Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Болашақ» халықаралық стипендиясымен шетелде оқу бітіріп келген жастарды Шымкентке жұмысқа шақырды. Бұл туралы шаһар басшысы Астанада «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына орай өткен «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты форумда айтты.

73

Шымкентте аулаларды абаттандыруға 856,6 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға шаһардағы 49 аула жөнделмек. Қалалық әкімдік, сондай-ақ, 66,9 млн теңгені 6 спорт алаңшасын жаңартуға бөледі. Аталған жұмыстар Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында қолға алынып отыр.

62

Қазақстан мен Өзбекстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшылары Шымкентте келіссөз жүргізді. Екі елдің Қауіпсіздік кеңестерінің аппараттары арасында кеңейтілген жоспарлы консультациялар өтті.

10

Қош, Шераға!

Пятница, 12 Октябрь 2018 04:30

Алаш жұрты аяулы қаламгерін ақтық сапарға шығарып салды

photo 262648

Бір кем дүние дерсіз... Қазақ руханияты орны толмас қайғыға ұшырады. Қазақ әдебиетінің қызыл жебесі, баспасөзіміздің байрағы мен айбары болған белгілі қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 86 жасында дүниеден озды. Қайда жүрсе де сұңқардай даусымен саңқылдай, елдің мұңын мұңдап, ақ сөйлейтін Шерағамыз да мына бес күндік фәни жалғаннан мәңгілік мекенге аттанды. Ғибратқа толы ғұмырында, халқына қара нардай қызмет қылған қайсар қаламгер қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып, әдебиеттің «Тау тұлғасы» атанды. «Жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп, қаламгер қауымының тірлігін һәм беделін биіктетті. Қазіргі көптеген ақын-жазушылар өздерін «Шерханның шекпенінен» шықтық деп жатады, бұл әсте артық айтқандық емес. Шынайы сөз, әділ баға. Жұртшылық оны «қазақтың Шерағасы» деп атады. Себебі, ол ұлттың рухымен біте қайнасып, болмысымен бір болып кеткен еді.

Шын есімі Шері еді...

Бұл қаза, шынында, күллі Алаш жұрты үшін орны толмас қайғы. Қаралы хабар Қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына жолдаған көңіл айту жеделхатында қаламгердің ұлт игілігіне жасаған еңбегіне жоғары бағасын беріп, бұл қаралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
– Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін, – делінген Елбасының көңіл айту жеделхатында.
Рас, Шерағаңның көзін көргендер оны «ақиқаттың алдаспаны еді, қолына қалам ұстағаннан шындықтың биігінен түспеді», деп еске алады. Белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек Шерағаның шеберханасынан шыққандардың аз емес екенін айтады.
– Шерхан Мұртазаның бойы да, ойы да шымыр адам. Көптеген баспаларды басқара отырып, журналистік қызметке де, аудармашылыққа да үлгерді. Оның күндіз-түні жұмыс істеп жүріп, шығармашылыққа қалай үлгергенін біз біле бермейміз. Мұның барлығын уақытты дұрыс бөлуіне байланысты керемет орындады деуге болады. Шерхан ағаның еңбегін халық мойындайды. Алайда, оның шығармашылығын талдап жатқан адамды көрмейміз. Шерхан Мұртаза басқарған жылдары қазақ баспасөзінің дәурені жүрді. Қазақ жазушыларының барлығы шығармашылықты ақындықтан бастаған десе де болады. Шерхан Мұртаза да әдебиетті өлең жазудан бастады. Оның ойы мен сөзі шымыр, ал, көркемдігі өз алдына. Осының барлығына ақындығы әсер етті. Қасында жүрген соң ел біле бермейтін қасиеттерін айта кетсек болар. Ол бізді аша алды. Досы да, дұшпаны да болды. Бір қызығы, ол досқа да дұшпанға да адал болды. Ешкімге қиянат жасаған емес. Бұл бойындағы үлкен қасиет болса керек, – дейді жазушы.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. Жазушының шын есімі – Шері. Мұны біреу білсе, біреу білмес. 1937 жылы әкесі Мұртазаны «халық жауы» деп ұстап әкетеді. Сол кезде бала Шерхан небәрі 5 жаста болған екен. Әкесінен жастай айырылған Шерхан оқу мен еңбекке ерте араласады. Балалық шағы да соғыстың тауқыметті кездерімен тұспа-тұс келеді. 8 жасқа толғанда өзі туған ауылындағы мектептің бірінші сыныбына қабылданады.
Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған.
1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды.
Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз.

