Ел ағасы дегені Кенжекеңдей болады Избранное

Среда, 18 Сентябрь 2024 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 86 раз

Шымкент ардагерлер кеңесінің төрағасы, бүгінде 70 деген асудың үстіне шыққан Кенжехан аға Төлебаевпен таныстығымыз екімыңыншы жылдардың басында басталған. Қызмет бабымен «Жас Алаштан» «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып ауыстық. Оңтайсыз жекешелендіруден кейінгі қиын уақыт еді. Мемлекеттік меншіктің дені жеке қолға өтіп кеткен. Электр қуаты жоқ, көгілдір отын жоқ. Кеш түссе қала халқы шөпшегін теріп, есік алдына мосы іліп, шәй-суын қамдап алады. Сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев қыл аяғы гинекологтың қолына дейін өтіп кеткен жарықты, көгілдір отынды жаудай жағаласып жүріп мемлекет меншігіне қайтарды. Аудан, қала әкімдерінің арасына рейтинг түзіп, экономиканы көтеру үшін жарысқа түсіріп жіберді. Босбелбеулерін алып тастап, мықты әкімдерді қойды. Созақтың әкімі Созақбай Әбдіқұлов облыс әкімінің тегеурінімен уран өндіретін кеніштердің салығын республикаға емес, ауданға төлейтіндей келісімге келді. «Созақ» аздаған жылдарда облыстағы ең мықты, донор ауданға айналды.

SaL

 

Қысқа жіптің күрмеуге келмей жатқан шағы. Оңтайсыз жекешелендіруден есеңгіреп қалған Үкіметтің өзі әупірімдеп күн көруде. Мұндай жағдайда тығырықтан шығуды өзің таппасаң, сырттан келетін көмек жоқ.
Осындай өліара шақта Бердібек Машбекұлы жақсы команда жасақтай алды. Өзі де бел шешіп еркін демалуды білмейтін әкім аудан, қалалардың басшыларын тыным таптырмайтын.
Ордабасы ауданының әкімі Ислам Әбішев аудан орталығын абаттандырудан республикаға үлгі болды. Жеке шаруашылықтар шаруасын дөңгелеткісі келгенімен мемлекет ақшасын өз меншігіндей көретін банктар шаруашылықтардың бар тапқан пайдасынын шөп басын сындырмаса да теңдей бөліп алуға бар. Шаруалар әбден титықтап қалады. Ислам Әбішев жаңа қаржыландыру, несиелеу жүйесін ауданда отырып іске асырды. «Ордабасынесие»-аз пайызбен шаруаны қолдайтын ірі жоба еді. Кейін бұл сәтті жоба республикалық реңк алып кетті.
Шаруасына тастай Сарыағаш ауданының әкімі Жамбыл Байғонов ауылшаруашылық техникалары Ресейдікінен төрт-бес есе арзан Қытайға бүйрегін бұрды. Ауылшаруашылығына көмекке қонымды әрі қалтаға қатты салмақ салмайтын техникалар әкеле бастады. Төле би ауданының әкімі Қалыбек Алдабергенов қазақтың асар әдісін қатты пайдаланды. Мектеп, ауруханалардың көбінің жартылай апаттағы шағы, жөндеуге қаржы жоқ. Тұңғыш рет «Тағайна» ауылында асар әдісімен қам кірпіштен мектепке жапсарлас нысан бой көтерді. Кетті сосын. Бұл тиімді әдіс республикада қатты белең алып кетті.
Іскер басшы Бердібек Сапарбаев апта сайын екі қабатты автобусқа әкімдер мен тиісті басқарма басшылары және журналисттерді мінгізіп алып, белгіленген аудан, қалаға барып әкімнен есеп алатын, әкімдердің еш босаңсуына уақыт қалдырмайтын.
