Заманға қарай амал бар...

Среда, 09 Сентябрь 2020 05:27

533

немесе кәсіпкер тойханасын мектепке берді

«Қазір тойханалар жабық. Солардың иелерімен сөйлесіңдер. Олардың бірқатарын қосымша білім беру ұйымдарына айналдырай-ық». Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өткен аптада білім саласының есебін тыңдағанда осындай тапсырма берген еді.

Сол кезде білім басқармасының міндетіндегі 4 индикатордың 3-уі, 28 көрсеткіштің 15-і ғана орындалғаны анықталды. Қолға қалам мен қағаз алып, әрқайсысы бойынша нақты ісшара ойластырылды. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бұл мәселені жақсы зерделепті. Ұсыныс, ой-пікірлерін де қоса айтады.
–Қосымша біліммен қамтылған оқушылардың үлесі» деген көрсеткіш бар. Шымкентте бұл көрсеткіш төмен. Бұл оқушылар бір мезгіл білім алып, бір мезгіл түрлі дағдыларын дамыту үшін ойластырылған, баланың сарқылмас энергиясын өзін дамытуға жұмсату үшін қажет көрсеткіш. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде бар, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Қала басшылығының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласындағы мемлекеттік 147 мектептің 19-ы үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Оқушылар жыл сайын 12 мың балаға көбейіп отыр. Қосымша білім тұрмақ, негізгі білімді қамту үшін жыл сайын қаншама мектеп салу керек?!
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында коронавирустың тағы екі жылға созылу мүмкін екенін айтты. Оған дейін қалай болатынын қазір ешкім дөп басып айта алмайды.
Шыңғыс Мұқан келешекте тұрғындар тойды шағын етіп өткізуді әдетке айналдырып, үлкен тойханалар бұрынғыдай сұранысқа ие болмайтынын тілге тиек етті. Оның үстіне, адамдар көпшілік жерге барудан аяқ тартып қалған.
Сонымен Шымкенттегі 134 тойхананың тағдыры не болмақ? Бос тұра бере ме, әлде қоғамға басқалай қызмет ете ме? «Мысалы, маңдайына «Салтанат» тойханасы деп жазылып тұрғаннан, сол ғимаратқа Білім сарайы деп жазып қойса, қандай керемет! Тіпті Білім сарайына иесінің атын берсін», - деген ой айтады Шыңғыс Жұмабекұлы.

 

17 main

 

Шаһар басшылығының осылай дегені сол екен, Нұрсәт шағынауданындағы «Оңтүстік» салтанат сарайының басшысы Есбол Қамбаров сәнді тойханасын мектепке берді. Қазірдің өзінде онда жақын орналасқан №80 мектептің кезекші сыныптарының 530 оқушысы оқиды. Жалпы ғимарат 2500 адамға арналған. Алайда, тиісті органдар тек 500-дей оқушыны оқытуға рұқсат беріпті.
Кәсіпкер мұндай шешімді пандемияға байланысты қабылдапты. Өйткені, карантин кезінде тойхана жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Иесі ай сайын 20 млн. теңге шығынға батқанын жасырмайды. Тек асханасы жұмыс істеп, карантин кезінде ауруханалар мен блок-бекеттерге тамақ тасумен айналысқан.
–Тойханада мектеп ашпас бұрын, басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, Финляндия, Англия мектептерінде балалар салтанат сарайы сияқты интерьері бар мектептерге баратынын білдім. Бұл қазір кең таралған тәжірибе. Дәл осындай жағдай балалардың мектепке мерекеге барғандай шаттана баруына ықпал етеді. Мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім саласындағы бақылау департаментінен білім беру қызметін жүргізуге лицензия алдым. Салтанатты залдарды сыныптарға ыңғайлап қайта құрдық. Тойхананы мектепке айналдыру кезінде барлық санитарлық нормалар ескерілді, - дейді Е. Қамбаров.
Бұл әкімдіктің тапсырмасымен ашылған мектеп емес. Тойхана иесінің өз қалауы екенін де айта кету керек. Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мадина Тұрысбекова жергілікті Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, «Юг House» ЖШС бас директоры Есбол Қамбаровтың 80 млн. теңгеден астам қаржыға халыққа көмек көрсеткенін айтты. Оттегі концентраторлары, ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын сатып алып, провизорлық орталықтарға берген және тамақтандыруды ұйымдастырыпты. Аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетіпті. Күні кеше ол Германиядан жеке қаражатына алдырған 35 өкпені жасанды желдетуге арналған аппаратты қалалық №2 ауруханаға тапсырды.
Қазіргі уақытта тойханада салтанатты залдарды сынып етіп қайта құру жалғасуда. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін қосымша 6-11 сынып оқушылары 42 сыныпта оқи алады. Онда 90-нан астам мұғалім еңбек етуде. Керекті жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 300 миллионнан астам қаржы жұмсалыпты.
Кәсіпкер тойханасын мектепке айналдырғанына еш өкінбейді. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында жасалған келісімшартқа сәйкес 20 жылға дейін мектептің нысандық мақсаты өзгермейтінін айтты. Яғни, енді «Оңтүстік» тойханасы карантин біткеннен кейін де мектеп ретінде жұмысын жалғастыра бермек. Бұл жобаның тиімділігі сол, кәсіпкер өзіне де, мемлекетке де пайда әкеліп отыр. Мемлекет жаңадан мектеп салу үшін қыруар қаржы жұмсап, оның ішкі-сыртқы шығындарын мойнына алуы керек. Ал жеке ғимараттарды жалға алса, көп қаржы мемлекет қазынасында қалады. Президент жиі айтып жүрген ысырапшылдықтан арыламыз.
– Бұл мектепте оқушылар ақылы және ақысыз сыныптарда оқиды. Ақылы мектептің оқу ақысы айына 100-120 мың теңге көлемінде болады. Балалар таңертеңнен кешке дейін білім алып, күніне бес мезгіл тамақ беріледі, - дейді жеке кәсіпкер. Яғни, кез келген ата-ана мұнда баласын алып келе алады.
...Шымкенттегі «мен» деген зәулім сарайдың мектепке айналарын кім білген?! «Заманды себеп билейді» деген осы-дағы. Коронавирус пандемиясының салдары Қамбаровтай кәсіпкерлерді көзді тарс жұмып, тәуекелдің жел қайығына мінуге итермеледі.
Осы орайда ата-аналар қауымының пікірі екіге жарылып жатыр. Қос тараптың да ойын тыңдай келе басым көпшілігінің баласын үйде онлайн оқытуға мүмкіндігі жоқ екенін бағамдадық. Баласының денсаулығына алаңдаушылар да көп. «Санитарлық талаптар сақталған ба?» деген сауал да қойылды. Дегенмен, әкімдік пен кәсіпкер мұндай қадамға тектен-тек барып отырмағанын ескеру керек сыңайлы.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның ойынша, тойханаларды тиімді пайдаланудың жолдары көп. Мәселен, Coworking center, Жастар орталығы, Шығармашылық орталығы, Оқушылар сарайы, IT hub және т.б. мекемелер ашуға болады.
«Айта берсең, тойханаларды жастардың әлеуетін арттыратын орталыққа айналдырудың түрі көп. Мәселен, Алматыда SmART POINT деген сoworking center бар, қазір IT hub-қа айналып кетті. Қазір Қазақстандағы ең мықты IT-жобалар сонда жасалады. Негізі тойханалар, әкім айтпақшы, қосымша білім беру ұйымдарына, жастар орталығы, коворкинг орталықтарға сұранып тұр», - дейді ол.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН.

