Жыр жаттап, миллион ұтты Избранное

Пятница, 08 Ноябрь 2019 06:26 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 51 раз

Шымкентте «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы аяқталды. Байқауға Шымкент қаласы бойынша 116 мектептен 1094 оқушы, 610 мұғалім қатысты. Қалалық кезеңге төрт ауданнан 12 оқушы іріктеліп өткен болатын.

362

 

Байқау аясында қатысушылар ережеге сәйкес 132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап берді.
Сайыста жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған оқушылар мен олардың ұстаздарын Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов марапаттады.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге серпін берді. Оның бір дәлелі, «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту бойынша ұйымдастырылған байқау. Ұрпақ тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту, оны қайта жаңғырту игі бастама деп білемін. Біз атадан қалған сырлы сөздер мен бай мұрамыз арқылы жаңғырамыз. «Тұлпар мініп, ту алған!» секілді жобалар негізінде бойына баға жетпес руханият сіңірген, ұлттық рухы мықты ұрпақ өсетініне бек сенімдімін, – деді қала басшысы.

361


Қазылар алқасының төрағасы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан: «Әр ұлттың рухани иммунитеті болуы керек. Рухани код дегеніңіз – осы эпоста жатыр. Жыр жаттаған бала қазақ елінің жарқын болашағын жасайды. Бүгін бармақтай бақ пен таудай талап бәсекеге түсті. Шын жүйріктер төрге шықты, – деді.
Сонымен, Ерлан Қуанышұлы 1-орын алған №9 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Салтанат Махсутқа 1 000 000 теңге және ұстазы Айгүл Абдиматоваға 2 000 000 теңге, 2-орын иеленген №82 жалпы білім беретін мектептің 8 сынып оқушысы Қарақат Қонарбайға 600 мың теңге, жетекшісі Құрбанкүл
Құлбековаға 1,2 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
Ал 3-орын алған №36 жалпы білім беретін мектептің 9 сынып оқушысы Әсел Абдикер 300 мың теңге алса, жетекшісі Бибіайша Садықова 600 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.