Облыс әкімінің сенімінен шыққан сондай мықты әкімдердің бірі Мақтаарал, Шардара аудандарын абыроймен басқарған білікті азамат Кенжехан Атақұл-
ұлы Төлебаев еді.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» нақылы осы Кенжекең сияқты азаматтарға қарап айтылғандай. Екі мыңыншы жылдардан бастап жақсы таныдық, жақсы араластық. Орда бұзар отыз жасынан ел басқару ісіне араласқан Кенжехан Атақұлұлында әлдебіреулердей бақырып бастық болатын мінез жоқ, нағыз халықтың ұлы болды. Парасатты, бар шаруаны кеңінен ойланатын, ақыл тезіне салатын Кенжехан Төлебаев әкімдік қызметте абыройына қылаудай кір түсірмесе, ол оның жақсы әке-шешеден алған тәрбиесің, тектілігінің тамырында жатқандығы шығар.
1973 жылы Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетінің ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы экономист мамандығын алған жас маман еңбек жолын Киров ауданындағы «ХХ партсьезд» совхозында бастаған екен. Кейінірек «Мақталы» совхозының партком хатшысы болады.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген нақыл бар. Кенжекең сол жылдардағы жақсы ұстаздарым Тойым Жүнісұлы мен облыс әкімі Марс Фазылұлы Үркімбаев еді дегенді айтады. Жас маманның іскерлігін байқаған қос ағасы тар жерде қолтығынан сүйепті, көтерген бастамаларына қолдау танытыпты.
1996 жылы Кенжехан Төлебаевты сол кездегі облыс әкімі Зауытбек Тұрысбеков шақырып алып, жыл қортындысы бойынша өтетін республикалық жиында сөз сөйлеуі керектігін тапсырады. Жауапты сын. Бір аудан әкімінің республикалық жиында облыс атынан сөйлеуі аз жүк емес. Мемлекет Басшысы қатысатын жиында келелі мәселелер сөз болуы керек.
1996 жылы 18 желтоқсанда өткен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық кеңесінде президентінің алдында абыроймен сөйлеп шықты. Сол жолы көпшіліктің талқысына ұсынған сүйекті ұсыныстарының біразы, атап айтқанда, 137 мың гектар суармалы жерді мелиоративтік тыңайту, Сырдария өзенінен көпір салу және «Сарыағаш-Жетісай» теміржолын салу мәселелері қолдау тауып, кейін іске асып та жатты. Айталық, бірінші мәселе бойынша 1997 жылдың өзінде ПУИД (Суару және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасы) бағдарламасына сәйкес, Мақтаарал ауданының Жаңажол, Нұрлыбаев ауыл округтеріндегі жерлер және К-15, К-17 каналдары реконструкциядан өтетін болып, бағдарламаға енгізілді. Ал, екінші ұсынысы - көпір салу мәселесі 1999 жылы қолға алынып, 2001 жылдың күзінде пайдалануға берілді. «Ғасыр құрылысы» атанған көпірдің салтанатты ашылу рәсіміне мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев бүкіл командасымен арнайы ұшып келді. Қоңсылас Шардара, Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал аудандарының да халқы өте көп жиналды. Осылайша президенттің қатысуымен ауылдың батагөй ақсақалы батасын беріп, «Тәуелсіздік көпірі» пайдалануға берілді.
Республикалық жиында айтылған үшінші ұсыныс - теміржол салу мәселесі де кешігіп те болса шешімін тапты. Бүгінде президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы теміржол тармағының құрылысы басталып та кетті.
Сырдарияның үстінен салынған көпірдің жай-жапсарын кейінгі ұрпақ көп біле бермеуі де мүмкін. «Ғасыр құрылысы» деп халықтан атау алған көпірдің ашылу салтанатында өзіміз де болдық. Қуаныштан егіліп жылаған жұртты да көрдік.
Себеп бар еді. Кезінде зорлықпен көрші елге беріліп кеткен Мырзашөлдің жартысы қайтарылғанмен Мақтаарал өз атында тұрғандай аралда қалғаны анық еді.
