Халің қалай, аула клубы? Избранное

Пятница, 20 Июль 2018 04:47 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 100 раз

Кезінде Шымқалада 40-тан аса аула клубы жұмыс істеген екен. Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында орналасқан мекемелерде балалар арасында түрлі шаралар өткізіліп, әсіресе олардың жазғы каникулдары қауіпсіз әрі шат-шадыман көңіл-күйде өткізілетіні қазір еске алып қана айтылады. Бүгінде шаһардағы аула клубтарының саны небәрі – 12. Аула клубтарының бүгіні мен келешегі қалай? Осынау сауалдарға жауап іздеп, қаладағы бірнеше аула клубының жағдайымен танысып қайтқан болатынбыз.

3

 

Шымкент қалалық білім бөлімі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, қала аумағында 12 аула клубы бар. Олар қаламыздағы Оқушылар сарайында, көркемсурет мектебінде, №2 музыкалық саз мектебі және қосымша білім беру мекемелерінің жанынан ашылып, жыл бойына оқушылардың үйірмелерге қатысуына мүмкіндік береді.
– Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануда аула клубтарының маңызы ерекше. Осы мақсатта клубтарда үйірмелер мен спорттық секцияларына жылына 3 мыңға жуық оқушы жазылып, уақытын ұтымды пайдаланады. Миллионды қала болдық, осы орайда келешекте бұл мекемелердің саны артады деген жоспар бар. Қазір осы бағыт бойынша жұмыстар жүруде, – дейді қалалық білім бөлімінің жауапты маманы Ә.Адыеев. Сала маманының «балалар уақытын тиімді пайдаланады» деген сөзінің жаны бар. Себебі, балалардың күнін бос сергелдеңмен өткізбеуіне, спорттық, шығармашылық қабілетін арттыруда пайдасы тиетін бірден-бір орын.
Оқушылар сарайына қарасты «Алпамыс» аула клубы – кеңестік заманнан жұмысы тоқтамаған аула клубтарының бірі. Төрт педагог қызмет ететін шағын мекеме Қабанбай батыр даңғылы бойындағы №10 көпқабатты үйдің бірінші қабатына жапсарлас орналасқан. Ауқымы кішкентай болғанымен, кішкентай алпамыстықтардың белсенділігі жоғары. Оқушылар сарайының аула клубтары бөлімінің меңгерушісі
Айнаш Құдайбергенова «Алпамыс» көпқабатты тұрғын үйде тұратын балалардың сүйікті орны дегенді алға тартты.
– Мұнда қолөнер, жас экологтар, театр бағыты, ағылшын тілі үйірмелері жұмыс істейді. Соңғы уақытта ата-аналардың ұсынысымен гитара, шахмат, қыздар үшін шаштараз өнері, пішу, тігуді үйренетін үйірмелерді аштық. Оқушылардың қызығушылығын оятып, уақытын пайдалы дүниелерге жұмсауда ата-аналардың өтініштері ескерілуде. Өйткені, қазіргі оқушылардың дүниетанымы кең. Оларды қандай да бір жаңалыққа қызықтыру оңай емес, – дейді А. Құдайбергенова.
Оқушылар сарайына қарасты «Алпамыста» –160, ал «Жастық» аула клубына жылына 200-дей оқушы келіп, уақытын өткізеді, қолөнермен айналысады, табиғатқа жанашырлық танытып, түрлі спорттық секцияларда спорт түрлерімен айналысады. Бұдан бөлек, Оқушылар сарайына қарайтын №64,78,55 және 39 мектептердің жанынан аула клубтары ашылған.