Үміт өрге тартады. Пессимистік көзқараспен тек теріс ойлай беретін болсақ, кері кететініміз аян. Мәселен, бір үйде мектеп жасындағы 5 бала бар болса, оның бәрінің бір уақытта онлайн оқуға шамасы жоқ.
Нақтысы, ата-анасының да, баласының да мүмкіндігі жетпейді.
Мұны қазіргі күннің мысалынан
көріп жүрміз. Таразының
басында – баланың денсаулығы һәм сауаты. Ал таңдауды әр ата-ана өзі жасайды. .

АБАЙ МЕКТЕБІНІҢ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУЫ

Среда, 02 Сентябрь 2020 04:06

Биылғы білім күнін Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы өте қуанышты нотада қарсы алды. Себебі, аталған мектепке тамыз айында мамандандырылған мектеп-гимназиясы мәртебесі берілсе, екінші басты жаңалық – білім ошағына ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімі беріліп отыр.

701

Шымкентте бейнелеу өнерінің стрит-арт жанрында салынған көше суреттері баршылық. Мұндай суреттер Нұрсәт шағынауданы Арғынбеков көшесі бойындағы көшпелі керуеннің картинасынан бастап көпшілік көп жүретін саябақтарда да кездеседі. Әуесқой суретші Вениамин Шульгин гараждарды стрит-артқа айналдырып жүр. Иә, кәдімгі гараждар мен сарайларға, тұрғын үй қабырғаларына акрилл бояуын пайдаланып, қылқаламмен ғажап суреттер салады.

600

Бірінші байлық – денсаулық десек, бас ауырып, балтыр сыздағанда, сөз жоқ, дәрі-дәрмекке тәуелді болатынымыз түсінікті. Фармацевтика қызметі талайлар үшін табысты нан екені даусыз. Бірақ, бизнес саласының басты бағытының біріне айналған дәріханалардан аттап бассаң аяқ алып жүре алмайтындай болғанымен, коронавирус індеті отандық фармацевтиканың нақты жағдайын көрсетіп берді. Әнебір әзілде айтылғандай, «әжептәуір елу елдің қатарына қосылғалы жатыр едік, парацетамол бәрін бүлдірді».

504

566

НЕМЕСЕ 500-ден аса жәдігерДІҢ ҚҰНЫ МЕН ҚҰПИЯСЫ

Кілем тоқу өнері – халқымыздың тамырын тереңге жіберген ежелгі қолөнер кәсіптерінің бірі. Кілем қай заманда да қазақтың үйінің сәні, қыз жасауына қосылған басты мүлкі, ең қадірлі қонағына тарту етер құнды сыйлығы болып келген.

Кілем тоқу ісінің құпиясы ұрпақтан ұрпаққа жетті. Халқымызда бұл өнер тек кәсіп қана емес, ұлт рухы мен руханиятын көркем бейнелейтін, көнеден жеткен көзайым. Сан ғасырлар сорабынан сыр шертетін кілемдердің ою-өрнектері бізге айшықты бейне мен шеберлердің құпиясын, сонымен бірге оның қай кезеңнің, қай аймақтың қолөнері екенін айғақтап тұрады.
Қазақ кілемінде көп құпия сақталған дедік. Біз, бүгінгі ұрпақ, сол жұмбақты шешуге тиіспіз. Бұл біздің ата-бабаларымыздың өмір сүрген дәуірі жайлы құнды дерек сақталған жазба сияқты. Ұлттық қолөнерді ұлықтап, қадірлеп келе жатқан шымкенттік Дана Бектаева бұған бек сенімді. Дана Ерікқызы қолдан жасалған қазақ ұлттық кілемдерін он жылдан астам уақыттан бері жинап келеді. Оның жеке коллекциясында мұндай кілемдердің саны 500-ден асады. Олардың түкті және түксіз, алашалар, XIX және XX ғасырларда тоқылған кілем, намаз кілем, жол кілем, нар кілем, қоржын кілем, мақта кілем, тықыр кілем, масаты кілем, жолақ кілем, жібек кілем, алаша кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем сияқты сан тарауға бөлінгенін көбіміз біле бермейміз. Сондай-ақ, оның шеберханасында ескі сандықтар да кездеседі, басқұр – киіз үйді безендіруге, сыртындағы уықтар мен керегені қысып бууға арналып өрнектелген тоқыма бау. Мұндай байлықтың бәрі Дананың пәтерінде және жалға алған қоймаларында сақтаулы тұр.
Дана Бектаева басында кілемнен кәсіп бастап, табысқа қарқ болғысы келгенін мойындайды. Кілем тоқу өнерінің нағыз жауһарларын іздеп Қызылорда, Атырау, Алматы, Түркістан облыстарының ең шалғай деген елдімекендеріне барып, саусақпен санарлық көнекөз қолөнершілермен кездесіпті. Ол бұл іске көп қаржы құйды, несие де алды. Тіпті, пәтерін де сатуына тура келді. Күндердің күнінде мұндай баға жетпес байлықты қалайда сақтап қалу керек деген ой келді. Өйткені, сатып алушылардың көбісі өзінің коллекциясын толықтырғысы келетін шетелдіктер. Ең сирек деген 400-ге тарта кілемді Д. Бектаева Ә.Қастеев атындағы музейдің қызметкерлеріне сараптамаға беріпті. Енді мұндай тоқымалы жауһарларды Қазақстаннан тысқары шығаруға мүлде болмайды.

 