Мақтаарал жұртының Оңтүстік Қазақстан облысына қатынау жолында Өзбекстан республикасының кеденшілері мен шекарашылары бар еді. Қазақта «құдай күніңді көршіге қаратпасын» деген сөз бар.
Тұтас халыққа топырақ шашуға болмайды, әрине. Бірақ, Қазақстанмен екі ортаға шлагбаум керіп тұрған қоңсының кеденшілері мен шекарашылары жетісайлықтарды соншалық қорлап баққандығы сол кездегі мерзімді басылым беттерінде жазылып жатты.
Мәселен, шекарадан өтуге кемпір, шал, келін кепшегі келеді. Кеденшілер «контрабандалық тауар әкетіп бара жатқан жоқсың ба?» деген желеумен ата-енесінің көзінше жас келіннің қойын қонышына қол жүгіртіп, денесін сипап шығады. Жас қыздарға да көрсететіні сол. «Өлдің Мамай, қор болдың» деген осы. Ата-енесі де, жас келін де ұяттан, қорлықтан өліп шығатын ауыр кезең еді.
Осы қорлықтан Үкімет құтқарды. Батыл бастама көтерген сол кездегі аудан әкімі Кенжехан Төлебаев болатын.
Бердібек Сапарбаев білікті басшыға Мырзашөлде үш ауданнан біріктірілген Мақтааралды басқаруды сеніп тапсырды. Себеп жоқ емес еді. Бұрынырақта Шардара ауданына әкім болып барғанда теңіз жағалай отырған елдің ырыс көзі күріш өсіру болатын.
Су қасқалдақтың қанындай кез. Күріш атыздары суға мелдектеп тұрмаса өспейді. Сондықтан, Шардараның экономикасы шатқаяқтап кері кеткен.
Шитті мақтаның дәуірінен тұрған шағы. Төлебаев әкім осы тиімді дақылды ұсынады. Бұрын мақта егіп көрмеген дихан қауымы жүрексінгенімен кейін осы ақ мақта ауыздарынан ақ май ағызады.
Журналистік десантпен күзде барар едік. Шитті мақта теріліп бітіп, зауыттарға өткізілгеннен кейін дихандардың айы оңынан туар еді. Ауыл ауылдарда ақ шатырлы ақшаңқан үйлер көбейеді. Ұл үйленіп, қыз тұрмысқа шығып, алашапқын той болып жатады. Қырда көкпар, ауылда күнде той. Шардара мен Мақтаарал халқының берекесі кіріп, қуанып жүргенін көріп қайтар едік.
Осы берекенің бастауында, береке кірген аудан халқы ортасында ата қаздай алшаңдап жүретін Атақұлұлын көрер едік.
Асықата, Жетісай, Мақтаарал аудандарынан іріленген жаңа Мақтаарал ауданын басқару, осы бұрынғы үш ауданда да ізі қалған Кенжехан Төлебаевқа жеңіл болды деп ешкім айта алмаса керек. Негізінен халқы еңбекқор болғанымен ел ішінде телі-тентектер де аз болмайтын. Ата сақалы аузына түскен шалдардың арасында бәлеқорлықты кәсіп етіп, пайдасын айыратындар да аз болған жоқ. Бұларды тоқтамға шақыру үшін аудан әкімі асқан дипломат, яғни, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын қасиет иесі болы керек еді. Күллі Мырзашөл өңіріне әділдігімен, іскерлігімен, ел бірлігін ойлайтын мінезімен дараланған Атақұл қарияның баласы бұл тығырықтан да жол тауып шығып отырды.
Халықтан жұмыс талап ете бермей, аудан халқын жігерлендіретін, мәдениетін көтеретін жаңа жобалар керек еді. Осылайша, кеудесінде күн жанған аймақта «Мырзашөл жұлдыздары», «Мақтаарал әуендері» және «Өнер алды-қызыл тіл» сияқты фестивальдар бір-бірімен жалғасып жатты.
