1010

Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған Ұлы дала елінің тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау енді бүгінгі ұрпақтың борышы. Қайсар рухты Көк түріктің қанынан жаралған сол өршіл өреннің бірі – Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық сотының бас маманы, соттар отырысының хатшысы
Айәсел Әбен. Өзі – ай, өзі – әсел, өзі – тәуелсіздіктің төл құрдасы. Егемендігімізбен дүние есігін егіз ашып, азаттығымызбен бірге асқақ арманға құлаш сермеп, тәуелсіздігімізбен бірге талай белесті бағындырып келе жатқан жалынды қыз ол.

566Қазіргінің судьясы қандай болуы керек дегенде, осыдан үш жыл бұрын Жоғарғы Соттың бастамасымен «Сот төрелігінің 7 түйіні» атты бағдарлама әзірленгені ойға оралады. Бағдарлама мынадай 7 бағыттан тұрады: мінсіз судья; үлгілі сот; әділ процесс; сапалы нәтиже, Smart сот; коммуникациялық стратегия; татуласу: сотқа дейін және сотта.
Бұл бағыттың бәрі де біздің кейіпкерімізге етене таныс. Өйткені, ол сот саласына кездейсоқ келген жоқ. Шымкент қаласындағы №2 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алып, алтын ұясынан «Алтын белгімен» ұшқан түлек. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен заңгерлік һәм құқықтануға қатты қызықты. «Өскенде судья боламын!» деген бала жүректің дүрсілін ата-анасы да тыңдай білді. Бетінен қақпады. Сол алғаусыз арманға аяңдаған бетімен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құқық және экономика факультетін қызыл дипломмен тәмәмдады. 2012 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасады. Бұл оның қызметтегі ең алғашқы баспалдағы болатын. Сонда ғой, практикант ретінде 6 айдай іс-тәжірибеден өткеннен кейін сот төрағасы Серікбай Алдабергенов жас қыздың өз ісіне деген жоғары жауапкершілігін бағалап, іс жүргізуші ретінде жұмысқа қабылдағаны. Ол кезде мемлекеттік қызметке орналасу үшін қажетті тестердің бәрін «5»-ке тапсырып көзге түскен еді.
– Одан соң бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жетекші маман ретінде тағайындалдым. Ол жерде 3 ай істегеннен кейін 2015 жылдан бастап облыс бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына бас маман, сот отырысының хатшысы болып ауыстым. 2018 жылы Түркістан мен Шымкент енші бөліскеннен соң Түркістан қаласына сотпен бірге көшіп бардық. Ол жақтың ауа райы денсаулығыма жақпады да, Шымкентке қайта ауысуға тура келді. Ішкі конкурспен Әл-Фараби аудандық сотына бас маман, соттар отырысының хатшысы болып жұмысқа қабылдандым. Қазіргі таңға дейін сол қызметті атқарып келемін. Қылмыстық істер қарайтын судьяның хатшысымын, - деді Айәсел.
Айәсел Әбеннің айтуынша, тәуелсіздік алған 29 жылда сот саласында көптеген елеулі өзгерістер орын алған. Бүкіл сот саласын қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. «Қазіргі деңгейге жетуіміздің өзі үлкен жетістік деп айтуға болады. Өйткені, бүгінде сот саласының дамуы, ҚР Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында арнайы сотқа арналған тарауларында да келтіріледі. Мұның өзі үлкен өзгерістерге жол ашқанын байқатады. Сот жүйесінде бірыңғай автоматтандырылған «Төрелік» деген жаңа база құрылды. Азаматтық, процестік кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізіле отырып, халыққа ашық, әділ сот болу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Өздеріңіз білетіндей, сотқа медиация жүйесі енгізілді. Бұл тараптардың татуласып бір шешімге келуіне үлкен көмек береді. Міндетті түрде сотқа арызданған тараптың бірі разы, екіншісі наразы болады. Өйткені, бізде ҚР Конституциясына сәйкес, сот шешімді арызданған адамның пайдасына шығарады. Егер тараптар бір-бірімен бітімге келетін болса, онда екі тарап та разы болатындай шешім қабылданады», - дейді ол.
Судья хатшысының сөзінен пайымдағанымыз, сот саласында судьяларды дайындайтын ҚР Жоғарғы соты жанындағы «Сот төрелігі академиясының» құрылуы – тәуелсіздік жылдарындағы ең басты жемісіміз. Бұл болашақ судьяларды дайындайтын оқу орны деп айтуға болады. 29 жыл ішінде сот саласында кәсіби маман даярлайтын бұдан басқа оқу орны болмаған деуге де болады. Бұрын сотта жүйе 5 сатылы болса, қазір 3 сатылыға көшкен. Бірінші инстанция аудандық соттар, екіншісі апелляциялық инстанция, үшіншісі – Жоғарғы сот. Касациялық сот алқасы апелляциялық қаулымен келіспеген жағдайда касацияға бере алады.
«Негізі сотта қызмет жасасаңыз, неше түрлі тағдырдың куəгері боласыз. Кəмелетке толмағандардың сотында істеп жүргенде отбасылық жұптардың ажырасуына қатысты істерді қарайтын едік. Сотта балалар ата-анасының екеуінің біреуін таңдай алмай қатты жылайтын жəне мұндай оқиғалар күн сайын қайталанатын. Көз алдымызда қаншама тағдырлар бұзылып кетті ғой. Болмашы жел сөз не өсек үшін ажырасып жатқандар қаншама?! Сотта балалар шырқырап жылағанда мен үшін тұтас бір тағдыр күйрегендей болады да тұрады. Сол кездегі жағдайымды көрсеңіз, солармен қосылып жылайтын едім. Ол ата-аналарды балаларды бөлмеуге, ажыраспауға қанша көндіріп, тараптарды медиация тəртібімен татуластыруға тырыссақ та бəрібір өз дегендерінен қайтпайды», - деді ол арасында жанарына тұрған жасты жасыра алмай.
Пандемия кезінде барлық басқа салалар сияқты сот жүйесі де толықтай онлайн режимге көшті. Бұдан былай тараптар Тру-Конф, Скайп, Майнд бағдарламалары арқылы сотқа келмей-ақ, үйде отырып сот процесіне қатыса алады. Судьяға жазатын өтініш хаттарын сот кабинетіне электронды түрде жолдайды. Сосын үйден шықпай-ақ ЖСН нөмірі арқылы соттағы жеке кабинетін ашып, барлығын бақылап отыруына мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, барлық істер «Төрелік» бағдарламасына салынады. Осыны да үлкен жетістік дер едік.
Мемлекеттік қызметтің сот саласында қызметкерлерді біліктілікті арттыру курстарына жіберетіні бар. А.Әбен де 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Әділет органдарының мемлекеттік және өзге ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтына оқуға барып қайтты. Көкшетау қаласына да аталған институттың филиалынан тағлымдамадан өтіп келді. 2020 жылы 3 қаңтарда Жоғарғы Сот жанындағы «Сот төрелігі» академиясына практикаға қабылданған. Онда біліктілікті арттыру, сот саласындағы соңғы өзгерістерді халыққа қалай түсіндіру қажеттігі, заңдармен дұрыс жұмыс істеу, осының бәрі тереңдетіле түсіндіріліп, оқытылды.
Кейіпкеріміздің жалпы еңбек өтілі – 8 жыл. Еңбек өтілі, жалпы тәжірибесі судьялыққа сұранып-ақ тұр. Тіпті, «Сот төрелігі» академиясынан ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Оның ендігі мақсат-мұраты сол оқу орнында үздік білім алып, судья болу. Дәл қазіргі кезеңде сол академияға түсу үшін қым-қуыт заңдарды оқып дайындалу үстінде. Судья болу да оңай емес, заңның неше атасын жаттап, мүдірмей айта білу керек.
Ол Шымкент қаласы соты төрағасының қолынан «Үлгілі қызметі үшін» Алғыс хатын алған. Одан бөлек республикалық және жергілікті ведомстволардан алған марапаттары жетерлік.
– Айәсел, тәуелсіздік саған не берді? – дедік тәуелсіздіктің төл құрдасына тосыннан.
– Менің Тәуелсіздікке бергенімнен гөрі, Тәуелсіздіктің маған бергені таудай. Өз егемендігі өзінде тұрған бейбіт елдің, қаны да, жаны да таза қазақ ұлтының қызы болып туылғаныма мың да бір шүкіршілік айтамын. 1991 жылы дүниеге келіп, білім алып, өсіп-өркендеп осы дәрежеге жеткенім Тәуелсіздіктің арқасы. Атам мен әжем: «Біздің заманымызда кітапқа қолымыз жетпейтін еді. Бар болса да көзіміздің майын тауысып, шырағданмен тығылып оқитынбыз. Ал сендердің замандарыңда бәрі бар. Тек оқысаңдар болды. Алдарыңа мақсат қойып, соған ұмтылып, еңбек етсеңдер болды. Басқасының бәрі дайын тұр», - деп айтатын.
Шетелге шыққанда «менің отаным – Қазақстан!» деп ұялмай айтатындай дәрежеге жеттік. Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз мемлекетіміздің шекарасын бекітіп берді. Өз ана тілімізде сөйлеп, қазақ тілінде ойымызды жеткізе аламыз. Өз елімізде еркін жүріп, тұра аламыз. Білім алғымыз келсе, жолымыз даңғыл. Шетелге саяхаттағымыз келсе, оған да жол ашық. Кәсіп жүргізгіміз келсе оған да ешқандай кедергі жоқ. Әлемде отаны жоқ ұлттар бар. Мысалы, күрттерді алайық. Олардың өз республикасы жоқ. Жан жақта тарыдай шашылып жүр. Солардың күнін кештірмеген Тәуелсіздікке тәуба! Өз егемендігі өзінде сақталған бақытты мемлекетпіз деп айта аламын. Енді мен еліме не бере алатыным туралы айтар болсам, халқымның құқықтық сауаттылығын арттыру жолында тынымсыз еңбек еткім келеді, - деді өз ойын тебіреніспен жеткізген Айәсел.
Біз сөйлескен, таныған тәуелсіздіктің төл құрдасы, соттар отырысының хатшысы Айәсел Әбеннің әңгімесі осындай. Тыңдап отырып, қайран бабаларымыз аңсаған азаттықтың ақ таңы осындай еркін ойлы, жауапкершілігі жоғары перзенттерін дүниеге әкелгеніне марқаясың.