Шындықтың шырақшысы

Қазақ қара сөзінің алтын жебесіне айналған қаламгер жазушылықпен бірге, қайраткерлікті де қатар алып жүрген еді. Шерағаң шын мәнінде өз заманының запыранын айта алған, жаза алған нағыз халық жазушысы болды. Кеңестік жүйенің сұрқай саясатынан сескенбей, ұлт мүддесін түгендеп, айтарын айтты. Ел мүддесі мен ұлт қамы үшін жазған өткір мақалалары елдің есінен ешқашан шықпақ емес.
Қаламгермен бірге қанаттаса қызмет еткен әріптесі Уәлихан Қалижан енді Шерағаңның өзі де «Бір кем дүниеге» айналып кеткенін қимастықпен жеткізеді.
– Шерағаң жақсылыққа қуана да білді, кемшілікке күңірене үн қатты. «Егемен Қазақстан» газетіне Шерағаңды кеңесшілік қызметке шақырғаным жадымда жаңғырып тұр. «Батыр, жазғанымды қысқартпасаң, өңдемесең келісем», – деп қолын ұсынып еді сонда Шерағаң. Қол алысу Алла атымен серттесумен бірдей. Осылай «Егеменде» Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың бір жарым жылға созылған хаттарын жариялап едім. Шерағаңмен Парламент Мәжілісінде депутат та болдық. Егемен еліміздің алғашқы жылдарында қиындықтар аз болған жоқ. Үкіметті сынға алатын санаулы ғана депутаттар болды. Соның серкесі – Шерағаң еді. Шерағаң айтқан тағы бір сөз ұмытыла ма? Бюджетті талқылау сәті еді. – Қаратай дос, (Тұрысов) енді бұл үкіметті қанша қусаң да бір де бір құмалақ түспейді дейсің, ендеше мұндай үкіметтің халыққа не керегі бар, – деген де Шерағаң еді. Шерағаңның әр сөзі адамның санасына сіңіп, бүкіл жан дүниеңді қозғап жібереді. Мына сөздерге назар аударалықшы: «Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеге ондай қулық өтпейді». «Рухани әлемі кең, рухы биік ел − қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл». Міне, Шерағаң, Шерхан Мұртаза ағамыздың өмірден рухы осылай сынбай өтті. Өзі айтқандай «О дүние ондай қулық өтпейтін» мәңгілік әлемге Шерхан Мұртаза тазалықтың, әділдіктің, шыншылдықтың ақ жебесі болып аттанып бара жатыр, – дейді жазушы.
Қазақ баспасөзінің бірнеше буынын тәрбиелеп өсірген тұлғаны «редакторлардың редакторы» деп бекер атаған жоқ. Оның елге бергені, айтқаны, кейінгі жастарға көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз. Қазақ журналистикасы Шерханның шекпенінен шықты десек мүлде артық айтқандық емес. Сол себепті шығар, сөздік қорымызда «Шерағаңның шекпені» деген бұзылмас сөз тіркесі қалыптасты.
Шерағаңның жас қаламгерлерге деген құрметі ерекше болды. Әсіресе Әбіш Кекілбаев, Жүсіп Қыдыров, Мұхтар Шаханов, Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей – бәрі-бәрі Шерағаңның алдын көріп, ақылын тыңдап, ағалық кеңесімен өсіп жетіліп, үлкен сапарға аттанған қаламгерлер.
– Шерағаң баспасөзіміздің Бауыржаны болды, – дейді Шерағаңның шекпенінен шыққандардың бірі, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай. – «Егеменге» шақырып, жолымызды ашты. Солқылдамай турасын айтатын қасиетінің арқасында біз де батыл жазатын болдық. Біздің жазған материалдарымызға жоғарыдан дүмпу келіп жатса, ол кісі бізді қорғайтын. Бізге пана болды. Соны сезініп, одан әрі батыл, өткір жазуға талпындық. «Егемен Қазақстанға» келгенде газетті ерекше өзгертті. Бет жасалып алдына келгенде, еркінше бұзып, сүйекті материалдар салғызатын. Соның арқасында басылым өрледі, түрленді, бүгінгі биігіне жетті. Енді Шерағаңдай тұлға қазақ руханиятына әне-міне кеп қалардай елеңдейтін боламыз! Бақұл бол, аяулы аға, ардақты ұстаз!

P.S.

