетілетіндігін еске сала кетейік. Егер де, қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық пен сертификат алу бойынша туындаған сауалдарыңыз болса мекеменің 55-14-29 «Қаурыт желі» сенім телефонына хабарласуларыңызға болады – деді өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы М. Еспенбетов.
Жиынға қатысқан ОҚО кәсіпкерлік палатасы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің І-санатты сарапшысы А. Алибаев өнімді экспорттауда туындаған түйіткілді мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Облыстан 2017 жылы Ресей Федерациясына 740 414,6 тонна карантинге жатқызылған өнімдер тасымалданып, аталған өнімдердің фитосанитарлық талаптарға сай еместігі жөнінде 34 нотификация келді. Нотификацияда көрсетілген жалған сертификатпен тасымалдау, өнім орамасында маркировканың болмауы, межелі пунктке жеткен соң кәсіпкер жергілікті уәкілетті органға өнімді карантингдік фитосанитариялық бақылауға ұсынбауы, көрсетілген мекенжайдан басқа мекежайға тасымалдануы сынды кемшіліктер орын алған. Мұндай жағдайды болдырмау үшін кәсіпкерлерге құжаттарды рәсімдеудің маханизмін кеңінен насихаттауымыз керек – деп түсіндірді
А. Алибаев.

Айта кетейік, облысымызда 2017 жылы жеке және заңды тұлғаларға барлығы 50 475 мемлекеттік қызметтер көрсетіліп, оның ішінде 46 412 фитосанитариялық және 4063 карантиндік сертификат рәсімделген.

Жиын барысында кәсіпкерлер сертификат алуда 3-4 күндік мерекеге сай келіп қалған жағдайда қандай шара қолдану керектігі мен құқығы, этикасы жайында мамандарға сауал беріп, тұшымды жауап алды.

Ерлікке – тағзым

Пятница, 16 Февраль 2018 05:48

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 29 жыл толуына орай Шекарашылар алеясында «Ерлікке тағзым» атты митинг болып өтті.

 

Шымкент қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жиынға қатысқан ауған соғысы ардагерлері, қорғаныс істері, ішкі істері саласы қызметкерлері, студенттер мен оқушылар алеяға гүл шоқтарын қойды. Ауған соғысында шейт болған боздақтардың рухына Құран оқылды. 

Жиында сөз алған Ауған соғысының ардагері М. Сейдулла соғыста қаза тапқан қарулас достарын еске алып, бүгінгі бейбіт өмірге шүкіршілік етті. 

– Соғыстың үлкен-кішісі болмайды. Соғыстың аты – соғыс! Алдағы уақытта біздің ұрпақтарымыз сұм соғыстың не екенін көрмесін деп тілеймін, – деді ардагер 

Айта кетейік, 1979 жылы басталған соғыс 10 жылға созылып, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауған жерінен шығарылды.

«Ақ самаурын» – мөлтек сыр

Среда, 14 Февраль 2018 04:57

Ақпарат саласының майталманы, қаламы жүйрік журналист Оралхан Дәуіт – шағын әңгіме жанрының нағыз шебері.

28080381 1655516581199607 1334682726 o

Оның бірнеше жылдар бойы республикалық басылымдарда, түрлі әлеуметтік желілерде жарияланған сан алуан тақырыптағы хикаяттары мен естеліктері үнемі оқырман қауымның ыстық ілтипатына бөленіп келеді.

Жуырда «Отырыр» ғылыми-әмбебап кітапханасында республикалық «Жас алаш» газеті бас редакторының орынбасары, журналист Оралхан Дәуіттің «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Ақ самаурын» кітабының тұсаукесер рәсіміне орай «Ақ самаурын – ақтарылған сыр» атты сұхбат кеші болып өтті.

28079805 1655516754532923 1433188931 o

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен журналистер, студенттер қатысты. 

Жаңа кітаптың тұсауын ардагер журналист Қасымбек Нарбеков пен жазушы Момбек Әбдәкімұлы кесіп, кітап жайлы ой-пікірлерімен бөлісті.

Шара барысында журналистің үзеңгілес достары жарық көрген кітабы туралы пікірлерін ортаға салып, естеліктерін айтты. Кеш соңында ОҚЖП колледжінің студенттері ән шырқап, кітапхана қызметкерлері дайындаған слайд көрсетілді.

Әр ұлттың бренді

Среда, 14 Февраль 2018 04:25

Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Әр ұлттың бренді» тақырыбында тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде облыстық 12 этномәдени бірлестіктерінің кәсіпкерлікпен айналысып жүрген өкілдері өздері өндіріп жатқан тауарларды жұртшылық назарына ұсынып, бизнестегі тәжірибелерімен бөлісті. Кәсіп ашу негіздеріне жұмыссыз азаматтар мен студенттер қауымының қызығушылығы жоғары болды. 

Іс-шараның ашылуында сөз алған ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М. Қалмұратов өңірдегі этномәдени бірлестіктердің мәдени шаралар өткізумен шектеліп қалмай, аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға да зор үлес қосып келе жатқанын айтты. 