53

Ол бала кезінен құстарды жақсы көрді. Кеңестік кезеңнің әнебір мультфильміндегі «Кеша» деген бұзық тотықұсты көгілдір экран арқылы таныған еді. Алайда, өзінің жекеменшік құс шаруашылығы болады деп әсте ойламаған. Алты жасында әкесі оған Қырғы базардан кішкентай екі тотықұс сатып әпереді. Сол екі попугайдан басталған құс өсіруге деген әуесқойлық шымкенттік Сырлан Тәшімбетовті табысты кәсіпкерге айналдырады деп кім ойлапты?!.

51Иә, оның кәсібі өзгелердікіне ұқсамайды. Негізгі мамандығы – есепші. Басты жұмысымен қатар ол 30 жылдан бері тотықұс, канарейка, корелла, амадин құстарын өсіріп, күтіп, баптап, көбейтеді. Соның бәрін көзбен көруді әрі сұхбат жасауға Сырланның үйін бетке алғанбыз. Шүлдірлеген бала-шаға алдымыздан жүгіріп шықты. Одан бөлек, бізді осы шаңырақтың «көңілді тұрғындары» шықылықтап қарсы алды. Үйдің кіреберісін бүтін бір құстардың мекені дерсіз. Бір бұрышқа арнайы бірнеше қабатқа бөлінген үлкен тор істеліпті. Соның іші толған құс. Қайсысы сайрап, қайсысының үнсіз тұрғанын айыру қиын. Шиқ-шиқ-шиқ етіп, жамырай дауыс шығаруда.
– Қайбір құстың сайрау-сайрамауы баптаушыға байланысты. Егер құстардың да қарны тоқ, көңілі жәйланса ғана сайрайды. Қарны аш, жағдайы болмаса қайдан сайрасын?! – деді үй егесі біздің құстардан көз алмай қарағанымызды аңғарып.
Сөйтсек, бұл құстардың бәрі бірдей сайрай бермейді екен. «Бұлардың ішінде канарейкалар – сирек сайрайтын тотықұс түрі. Өте жылдам қозғалады. Адамның көңіл-күйін сезеді. Канар аралдарынан шыққан, тіктұмсықтыға жататын құсты кейде сары шымшық деп те жатады. Тотықұс болса – ілмектұмсықтыға жатады. Ал корелла құсының негізгі табиғи түсі – сұр, гибридтелген түсі – сары-сұрланған. Яғни, мутацияға ұшыраған. Ала амадин, амадин гульда өте нәзік әрі сезімтал құстардың бірі. Балапандарын тастап кететіндері де болады. Сондай балапандарды қолмен тамақтандырамыз».
Құс өсіруші Сырланның әрбір сөзін мұқият тыңдап тұрмыз. «Қарға баласын әппағым дер» деген сөз де заман ағымына сай мән-мағынасын жоғалтқан ба, қалай? Құстардың арасында да баласын бауырына баспайтындары бар болып шықты.
Құсшы канарейканың балапандарына үш апта бойы әр қырық минут сайын шприцпен тамақ беріп отыратынын айтты. Басқа жолы болмапты. Жасанды жолмен өсіретін инкубаторы да жоқ. Кешке қарай анасының қасына қояды. Азанда қайтадан өзі тамақтандырады. Біздің көзімізше құйттай құстың қызылшақа балапанының аузына нәрестелерге беретін дайын ботқаларды шприцпен бергенін көріп, жүрек елжіреп кетпесі бар ма?! Сол бір тым кішкентай балапанды қолмен тамақтандырған картинаны көзіңізбен елестететіп көріңізші. Қандай әсерлі сәт еді!.. Әне, үй жағдайында құс өсіру де оңай емес екен. «Ыстығына да, суығына да төзбесең, қайсыбір кәсіптің алға басуы екіталай», – дейді сөз арасында Сырлан.
Ол құстарын үй ішіне қарашаның ортасында кіргізіпті. Оған дейін жылдың қалған үш мезгілінде тотықұстар мен канарейкаларды ауласындағы қаумалда (вольер) ұстап келіпті.
– Қыста қар жауған боранды күндері құстарымның қасына келіп, сайраған үнін естісем күн шығып, көк жайқалып, көктем келгендей жылынып сала беремін. Бұлар бізге әрдайым көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Таңертең оятқыш қойып әуре болмаймыз. Таң қылаң берісімен өздері-ақ шиқылық атып, сайрай жөнеледі. Құстардың сыбыр-сыбыр үнімен көзімізді ашамыз. Сондай жағымды эмоция сыйлайды, - деді құсшы құстарының жағымды жақтарына да тоқталып.