Халқын сүйген қаламгерді кеше Алаш жұрты Алматыда ақтық сапарға шығарып салды. Сүйегі Алматы маңындағы «Кеңсайға» қойылды. Ел абызына айналған ұлы тұлғаның артында ұлт мұраты үшін қызмет ететін құнды шығармалары қалды. «Табылған теңіз», «Мылтықсыз майдан», «Интернат наны», «Ай мен Айша», «Қызыл жебе» туындылары тұрғанда, қалың оқырман үшін қазақтың Шерағасы мәңгі жасай беретіні сөзсіз. Оның туралықтың алдаспанынына айналған ерекше болмысы мен дара бейнесі шындықтың шырақшысы ретінде ел жүрегінде мәңгі сақталады деп ойлаймыз.

актык сапар

ҚР АКМ Орталық коммуникациялар қызметінде ауылдық мектеп оқушыларына ағылшын тілін тегін оқытатын «English for Jastar» жобасының басталуы жарияланды. Жоба пилоттық режимде екі ай мерзімінде Қазақстанның 14 аймағында жүзеге асырылады.

агылшын тілі мектеп

– Елбасы ағылшын тілін жан-жақты үйрену әлемдік деңгейдегі үрдіс екенін атап өтті. Біз және «Bolashaq» qaýymdastyģy жоғары білімді, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуде үлес қосуды мақсат тұтамыз. Сондықтан, «Жастар – Отанға» жастар саяси лагері аясында біз «English for Jastar» жобасын іске қостық, – дейді «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев.
Жоба мақсаты – Қазақ
стан аймақтарында ағылшын тілінің білім деңгейін арттыру және ағылшын тілін меңгеруді қолжетімді ету. «Жоба аясында 84 ауылдық және аймақтық деңгейде 7000-ға жуық мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйрететін боламыз. Жобаға қатысуға ағылшын тілік жетік меңгерген 141 жас қызығушылық танытты», – деді «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.
28 шетелдік және 140 астам жергілікті мамандар, солардың қатарында Олимпиада чемпионы, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Серік Сәпиев, 2018 жылдың қыркүйегінен қараша айына дейін 9-11 сынып оқушыларына ағылшын тілін қосымша түрде үйрететін болады.
– Жобаның жұмыс тобы шетелдік еріктілерді іріктеумен мұқиятты түрде, аса жауапкершілікпен жете айналысты. Еріктілердің әрқайсысымен видеосұхбат жүргізіліп, олардың денсаулығы жайлы және ешбір криминалдық құқық бұзушылыққа қатысы жоқтығы туралы анықтама және құжаттар жиналды. Сонымен қатар, шетелдік еріктілердің жоғары білімі, балалармен жұмыс істеу және ағылшын тілін үйрету тәжірибесі барын растайтын құжаттар сұратылды, – деп атап өтті «Bolashaq» qaýymdastyģy атқарушы директоры Лаура Демесінова.
Сонымен қатар, ол Жоба негізгі сабақ жоспарының орындалуына еш кедергі келтірілмейтіндей, тек қосымша уақытта өтетінін мәлімдеді. Еске сала кетсек, жоба ұйымдастырушылары – «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты және «Bolashaq» qaýymdastyģy.

Жүргізуші куәлігін алу мен автокөлікті қайта тіркеу оңайлады. Мемлекеттік корпорацияның мамандары EGOV.KZ көмегі арқылы көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру бойынша мемлекеттік қызметтерін алуды кеңінен насихаттады.