886


Өзінің қызығушылығы мен өмірлік мақсатына айналып кеткен жұмысы туралы Дана сағаттап айтуға құмбыл. Тіпті, үйіне келген туыстары ең болмағанда дастархан басында кілем туралы ойланбауын өтінеді екен. Кілемге деген сүйіспеншілік оның бала кезінде оянды. Ол ауылда тұратын әжесіне жиі баратын. Ең жарқын естеліктің бірі, ол – ауыл әйелдерінің жүнді бояп, жіп иіріп, ұжымдасқан түрде кілем тоқығаны. Өсе келе бір жерден қолдан тоқылған кілем кезіктірсе, бірден сатып алуға тырысады екен.
– Менің пәтерім болмаған кезде кілемім болды. Оны әпкемнің үйінде сақтап жүрдім, - деп еске алады Дана Ерікқызы. –Туысқандарыма кілем мен тоқылған дүниелерді сыйға тарта отырып, ол заттарды міндетті түрде сақтап қоюын сұрайтын едім. Мен, тіпті, балаларға арнап жазатын ертегілерімде қашанда жүрек дүрсілін тыңдау керек деп жазамын. Көп жыл бойы медицина академиясында оқыдым. Десе де, мені өнер, оның ішінде ұлттық қолөнер қатты қызықтырды. Тек біраз жыл өткен соң ғана жаным қалайтын іспен шұғылдана бастадым. Қазақ кілемдерінде өрнектер өте көп, ол оюлар шаршатпайды, қайта жаныңызға жайлылық сыйлайды. Солар арқылы біздің ата-бабаларымыздың не ойлағанын, не қызықтырғанын және ортасының қандай болғанын бағамдауға болады.
Д. Бектаева инстаграмда өзінің жеке парақшасын жүргізеді. Оның төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен бес мыңға жуық жазылушысы бар. Оқырмандарының басым бөлігі – жастар. Ол жерде Дана оқырмандарымен этнолингвистикалық зерттеулерімен бөліседі, ою-өрнектердің мән-мағынасы, кілем тоқу өнерінің көне тәсілдері жайлы сыр шертеді.
Ерте көктемде Шымкенттегі «Көрме» орталығында Д. Бектаеваның «Бабадан қалған боз кілем» деген онлайн-көрмесі өткен болатын. Екі күн бойы ниет білдірушілер бұл көрмеге қатысып, көп мағлұмат алған-ды. Өз басым жаңа мәліметтерге қанығып, таңғалғанымды жасырмаймын. Мәселен, баяғыда жас келіндер тұңғыш баласы дүниеге келгенше әкесінің үйіне аттап баспайды екен. Сондықтан олар ата-анасына кілем бұйымы арқылы хабар жібереді екен. Егер ол кілемдегі өрнектер көркем, ал түстері ашық және қанық болса, онда ол қызда бәрі жақсы болғаны, ал керісінше болса, жағдайы мүшкіл дегенді білдіреді екен.
Қазір ғой, табиғи өнімдерден жасалған кілемдерге күйе түспес үшін арнайы заманауи құралдар қолданылады. Ал біздің әжелеріміз жүнді жуып, бояған кезде жәндіктер кілемді «жеп» тастамасын деген оймен өте көп мөлшерде тұз қосқан.
Сонша кілемнің арасынан бір жағы ашық, екінші жағы күңгірт түсті кілем қызықтырмай қоймады. Дана мұны шеберлердің бұл өмірдің ақ пен қара түстен тұратынын, түннің күнмен алмасатынын меңзеген болуы мүмкін екенін түсіндірді. Ал көне қолөнер мектебі мұны кілем тоқылып жатқан үйде бір қайғылы жағдай орын алып немесе туыстарынан бір адам қайтыс болса, онда жұмысты қырық күнге шегеріп, кейіннен жалғастырған кезде жабық сұрқай түстерді таңдайды деген болжам айтады.
Ал егер қолөнершілер тапсырыс берген адамға разы болмаса, онда қасақана өрнектің біреуін дұрыс тоқымай қоя салады екен. Айтқандай, мұндай кілемді Дананың коллекциясынан кездестіруге болады. Кілемдерді үнемі асарлатып тоқыған. Және бұл іске кіріскенде өсек айтуға, ұрсысуға, жаман сөздер айтуға қатаң тыйым салынған, себебі, бұйым тек жақсы энергетиканы сіңіруі керек деген түсінік болған.
Коллекция иесі Моңғолия қазақтары тоқыған кілемге назар аударуды ұсынды. Оны көкесі сыйлаған екен. Ал бұл кілемнің жанына Өзбекстан және Батыс Қазақстандағы қазақ қолөнершілерінің кілемдері қойылыпты. Бұл үш жұмыс әр түрлі жерде жасалған, бірақ, бәрінен бір сарын еседі. Өрнектері бірдей десе де болады. Бұл дегеніміз сонша алыс арақашықтықта да бірдей мәдениет сақталғанын білдіреді.
Дананың коллекциясындағы құндылығы аса жоғары бұйым—Абылайхан заманынан қалған кілем. Мұндай жұмыстар Қазақстанда 7-8 ғана. Олардың әрқайсысы өте қымбатқа бағаланады.
1956 жылы тоқылған араб кілемінде түйенің суреті бейнеленген. Ол кезеңде қазақтар ешқашан мұндай сурет салмаған. Дәл осыған ұқсас данасы Қастеев музейінің қорында сақтаулы.
Қазақ кілемдері негізінен екі түрге бөлінеді: түкті және түксіз. Түкті кілем бұйымдары еліміздің оңтүстік өңірлерінде тоқылған және олардың орталық бөлігі мен жиектасының өрнегі өсімдік тәріздес немесе геометриялық үлгіде болған. Оңтүстік Қазақстанның шеберлері жасаған ежелгі түкті кілемдер табақша, ромбик, жұлдыздар мен түрлі фигуралардың ерекше шеберлікпен жымдасып жасалғанымен таңғалдырады.
Ал түксіз кілем бұйымдары еліміздің шығыс және батыс облыстарында жақсы таралған. Оларда зооморфтық ою-өрнек, тұрмыстық бұйымдардың символы, геометриялық денелер бейнеленген. Түксіз кілемдерде өсімдік тәріздес өрнектер сирек ұшырасады. Кілемдерге шикізат ретінде жергілікті шеберлер қой, ешкі және түйе жүнін, сонымен бірге жібек, мақта, бөз, кендір талшығын әр түрлі үлгіде біріктірген.
–Кілемнің отаны Иран, Түркменстан, Әзірбайжан саналады. Бірақ, қазақтар да қолөнердің бұл түрімен жақсы шұғылданған, - дейді Д.Бектаева. – Кілемдер табиғатпен үйлесімділікте өмір сүрген біздің бабаларымыздың дүниетаным, көзқарасын толыққанды бере алады. Әзірге қазақ кілемдері көп зерттелмей жатыр, содан да өзімен бірге көп құпияны бүгіп отырғандай.
Дана Ерікқызы Әзірбайжандағыдай Қазақстанда да кілем музейін ашуды армандайды. Бұл нағыз жақұт. Оның қорында он мыңға жуық шығармашылық жауһар жатыр. Бес қабатты ғимараттың аумағы – бес мың шаршы метр.
Кілем – өскелең ұрпаққа аманаттап жеткізетін баға жетпес байлығымыз. Оны барынша насихаттау керек. Егер елімізде кілем музейі ашылса, онда ол тек ғылыми-зерттеу мақсаттарына ғана емес, сонымен қатар мықты туризм объектісіне де айналар еді.
Ұлттық қолөнерді ұлықтап, өзіндік ерекшелігін бағалап, кілем тоқу өнерін өшірмей, кереметтілігін халыққа жеткізген кейіпкеріміздің бастамаларына риза боласың. Кілем беттеріндегі сан алуан өрнектің тілі, әр сызықтың түр-түсінің айтар ойы бар. Ғасырлар тұңғиығынан тамыр тартатын ғажайып қолөнер бұйымдары мен кілемдер арқылы сол заманның тарихын, тыныс-тіршілігін таныстырып, оның маңызын халыққа кеңінен насихаттап жүрген Дана Бектаеваның бұл кәсібіне билік тарапынан қолдау көрсетіліп жатса, құнды жәдігерлердің бағы жанар еді және бұл біздің мәдени мұрамызды толықтыра түсетін татымды тірлік болар еді. Сол ойға сенсек, кілем музейі ашылатын күн де алыс еместей сезіледі.

