ХАЛЫҚ СЕНІМІ – ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК Избранное

Среда, 18 Сентябрь 2024 05:04 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 595 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам құру жөніндегі міндеттердің бірі ретінде әкімдердің барынша ашық, әділетті болуы тиіс екенін айтқан болатын. Расында қазір қоғам да, билік те ашықтыққа бет алып келеді. Әлеуметтік желі желдей ескен заманда әкімдердің әрбір іс-әрекеті, сөйлеген сөзі мен қабылдаған шешімдері қоғамның назарынан тыс қалмайды. Мұндайда әкім әмбебап болмаса қиын, ол саясаттың да қыр-сырын терең меңгеріп, шаруашылықты да ұршықша иіре білуі тиіс.
Осы орайда елдегі үш мегаполистің бірі болып отырған Шымкенттің жаңадан құрылған Тұран ауданының әкімі іскерлігімен танылып жүр. Оны Шымкенттегі ең жас әкім десек қателеспейміз. «Жас келсе іске» деген осындайда айтылса керек. Қашан көрсең ел ішінде жүргені. Өзі басқаратын ауданды жәй арлап жүрген жоқ, проблемалармен бүге-шігесіне дейін танысып, оларды шешу үшін білек сыбанып еңбек етіп жүр.
Ендеше, Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков мырзамен тығыз жұмыс кестесі арасында болған аз-кем сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

akim-3

 

– Берік Айдарұлы, сұхбатымызды ел көкейінде жүрген сауалдан бастасақ. «Жол азабын жүрген біледі» дейді. Аудан аумағындағы жолдардың жайы қандай? Алдымен осыны тарқатып айтып берсеңіз.
– Жалпы Тұран ауданы 21 шағын ауданнан тұрады, халық саны 220,7 мың адам, жер көлемі 36 300 гектарды құрайды. Сондай-ақ, ауданда 39 357 жеке үй, 544 көп қабатты үй және 597 көше бар. Шаһар төңірегіндегі елді мекендерді дамыту «Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған бес жылдық даму жоспарына» енгізілген болатын. Шағын аудандар жанындағы жаңақұрылыс аумақтарының кеңеюі, халық санының артуымен тағы бір аудан құруға қажеттілікті туындатқан еді. Аудан тарапынан атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі азаматтардың өтініші мен ұсынысы негізінде жоспарға енгізілді. Тұрғындар көтерген мәселелердің ешқайсысы назардын тыс қалған емес. Мәселен, 2023 жылы әлеуметтік маңызы бар 12 бағыттан тұратын маңызды жұмыстың кестесі бекітілген. Оның ең негізгі бөлігін көшелерді орташа жөндеу мен шағал тас төсеу, ирригациялық арықтарды салу, балалар ойыналаңы мен спорт алаңшасын салу, көшелерді жарықтандыру жұмыстары құрайды.
Көшелердің жайына келсек, асфальттау бойынша 2024 жылы барлығы 42 көшеге 34,8 шақырымға асфальт төселеді. Бұл жұмыстар жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірігіп атқарылуда. Нәтижесінде асфальттанған көшелердің үлесі ауданда 80,2 пайыздан 87,4 пайызға дейін жететін болады.

akim-2


Мегаполис көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық деңгейде болуы заңдылық. Десе де, қаланың аумағындағы елді мекендерде топырақ жолдар да жоқ емес. Аудан әкімдігі тарапынан Қазығұрт, Құрсай, Ақтас, Ақжар және Жаңаталап шағын аудандарына 16 шақырым шағал тас салу қаралып, жұмыстар атқарылуда.
Иә, халық арасына шыққанда көп шағым осы жолдарға байланысты түседі. Негізі бірінші инфрақұрылымы толықтай қамтылған жерге халықты орналастыру керек болса, бізде өткен жылдары бәрі керісінше болған. Алдымен азаматтар жер телімін алып, үй салып, қоныстанып алған да, сосын ол жерге газ кіргізу, су тарту, жарық беру секілді жұмыстар жүргізілген. Осыған байланысты көп мәселе туындап жатады. Дегенмен, біз ауданды толық аралап, жолдардың жайын саралап, кезең-кезеңімен іске асырып келе жатқан іс көп.