41641378 395305434337093 8153286746147127296 n

Іс-шара аумақтағы мамандандырылған ХҚО, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы автокөлік базары, автосалон және автодүкендерін қамтыды. Акция барысында 300-ге жуық автокөлік жүргізушілеріне кеңес берілді. Ауызша түсіндіру автокөлік иелеріне электрондық үкімет порталындағы толық нұсқаулар мен таныстырлымдар көрсетілген ақпараттық парақшаларды беру арқылы жүргізілді. Осылайша, ЭЦҚ өтінімін тіркеу, мобильді үкіметке тіркелу, айыппұлдар мен салықтарды төлеу жүйелері біртіндеп көрсетілді. Сондай-ақ, автокөлік иелері онлайн режимінде «Көлік құралдарын онлайн тіркеу» және «Жүргізуші куәліктерін беру» мемлекеттік қызмет көрсету процесін қалай алуға болатындығын үйретті.
Мамандандырылған ХҚО басшысының орынбасары Ерқанат Тоқтамысов бүгінгі акцияның мақсаты – электрондық цифрлық қолтаңба мен электрондық үкімет порталының мүмкіндіктерін барынша ашу екендігін атап өтті. Азаматтар автокөлікті қайта тіркеу немесе жүргізуші куәлігін мамандандырылған ХҚО-ға немесе ІІМ-нің тіркеу және емдеу бөліміне бармай-ақ ала алады. Бұл жүйе азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, сонымен қатар мамандандырылған ХҚО жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
– Бұған дейін көлік құралдарын тіркеу қызметіне өтініш беру үшін сатушы мен сатып алушыға «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офисіне баруға тура келетін. Ал енді онлайн режимінде қызмет алу үшін egov.kz порталына тіркелу арқылы өзіңіз сатқан автокөлік туралы ақпаратты енгізуге, айыппұлдардың бар-жоқтығын тексеруге, салық қарыздары мен техникалық тексерістерді сұрата аласыз, ал егер қарызыңыз бар болған жағдайда, электрондық үкімет порталы арқылы төлем жасай аласыз. Сатып алушы электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетіндегі өтінімдерімен таныса алады. Сатып алушы өзінің ЭЦҚ-сы арқылы смарт-келісімін растайды және ол нөмірлік белгілерін алу үшін мамандандырылған ХҚО-ға барады немесе үйге жеткізіп беру қызметін пайдалана алады, – дейді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Түркістан облысы бойынша филиалының баспасөз қызметінің жетекшісі Алтынай Татаева.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ҚР ІІМ автомобильдерді қайта тіркеуден бас тартты. Сәйкестік тек алғаш рет тіркелген көліктерде ғана сақталып қалды.
Анықтама: Ағымдағы жылдың 7 айында көлік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу бойынша 153 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, 28 619 жүргізуші куәлігі берілген. ХҚО-лардың жұмыс кестесі: Дүйсенбі-сенбі сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін түскі үзіліссіз қызмет көрсетеді.

Елімізде «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық байқауы ұйымдастырылғаны белгілі.

Нұр Отан

Байқаудың аймақтық деңгейдегі жеңімпаздарын марапаттау мақсатында Шымкентте салтанатты шара болып өтті.
– Партияның облыстық филиалында өткен аймақтық іріктеу комиссиясының қарауына 19 жоба ұсынылды. Соның ішінде 3 жоба жүлделі орынға ие болды. Комиссия мүшелері жоба жеңімпаздарын анықтауда әлеуметтік мәселелерді шешуге ақпараттық ынталандыратын және осы салада еріктілер қозғалысын дамытатын, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайды жеңуге көмектесетін жобаларға ерекше назар аударды, – деді «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева.
Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды Айдана Жораеваның «Әлемді сезіну» жобасы иеленді. Оған бір миллион тенгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орын және 700 мың теңге «Арманға ұмтыл» жобасының авторы Шалтан Еркінбайға бұйырса, үшінші орынды «АИТВ-позитивті жасөспірімдердің статусын ашып, жасөспірімдерді әлеуметтік психологиялық бейімдеуге психологиялық дайындау» атты жобамен Жанетта Жазықбаева иеленді. Бұл жобаға 500 мың теңгенің сертификаты берілді.
Сондай-ақ, аймақтық конкурстық комиссиясының шешімімен «Даму» жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Айгүл Елібаева және «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сардор Исманов ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Жеңімпаз деп танылған әлеуметтік жобалар республикалық байқауға жолдама алды.

Өсім 2017 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда 238 мың адам немесе 1,3 пайызды көрсетіп отыр. Бұл туралы еліміздің статистика комитеті хабарлады.

ДЕРЕК ХАЛЫК САНЫ

Қазақстан халқының ішінде қала тұрғындарының жалпы саны 10 млн 529,1 мың адамға жетіп, жалпы халық санының 57,6 пайызға жетті. Ал 7 млн 743,3 мың адам (42,4 пайыз) ауылды жерде тұрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде 2018 жылғы қаңтар-мамырда туғандар саны 159,9 мың адамды құрады, бұл 2017 жылғы тиісті көрсеткішпен салыстырғанда 2,9% көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 21,15 туғанды құрады.
2018 жылғы қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі өткен жылғы тиісті мерзімен салыстырғанда 3,8 мың адамға немесе 3,8% көбейіп, 103,5 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,69 адамды құрады.
2018 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанға келген адамдардың саны 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 26,5 пайызға қысқарып, кетушілердің саны 14 пайызға артты. ТМД елдерінен келгендердің саны жалпы көрсеткіштің 77,2 пайызын, достастық елдеріне кеткендердің саны 89,7 пайызын құрады.
Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесінде еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар саны 31,5%-ды құрады. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы:
• Шымкент қаласы
– 40 622 адам;
• Алматы қаласы
– 14 185 адам;
• Астана қаласы
– 4 898 адам;
• Ақмола облысы
– 25 адам.

Страница 1 из 5