 

55

 

ҚҰСТАР ДА ДИЕТА ҰСТАЙДЫ

– Канарейканың балапанын қайтіп тамақтандырғаныңызды көрдік.
Жалпы, құстарыңыздың тамақтану рационына не кіреді? Режимі қандай?
– Құстарда да диета деген болады. Бейуақыт тамақ берсе семіріп кетеді, ол да ауыр тиеді. Қазір қыс болғандықтан далада шөп-шалам жоқ. Сондықтан дәріханадан түймедақ, қалақай, қайың, т.б. ұнтақталған
дайын шөп түрлерін, фитошайларды контейнерге салып беремін. Өзінің жемі бар. Әр үш күн сайын күріш, қарақұмық, тарыны шикі пісіріп, оған шекер, алма, сәбіз араластырып беремін. Сәбізді күн сайын үккіштен өткізіп беруге болады. Құстардың бір нашар жері, уақытылы тамағын бермесең, ішіндегі әлсізін талап жеп қояды екен.
Жылда көктемде шөп жинап қоятын едім. Биыл пандемия болып, көп жерлерге дезинфекция жасалғаннан кейін шөп жинамадым. Құстарымның уланып қалуынан қорықтым. Әрбір құс сайрап тұруы үшін қарны тоқ болуы керек. Одан соң аптасына 2-3 рет ұшырып тұру керек. Ал бос кеңістікке жіберу үшін кішкентайынан ас-суын беріп үйрету қажет. Сонда міндетті түрде ұшқан ұясына қайта оралады. Құстардың миы үш жасар баланың миымен бірдей жұмыс істейді.
– Тотықұстың адамша сөйлеуі де сондықтан екен ғой.
– Негізі попугайды сөйлетіп үйрету үшін кішкентайынан бір өзін бөлек асырау керек. Содан зеріккенінен адамша сөйлеп кетеді. Ал қасында басқа құстар болса, өзінің тотықұс екенін біліп қояды да, біздің тілімізде сөйлеуі екіталай болады. Жан-жануарлардың ортасына түсіп, еріксіз солардың тұрмыс-тіршілігін кешкен Маугли сияқты ғой бұлар да.
– Қызық екен. Құстарыңызға тамағынан бөлек қандай күтім жасайсыз?
– Қайбір құс болмасын өкпек желде қалмауын қадағалау керек. Терезенің алдына қоюға болмайды. Күн сәулесі көп түссе де зиян. Күндізгі сағат 10 мен 11-дің арасында күнге шығарып, тордың жартысы көлеңкеде, жартысы күнде тұрса жеткілікті. Тырнағы мен тұмсығын да егеп отырамын. Егер өсіп кетсе, құстың мазасы қашады. Астын күніне бір рет шаңсорғышпен тазалаймын. Ол үшін «Bosh» фирмасының қымбат маркасын сатып алғанмын. Басқасы жарамайды.
Бұлардың да үстін кене, бит басып кететін кездер болады. Ондайда марганцовка қосып шомылдырамыз. Кейбірі туберкулезбен ауырып жатады. Сондықтан оны да абайлау керек. Мәселен, бір үйде бес баланың бірінің құстарға аллергиясы болуы мүмкін. Сондықтан «үй ішіндегілердің аллергиясы бар ма, жоқ па?» екенін біліп, зерделеп алу керек, – дейді кәсібінің қыр-сырымен бөліскен құсшы.
Ал үй құстарының бір ерекшелігі десек пе екен, үйде бір адам ауырса, құстардың біреуі өліп қалатын көрінеді. Себепсізден себепсіз. Бірде Сырланның қос ұлы қатты тұмауратып қалғанда құстарының ішіндегі ең сүйкімдісі топ етіп құлап, содан тұрмапты. Бұдан сәндік құстар мен үй егелерінің арасындағы көзге көрінбейтін тылсым байланыстың барын ұққандайсыз.
Үй жануарлары мен құстарының баланы мейірімділік пен жауапкершілікке үйрететіні бұрыннан айтылады. Әсіресе, аутизммен ауыратын балаларға жақсы делінеді. Сырланның балалары да әкесіне еріп, құс баптауға қызығады екен. Бала демекші, карантинде сәндік құстарды сұраушылар саны күрт өсіпті. #Үйден_шықпа, #үйде_бол! деп жаппай үйге таңылған өтпелі кезеңде сайрағыш, сөйлегіш құстарды жеткізе алмапты. «Бұрын-соңды мұндай гегабайтты сұраныс болмаған. Тіпті, күніне 100 құс сұраушылар болды. Оған жағдай болмады. Себебі, менде оншалық үлкен сұранысты қанағаттандыратын жағдай қарастырылмаған. Ол үшін кең аумақты ғимарат керек», – дейді ол.
Иә, әлемді әбігерге салған карантиннің керісінен бүкіл әлем елдері шекарасын қымтап жауып алуға мәжбүр болды. Бұған дейін көрші Ташкенттен келетін құстар келмей қалды. Сөйтіп, Сырланның құс саудасы қыза түсті. Дегенмен, шекараның жабылуы көп нәрсеге салқынын тигізді. Құс ұстайтын тор Қытайдан келетін еді. Енді келмей қалды. Ал қолдан істелгені онша келіңкіремейді. Сәндік құс болғандықтан, мыстан жасалған мықты торымен бірге алу керек. Ал жәй темір тот басып кетеді. Ол құстың асқазанына түссе, шаруа бітті дей беріңіз. Әп-сәтте үп-сүффен өсірген құсыңыздан айырылып қалуыңыз кәдік.
Кейіпкеріміздің әңгіме ауанымен карантинде құс саудасы қыза түсті дедік қой. Көптеген компаниялар есепшінің қызметінен уақытша бас тартқанда, С.Тәшімбетовтың отбасын осы құстар асырапты. Ол хоббиін кәсіпке айналдыру үшін былтыр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы оқу курсынан өтіп, сертификат алған. 505 мың теңгелік гранттың қаржысына канарейка мен ала амадиннің түрлерін көбейткен. Биіктігі төрт метрлік қаумалдың құрылысына жұмсаған. Бірақ сұраныстың көбеюі құс өсіретін аумақты да кеңейтуді талап етіп отыр. Сырлан тағы ізденіп, мемлекеттен берілетін 5 миллион теңгелік грантқа құс өсіруді үйрететін орталық пен оның жанынан зоодүкен ашқысы келетінін айтады.
– Балалар қызығып ата-анасына алдыртып жатады. Баланың аты бала, бір аптадан кейін ыстығы басылады. Әке-шешесінің құсқа қарауға жұмыстан қолы тимейді. Ақыр аяғы OLX-та саудаға салынады. Мұндай әурешілік болмас үшін әуелі алушыны құс өсіру туралы курсқа оқыту керек. Өзі оқып, үйренсін. Қасында құс сататын зоодүкен ашсақ, ұнатқан құсын да, оны ұстайтын торын да таңдап алып кетер еді. Грант алып жатсам, аумағы үлкен ғимарат алар едім. Сонда құстарды көбейтуге де ыңғайлы болар еді. Жылы еден істеп, жылу
жүйесін қосып қойсаң, құстар тез көбейеді. Әсілі, көзін тапсаң, өте табысты бизнес, – дейді Сырлан.
Жалпы бұл салада бәсеке жоқ деуге келмейді. Шымкентте Сырланнан да өткен мықты құс өсіретіндер бар. Жалпы Украина, Германия, Бразилия, Иран, АҚШ, Австралия, Араб елдері құсшыларының халықаралық қауымдастықтары бар көрінеді. Олардың әлеуметтік желіде арнайы чаттарында құсқа қатыстының бәрі бүк-шік демей талқыланып жатады.
«Тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған» дейтін Шеге ақынның термесінде кездесетін жыр жолдары халқымызға экзотикалық құстардың жат емес екенін меңзейді.
Қазақтар аң аулау үшін қыран бүркіт пен жыртқыш қырғи сияқты құстарды баптаған. Сырланға «Біздің тұқымымызда жоқ кәсіпке қайдан келдің?» деп айтатындар бар көрінеді. Шынтуайтында қайсыбір құс түрін өсіру ата кәсіп екенін мойындауға тиіспіз. Тек заман талабына сәйкес өсіру, көбейту технологиясы мен әдіс-тәсілдері жаңарып отырғаны болмаса... Міне, кәсіпкерлік көкжиегінде ерекше қызық кәсіппен көзге түскен Сырлан Тәшімбетовтің бизнесінің тарихы, қыр-сыры осындай.