1544522864 article b

Салық саясаты – мемлекеттің экономикалық саясатының бір бөлігі. Мемлекеттік бюджетті қалыптастыратын да, жалпы ұлттық өнімнің (ЖҰӨ) ауқымын кеңейтетін де салықтық түсімдер мен төлемдер. «Біздің елімізде салықтың ең көп бөлігін кімдер төлейді?» деген сауал төңірегінде ізденіп көрсек, қазына қоржынын қампайтқан 30 компания бар екен.

Біз Қазақстанда «төлем төлеуге қабілетті» компаниялардың рейтінгіне қысқаша шолу жасап көрдік. Қазақстанның ең ірі салық төлеушілерінің үштігі еш өзгеріссіз қалып отыр. Олар «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» қазақстандық бөлімшесі және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ. Осы үш кәсіпорын 2019 жылы ҚР барлық салықтық түсімдерінің 30% -ын қамтамасыз еткен. Бұл алпауыттардың қанша салық төлегенін білгіңіз келе ме? Ал, биылғыдай пандемиялық ахуал кезінде ірі салық төлеуші компаниялар былтырғыдай төлем жасай ала ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрсек.

Мұнай мен темекінің үлесі көп

Kursiv Research сайты Қазақстанның 30 ірі салық төлеуші компаниясының жыл сайынғы рейтінгін ұсыныпты. 2019 жылы алғашқы отыздық мемлекет қазынасын 5,1 трлн теңгеге қампайтыпты, бұл шамамен мемлекеттік бюджетке түсетін бір жылдық салықтық төлемдердің жалпы мөлшерінің жартысын құрайды.
ҚР мемлекеттік кірістер Комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылы мемлекет қазынасына түскен салықтық түсімнің жалпы сомасы 9,69 трлн теңгені құрады, алдыңғы жылдардағы кезеңдермен салыстырғанда салықтың жиналуы 18,3% немесе 1,5 трлн теңгеге өсіпті. Қазақстанның мониторингке кіретін 300 ірі компаниясы қазынаны 7,25 трлн теңгеге толтырған. Корпоративтік сектор 2019 жылы аса ерекшелене қоймады: 2018 жылмен салыстырғанда тек 0,45 трлн теңгеге, яғни, 6,6% көбейген. Дей тұрғанмен, алдыңғы жылдары өсім 40-50% деңгейінде болғанын айта кетейік.
Дәстүрлі түрде бюджетке негізгі соманы мұнай мен ілеспе газ өндірумен айналысатын кәсіпорындар әкелген. Олар рейтингтің 30-орнының 18-не жайғасты. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес мұнай-газ секторының үлесіне ірі салық төлеушілердің алғашқы отыздығының түсімдерінің есебінен 4,32 трлн теңге, яғни, 85% түскен. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда аталған компаниялардан түсетін салық көлемі аз ғана өзгерген. Бұған 2019 жылы мұнай бағасының сәп-пәл ауытқуы себеп болған.
«Мұнайшылардың» қатарын темекі өндірісінің компаниялары толықтырады. Аталған сектордың рейтингке тұрақты қатысушыларына бұл жылы тағы бір компания қосылды. Олардың бюджетке төлеген салықтарының жалпы көлемдегі үлесі 4,7% (238,44 млрд теңге) құрайды.
Дәл сонша салықты металлургиялық өндірістегі компаниялар да төлепті – 218,6 млрд теңге, яғни «отыздықтың» жалпы салықтық мөлшерінің 4,3%. Рейтингке кен өндіру саласының, транспорт, мұнай өнімдерін қайта өңдеу және байланыс саласының да өкілдері енген. Қаржы секторы мен құрылыс компаниялары 2019 жылдың рейтингінде алдыңғы жылдардағыдай «жарқылдамапты».

 

unnamed 1

 

Отыздыққа кімдер енді?

Рейтингтің алғашқы ондығының сегіз компаниясы мұнай өндіруге маманданған. Қазақстанның ең ірі салық төлеушілерінің үштігі еш өзгеріссіз қалып отыр. Олар ел қазынасын 1,94 трлн теңгеге толтырған «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» қазақстандық бөлімшесі 616,96 млрд теңге және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 366,28 млрд теңге салықтық түсім жасаған. Тек осы үш кәсіпорын 2019 жылы ҚР барлық салықтық түсімдерінің 30% -ын қамтамасыз еткен. Дегенмен, алдыңғы жылмен салыстырғанда аталған компаниялардың салықтық төлемдері сәл-пәл қысқарған.
Алдын ала болжамдар бойынша, 2019 жылы Қазақстанда өндірілген мұнай мен сұйық газ 90,5 млн тоннаға жеткен. Энергетика министрлігі анықтағандай, «Теңізшевройл» ЖШС жылына 27,79 млн тонна көмірсутек, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» – 11,27 млн тонна және «Норт Каспиан Оперейтинг Н.В.» – 14,1 млн тонна өндірген. Соңғысы 2019 жылы ірі салық төлеушілердің рейтингіне кіріп, 88,36 млрд теңге салықтық төлем мөлшерімен 13-орынға жайғасқан. НКОК әлем бойынша соңғы 40 жылда ашылған ең ірі кен орны боп саналатын Қашаған теңіз кен орнында коммерциялық өндіру жобасының операторы. Жобадағы Қазақстанның үлесі 16,88%-ды құрайды.
Осы үштікке қысқаша сипаттама берер болсақ, мұнайлы өлке – Атырау жерінде орын тепкен Теңіз кен орнының 2033 жылдың сәуірінде өндерілетін өнім көлемі 750 млн тоннадан 1,1 млрд тоннаға (6-9 баррель) жетеді деген болжам бар. Бүгінде кәсіпорында 4000 қызметкер тер төгеді, оның 95 % еліміздің азаматтары.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» әлем бойынша мұнай-газ, кен өндіретін ең ірі кен орнының бірі. КПО 1997 жылы ел Үкіметімен келісімге отырған. Өзара келісім нәтижесінде 2038 жылға дейін қызметін емін-еркін жүргізе алады. Оның ішінде ешқандай салықтар мен төлемдердің жаңа түрі қолданылмайды екен. Осыдан-ақ еліміздегі салық саясатының қаншалықты жұмсақ екенін бағамдауға болады.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ штаб-пәтері Ақтау қаласында орналасқан. Бұл компания Қазақстанның ең ірі мұнай-газ өндіруші компанияларының қатарында. Негізі 1963 жылы қаланған кәсіпорынның қазіргі таңда 20-ға жуық бөлімшесі бар. Қазақстандық «Қазмұнайгаз» (50 %) бен қытайлық CNPC (50 %) компаниялары акционерлері.
Рейтингтің төртінші және бесінші қатарына «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ компаниялары кірді. Екеуі де ұлттық мұнай операторы «Қазмұнайгаз»-ға қарасты компаниялар. Бұл компаниялар мемлекетке салық түрінде сәйкесінше 194,88 және 177,44 млрд теңге төлеген. «Ембімұнайгаз» өзінің былтырғы нәтижесін 33,7%-ға жақсартқанын атап айтуға болады. «Қазмұнайгаздың» мәліметіне сүйенсек, кәсіпорын 2019 жылы көмірсутектің ресурстық қорын айтарлықтай арттырған. Өсім жұмыс істеп тұрған кен орындарын барлау кезінде белгілі болыпты.
Еліміздің ірі салық төлеушілерінің 6-8 орындарына қытайлықтармен бірге істейтін «мұнайшылар» орныққан. Олар «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «СП Қазгермұнай» ЖШС. Бұлардың акционерлері CNPC қытайлық ұлттық мұнай-газ корпорациясы мен CITIC Group-тың құрамына кіретін «Қаражанбасмұнай» АҚ.
Тоғызыншы орында былтырғы нәтижесін 4-қатарға жоғарылатқан «Қазцинк» ЖШС. Компания бюджетке 106,59 млрд теңге (47,7%) көлемінде салық төлемін жасаған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. «Қазцинк» – мырыштық мыстың, бағалы металдар мен қорғасынның басым бөлігін өндіретін алып өндіруші. Серіктестіктің атқарушы инвесторы – швейцариялық Glencore International AG компаниясы.
Оныншы орынға Қазақстандағы темекі өндірісінің өкілі – «Джей Ти Ай Казахстан» ЖШС жайғасыпты. Кәсіпорын мембюджетке 101,91 млрд теңге салық төлеген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 22,5%-ға жоғары. ҚР темекі өнімдері бойынша тағы бір компания – «Филип Моррис Казахстан» – 11-орынға жайғасып, бір қатарға жоғарылапты. 95,17 млрд теңге, яғни, алдыңғы жылмен салыстырғанда 24,8%-ға көбірек қаржы төлеген.
«Қазмұнайгаз» ҰК салықтық төлемдері 3 есеге – 2018 жылы 31,53 млрд теңгеден 2019 жылы 90,93 млрд теңгеге артқан. Нәтижесінде ұлттық компания 26-орыннан 12-орынға жоғарылады. Moody’s рейтинг агенттігінің өткен жылы компанияның несие төлеу қабілеттілігінің рейтингін көтергенін айта кету керек. Себебі, «Қазмұнайгазға» Қазақстан үкіметі тарапынан «Ва3» -тен «Ва2»-ге дейін ешқандай қолдау көрсетілмейді. ҚМГ-ның ұзақмерзімді рейтингі «Bа3» деңгейінде «тұрақтыдан» «дұрыс» деген болжамды қайта қарағаннан кейін расталған.