Бес жасынан «Алпамыспен» достасқандар

Әділет Еділбай қаладағы №17 мектептің оқушысы. Қазір жасы тоғызда. Алты жасында «Алпамыс» аула клубының табалдырығын аттаған Әділет әлі күнге дейін бұл жерге келуден жалыққан жоқпын дейді.
– Ағылшын тілі үйірмесіне қатыстым. Біраз сөздерді жаттап үлгердім. Бұл күзде мектепке барғанда маған ағалшын тілі сабағын ары қарай үйренуге оңай болатынына сенімдімін. Жазда аула клубына келу қызық. Шахмат ойнап жарысамыз, түрлі жарыстарды апайларымыз қызықты етіп ұйымдастырады, – дейді Әділет.
Сонымен бірге бес жасынан бері аула клубты өзіне дос еткен Асылзат Елтай бүгінде мүшел жасқа толған.
– Кішкентайымнан келіп жүрдім. Қолөнер үйірмесіне қатысып, моншақтардан түрлі бұйымдар жасауды үйрендім. Енді, есейдім (күлді), гитара үйірмесіне қатысып жүрмін. Қазіргі таңда қаламызда ағылшын тілін немесе гитара тартуды үйрену ақылы. Оның үстіне кішкентай болғандықтан, кейде қаланың екінші бұрышына ата-аналарымыз жіберуге қорқады. Ал мына жер үйімізге жақын әрі үйірмелері тегін. Аула клубымызға жан-жақтан көптеген балалар жиналады. Олармен танысамыз, уақытты қызықты өткіземіз. Ең бастысы – уақытымыз бос өтпейді, – дейді Асылзат.

«Әр күн көңілді, әрбір сәт қуаныш»

3-1

Балалар көркемсурет мектебіне қарасты «Шұғыла», «Арт Шайн» аула клубтарында әр күн осы ұранмен басталады. Қалаға шалғай орналасқан Жиделі елдімекеніндегі аула клубына келетін балалар саны әлдеқайда көп.
–Жаздың екінші айында «Шұғыла» сауықтыру алаңы ұйымдастырылып, ашылды. Мұнда балалар тек қана демалып қоймай, денсаулықтарын нығайтып, білімдерін арттыруды жоспарладық. Сол үшін күн сайын қызықты ойындар, іс-шаралар ұйымдастырамыз. «Аспазшылар сайысы», «Денсаулық күні», «Күлкі күні», «Ертегілер елінде», « Білімпаздар күні» сияқты бағдарламалармен қамтылып отырады, – деді аталған аула клубтарының меңгерушісі Ақбота Мараймова.
Жиделі елдімекенінің тұрғыны А.Ашмуханбетованың қызы Іңкәрдің аула клубына келгеніне көп уақыт болмаған. Дегенмен, жуырда «Аспазшылар сайысы» атты байқауға қатысып, екінші орынды жеңіп алыпты.
– Қызымның жарты күні осында өтеді. Ұстаздары қызықты шаралар ұйымдастыратынын айтып, үйге көңілді оралады. Сондықтан күнде осы жерге келуге асығып тұрады. Бастысы балаларымыз компьютер мен ұялы телефонға байланып отырмай, уақыттарын достарымен қызықты өткізеді, – деген ойымен бөлісті Іңкәрдің анасы.
Студенттер қалашығы, №67а үйдің тұрғыны В.Нұрғалиқызы екі қыздың анасы. – Тұрғын үйдің алдында ойын алаңшалары бар. Кешке қарай ойынға шығады. Жазғы каникул болғасын көп уақыт үйде болады. Бала үйренетін, өзгелермен көбірек араласатын, танымын кеңейтетін үйірмелер үйіңнін маңында болса жақсы ғой. Әзірге бізде мұндай мүмкіндік жоқ, – дегенді алға тартты.
Аула клубтарының меңгерушісі А.Құдайбергенова Нұрсәт шағынауданынан тұрғындар аула клубының қажеттігін айтып хабарласқанын айтты. Алайда, ғимараттың жоқтығы қолбайлау. Осы секілді өзге де қала тұрғындарынан өтініштер түсуде.
Ресми деректерге сүйенсек, 2017-2018 оқу жылында Шымкентте білім ордаларында 180 мыңға жуық бала білім алған. Осыдан жазғы демалыста көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында қаншама баланың бос жүргенін байқауға болады. Ал аула клубтарының жұмысы неғұрлым мықтап жолға қойылса, соғұрлым көп баланы қамтуға болар еді...

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:17
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.