«ҰБТ – бiлiм сапасының басты көрсеткiшi»

Пятница, 08 Апрель 2016 04:33 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4539 раз

Перзент қамын ойлаған ата-ананы да, мектеп бітіретін шәкірттерінің тағдыры толғандырған ұстаздар қауымын да күн өткен сайын түрлі ойлар мазалайтыны белгілі. Ол мазасыздықтың басты себебі – ҰБТ. Яғни, кезекті аламан шабыс, оқушының білім дәрежесін көрсететін жауапкершілігі жоғары сынақ жақындап келеді. ҰБТ – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтап, 11 жылда санасына білім ұялатып, дарынын шыңдаған, ертеңгі бәйгеге дайын тұрған саңлақтарды саралайтын өте маңызды емтихан.

Асылында, елдің іргесін бекітіп, келер ұрпақты білімді, интеллектуалды, дарынды етіп тәрбиелеу жолында бұл саладағы сараптауда иненің жасуындай ағаттық пен жалғандыққа жол берілмеуі керек. Сондықтан да қалалық білім бөлімі мен барша білім беру ұйымдары осы жолда жан-жақты жұмыстар жүргізуде.
Біз қазір күннен-күнге технологиясы дамып, экономикасы ілгері жылжыған білімділердің заманында өмір сүріп жатырмыз. Мұнда тек білімнің күшімен ғана өзіңді өзгелерге таныта аласың. Және келешекте де солай бола бермек! Яғни, болашақ іргесінің бір кірпіші болып қаланып, елдің ертеңіне айналу жолында білімнің атқаратын рөлі зор болатындығы күннен-күнге айқындалуда. Сондықтан, мемлекетіміз қал-қадірінше ілім мен ғылымды дамыту үшін түрлі бағдарламалар қабылдап, тереңдете оқытатын білім ошақтарын ашып, сапалы білімді игерген шәкірт тәрбиелеп шығаруға тырысып бағуда. Осыған орай, Елбасының игі бастамаларын пайдаланып, бүгінде білімін одан әрі жетілдіремін деген ұстаздарға да арналған деңгейлік курстар ашылып, мұғалімдердің басым көпшілігі жаңаша оқыту әдіс-тәсілдерін меңгеріп, тәжірибе жинақтап, білім беру үдерісіне заманауи оқыту үлгілерін ендіруде. Бұл ретте жүзеге асып жатқан осы және өзге де ілкі жаңалықтардың тиімділігін ҰБТ-ның нәтижесінен көреміз деген ойымыз бар.
ҰБТ-ның ұйымдастырылуы мен өткізу ережелеріне назар аударсақ, бұл мәселеде қалалық білім бөлімі тарапынан бірнеше практикалық-семинар кеңестер өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында ҰБТ өткізу ережелері және ҰБТ-ға дайындық жұмыстары туралы ақпараттар жарияланып, теледидар арқылы да көрсетілуде. Қалалық ата-аналардың жалпыға бірдей білім беру кеңестерінде де ҰБТ жайы сөз болып, өткізудің тиімді жақтары мен оңтайлылығы қарастырылды.

ubt

Мектеп басшылары ҰБТ-ға дайындық барысында оқушылар мен ата-аналарды тиісті ережелермен және нұсқаулықтармен дер кезінде таныстырып, оқушылардың дайындық сынақтарына талдау жасап, мониторинг жүргізуде және дарынды балалар, үлгерімі төмен оқушылармен жеке жұмыс жүргізу кестелері ұйымдастырылған.
Ағымдағы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу 5 пәннен өткізіледі: ана тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс мектептеріндегі қазақ тілі, қазақ мектептеріндегі оқушылар үшін орыс тілі және мамандыққа байланысты таңдау пәні .
«Білім туралы» ҚР Заңының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік тіл мен орыс тілі ҰБТ бағдарламасына енгізілген, тапсыруға міндетті пәндер болып табылады. Ең бастысы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 5 желтоқсандағы №506 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидалары» негізге алынатындығын және осы ережелерге енгізілген өзгерістер қатаң түрде басшылыққа алынатындығына баса назар аударғым келеді. Сол сияқты мемлекеттік білім беру гранттарына тағайындау конкурсына ҰБТ-ның төрт пәні бойынша нәтижесі есептелінетіндігін жеткізгім келеді.
Әр пән бойынша тест тапсырмалары жылдағыдай 25 сұрақтан тұрады. ҰБТ-ға 3,5 (үш жарым) сағат, яғни, 210 минут бөлінеді. Ал өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын жалпы білім беретін мектептердің түлектері өз қалаулары бойынша ҰБТ-ны мемлекеттік немесе орыс тілдерінде тапсыруы мүмкін. Жалпы білім беретін мектептерде ұйғыр, өзбек және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердің ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірмеген бітірушілері мен денсаулығына байланысты ҰБТ-ға қатыспаған оқушылар қорытынды аттестаттаудан білім беру ұйымдарында пәндер бойынша қорытынды емтихан нысанында өтеді.
Сол сияқты мемлекеттік білім беру гранттарына тағайындау конкурсына ҰБТ-ның төрт пәні бойынша нәтижесі есептелінеді. Әр пән бойынша тест тапсырмалары жылдағыдай 25 сұрақтан тұрады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 3,5 (үш жарым) сағат, яғни 210 минут бөлінеді. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша КОНКУРСҚА қатысу үшін 50 балдан («Жалпы медицина» мамандығы бойынша – 65), ұлттық жоғары оқу орнына түсу үшін 70 балдан кем болмауы тиіс («Білім беру», «Ауылшаруашылық ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарының топтары бойынша 60 балдан кем емес), оның ішінде бейінді пән бойынша 7 балдан кем емес (әр шығармашылық емтихан бойынша 10-нан кем емес), ал басқа пәндер бойынша – 4 балдан кем емес болуы қажет. Пәндердің бірінен 4 балдан кем алған жағдайда, білім грантын тағайындау КОНКУРСЫНА ТАЛАПКЕРЛЕР жіберілмейді.
«Білім туралы» ҚР Заңының 9-бабының 26 тармағына өзгеріс енгізілгендігіне байланысты 2016 жылдан бастап ПЕДАГОГИКАЛЫҚ мамандықтарға, арнайы немесе шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға қабылдау АРНАЙЫ немесе шығармашылық емтихандарды есепке алынып жүзеге асырылатын болады.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушылардан өтінішті қабылдау биыл 10 наурыз – 25 сәуір аралығында жүргізіледі. Тестілеу 1-15 маусым аралығында өтеді.
Биылғы оқу жылында қала мектептеріндегі меткеп бітіруші түлектер саны – 6362, оның ішінде 4145 оқушы қазақ сыныбы, 1210 оқушы орыс сыныбы, ал 1007-сі өзбек сыныбын бітірушілер болып табылады. Наурыз айындағы болжам бойынша ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отырған оқушы саны – 4233. өзбек тілінде білім алатын 1007 оқушыны есепке алмағанда қатысу пайызы – 79,2. «Алтын белгі» белгісіне үміткер саны – 186, «Үздік аттестатқа» үміткер оқушылар саны – 104.