80

Өткен аптада руханият әлеміндегі айтулы іс-шара «Кітап Фест» қорытындыланған болатын. Кітап мерекесі бір апта бойына кітапсүйер оқырманға қуаныш сыйлады. Автор мен оқырманның арасын жақындастырған бірден-бір игі іске ұйытқы болған Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімі еді.

Мегаполистің мәдени өміріндегі мәнді де мағыналы кітап көрмесінің жабылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.
– Осы көрмеге республикамыздың түкпір-түкпірінен қоржын-қоржын кітаптарын арқалап келген баспа үйлері мен кітапханалар келушілерге кітаптың құдыретін тағы бір паш етті ғой деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға қала әкімінің атынан алғыс айтқым келеді
Кітап мерекеcі Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевқа арналған кітаптың тұсаукесерімен басталған болатын. Сонымен бірге бірқатар кітаптың тұсауы кесілді. Осы жерде қанат қаққан кітаптың барлығы оқырманына жетсін, оқушысын тапсын деген тілегіміз бар.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт бастаған Шымкенттің белгілі қаламгерлері кітаптарын таныстырып, оқырмандармен кездесу өткізді. Әр кездесу тағлымды, тәлімді болғанына күмән жоқ,– деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
– Игілікті іс-шараның мақсаты – кітап пен оқырманды біріктіру. Сауалнама нәтижесінде әр екінші адамның кітап оқымайтыны белгілі болды. Кітаптан алшақтап кеткеніміз жасырын емес. Шетелдерде саябақтарда болсын адамдардың қолында я газет, я кітап жүреді. «Ал Шымкентте кітап оқып отырған адамды көрмейсіз. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін мұндай іс-шаралар жалғасын табады. Бұл фестивальдің кем-кетігі де болмай қалған жоқ. Алдағы уақытта соның бәрін реттейміз деп отырмыз. Кітап пен адамның арасын жақындата түсуіміз керек. Сонда ғана еліміздің болашағына күмән келтірмеуге болады», – деп Ш. Мұқан аталған фестивальдің кемшілігін де жасырмады.
Кітап көрмесіне алты күннің ішінде ұзын саны 2500 адам қатысыпты. Жергілікті авторлар мен оқырман жүзбе-жүз қауышты. Ал осынау кереметтей мерекенің ең басты артықшылығы, ол – «Балаларға базарлық» акциясы еді. Сиқырлы сандыққа көп азаматтар кемі бір кітаптан салып атсалысты. Сандыққа 350 кітап түсіпті. Ол кітаптардың барлығы аз қамтылған отбасыларға жөнелтілмек.
Көрменің жабылу салтанатында фестивальге бір апта бойы белсене қатысқан барша кітапхана мен баспа үйлері, кітап дүкендерінің ұжымы қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жиын соңында Малайзия елінде ментальды арифметикадан 87 мемлекеттің арасында өткен білім бәсекесінде жүлделі орындарға ие болған «АЛИАР» оқу орталығының оқушылары марапатталды.

 DSC6632

1-желтоқсан ҚР Тұңғыш Президент күніне орай Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «KITAP FEST» іс-шарасы қала тұрғындарын рухани жағынан байыта түскені ақиқат.

Фестивальдің ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева, ақын-жазушылар мен оқырмандар қатысты. Көрменің алғашқы күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген кітап баспалары, кітап дүкендері мен кітапханалар жаңа шыққан туындыларды оқырмандарға ұсынды.
Республикалық кітап көрмесіне өз өнімдерін әкелген «Шұғыла» баспа үйінің менеджері Азиза Ғазиева «Көрмеге келушілер арасында әсіресе, логикалық кітаптарды сұраушылар көп. Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын көргенде қуанып қалдық. Көрмеге алып келген кітаптарымыздың бүгінге дейін 45 пайызын саттық», - дейді.
«Эрудит» кітап дүкені көрмеге қойған кітаптардың арасында Аятжан Ахметжанның «Мінез», «Ұлт болам десең» мақалалар мен сұхбаттар жинағын сұраушылар қатары баршылық екен. Кітап дүкенінің сату менеджері Сағила Баймаханова «қазіргі жастар көбіне психологиялық кітаптар оқиды деген соң, сол бағыттағы оқулықтарды алып келдік», - дейді.
Елімізде карантин басталған тұста Қарағанды қаласында «KASYM» баспасы ашылып, қазақ классикасының жауһарларын кітап етіп шығара бастаған. «Нәтиже» компаниясының директоры, дүйім қазаққа танымал кәсіпкер Ерлан Әшімнің баспасы қазақ және шетел көркем әдебиетін кітап етіп шығаруда.
– Біздің кітаптарымыздың барлығы қазақ тілінде. Шетелдік авторлардың да шығармаларын қазақ тіліне аударып басамыз. Бүгінге дейін 14 сериялы көркем әдебиет, классика, романдар жарыққа шықты. Алда соны 50 серияға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Мықты деген әдеби туындыларды жаңа дизайнмен шығарып жатырмыз. Көрмеге келушілердің көбісі қызығады, - деді сату менеджері Мүбәрак Керей.
Сонымен бірге ғылымға қызығушылар үшін кітап көрмесінде «Қазақ университеті» баспасынан шыққан Абайтанудың 47 томдығы мен Әл-Фараби бабамызға арналған әдеби, ғылыми кітаптары да бар.

 

500

 

Ал, осынау кітап мерекесінің ең сүйікті кейіпкері «Фолиант» баспа үйінің рухани жәдігерлерін сұраушылар да, қызығушылар да жетіп артылады екен. Себебі, 1996 жылдан қызмет етіп келе жатқан баспа Қазақстан нарығында кітап шығару мен сатуда жақсы рөл атқарып келеді. Қабиден Қуанышбекұлы бастаған шығармашылық топ Шымқалада тұңғыш рет өткізіліп жатқан «KITAP FEST»-ты қолдауға жолдың алыстығына қарамай, Нұр-Сұлтаннан ат терлетіп келіпті.
– Қазақ классиктері, балалар әдебиеті, балаларға арналған бірнеше сериялы кітаптар, энциклопедиялар, ғылым іздеген оқушыларымыз бен жастарымызға арналған кітаптарымыз бар. «Мен неге қорқамын?», «Мен неге бақытты боламын» деген мектеп жасындағы балаларға арналған кітаптар, тәрбиелік маңызы зор «Қонжықтың хикаялары» сияқты төрт сериялы кітаптарымызды балаларға арнап әкелдік. Жоғары сынып оқушыларына «Вэппи», «Шатақ қыздың шатпақ күнделігі», «Қабағы тұнжыр балақай», «Том Сойэрдің басынан кешкендері», «Берридің басынан кешкендері» сияқты Марк Твеннің шығармалары бар.
– Өзін дамытқысы келетін адамдарға салалық кітаптар бар. Мысалы, «Егде жастағы денсаулық», «Әлем тағамдары», жеке қызығушылығына байланысты психологиялық кітаптарды да таба аласыз, - дейді Қ.Қуанышбекұлы.
«Фолиант» баспасының шығарған кітаптары әр түрлі бағытта. Орыс тілінде де дәл сондай әдебиеттерге қол жеткізуге болады.
– Үйіміздің іргесінде тұрған кітап көрмесіне келмесек, біздің кім болғанымыз?! Мәселен, «KITAP FEST»-ке келмеген зиялы қауым өкілдеріне айтар сөзім жоқ. Өткенде де «Отырар» кітапханасының алдында баспалардың кітап жәрмеңкесі болған-тұғын. Сонда насихаты аз болды. «Фолиант» баспасын қазақ тілінде әдебиет шығарудың көшбасшысы деуге болады. Балалардан бастап көркем әдебиет қана емес, танымдық әдебиет, психологиялық кеңестер, шетелдік әдебиеттер шығарады, - дейді тарихшы, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы.