 

6-0


Қазақстандағы ірі кенорнының бірі «Қарашығанақ»-тың шетелдік мердігерлері – «Би Джи Карачаганак Лимитед» пен «Аджип Карачаганак Б.В.» компанияларының бөлімшелері рейтинг бойынша 14-15-орындарға жайғасты. Бұл компаниялар қазынаға сәйкесінше 78,1 және 74,23 млрд теңге төлеген. «Шеврон Интернэшнл Петролеум Компани»-дың бөлімшесі бұл жобаның қатысушысы 54,1 млрд теңге сомасында салық төлеп, 20-орынға шықты.
Қазақстандық кәсіпкер Тимур Құлыбаевтың компаниясы – «Каспий нефть» акционерлік қоғамы – 2019 жылы бюджетке 67,1 млрд теңге төлеп, рейтингтің 16-орынында болды. «Еуразиялық өндірістік компания»-ның (ERG) құрамына кіретін «Казхром» трансұлттық компаниясы 17-орында тұр. 2019 жылдың нәтижесі бойынша компанияның салықтық аударымы 63,17 млрд теңгені құраған, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 26%-ға жоғары.
Ары қарай рейтингтің су жаңа мүшелері таныстырылмақ. ТОО «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС 58,02 млрд теңге салықтық түсімінің мөлшерімен 18-орынға шықты. Алдыңғы жылғымен салыстырғанда көрсеткіші 83%-ға жоғарылаған. Eurasian Resources Group құрамына кіретін «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі»-нің төлемдері 2 есеге, 27,38-ден 57,17 млрд теңгеге өскен.
Ақмола облысында алтын өндірумен айналысатын «Қазцинктің» қоластындағы «Altyntau Kokshetau» 2019 жылы қазынаға 51,75 млрд теңге төлеп, алдыңғы нәтижесін 63,6%-ға жақсартты. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 50,62 млрд теңге салықтық аударымдарымен бір сатыға, яғни, 22-орынға жоғарылады.
Бұлардың соңынан 48,7 млрд теңге салық төлеп, көрсеткіші алдыңғы жылғыдан 18,8%-ға төмендеген «Қазақмыс» ілеседі. Біздің рейтингімізде компания алдыңғы рейтингтен 9 қатар төмендеді. «Қазақмыстың» ірі акционері қазақстандық кәсіпкер Владимир Ким.
«Матен Петролеум» акционерлік қоғамы Қазақстанға салық және өзге де төлемдер түрінде 48,68 млрд теңге төлеген. Қазақстандық кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың бұрынғы компаниясының акциялары қазірде қытайлық Geo-Jade Petroleum-нің қоластындағы голландиялық Sino-Science Netherlands Energy Group B.V. компаниясына тиесілі.
«ПетроҚазақстан» – «Қытайлық Ұлттық Мұнай Корпорациясы» (CNPC) мен «Қазмұнайгаз» ҰК акционерлері болып табылатын мұнай компанияларының тобы. Рейтингке компанияның екі тобы бірден енді – 44,96 млрд теңге салық төлеген «ПетроКазахстан Ойл Продактс» 25-орынға, 43,96 млрд теңге и АО «ПетроКазахстан Кумколь Ресорсиз» 26-орынға жайғасты.
Рейтингтің 27-ші сатысында «Қазақтелеком» АҚ – байланыс және коммуникация секторының өкілі – ел бюджетіне 43,31 млрд теңге төлеп көрінді. 2018 жылы 40,22 млрд теңге төлеген.
Рейтингті үш жаңа қатысушы қорытындылайды. «Нельсон Петролеум Бузачи Б.В.» мен «СNPC Интернешионал (Бузачи)» компанияларының қазақстандық бөлімшелері Маңғыстау облысындағы Солтүстік Бузачи мұнай кен орнын бірдей үлесте қайта өңдейді. «Нельсон Петролеум Бузачи Б.В.» 2019 жылы Қазақстанға 43,24 млрд теңге мөлшерінде салық төлеген. Компания Голландияда тіркелген. Ресейлік «ЛУКОЙЛ Оверсиз» бен қытайлық Sinopec компаниялары акционерлері болып табылатын Caspian Investment Resources Ltd тобына мүше. Ақтау қаласындағы «СNPC Интернешионал (Бузачи) Б.В.» корпорациясының филиалы өз кезегінде 41,69 млрд теңге сомасында салық төлеген.
Рейтингтің ең соңғы 30-қатарында «Бритиш Американ Тобакко Казахстан Трейдинг» ЖШС көрінді. Кәсіпорын ҚР бюджетіне салық және басқалай төлем түрінде 41,35 млрд теңге аударған. British American Tobacco әлем бойынша ең ірі темекі өндіретін компания.
Сонымен біз мұнай өндіретін компанияларымызбен мақтана аламыз. Ал ауылымыз аралас, қойымыз қоралас көршілес Қырғызстанның алтын өндіретін кәсіпорындары алдыңғы орында. «Құмтөр» – қырғыздардың ірі инвестициялық жобасы. «Құмтөр Оперейтинг Компани» Орталық Азия бойынша алтын өндіретін алып кәсіпорын. Канадалық Centerra Gold Inc компаниясы инвесторлық етеді. Аталған кәсіпорында осы уақытқа дейін 10,42 млн. унция немесе 324,1 тонна алтын өндірілген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН.