– Тұран аудан әкімінің аппараты «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңы мен басқа да заңнамаларға зәйкес 29 функцияны атқарады деп жазылған. Осы функцияларға тоқталып өтсеңіз?
– Бектіліген ережеге сәйкес әкімдікпен 29 функция атқарылуда. Барлығы дерлік аудан тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін атқарылатын жұмыстар. Қысқаша тоқталатын болсақ, аудан әкімдігі азаматтардың өтiнiштерiн, арыздарын, шағымдарын қарайды, абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын, ашық спорт алаңшаларын орнату және күтіп ұстау, мерекелік безендіру, су басудың алдын алу мақсатында ирригациялық жүйелер салу, кіші сәулеттік пішіндерді орнату және күтіп ұстау, көшелерге урналар орнату және күтіп ұстау, жер асты және үсті жаяу жүргіншілер өткелдерін күтіп ұстау, көшелердегі аяқ жолдар, қоршаулар мен автотұрақтарды орнату және күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастырады. Азаматтардың өтiнiштерiн, арыздарын, шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолдануда, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi жинауға жәрдемдеседi. Бюджеттік бағдарламаларды әзірлеп, тиісті мәслихаттың бекітуі үшін жоғары тұрған әкімдіктің қарауына енгізеді. Шаруа немесе фермер қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсiпкерлiк қызметтi дамытуға жәрдемдеседi. Табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныс енгізіп, мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсетуді ұйымдастырады. Оларға қайырымдылық және әлеуметтік көмек көрсетуді үйлестіреді. Жергiлiктi әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседi. Туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады. Жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеуді де ұйымдастырады. Автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуді жүзеге асырады.

– Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Аудан қала бюджетіне қарайды. Осы тұрғыда, маман ретінде ауданның жеке бюджеті болғаны дұрыс деп ойлайсыз ба? Егер бюджет қолыңызда болса, ең алдымен, не істер едіңіз?
– Шымкент қаласы мегаполис болғандықтан, орталықтандырылған басқармалар жұмыс істейді. Олардың әр қайсысы өз саласымен айналысады. Біз халықпен кездескен кезде өзіміздің функциямызға кіретін істердің шешімін табуға уәде береміз. Аулаларды жарықтандыру, көшелердің тазалығы, ішкі көшелердің аяқ жол мәселесін өзіміз ауданның бюджеті есебінен шешеміз. Ал, жалпы басқармалар қаланың саясатымен айналысады. Бас жоспар жасалынып, электр қуатын қайдан аламыз, судың көзін қайдан табамыз, осының бәрімен басқармалар айналысады. Басқарудың бұл жүйесін дұрыс деп санаймын.

– Аудан қаланың шет аймақтарын да алып жатыр. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шағын аудандар бар болар. Ауыл шаруашылығына бетбұрыс жаңа сипат ала бастады. Несібесін осы саладан терген аудан еңбеккерлеріне қандай жағдай жасалынған?
– Жалпы, ауыл шаруашылық саласы, көптеген дамыған елдердің экономикасының қозғаушы күші болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай елімізде ауыл шаруашылығының дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар және де сол бағдарламалар аясында кәсіпкерлерді қолдау үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бюджеттен субсидияланып, жеңілдетілген несие беріліп жатқаны өзіңізге де мәлім. Президенттің халыққа жолдауында да ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру – стратегиялық міндет екенін айтып өтті.

akim-1


Бұл бағытта Тұран ауданы әкімдігінің тарапынан аудандағы ауыл шаруашылығымен айналысатын, айналысам деушілерге Шымкент қаласының Ауыл шаруашылық және ветеринария, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармалары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бірлесіп, аудан кісіпкерлері, шаруалары және фермер қожалықтарының қатысуымен ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған бағдарламаларды түсіндіру бойынша жиындар жиі ұйымдастырылуда.

– Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындармен кездесіп, талап-тілегін тыңдап отырасыздар. Әлеуметтік желі де халықпен байланысуға жақсы құрал.
– Дұрыс айтасыз. Аудан әкімдігімен тұрғындар арасында байланыс тығыз орнатылған. Әр аптаның бейсенбісінде, сағат 09.30дан 12.00 дейін жеке қабылдаулар жүргіземін. Осы биылғы жеке қабылдау барысында 267-ге жуық тұрғын келіп, 187-ге жуық тапсырма беріліп, қазіргі таңда 139 тапсырма орындалды, 48 тапсырма жұмыс барысында. Сонымен қатар, өзім аудан аумағындағы тұрғындармен жоспарлы және жоспардан тыс кездесулерді өткіземін. Тұрғындардың басым көпшілігі инфраструктура мәселесімен келеді. Атап айтқанда асфальт төсеу, кәріз жүргізу, көшелерін жарықтандыру және әлеуметтік жеке мәселесін көтереді. Көтерілген мәселені шешу бойынша тиісті басқармалермен жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік желі – ақпарат алаңы, жақсы сөз де, жаман сөз де, біз қалайық, қаламайық, жазылады. Сын айтылады. Сын шын болса, қабылдап, кемшіліктер түзетіліп жатса, несі ағат? Әлеуметтік желіде де ашықтықты қолдаймын.

– Ауданда жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау бойынша қандай істер атқарылып жатыр?
– Жұмыссыз адамдар санының азаюы – ел экономикасының артуына оң ықпал етеді. Сондықтан, біз аудан азаматтарын тұрақты жұмысқа орналастыруда жүйелі жұмыс атқарып келеміз. Аудан әкімдігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің еңбек мобильділігі орталығы тарапынан «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру» барысы туралы тоқталып өтсек, ауданда жастар практикасымен 196 адам, әлеуметтік жұмыс орындарымен 23 адам, қоғамдық жұмыс орындарымен 339 адам қамтылған. Сонымен қатар, 73 адам өз кәсіпкерлігін дамыту мақсатында қайтарымсыз грант жеңіп алған. Сондай-ақ, заманауи әлем экономикасында шағын және орта бизнестің рөлі орасан зор екенін білесіз. Қазіргі таңда мемлекетіміздің дамуының басты бір бағытының бірі ол – шағын және орта бизнестің дамуы болып табылады. Осы орайда, мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалар шеңберінде, кәсіпкер кредиттерге сыйақының пайыздық ставкасын субсидиялау, кредиттерге ішінара кепілдік беру, гранттық қаржыландыру, жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу түріндегі мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алады. Осыған байланысты, Тұран ауданы әкімдігінің тарапынан Шымкент қаласының «Ауыл шаруашылық және ветеринария», «Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму» басқармалары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, АҚ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бірлесіп, аудан кісіпкерлері, бизнес бастауды жоспарлап жүргендердің қатысуымен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламаларды түсіндіру бойынша жиналыстар және жиындар жиі ұйымдастырылып тұрады.

– Әкім болу қиын ба?
– Әкім болу билікті қолыңда ұстау немесе лауазымды қызметтің иесі болып жүру емес, ең бірінші, бұл – зор жауапкершілік, халыққа қалтқысыз қызмет ету деп түсінемін. Халықтың көңілінен шыға алатын, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігі тиетін шешімдер қабылдап, оны нақты істермен шегелей алсаң – мақсатыңның орындалғаны. Ең бастысы, халықпен тіл табыса отырып, еңбек ету. Сонда ешқандай түсінбестік болмайды. Жетістіктерге де жұмыла отырып қол жеткіземіз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.