 

 DSC6442


Бұл көрмеде тек кітап жәрмеңкесі болған жоқ. Арнайы оқырман бұрышы ашылып, өлкеміздегі ақын-жазушы, қаламгерлер оқырмандарымен кездесіп, тәрбиелік мәні зор әңгімелер өрбіді. Олардың ішінде тарихшы Момбек
Әбдәкімұлы, мақамы бөлек жазушы Мархабат Байғұт, таяуда ғана «Қазақ қызы» кітабын жарыққа шығарған Күлия Айдарбекова, белгілі ақын, ғалым, аудармашы Абай Қалшабек, жазушы, драматург Сая Қасымбек болды. Әрбірі өзі жазған шығармасындағы қызықты эпизодтарымен бөлісіп, оқырманымен ашық диалог құрды. Келушілер көкейінде қап кеткен сұрағын қойды.
Кітап фестивалінің тағы бір ерекшелігі, қаламыздағы кітапханалар балаларға арнап қойылым қойып, кішкентай оқырмандарын қуантуға тырысып бақты.
Ал ең бір айрықша тұсы, «Балаларға базарлық» атты сандықтың қойылуы. «Рухани жаңғыру» бөлімінің басшысы Зәуре Оралбаева «Балаларға базарлық» акциясын қаламыздың еріктілері қолға алғанын айтады.
– Келуші азаматтар өзіне сатып алған кітаптың бірін арнайы қойылған сандықтың ішіне салып кетеді. Оны кітап алуға мүмкіндігі жоқ балаларға сыйласақ деп отырмыз. Мерекелерде тек тәтті сыйлаймыз. Кітапты да сыйға тартайық деген үмітпен ерікті жастар осындай игі шараны қолға алды. Қазір сандығымыз толды. Толды деп қабылдамай қоймаймыз. Келесі сандығымыз дайын, - дейді бөлім басшысы.
Бәрін айт та, бірін айт, кітап көрмесінің кітап оқуға деген құштарлықты оятқанын, оқырман мен авторлардың арасына алтын көпір болғанын айтуға тиіспіз. Кітаптың қадірін арттырған көрменің қай-қайсымызға да бергені мол болды.

9ef9a2af-9c4d-4f36-8580-9b6736f201b4

Сүгір Әліұлы. Иә, қазақта атағы елге жайылған үш Сүгір болса, Әліұлы Сүгір халқымыздың қуанышы мен шаттығын, мұңы мен зарын, қайғы-қасіретін қос ішекті домбыра үнімен ғасырлардан бізге жеткізген, киелі аспаптың құдыретін жан-тәнімен ұғып, өміріне арқау еткен дархан даламыздың дарабоз күйшілерінің бірі.

Қыл қобыздың киелі иелері атанған Қорқыт пен Ықыластың күйлеріне сүйсіне жүріп, өзі де күй шығарып, қобыздың үнін домбыраға келтіріп, талантын ұштай түскен. Оның бір ерекшелігі, сол қолымен домбыра тартып, шертпе күйлер шығарған. Сонау бір зар заманның ауыртпалығын арқалаған халқының мұң мен зарын шертпе күйге арқау етіп, шерін тарқатып, қызмет етумен өмірін өткізді. Өткен ғасырда ел басына түскен ауыртпалық, аштық, күштеп ұйымдастыру, адам төзгісіз қуғын-сүргінді көзімен көріп, ел-жұрттың наласына домбыра үнімен жауап қатып, халықтың ауыртпалығын бірге бөлісті. Зерттеулерге сүйенсек, оның 85-ке тарта күйі болған. Оның көпшілігі ұмыт болып кетті. 50-ден астам күйі «Қазақтың 1000 күйі» деген күйтабаққа енгізілген.
Міне, осындай заманының заңғар тұлғасына Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен таяуда А.Байтұрсынов көшесінің бойынан еңселі ескерткіш ашылды. Сүгір Әліұлына арналған жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Сүгір бабамызға қаламыздың әдемі жерінен ескерткіш қойылды. Бұл тек күйші Сүгірге емес, қазақ өнеріне қойылған ескерткіштің бірі десек артық емес. Сүгір бабамыздың көрнекті ескерткіші барша өнерсүйер қауым мен тыңдармандар үшін, оның ішінде Шымкенттің тұрғындары үшін үлкен мақтаныш деп айтуға болады. Ұлы даламызда есімі елге белгілі үш Сүгір болса, оның бірі қазыналы Қаратаудың құшағындағы Созақтың ұланы Сүгір Әліұлы еді. Оның өмірге әкелген «Телқоңыр», «Бозінген» атты әйгілі күйлері Созақ халқының тұрмыс-тіршілігінен сыр ақтарады. Бұдан бөлек, «Қаратау шертпелері» атты циклді шығармалары тыңдаған жанның бойына қуат, жүрегіне шуақ береді. Бірегей туындылар ғана тыңдарманның жүрегін жаулай алатынын тағы да жан-тәнімізбен сезініп, жүрегімізбен ұғынамыз. С.Әліұлы қайталанбайтын туындыларынан бөлек, үздік шәкірттерге де бай», - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Иә, «Қаратау шертпелері» деп аталып жүрген дәстүрлі орындаушылық өнер «Сүгірдің күйшілік мектебі» деп аталады. Сүгір күйлері Қазақстанның барлық аймағына кеңінен тараған. Біз білетін Төлеген Момбеков, Файзулла Үрмізов, Сейітқан Әлімбеков, Ергентай Борсабаев, Әубәкір Батыров, Қали Барқиев, Қожасбай Орынбасаров және Генерал Асқаров сияқты Сүгірдің шәкірттері оның күйлерін бізге жеткізген болса, қазіргі таңда жас домбырашылар оның шығармаларын орындап, кеңінен насихаттап жүр.
Өнертанушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің доценті Едіге Балабеков Сүгірдің күйлерін даурықпасы жоқ, тереңнен байқалар нәрлі сазымен ынтықтыратынын айтады. «Осындай күйлерінің бірі – «Тоғыз тарау». Бұл күй тыңдаушының көңілін өзіне бірден баурап алады да, өзінің бастапқы әуенін әр тарау сайын байытып, кеңіте түседі. Күйдің орындалу барысында оның қағысы, өлшемі, ырғағы өзгеріп, құбылып отырады. Осындай шығармалардың қатарына «Бес жорға», «Кертолғау», «Ыңғай төкпе», «Бозінген», «Ілме», «Ақ желең», «Шалқыма», «Жайлау күйі», «Жолаушының жолды қоңыры», «Аққу», «Амангелдіге арнау» күйлері жатады», - дейді зерттеуші.
Күйші, ойшыл домбырашы әрі композитор Сүгір Әліұлына арнап ескерткіштің орнатылуына мұрындық болған білімді заңгер, қарымды қайраткер Бекет Тұрғараев бастаған бастамашыл топ.
– Ол 1961 жылы Созақ жерінде қайтыс болып, Қарабура әулие жатқан қорымға жерленіп, кесенесі тұрғызылған. Сүгір Әліұлының ескерткішін үшінші мегаполис Шымкент қаласына орнатуға ұсыныс берген бастамашыл топтың шешімін қала әкімі Мұрат Әйтенов қолдап, А.Байтұрсынов көшесінің бойынан орын беруге шешім қабылдап, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументті ескерткіштерді орнату комиссиясына ұсыныс жолдады. Комиссияның қолдау шешімін алған соң, ескерткіш өз тұғырына қондырылды. Сүгір Әліұлын мәңгілік есте сақтау бағытында біршама жұмыстар атқарылған. Созақта батырлар аллеясына ескерткіш мүсіні қойылған. Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның жанындағы оркестрге Сүгір атын берген. Созақ ауданында орта мектепке Сүгірдің аты қойылған. Алда да осы тақылеттес жұмыстар жалғасын таба береді, - деді Бекет Тұрғараев өз сөзінде.
...1960 жылдары ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Созақ жеріне келіп, елдің тыныс-тіршілігімен танысқанда, Сүгірдің күйшілік өнерін естіп, оған сәлем бере барып, талантпен танысқанына қатты қуанған. Ол жайлы мақала жазып, күйлерін елге кеңінен таратуға өзімен бірге болған жазушы Тәкен Әлімқұловқа тапсырған. Әйгілі композитордың өмірі мен өнері жайлы жазушы Тәкен Әлімқұлов «Телқоңыр» атты әңгімелер жинағын, ақын Бәтима Батырбекова «Күйші Сүгір» поэмасын, жазушы-журналист Өтеш Қырғызбаев «Сүгір» атты роман жазған. Сүгір Әліұлының еңбектері 1964 жылдан бастап күйтабаққа жазылып, 65-66 жылдары халық оркестрлерінде орындала бастаған.
Осы жылы С.Әліұлының туғанына 138 жыл толып отыр. Домбырашылық өнерде Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Дина және Қазанғаппен қатар тұрған аса талантты жерлесіміз, оңтүстіктен шыққан халық композиторының есімін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында осы ескерткіштің нобайын жасап, орнатқан шымкенттік мүсінші Әбдікәрім Ахметов. Ал ескерткішті жасауға демеушілік көрсеткен кәсіпкер Амангелді Мақашов көпшіліктің алғысын арқалап отыр.