Қазақстанды салығымен асырап отырған 30 компанияны жіпке тізгендей атап шықтық. Ал биыл көрінбейтін жау COVID-19 індетіне байланысты шектеу шаралары мен мұнай бағасының ауытқуы салықтық түсімдерге де кері әсер етуде. Сонымен, Қазақстанның Қаржыгерлер қауымдастығының мәліметіне қарар болсақ, 2020 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Ұлттық қордың қаржы аударымдары 403 миллиард теңгеге, яғни, 1 миллиард долларға, ал республикалық бюджет – 667 миллиард теңгеге, яғни, 1,65 миллиард долларға кеміген. Мұны пайыздық көрсеткішке шағатын болсақ, республикалық бюджетке жиынтық салықтық түсімдер 24,5%-ға, Ұлттық қордың түсімдері 27,9%-ға төмендеген.
Мұның бәрі Қазақстанда 1 сәуір мен 1 қазанға дейін зейнетақы қорынан салықтар мен өзге де міндетті төлемдерге шағын және орта бизнес субъектілеріне нөлдік мөлшерлеме қойылғанынан болып отыр. Мұндай жеңілдік 29 қызмет түріне қатысты.
Оның үстіне бізде бизнес цифрландырылмаған. Дәстүрлі бизнес-үлгісінде салықтық түсімдер екі есе көп болады. Кәсіпорын ғимараты, жұмыскерлері тағы басқасын есептегенде салықтық жүктеме көбейе береді. Енді төрткүл дүние сандық технологияға тәуелді екенін анық ұғынғандай. Әсіресе, карантин кезінде кәсіпкерлер электронды сауданы жақсы меңгерсе, салық мәселесін де оңай шешетіні түсінікті.

DSC 0211

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қажеттілігі, әсіресе, қазіргідей індет кезеңінде айқындала түсті. «Көрінбейтін соғыстың» кесірі кәсіпкерлікке де тиіп жатқаны түсінікті. Тұралап немесе жабылып қалған кәсіпорындарға 15 пайызбен несие беріп, оның 9 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидиялануда. Ал, агроөнеркәсіптік кешенде несие үстемеақысының 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 5-6 пайызбен өтейді. Субсидиялау мерзімі инвестициялар үшін 7 жыл және айналым қаражатын толықтыруға — 3 жыл. Бұл – бизнес иелері үшін өте оңтайлы ұсыныс.

Қарапайым заттар дегенді қарабайырлап түсіндірсек, бұл – күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтер. Олардың қатарында тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік өндірісі және басқа да тауарлар бар. Аталған бағытты дамытудың қажеттігі туралы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында атап өткен болатын.
Бұл бағдарламаға шағын және орта бизнес субъектілері де, ірі бизнес өкілдері де қатыса алады. «Қарапайым заттар экономикасы» негізінен 2 бағыттан тұрады. Бірінші – кәсіпкерлік субьектілеріне жеңілдетілген несие бөлу, екіншісі – жоғарыда аталған өнеркәсіп салаларын дамыту. Шымкентте бұл бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерден құны 87,8 млрд теңге болатын 92 жоба бойынша ұсыныс түскен. Оның 60-қа жуығы мақұлданып, бүгінгі күнге 7,6 млрд теңгеге 37 жоба қаржыландырылды. Бұл жөнінде кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары мәлімдеді.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін құны 23,3 млрд теңгеге 22 жобаны екінші деңгейлі банктермен қаржыландырылады деп жоспарлануда.
Былтыр жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 600 млрд теңге бөлген еді. Оның ішінде 400 млрд теңге – өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерді ынталандыруға, 100 млрд теңге – агроөнеркәсіптік кешенді қайта өңдеуге, тағы 100 млрд теңгесі – агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріске бағытталды.
2025 жылға қарай «қарапайым заттар экономикасы» аясында 16 мың тұрақты жұмыс орнын құрып, бюджетке салық түсімдерін 1,1, трлн теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. Сол арқылы өндіріс көлемі артып, импорт үлесі 37 пайызға қысқарады.

 

 DSC2456

 