– Өңіріміздің экономикасының өрлеуі мен әлеуметтік салалардың дамуына түрлі этнос өкілдері де өз үлестерін қосып отыр. Олардың қолынан шыққан дүниелерді көріп, үйренуде шеберлік-кластарын өткізу үшін осындай көрмелер ұйымдастырудың тиімділігі зор. Көрме барысында азаматтар өз кәсіптерін неден және қалай бастағаны жайында өзгелермен тәжірибе алмаса алады – деп түсіндірді М. Қалмұратов.

Бұған дейін осындай шара Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы мал бордақылау алаңы базасында және облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Сарыағаш ауданындағы жылыжай кешендерінде өткен болатын. Сондай-ақ, облыстық Ассамблея диалог алаңын ашып, өңірдегі қаржы институттары мен кәсіпкерлікті қолдау ұйымдары өкілдерінің көпшілікпен кездесулерін ұйымдастырған еді.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғауды Мемлекет басшысының өзі басты назарға алып отыр. Оларға қолдау көрсету қоғамның ортақ міндеті. Ал, бұл азаматтардың қоғамда еркін жүріп-тұруы мен еңбек етуіне мүмкіндік туғызу тұрғысында қандай түйіткілді мәселелер бар? 

Жыл сайын елімізде 9 мыңнан аса азаматтың мүгедектігі анықталады. Шымкент қаласында 32 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Иә, осыншама адам еңбек етуге ынталы болғанымен олардың басым бөлігін жұмыспен қамту мүмкін болмай отыр. Себебі, жарымжан жандарды жұмысқа алуға шыны керек, ықылас таныта қоятын басшылар некен саяқ. Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ержан Серікбаевпен сұхбатымыз осы мәселе төңірегінде өрбіді.

 

shymkala-11-3

– Ержан Жомартұлы бүгінгі таңда қалада мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылуы нақты қай деңгейде?

– Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында нақты міндеттер белгіленген. Аталмыш жұмыстар негізінен үш бағытта атқарылады. Атап айтқанда, бірінші бағытта – бағдарламаларға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімдік кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, үшінші бағытта – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресустарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту басты назарға алынған. Бұл бағыт бойынша қала аумағындағы 300-ге таяу мекемемен тығыз байланыс орнаттық.

shymkala-11-2

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмысқа орналасуда құқықтары қандай?

– Еңбек қарым-қатынасы тұрғысынан мүгедектердің құқықтары заңмен бекітілген. Еңбек келісім-шартынан бас тарту, басқа қызметке ауысу мәселесі мүгедектердің өз келісімінсіз жүзеге аспайды. Егер мүгедектің денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық танытатын болса, жұмыстан босатылады. Әрбір мүгедек жанның жеке оңалту бағдарламасы болады. Яғни, жұмыс істеуге ынталы болса, оларға сараптама жұмысы жүргізіледі де жұмыспен қамтылу картасы жасалады. Сол жерде кімнің қандай жұмысқа қабілеті жететіндігі көрсетіледі. Жұмыспен көбінесе III топтағы мүгедектер қамтылады. Дегенмен, І-II топтағы мүгедектің еңбекке жарамдылығы анықталса, шектеу қойылмайды. Мүгедектерді жұмыспен қамту үшін кез келген жергілікті атқарушы органдардың жұмыс штабына байланысты квота белгіленген. Квотаны жергілікті атқарушы органдар жұмысшылардың мынадай тізімдік саны бар ұйымдарға:

1) 50-ден 100 адамға дейін – жұмысшылардың тізімдік санының 2 пайыз мөлшерінде;
2) 200-ден 250 адамға дейін – жұмысшылардың тізімдік санының 3 пайыз мөлшерінде;
3) 250-ден артық адам – жұмыскерлердің тізімдік санының 4 пайыз мөлшерінде белгіленген. 

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заң тармақтарына сәйкес зағип жандарды жұмыспен қамту үшін жұмыс орындарын анықтап, кәсіби білім беру де қарастырылған.

 

– Мүгедек жандарды қайта даярлау курсы жайында айтып өтсеңіз.

– Бұл тұрғыда, І – ІІІ топ аралығындағы мүгедек жандар еңбек рыногының сұранысына сәйкес белгілі мамандық бойынша қайта даярлау курсында білім ала алады. Олардың оқу төлемақысы, бір реттік ыстық тамағы, стипендиясы мен жол жүру жеңілдігі мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Осы орайда, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы шеңберінде техникалық және кәсіптік білімі бар мүгедек жандарды қайта даярлау үшін оларды арнайы бір кәсіпке оқытуды жоспарлап отырмыз. Мәселен азамат аспаз мамандығы бойынша 3 айлық курсты тәмамдап, әлеуметтік жұмыс орындарын ашуына болады. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы негізінде ол орталықтың әрбір жұмысшысының еңбек ақысының 35 пайызын біздің орталық төлеп отырады. Ал қалған 65 пайызын жұмыс беруші төлейді. Осындай мүмкіндіктерді зағип жандарға түсіндіріп келеміз.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан
Бибайша Нұржанқызы

Страница 24 из 24