«Сүгір күйші бізден ұзаған сайын даңқы аспандап бара жатыр», - деп сүгіртанушы Өтеш Қырғызбаев айтқандай, айлар алмасып, жылдар жылжыған сайын Сүгір атты ғажап әлем алыстан менмұндалап, кейінгі ұрпақты өнерді сүюге үндеп тұратыны кәдік. Ұлыларды ұлықтау ұрпаққа парыз десек, ескерткіштің тұғырына қонуына атсалысқан тұлғалардың бәрі де өздеріне тиесілі парызын өтеп отыр. Иә, карантиндік шектеулер енгізіліп тұрған осынау кезеңде қоғамдық орындарда адамдардың көп жиналуына рұқсат жоқ. Алайда аталған ескерткіштің ашылуында сақтық шаралары толықтай сақталып, антисептиктер қойылып, келушілерге бетперделер үлестірілгенін атап айтуымыз керек.

23

«ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ!»

Әр үйдің қабырғасы – суретші үшін жаңа кенеп және оның шынайы қиялынан туатын туындылардың орны.
Түс пен жолақ, ою-өрнек ұштасқанда әдемі көшенің бойындағы зәулім үйдің қабырғасы күнге шағылысып, өткен-кеткенді ерекше әсерге бөлейді.
Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың басшылығымен жүзеге асып жатқан бұл игілікті іс қазақ мәдениеті мен дәстүріне арналады.
Бесік – қазақтың көне заманнан ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан отбасылық құндылықтарының бірі. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде ең ежелгі бесік Отырар (XII–XIV ғғ.) және Құйрықтөбе (X–XII ғғ.). қалаларының орнынан табылған. Бесіктің дизайны еш өзгермеген. Ол ағаштан құрастырылып жасалған, тасымалдауға және пайдалануға ыңғайлы әрі тербелмелі. Бесікті талдан иіп немесе ақ қайың мен өзге майысқақ ағаштардан жасауға болады.
Оның құрылымы мен әрбір бөлшегі ғұрыптық атаулармен астасып, киелі деп саналған. Бесік баланы жамандықтан қорғап, түрлі тіл-көздерден сақтаған. Оның басына үкі қауырсыны мен қасқырдың тырнақтары және т.б. ілінеді.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген М. Әуезовтің өсиетін өнеге еткен шымкенттіктер Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған муралды енді Орманов көшесіндегі көпқабатты үйдің қабырғасынан көре алады.
Туындының авторы – белгілі суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ералы Оспанов.

 

2224

 

КҮЗДЕГІ КӨКТЕМ

Қазақ мәдениетіндегі көптеген жарқын аңыздар мен ертегілер қарлығаш бейнесімен байланысты. Ежелден бері үйге қарлығаш ұя салса, отбасына бақыт пен береке әкеледі деп сенген.
«Шымкент-ТМД-ның мәдени астанасы» жылының жабылуы аясында Оспанов көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің біріне қарлығаш-көктем бейнеленді. Бейне бір «Күздегі көктем» сияқты.
«Суреттер шығармашылық бастамалар орталығы мен REPAS командасымен бірлесіп жасалды», - дейді басқарма өкілдері.
Жылдың суық мезгілінде қаладағы жарқын әрі эмоцияға толы мерекелік шаралар жүректерге жылу сыйлағанын байқадыңыз ба? Мысалы, қызықты музыкалық жобалар немесе жаңа арт-нысандар қала көшелерінде жиі бой көрсете бастады. Осы туралы естіп, көргеннен соң, бей-жай қалатын ба едіңіз?
Міне, әйгілі «Жеңіс» М20 маркалы автокөлігі өзінің екінші ғұмырын бастап, қаладағы ерекше кейіпкерлердің біріне айналып үлгерді.
Мәдени астана жылының жабылу салтанаты аясында аталған арт-нысан Шымкент көшелеріне ерекше көрік беріп тұрды. Сөз реті келгенде айта кету керек, шығармашылықпен астасқан өнер туындыларын «Креативтік бастамалар орталығы» белсенді жүзеге асырды. Олар өз жобаларын «REPAS» графитти жасаушылар командасымен бірге жасайды.
Аталған жобалар тек эстетикалық тұрғыдан ғана емес, ретро-стильден хабар береді.
Кім біледі, уақыт өте келе қазіргі заман авторларының туындылары қаланың ажырамас ішкі көрінісі мен тарихына айналатын шығар.

 

20

 

«Piano Performans»

Шымкенттегі мәдени іс-шаралар саны жағынан да, әр алуандығы мен жанр жағынан да қуантты.
Көшенің бойында тұрып пианиноның үнін естігіңіз келе ме? Міне, қала тұрғындарына осындай мүмкіндік беріліп отыр!
«Шымкент – ТМД мәдени астанасы» жабылу шараларының аясында қалада қызықты да бірегей жобалар ұйымдастырылды. Ал мұндай «Piano Performans» бұрын-соңды болмаған.
Бұл дегеніңіз, қаламыздың көшелерінде жанды дауыста әуезді әуендер ойналып, олар нағыз арт-нысандардың маңында орындалады деген сөз. Ал суретпен әшекейленген көне күйсандық аталған перфоманстың «кейіпкері» десе де болады.
– Бұл пианино кейін де қала тұрғындарының қолданысына беріледі. Мерекелер аяқталған соң, музыкалық аспаптар қаладағы әлеуметтік нысандарға сән қоспақ. Ол қала тұрғындары мен қонақтарына жағымды көңіл сыйлайды деген үміттенеміз, - дейді басқарма өкілдері.