ШИРАТЫЛЫМЫ ЖАҚСЫ ШЫМКЕНТТІҢ КІЛЕМІ

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен несие алған кәсіпорынның бірі – отандық кілем өндірісінің көшбасшысы «Бал текстиль» компаниясы. Кілем фабрикасы, әзірге, Қазақстанда теңдесі жоқ серіктестік болып отыр. «Бал текстиль» әу баста кәсібін түркиялық «Kartal Carpets» компаниясымен бірігіп бастаған. «Kartal Carpets» – түркиялық кілем өндіру нарығында өзіндік орны бар компания.
Шымкенттің «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше өндіріс орындарының арасында бұл фабриканың тәжірибесі мол. Өз жұмысын 2013 жылы «Индустрияландыру картасы» бағдарламасы аясында бастаған өндіріс орны тек кілем тоқумен ғана емес, «BCF», «Heat-Set», «Frize» маркалы полипропилен жіптерін иірумен де айналысуда.
Компания басшысы Талғат Ысқақов қажетті шикізаттың Түркия, Бангладеш, Үндістан және басқа да елдерден тікелей жеткізілетінін айтады. Кілемдер Бельгияның жоғары технологиялық «Michel Van De Wiele» қондырғыларында тоқылады. Ал синтетикалық полипропилен жіптері Германия мен Франция елдерінен жеткізілген. «Oerlikon Neumag», «Allma Volkmann», «SUPERBA» фирмаларының заманауи құрылғыларында иіріледі.
– Біздің фабрика 1 жылда 5 млн шаршы метрге дейін кілем бұйымдарын өндіре алады. Ал машиналар шығарылған жылына байланысты түрлі модельдерге бөлінеді. Олардың ішіндегі ең жаңасы ені 5 метрге дейінгі кілемді тоқи алады. Германиялық «Oerlikon Neumag» машинасымен полипропиленнен жіп өндіріледі. Оның жылдық қуаттылығы – 4000 тонна полипропилен жіп. «Полипропиленді жіпті фабриканың өзінде өндіру қаншалықты тиімді?» - дедік кәсіпкерге.
– Германиядан әкелген машинаны орнатып, жіп иіре бастағалғалы кілемнің өзіндік құны 20 пайызға төмендеді. Оған дейін тоқымаға қажетті жіптерді шетелдерден импорттауға мәжбүр болатынбыз. Қазір жіпті фабриканың өз цехында өндіру шығынды біршама азайтты. Айталық, ол бізде тоқылған кілемдердің арзан бағамен сатылуына да ықпал етті. Полипропиленнен жіп өндіру процесіне келсек, алдымен «Oerlikon Neumag» машинасынан шығатын жіп талшықтары «Allma Volkmann» машинасында иіріледі. Бір жіп 144 талшықтан құралса, келесісінде 180 талшық болады. Талшық санына қарай олардың сапасы анықталады. Осы талшықтарды түтілместей етіп ширату үшін Франциядан алдырған «SUPERBA» машинасында ширатылады. Мұнда иірілген жіптер 70-1350 градус ыстық буға піседі. Ыстық буға піскен полипропиленді жіп өзінің бастапқы иірімділік қалпын сақтайды және кілем бетіне ауыр зат қойғанда түгі құлап, сынбайды.
Талғат Жүнісбекұлының сөзінен ұққанымыз, кілем өндірісінде қолданылатын негізгі шикізат көзі – пропилен. Синтетикалық материал полипропиленнің артықшылығы - ширатымдылығы жақсы. Кілемге кететін шығынды барынша азайтады. Есесіне өнімнің құны төмендейді. Ал табиғи шикізат қатарына мақта және бамбук ағашынан жасалған «JUT» жіп өнімдерін атауға болады. Кілемге табиғи шикізат көбірек қолданылған сайын оның халықаралық стандарттарқа сәйкестігі арта түседі. Фабрикада бүгінде 245 адам жұмыспен қамтылған.
«Бал Текстиль» өнімдерін Қазақстанның барлық қалаларында кездестіруге болады. Еліміздегі ресми таратушылардың қатары 400-ден асқаны – осының дәлелі. Сонымен қатар тұрақты түрде тапсырыс беріп, өнімдерді алатын 20-дан астам шетелдік серіктесі бар.
2016 жылы шведтік IКЕА мен Еуропалық экономикалық қауымдастықтың өзге де компанияларымен келісімге келудің нәтижесінде, экспорт көлемін 20-30 пайызға ұлғайтты. Енді «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар кілемдерді Англия, Германия және Ресейдің ірі сауда маркеттерінен кездестіруге болады. Білуімізше, IКЕА мен ЕЭҚ-пен жұмыс істеу деген кәсіпкер үшін зор мәртебе. Міне, сол ИКЕА-ға Қазақстаннан алғаш болып өнімін өткізген де «Бал текстиль» кілем фабрикасы.
Компания директорының орынбасары Дәулет Қанашаев «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңге несие алғанын сөз етті. Қарыз көлемінің 50 пайызын инвестициялық мақсатта, 50 пайызына дейін айналым ақшасын алыпты. Яғни, жарты ақшаға бельгиялық жоғары технологиялық «Michel Van De Wiele» қондырғысының соңғы заманауи үлгісін алдырыпты. Одан артылған қаржыға Түркиядан да соған ұқсас қондырғы әкеліпті. «Соның арқасында өніміміз 20-30 пайызға көбейіп жатыр. Жергілікті қазақстандық теңгемен 7 жылға мемлекеттен қарызға алған қаржы өте тиімді мақсаттарға жұмсалуда. Кәсіпкер ретінде теңгемен аз пайызбен несие алу өте тиімді», - дейді Дәулет Есенбайұлы.

 

DSC 0257

 

ОТҚА САЛСАҢ, ЖАНБАЙТЫН ЖАЙМАЛАР

IКЕА-ға тауарын өткізген жергілікті отандық компанияның бірі – «АГФ Групп» ЖШС. Қазақстандағы ең ірі үй текстилін өндіретін компания өнімінің 90% экспортқа шығарады.
Компания тігін саласында 7 жылдан бері бағын сынап келеді. Бастапқы кезден шығаратын өнімі - жәй бүркемелік тордан тігілген мектеп формасы еді. 2015 жылы шведтік IКЕА компаниясымен ресейлік дүкендерге төсек-орын жабдығын тасымалдау келісімшартына отырғаннан кейін өндіріс көлемі одан сайын ұлғайды. Бүгінде «АГФ Групп» ЖК – елімізде әлемдік брендпен тігін тауарын шығаратын жалғыз компания.
– IКЕА компаниясының жеткізушісі болу үшін бізге ойлы-қырлы жолдармен жүруге тура келді. Сертификаттау мен аудиттеудің жолынан өту бір бөлек. Біз өз саламызды жан-жақты зерттеп, оларға қолжетімді бағаны ұсындық. Жаңа қондырғы сатып алдық, қызметкерлерімізді өндірісті сауатты басқаруға оқыттық, - дейді компания директорының орынбасары Фатхулла Насыров.
Шымкент қаласының географиялық жағдайы «АГФ Групп»-қа Қытай, Үндістан, Пәкістан мен Түркиядан, сондай-ақ Ресейден шикізат тасымалдауға жақсы мүмкіндік.
–Біз сыдырма ілгектерді қолданбаймыз, себебі кір машинасында олар «ұшып» кетеді. Түйме қадамаймыз – олар сынып қалады. Олардың орнына IКЕА стандарттарына сай келетін фурнитуралық батырмаларды пайдаланамыз. Ал матаны Қытай, Пәкістан, Түркиядан алдырамыз. Келешекте Үндістаннан әкелуді жоспарлап отырмыз. Өзіміздің немесе көрші орыс пен өзбектің матасын төсек-орын жабдығын тігуге қолдана алмаймыз. Себебі – ол енсіз әрі жіңішке болып келеді. Біз ыңғайлы төсек-орын жабдығын тігеміз, оны матрастың төрт жағынан да қаптауға болады. Біздің матамыз отқа салсаң, жанбайды, түйіршіктеліп, оңып кетпейді, - дейді Ф.Насыров.
Компания күн санап қарыштап дамуда. Олар 2013 жылы бірінші рет ресейлік мектеп формасын тігіп беріп, экспортқа шықты. Дәл қазіргі кезеңде кәсіпорынды экспортқа әбден бейімделген деп ұялмай айтуға болады. Себебі, компания өнімінің 90 % шетелдіктер тұтынады.
– Негізінен төсек-орын жабдығы мен үй текстилінің халат, жұмсақ түкті көрпе сияқты кейбір түрлерін және т.б. шығарамыз. Жыл сайын 1,5 миллион бұйым IКЕА ресейлік дүкендеріне экспортталады. Бұл біздегі ассортименттің қаншалықты көбейіп жатқанын білдіреді, - деп атап өтті Ф.Насыров.
Компанияның отандық тұтынушыларға да ұсынатыны жетерлік. Қазақстан мен Ресей нарығы үшін «АГФ Групп» ЖК Еуразиялық банктің қолдауымен ARUA және SUAVE атты жеке төсек-орын жабдығының бренді пайда болды. Олар 100% экологиялық таза мақтадан жасалады һәм еуропалық өлшемдерге толықтай сәйкес келеді.
2017 жылдан бастап компания бөлшек сауда бағытын дамытып келеді. Шымкент қаласының ірі сауда желілерінде фирмалық дүкендері бар.
Фабриканың кірісі 2-7 % құрайды. Компания директоры Гаухар Насырованың айтуынша, бұл салада мұндай көрсеткіш өте төмен болып есептеледі. Негізі 25–50% болуы керек. Алайда, ол отандық жеңіл өнеркәсіпте өзінен артық табыс тауып жатқандар бар дегенге сенбейтінін айтады.
– Фабриканың қуаттылығы күніне 10 мың бұйым өндіруге жетеді. Өндірілген тауардың 90% - IКЕА-ның тапсырыстары. Олар бізбен мерзімсіз шарт жасасқан, яғни онжылдықтар бойы әріптестік орната алады немесе бірнеше айдан кейін келісімді бұза салуы мүмкін, - дейді ол.
–Біз әлі күнге қайта жабдықталып жатырмыз, - дейді Г.Насырова. – Біздің бас инженеріміз өте мықты маман. Ютубтан жастықтың тысын оңғаратын аппарат көрдік. Инженеріміз дәл сондай құрылғы жасап шықты. Ол шаңсорғыштың үлгісінде жасалған: бұйымды құбырға жақындатып, басқышты бассаңыз, ауа тігілген жастыққапты келесі бетіне жылдам аударып береді. Оның үстіне майда жіптерін де тазалайды. Бұл үдеріс қолмен жасалса 6 секунд, автоматтың көмегімен жасалса 1-2 секунд қана кетеді. Мұндай автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу бізге бір тігінші күніне 400 төсек жаймасын тіге алатын дәрежеге жеткізіп берді, - деді кәсібінің қыр-сырымен бөліскен кейіпкеріміз.
2018 жылы «Жыл кәсіпкері атанған Г.Насырова «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие алуын алған. Енді кәсіптерін одан әрі гүлдендіре түссек дейді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бір ғана Шымкенттен 7,6 млрд. теңгеге 37 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді. Бұл еліміздің өзге аймақтарына қарағанда жақсы көрсеткіш деп білеміз. Үшінші мегаполистегі экономикалық және индустриалдық аймақтан әр алуан бағыттағы зауыттар бой көтеріп, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр. Отандық өнімді сату нарығы да жаман емес. Біз жоғарыда келтірген екі компания да өз елімізден бөлек, алыс-жақын шетелдерге өнімін экспорттауда. 2025 жылға қарай мұндай кәсіпкерлердің саны еселеп артады деген болжам бар.