Ата-аналардың назарына!

Құрметті 11-сыныпты бітіруші түлектердің ата-аналары! Егер де Сіздердің балаларыңыздан мектептің техникалық хатшысы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін әр түрлі себептермен өтініш қабылдамаса, төменде көрсетілген мекен-жайда орналасқан ұлттық бірыңғай тестілеу өткізетін орталықтарға барып, өтініш жазуларыңызға болады.

Мектеп бiтiрушi түлек, жадыңда болсын!

– Біріншіден, тест спецификациясы өзгерді. Өте жеңіл сұрақтар алынып тасталып, орташа деңгейдегі сауалдар көбейді. Күрделі сұрақтар өзгеріссіз қалды;
– Екіншіден, ҰБТ өткізу кезінде тәртіп бұзған оқушылар ескертусіз-ақ аудиториядан шығарылады. Олардың тест жауаптары есепке алынбайды;
– Үшіншіден, тәртіп бұзушылық бойынша шешімді министрліктің өкілдері ғана қабылдайды.
Бітіруші түлектерге кеңесім:
– Ең алдымен, дайындық жасайтын қолайлы жер даярла: үстелден керексіз заттарды алып таста, кітаптарыңды, дәптер, қағаз, қарандаштарыңды және т.б. өзіңе қолайлы етіп орналастыр.
– Бөлме интерьеріне сары мен күлгін түстерді көптеп енгізуге болады, себебі бұл түстер интеллектуалды белсенділікті арттырады. Бұл үшін осы түстегі қандай да бір суретті іліп қою жеткілікті.
– Дайындық жоспарын жаса. Әр күнге арнап айқын жоспар құрғанда, дәл сол күні нені оқып білетініңді айқында. Жалпы «шамалы дайындаламын» емес, тақырыптар мен бөлімдерді айқын белгіле.
– Өзіңнің ең нашар білетін қиын тақырыбыңнан баста. Ал егер олай ету саған қиын болса, өзіңе қызықты әрі түсініктісінен баста. Мүмкін, осылайша сен жұмыс ырғағына тез еніп кетерсің.
– Дайындық пен дем алуды кезектестіріп тұр, айталық 40 минут дайындық, 10 минут үзіліс. Үзіліс уақытында ыдыс жуып, гүл суаруға немесе душқа түсіп не сергіту жаттығуларын жасауға болады. Кітаптың ішіндегінің барлығын жаттап алуға тырысудың керегі жоқ. Оқылған материалды қорыту үшін қағазға сызбалар жасап қоюға болады. Бұндай жоспарлар оқылған материалды тез қайталап, еске түсіруге пайдалы.
– Қолыңа секундомер алып, тестілеуге кететін уақытты есепте.
Түлектердің көпшілігі ҰБТ-ға толық дайындалу үшін емтихан алдындағы соңғы бір күннің жетпей қалатындығын айтады. Бұл дұрыс емес. Сен шаршадың, өзіңді одан әрі қажытудың қажеті жоқ. Керісінше демал, серуендеп кел. «Күресуге» дайын болатындай, өзіңді дені сау, сергек сезінетіндей ұйқыңды қандырып алғаның дұрыс. Себебі тестілеу – ол да бір өзіңнің қабілетіңді, мүмкіндігіңді көрсететін өзінше күрес емес пе?!
ҰБТ болатын орталыққа жарты сағатқа ертерек келуге тырыс. Өзіңмен бірге төлқұжатыңды, рұқсатнамаңды, бірнеше қара сиялы қаламыңды алуды ұмытпа!
Сонымен, дайындық кезеңі артта қалды. Өзіңді тепе-теңдікке түсіру үшін бір-екі минутыңды аяма. Мұның бәрі өмірлік тәжірибем мен кезінде осы кезеңнен өткендердің кеңесінен түйгендерім.
Білімді сарапқа салу мен саралаудың қатал безбені – ҰБТ-да, жас түлек, әрдайым асығың алшысынан түсіп, егемен елдің еңсесін көтеріп, оның әр саласында қызмет ететін болашақ мамандықтың иегері болатын грантқа қол жеткізуіңе тілектеспін.

Ынтымақ МӘДИЕВ,
Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Қайта тапсыру құны белгiлi болды Өзгеру мен өсу »