126458390 4109779752371135 3086184716859124479 n

«Шымкент 2020 – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуы үшінші мегаполистің этносаябағында дәстүрлі мәдениет және ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесімен жалғасын тапты.

Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қаланың өзіне ғана тән ерекшеліктерінің бірі тарихи өзегін сақтап қала алғаны екені айтылып келеді. Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен көрме-жәрмеңке де – сол бабадан қалған ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қастерлейтін іс-шара.
Аталған мекеме директоры Сұлтан Сраилов бұл көрменің маңыздылығын былайша сабақтады.
– 2200 жылдық тарихы бар Шымшаһарымызда мәдениеттің гүлденіп дамығанын айдай әлемге айшықтап айтып жатырмыз. Қаламыздағы ағаштан түйін түйген, күмістен арқан ескен шеберлерді шақырып, көрме ұйымдастырдық. Бұл өскелең ұрпақ ата-бабаларының немен айналысқанын біліп, көкірегіне түйіп өссе, соған мақтанатындай білімді болса деген ниеттен туындап еді, – дейді С.Сраилов.
Мәселен, «Тастемір» ЖК иесі Нұрперзент Үсенов көрмеге ясин, жаңғақ ағаштарынан жасалған оюлы домбыра түрлерін, қазақтың өрілген оюлы қамшысын алып келіпті. Шебер алдағы уақытта қазақтың бесігі мен сандығын да жасамақ ниетте.
Ал қолөнер шебері Мұратәлі Көшкінбаев жасаған қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтары, оның ішінде қымыз жиынтығы, ағаштан жасалған астаулар, қуырдақ астауы, торсықтар, бөренеден жасалған қобдиша, кеселердің түр-түрі көздің жауын алады. Ағаш ұстасы «Сандық десе, баяғы әжелеріміздің көне сандығын елестетеміз. Торсық тек теріден жасалады деп ойлаймыз. Әсілі, барлығын заман ағымына орай жаңартып, жаңғыртуға болады», - дейді. Оның тұт ағашынан жасалған «Ана» атты өнер туындысы ерекше екен. Тағдыр жазуларын бейнелейтін бұйым асқан талғаммен жасалғанын аңғарғандайсыз.
Қаламызда белгілі этнограф, «Қылует» этномузейінің директоры, саз бен балшықтан бұйым жасаушы Кендебай Қарабдаловты білмейтін жан кемде-кем шығар. Ол көрмеге ежелгі Отырар қаласы тұрғындарының құмыра жасау өнерін көпшілікке көрсету үшін арнайы келіпті.

 

903e064b-7997-481d-b7c1-8dcffd7be2b62082ad4d-af5d-4dd7-b326-c663e03a7120


– Бізде дәстүр жоғалған жоқ. Тек соны осы заманға бейімдеп, көрсете білу керек. 2015 жылы бүкіләлемдік TEDx байқауына қатыстым. Қазірде 20 миллион шетелдік азамат қазақтың мәдениетін мен арқылы көріп отыр. Саз балшықтан 5 мыңға тарта сазсырнай жасаппын. Қазіргі жастар темекі тартқанша, сазсырнай тартсын, - дейді шығармашылық жұмыстарының бір парасымен бөліскен қолөнерші арасында әзіл-шыны аралас. Оның сүрелер жазылған тұмаршалары да көпшіліктің сұранысына ие.
Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми ағартушылықты қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Гүлшат Жақанқызының айтуынша, Ұлы Жібек жолымен бірге оңтүстік арнасынан Сырдың бойы, Таразға дейінгі аймақ қолөнері дамыған аймақ деп есептелген. Былғары, күміс зергерлері, ағаш шеберлеріміз жасаған дүниелер бүкіл түркітілдес елдердің барлығына жіберілген. Сол себепті Оңтүстікті шеберлер өңірі деп те атайды. Бұл көрме сол керуенді көз алдымызға келтіретін іс-шара. Испиджаб, Шымкент, Яссы, Отырар, Сауранның шебер-сатушылары керуеннен түсе қалып, өз өнімдерін жайып жіберіп, халыққа ұсынды. Олардың бәрі де көне дүниелердің қолданысқа енетін, жастарды қызықтыратын нұсқаларын жасап алып келген.
Жәрмеңкенің ең ұрымтал тұсы ұлттық киімдердің көрсетілімі болды. Ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесінде күннің салқындығына қарамай, жылы әрі жаймашуақ сәт орнағандай. Әр шебердің өз жұмысына жанын салғаны көрініп-ақ тұр. Сол жағымды энергия келушілерге беріліп жатты. Әр алуан көне музыкалық аспаптарда ойналған әуен әуездері, тұрмыстық және киім бұйымдары, саз балшықтан жасалған ерекше ыдыстар, табиғи материалдан жасалған сапалы заттар – бәрі-бәрі кереметтей сыйлық болатын әрі құнды естелікке таптырмас бұйымдар дер едік.

WhatsApp Image 2020-11-03 at 16.56.50

Карантин бізге көп нәрсені үйретті. Мәселен, үйде отырған санаулы айда бір отбасылар қаншама уақыттан бері жоспарлап, бірақ, реті келмей жүрген құрылысына кірісіп, оны аяқтап алды. Енді бірі тәуекелге мініп кәсібін ауыстырып, өмірін басқа арнаға бұрып жіберді дегендей. Ал біз отбасымызбен карантинде толықтай ауламыздың қоршауымен және моншамыздың құрылысымен айналысып кеттік. Сонда қалада құрылыс материалдарының қайда сатылатынын, олардың бағасын, бір сөзбен құрылысқа қатыстының жай-жапсарын білгендей болдық. Моншамызды кафельдеуді бастағанда бір қызық жаңалыққа тап болдық. Жақсы да жайлы өмірге, үйінің алдында заманауи, кісі қызығарлықтай әдемі моншасының болғанын кім қаламайды дейсіз?.. Несін айтасыз, біз де шама-шарқымызша жақсы, сапалы құрылыс материалдарын қолдануға ұмтылдық.

Сөйтіп «Ордабасы» индустриалды аймағында орын тепкен «Гидрострой Шымкент Групп» ЖШС-ін іздеп таптық. Екі жыл бұрын ашылған компания шыны мозаиканың түр-түрін өндіреді екен. Қазақстанда баламасы жоқ дейді. Ежелгі заманнан бері әйнек мозаика қаптаманың ең әдемі түрі болды. Бүгінгі таңда бұл өте танымал тауар. Бұл материалдың ерекше қасиеттерінің арқасында кез келген бөлмеде жайлылық, мереке және сән-салтанат атмосферасын жасауға,
интерьерге нәзіктік пен ерекше әсер беруге болады.
Шыны – бұл тесігі жоқ ерекше материал. Одан жасалған бұйымдар, соның ішінде мозаикалық плиткалар оңай тазаланады, кір жинамайды. Бұл материалды ондаған жылдар бойы пайдалануға болады. Егер дұрыс төселсе, шыны мозаикаға саңырауқұлақ жиналмайды, ал антифункционалды қопсытқышты қолдану мұндай қауіптерді одан әрі төмендетеді.