Аудан экономикасының негізі - ауыл шаруашылығы. Диқандардың басым бөлігі шитті мақта өндірумен айналысады. Тағы да осы саланың нағыз маманы Кенжекең барған жылы аудан диқандары үшін берекелі жыл болды. Жалпы 244 мың тоннадан астам шитті мақта жиналса, 7042 тонна жүгері, 4695 тонна бидай, 2030 тонна күріш, 36504 тонна бақша дақылдары, 33098 мың тонна көкөніс және тағы басқа ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Сол жылдары ауданда 14430 ауыл шаруашылығы құрылымы болды, оның 4371-і - шаруа қожалықтары, 50-і өндірістік кооперативтер. Диқандарға 54 су пайдаланушылар қауымдастығы, 10 МТС қызмет ететін. Сондай-ақ, 36 ірі және шағын өнеркәсіп орындары жұмыс істеді, 3 жолаушылар тасымалдау, 3 жүк тасымалдау автокәсіпорындары, 500 жеңіл автокөлік иелері тұрғындар мен жолаушыларға қызмет көрсетіп отырды. Өзге өңірлер әлі де нарықтық экономикаға батыл қадам баса алмай, тәлтіректеп тұрған кезенде бір ғана ауданда осынша өндіріс орындарының жұмыс істеуі үлкен көрсеткіш еді.
Кейінірек Кенжехан Төлебаев сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиевтің шешімімен облыстық экономика департаментіне басшы болып ауысты. Облыс әкімінің орынбасары болды. Екі мыңыншы жылдары Шымкенттің бір шеті «БАМ» деп аталатын ықшам ауданмен бітетін. Ал, 2004 жылы Шымкентте «Нұрсәт» шағын ауданының құрылыс басталғанда басында болып алғащқы қазығын қаққандардың бірі облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Кенжехан Төлебаев екендігін бүгінде көпшілік біле бермеуі мүмкін. Бүгінде «Нұрсәт» ықшам ауданы кішігірім қалаға айналғанын бәріміз көріп отырмыз.
Төлебаевтың облыстағы тындырымды істерін бағалаған сол кездегі облыс әаімі Өмірзақ Шөкеев 2006 жылы облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, зілзалалар мен апаттардың алдын алу және зардабын жою басқармасының басшылығына тағайындады. Расында, бұл өте күрделі сала болатын. Облыста тосын табиғат, апаттар жиілеп кеткен шақ еді. Оның алдын алу, зардабын жоюға өте білікті басшы керек кезең еді. Зейнетке шыққанға дейін Кенжекең Шымкент аграрлық колледжінің директоры қызметінде болды. Шаруасы шатқаяқтап тұрған оқу орнын аз жылда биік деңгейге көтергенінің куәсі болдық. Облыс ауылшаруашылығына тау көтерген Толағайдай еңбек сіңірген Кенжехан Төлебаев шағын колледжді шағын ауыл денгейіне дейін көтерді. Жылыжай салдырды. Жаңа техникалар алдырды. Түрлі көкөніс, бау-бақша өнімдерін өсірді. Студенттердің өз қолымен. Өздерінің тамағына жаратты.
Екі жаққа да тиімді еді.
Бүгінде Кенжехан Төлебаев-Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде үлкен қайрат көрсетіп жүр. Жетпіс жас - өте мерейлі кезең. Халыққа есеп беретін шақ.
Орда бұзар отыз жасынан бастап ел билігіне араласқан арда азаматтың өнегелі өмірі баршаға үлгі болса керек. Бүгінде қала ардагерлерінің сөзін ұстап жүрген Кенжехан Төлебаев үлкен мемлекетшіл тұлғаға айналды. Мерейтойыңыз құтты болсын, жақсы аға!