БЕЙБІТ АТОМ ЕЛІМІЗДІ ДАМУҒА БАСТАЙДЫ Избранное

Среда, 18 Сентябрь 2024 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 94 раз

Қазір еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысының төңірегіне топтасқан халқымыз жаңа Қазақстан мен Әділетті қоғам құрып жатыр. Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осынау тарихи миссияны жүзеге асыру барысында алдымыздан кездесетін сын-қатерлер мен орындалуы тиіс міндеттерді көрсетіп берді.

AESS

 

Биылғы Жолдаудағы ең өзекті мәселе – атом электр стансасы және оның құрылысына байланысты 6 қазанда өтетін республикалық референдум.
АЭС салудағы негізгі мақсат – халықты, өнеркәсіпті, жалпы елімізді тұрақты, сенімді әрі арзан электр қуатымен жабдықтау. Өйткені, қазірдің өзінде елімізде электр энергиясының тапшылығы сезіле бастаған. Қазірден бастап қамданбасақ, алдағы уақытта еліміз үлкен энергетикалық дағдарысқа тап болуы мүмкін.
Қорқыныш пен үрей көбіне ақпараттың жеткіліксіздігінен, мәселенің мән-жайын толық білмеуден туады. Атом электр стансасы тақырыбы қозғалса, жұрт бірден Чернобыль мен Фукусимадағы апаттарды еске алып, үрейге бой алдырады. Бірақ, мамандардың айтуынша, ондағы ядролық реакторлардың құрылымы, буыны мен қауіпсіздік жүйесі мүлде бөлек.
Қазақстанда салынуы мүмкін атом электр стансасында екі контурлы су-сулы реакторлар орнатылады. Бұл реакторлардың қолданылып келе жатқанына 57 жыл болған. Жарты ғасырдан астам уақыт бойына осы типтегі реакторлары бар стансаларда бірде-бір апат болмаған.
Бір қызығы, дәл осындай екі контурлы су-сулы зерттеу реакторы Алматыдағы ядролық физика институтының базасында 1967 жылдан бері бар. Сарапшылар оның АЭС-тегі реактордан жалғыз айырмашылығы – онда екінші контурдағы энергия өндіретін қалақшалар жоқ екенін, басқа құрылымының барлығы бірдей екенін айтады. Яғни, іс жүзінде Алматының түбінде жарты ғасырдан бері ядролық реактор жұмыс істеп тұр деген сөз. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) бұл инстиутты жылына бірнеше мәрте тексеріп отырады. Осы күнге дейін бірде-бір кемшілік анықталып, оқыс оқиға орын алып көрмеген.
Бүгінде елімізде электр қуатының басым бөлігі жылу электр стансаларында өндіріліп жатыр. Біріншіден, қолданыстағы жылу электр стансаларының барлығының дерлік тозығы жеткен, екіншіден, мұндай стансаларда көмір жағылатындықтан, оның қоршаған ортаға зияны көп.
Мемлекет күн және жел электр стансаларының желісін дамыту бойынша да жұмыс істеп жатыр. Бірақ, бұл стансалардың жұмысы ауа райы жағдайына тәуелді болғандықтан, онда өндірілетін энергия тұрақты емес. Ал, отандық экономиканың дамуына тұрақты, таза және арзан энергия көзі керек.
АЭС - экологиялық тұрғыдан ең таза қуат көзі. Сарапшылардың айтуынша, қуаттылығы 1 ГигаВатт\сағаттық жылу электр стансасы жылына ауаға 120 мың тонна күкірт тотығын, 20 мың тонна азот тотығын және 7 миллион тонна көмірқышқыл газын жібереді. Оған қоса ол жыл сайын 300 мың тоннаға дейін күл шығарады. Ал, атом электр стансасында осы көрсеткіштердің барлығы нөлге тең. Яғни, төмен байытылған ядролық отын толықтай жабық реактордың ішінде жанғандықтан, ол сыртқа ештеңе шығармайды, сәйкесінше, қоршаған ортаға зиянын тигізбейді.
Сонымен қатар, сарапшылар Қазақстанда АЭС салуға қажетті шикізат қоры жеткілікті екенін, Үлбіде төмен байытылған ядролық отын зауыты жұмыс істеп, ядролық отынды әлемнің көптеген елдеріне экспорттап жатқанын, сондай-ақ, елімізде Ядролық физика институты мен осы салаға қатысты 3 ғылыми-зерттеу орталық жұмыс істеп тұрғанын, яғни, Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы ғылыми-тәжірибелік және кадрлық әлеуеті жоғары екенін айтады.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстанның болашағы бейбіт атоммен тығыз байланысты деп айта аламыз.

А.САЙЛАУҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.