 

WhatsApp Image 2020-11-03 at 16.56.52 1

 

Сәндік фриз – дизайнның сұлулығы үшін

Шыны мозаика – қабырғаларды безендіру, еден жабыны, бассейндер, субұрқақтардың, санаторийлердің өте тиімді әрі практикалық нұсқасы. Орташа өлшемді шыны мозаиканың арқасында ғимараттардың қасбеттерінің интерьерін де, басқа да сәулет нысандарын безендіруге арналған кез келген дизайнерлік шешімдерді жүзеге асыруға болады. Ол үйдің төбесіне, қабырғаға, еденге жарайды. Бұл парақты қаптайтын материал ас үй, жуынатын бөлме, дәретхана, душ және кеңселерді, сауналарды безендіру үшін пайдаланылады. Жалпы аталған өнімнің қолданылу аясы өте кең. Әр алуандығы жағынан шыны мозаикаға, тіпті, керамика да жете алмайтын болып шықты. Зауыт ішіне кіргеннен қаз қатар қойылған түрлі түсті мозаикалар көздің жауын алды.
Бұл жерден үлкен, кішкентай, інжу-маржан іспетті, күңгірт, жылтыр, алтыбұрышты, дөңгелек, тамшы тәрізді пішіні мен түсін таңдауға болады. Бүгінгі таңда ассортиментте мозаиканың 153 түрі бар. Жаңа дизайндар әзірлену үстінде. Сапасы жағынан бұл өнімдер испандық не өзбекстандық импорттық тауардан еш кем түспейді, әрі бағасы да әлдеқайда арзан. Айтпақшы, құны процестің күрделілігіне байланысты. Зауыт басшысы Олег Хатамов бізді өндірістің басына алып барды. Ол өз ісінің білгірі екен. Әр процесті аса ыждаһаттылықпен таныстырып шықты.
«Мозаиканың кейбір түрлерін пеште төрт рет кептіру керек, содан кейін қорғаныш қабатымен жабу керек. Ол былай. Әйнек кесінділері мен қалдықтарының ұнтақталған түрі әуелі преске, содан соң пешке барады. Пештен шыққаннан кейін дайын өнім аламыз. Процесс күрделі емес, бірақ қарапайым да емес. Өзіндік ньюанстары да жетіп артылады. Температураны, қайсысына қанша зат қосылатынын ұдайы бақылауда ұстау қажет. Соған орай түсі де өзгеріп отырады. Бізде түстердің спектрі өте үлкен. Мозаика ретсіз болмас үшін қолмен сұрыпталады. Парақтар мозаика бекітілген арнайы тордың көмегімен жасалады. Соңғы сатысы – инфрақызыл пеште кептіру. Үшінші сортты банкілер мен бөтелкелерді пайдаланбаймыз. Кенептен сапалы өнім алуға тырысамыз. Сапаны бақылап, барлық процеске байыпты қарауға тырысамыз», - дейді Олег Нерисович.
Өндіріс процесінде мозаика жоғары температурада отта балқытылады. Нәтижесінде ол айтарлықтай жүктемелерге төтеп береді. Ол практикалық және оңай күтіммен ерекшеленеді. Су сіңірудің нөлдік дәрежесіне байланысты ылғалдылығы жоғары жерлерді қаптау үшін өте қолайлы. Мозаика берік және теріс экологиялық факторларға төзімді. Түстердің кең ассортименті кез келген беттің интерьері мен дизайны үшін тамаша нұсқаны таңдауға мүмкіндік береді.
Директор О.Хатамовтың айтуынша, пластикалық терезелер өндірумен айналысатын цехтар оларға шыны кесінділерін тапсырады. Арнайы барабанның көмегімен олар арнайы пеште пісірілген және мозаика алынған ұнтаққа жағылады. Оны сынған әйнектен ғана емес, сонымен қатар қатты парақтардан да жасайды. Бұл жағдайда мүмкіндіктер әлдеқайда көп және мозаика әлдеқайда жақсы көрінеді, бірақ, сәйкесінше, бағасы да жоғары. Сіз тек шаршы мозаика ғана емес, сонымен қатар плиткамен жақсы үйлесетін әр түрлі декор жасай аласыз.

 

4201912091036333175107

 

Нөлден бастап өндіреді

– Қазақстанда Өзбекстаннан, Ресейден мозаиканы алып келетін кәсіпорындар бар, ал біздің зауыт оны нөлден бастап өндіреді, - дейді Олег Нерисович. – Бірінші желіні өз қаражатымызға іске қостық. Ал екіншісін Түркиядан сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға 150 миллион теңгеге банктен несие қажет болды. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 14,25 пайыз, оның 7,13 пайызын «Даму» қоры субсидиялады, ол кепілзаттық қамтамасыз етудің жетіспейтін бөлігіне кепілдік берді. Зауытта 27 адам жұмыспен қамтылды. Қуаттылығы – айына 12 000 ш.м.
О.Хатамовтың сөзінің жаны бар. Біз «кафель мен мозаиканы қай жерден алған дұрыс?» деп кішігірім зерттеу жүргізгенде шыны мозаиканы нөлден бастап бастан-аяқ өндіретін өндіріс орны осы «Гидрострой Шымкент Групп» ЖШС екенін аңғардық. Басқа өндірістер жартылай шикізатын Қытай мен Өзбекстаннан алдыртып, әдемі қиюластырып сатады екен. Ал кәсіпкер О.Нерисович шикізатты Ресей мен өзіміздің елімізден алып жатқан көрінеді. Көбісін қаладағы «ASPAN», «KAZAINA» сияқты компаниялардан алады.
– Қазақстанның барлық өңірлері мен Ресейге де экспорттаймыз. Көрші Өзбекстан да біздің тауарымызға қызығушылық білдіруіне орай олармен де келіссөздер жүргізілуде. Негізінен 80% тұтынушымыз жергілікті тұрғындар. Біз өндіріп үлгерсек, тұтынушыларымыз алып үлгереді. Яғни, өнім тұрып қалмайды, - дейді кәсіпкер.
Барлық кәсіпорындар сияқты, қатаң карантин бұл зауытқа да оңай тимеген. Бірақ, жұмыс тоқтамапты.
Клиенттердің қалауы бойынша ең күрделі тапсырыстарды да орындайды. Өз сөзін растау үшін О. Хатамов ерекше ғарыштық реңкке ие қара мозаиканы көрсетті. Ол субұрқақты қаптау үшін пайдаланылады екен. «Осы қара мозаикаға тапсырыс беруші өнімге дән риза болды. «Мозаикадан қандай сұлу панельдер алынды! Айрықша сұлулық!» деп алғысын айтып жатты. Көбінесе мейрамханалар мен элиталық үйлердің иелері тапсырыс береді. Алдымен, компьютерлік қосымшаның көмегімен эскиз жасалады, содан кейін бағдарлама сызбаны квадраттарға, пиксельдерге бөледі және мозаика саны мен түстерінің үйлесімділігін есептейді», - деген директормен бірге өндіріс барысына үңіле түстік.
Шыны қазір Ресейден жеткізілуде, бірақ көп ұзамай Қызылордада шыны зауыты ашылуы тиіс, оның өнімін «Гидрострой Шымкент Групп» ЖШС сатып алмақшы. Сонда шикізат импортталғанға қарағанда әлдеқайда арзан болады.
Кәсіпорынның жоспары өте үлкен. Болашақта өндірісті кеңейту, жаңа жетілдірілген желілерді іске қосу көзделіп отыр. Қазір екінші линияда клинкер түріндегі үлкен мозаика сынақтан өтуде. Шетелде, әсіресе Түркияда, ол көпқабатты үйлердің қасбеттерін қаптауда жиі қолданылады, өйткені материал суыққа төзімді, берік, оны әрдайым жууға немесе сүртуге болады. Бірақ, біздің елімізге бұл әлі келген жоқ.
Зауыт басшылығы мемлекеттік қолдаудың арқасында ойластырылғанның бәрін іске асыруға болатынына және компания өз тауашасын тек ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар сыртқы нарықта да алатынына сенімді. Әрдайым инновациялық технологиялардың әлемдік стандарттарының талаптарына және өндірілетін өнімнің сапасына толық жауап беруге тырысады. Сондай-ақ тапсырыс берушілерінің тілектерін, пікірлерін тыңдауға әрқашан дайын.

Страница 7 из 40