7866

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әбдіманап Төлебаев және Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тимирхан Варзиловтың қатысуымен Ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаладағы эпидемиологиялық жағдай бойынша брифинг өтті.

Баспасөз жиынында Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері кәсіпкерлік нысан иелерін санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.
– Мақсатымыз айыппұл өсімін көбейту емес, бірақ кәсіпкерлік нысан иелері талапқа сай жұмыс істемесе, шара қолданамыз. Бұл ретте эпидемиологиялық ахуал кезінде ұйымдастырылған мониторинг бойынша 457 дәріханаға тексеру жүргізілді. Олардың 87-сінен заң талаптарын бұзу анықталып, айыппұл салынды. Және олардың 27-сі сотқа жолданып, бүгінде 8-не тергеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Ә.Төлебаев.
Баспасөз мәжілісінде қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы қалыпқа түсе бастаған эпидемиологиялық ахуал жөнінде сөз қозғады.
– Коронавирус инфекциясының кең таралуының алдын алу мақсатында қалада адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарға насихат баннерлерін ілеміз. Бүгінде бетперде адамның киетін киімі секілді қажеттілікке айналды. Осы қалыпты әлі де сақтауымыз керек. Қазір жағдай қалыпқа келді деп, оған немқұрайлы қарасақ, үшінші толқын болуы әбден мүмкін. Ол – қарапайым шындық. Дегенмен әлем ғалымдары бұл вирусты ауыздықтау үшін күресуде. Бүгінде дүние жүзінде ғалымдар 160-тан аса вакцинаны сынақтан өткізіп жатыр. Оның ішінде екі вакцинаны еліміздің ғалымдары сынақтан өткізуде», - деді
Ш.Жұмабекұлы.
Оның айтуынша, әсіресе, қаладағы 36 базар басшысына үлкен міндет жүктеліп отыр. Себебі, адам ең көп шоғырланатын орын– базарлар. Ал кәсіпкерлер алдына келген тұтынушының маскасы болмаса, бетпердемен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Яғни, кез келген кәсіпкерлік нысанының иесі тұтынушысының сақтық шараларына тікелей жауапты.
–Егер вирус қатты қарқынмен таралатын болса, кез келген қоғамдық, көпшілік орындарды жауып тастаймыз. Маусым, шілде айларында вирус кеңінен таралды. Өкінішке қарай, қалада бетперде тағып жүргендер сирек. Қазір бетпердесіз жүруге мүлде болмайды. Вирустан қорғану әр адамның өз жауапкершілігінде, - деп Ш.Мұқан шаһар тұрғындарын індеттен барынша сақтануға шақырды.

800-ГЕ ЖУЫҚ ДӘРІГЕР ОНЛАЙН-КЕҢЕС БЕРЕДІ

Ал Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а Тимирхан Варзилов қаладағы эпидемиялық жағдай бойынша мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен тәулікте 43 науқас дертінен айыққан.
– 5-тамыздағы эпидахуал бойынша - 5025 Сovid-19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 2572-і симптомдық, 2453 -і симптомсыз. Өткен тәулікте вирус жұқтырғандар – 14. Қазіргі таңда індеттен емделіп шыққан науқастардың саны – 3357. 1629 науқас емделуде, оның ішінде 94-і стационарда ем қабылдап жатыр - деді ол.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан - 5- тамызға дейін пневмонияның 14 312 жағдайы тіркелді, 10 962 науқас емделді.
Провизорлық және инфекциялық стационарлар бойынша айтар болсақ, қалада 2810 төсек-орын бар (инфекциялық төсек - 650, провизорлық төсек – 2160), оның ішінде бос төсек-орын саны 2087 құрайды. Бұдан бөлек, 211 мобильді топ ұйымдастырылып, олар 17 820 науқастың үйіне барып медициналық қызмет көрсеткен. Әр емханаға қосымша бір топтан жедел жәрдем көлігі жеткізілді.
Сондай-ақ, 53 182 адам дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Тегін берілетін дәрілік заттарды медицина қызметкерлері үйлеріне жеткізіп берді.
Қазіргі уақытта дәрігерлер 1430 платформасы арқылы онлайн кеңес беріп жатыр. Онда 720 дәрігер тіркелген.

Страница 10 из 40