Сахнада Қаракөз бен Баян болып құлпырды

Вторник, 12 Декабрь 2023 04:02 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1945 раз

Өнерде дарабоз боп,
Биіктерге ұмтылдың.
Сахнада Қаракөз боп,
Баян болып құлпырдың.
Жан дүниеңде әйелге тән,
Құпиялар көп дейді.
Бірақ, бірақ
Талантыңды құпиялама
Тек таланттар көктейді – деп, С.Дәніқұлұлы айтқандай, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Құпия Рахымбердиева 75 жасқа толып отыр.

saia

 

Туған өңірі – асқақтаған Алатаудың баурайы Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты, Бірлік елді мекені. Балғын шағындағы тәрбиені жылқы бағатын аяулы атасы Дүйсебай мен бие байлап, бал қымызды бабына келтіретін жаны жайсаң әжесі Рахияның аялы алақаны мен мейірімінен алды. Суықтөбенің бөктері мал жайлауы мөлдір бұлақ, тау суы, әсем гүлдер көмкерген, аршалы биік таулар болатын. Міне, осындай табиғаты көркем, адамдары адал, азаматтары арда ортада, тұлымы желбіреген аққұба қыз мақпал мінезді болып өсті, қалыптасты. Арман арқалап Алматыға аттанды. 75-тің желкенін желбіреткен Құпия Рахымбердіқызымен сыр-сұхбат құрдық.

saia-1

–Құпия Рахымбердіқызы, «артист болу» деген ой қалай пайда болды? Арманнан туды ма, кездейсоқ оқиғаның әсерінен туды ма?
–Кездейсоқ емес. Туған жерімнен Қамал Қармысов, Зәмзәгүл Шәріпова сынды әйгілі артистер шыққан. Әкем өнерге өте жақын-тын. Жұмыстан шаршап келгенде шалқасынан жата кетіп, гармонын алып, ән салатын. Өнерге келуіме әкемнің ықпалы болды. Кішкентай кезімде ойнап жүрсем Дүйсебай атам: «Менің осы қызым әртіс болады» дейді екен. Атамның тілегі қабыл боп, өнерге келдім. Орыс мектебінде оқыдым. Мектебімізді «драмкружок» деген болмады. Бала күнімде ұяң болдым. Зәмзәгүл апай (Қазақстанның халық артисі Шәріпова) жазғы демалысқа ауылға келеді. Басында әдемі шляпасы бар. Қай үй қонаққа шақырса, елден бұрын біз барып, сыртта Зәмзәгүл апайды күтіп отырамыз. Әдемі шляпасымен келе жатқан апайға қарап «Мен де Зәмзәгүл апайдай әдемі актриса боламын!..» деп қиялдайтынмын. Мектеп бітіріп, аттестат алған соң, чемоданымды арқалап, Алматыдағы М.Әуезов театры қасында ашылған екі жылдық студияға бардым. Сол жылы Қазақстанның халық артисі Р.Сейтметов курс қабылдап жатыр екен. Құжатымды тапсырып, студия студенті болдым. 1970 жылы дипломдық жұмысқа Н.Хикметтің «Фархад-Шырынындағы» Шырын рөлін ойнадым. Фархадты – Қазақстан Республикасының халық әртісі Әнуар Молдабеков сомдады. Менің өнердегі бірінші партнерім осындай талант иесі болғанына бақыттымын.

–Алматының тумасы бола тұра, Оңтүстіктегі Шанин театрын таңдауыңызға не себеп болды?
–Диплом қолымызға тиген соң, бәрімізді әйгілі Қаһармен Әзербайжан Мамбетов жинады да «Кім, қай театрға барғысы келеді?» деп сұрады. Өмірімде Шымкентте болмасам да, аузыма осы қала түсіп «Мен Шымкентке барамын!..»–дедім. 1970 жылдың маусымында дипломымды алдым. Шілдеде Шымкентке келіп, театрға актриса боп қабылдандым. Бас режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ә.Орбадаев екен. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» жүріп жатқан кез екен, маған бірден Баянның рөлін берді. Сол жылы бүгінгі Тараз қаласына гастрольдік сапарға жүріп кеттік.

–Бірден басты рөлді сомдағанда қорқу, қобалжу болды ма?
–Қатты қобалжығаным соншалықты премьераның қалай өткені есімде жоқ. Қозыны Ошат аға ойнайтын. Жасы үлкен, сахнада төселген актер ағадан қысыламын. Ошат аға: «Құпия ұялма. Қысылма. Ұялсаң қалай образ шығарасың?» деп, ағалық ақылын айтатын. Таразда гастрольде жүріп, сахнаға төселдім. Қобалжу басылды. Артисті – артист ететін сахналық партнері ғой. Ошат ағам, Сапар ағалардың кәсіби ақылдары сахнаны жатсынбай, тез төселуіме ықпал етті.

–Сәтсіз шыққан рөліңіз болды ма?
–Бәрі бірдер шедевр деуге болмас. Жүз роль ойнасам, 10 рөлім «Көрермен көзайымына» айналса, актрисалық бақытқа қол жеткіздім деп санаймын. Актрисада роль таңдау жоқ. Режиссер бөлген рөлді сахнаға алып шығуың керек. Жамбасыма түспеген Бек Тоғысбаевтың «Күйеу таңдау» пьесасында ауылдың тұрмысқа шықпаған Жамал деген қыздың рөлі болды. Кішкентай роль. Айтатын, ойнайтындай анау айтты салмағы жоқ. Әлбетте, актриса ретінде шығардым. Премьера күні көрермен орнынан тұрып қол соқты. Бірақ, өз көңілімнен шықпады. Жүрегіме қонбады. Әйтсе де, көрермен өте жоғары қабылдады.

–Армандаған рөліңізге қол жеткіздіңіз бе?
–Орыс мектебінде оқығандықтан, Островскийдің «Гроза» пьесасындағы Катеринаның рөлі өте ұнайтын. Ойнасам деп армандайтынмын. Өкінішке орай, ол театрда қойылмады. «Қол жеткізген рөлім» деп Шекспирдің «Ромео-Джульеттасындағы» Джульеттаның рөлін айта аламын. Екінші баламен декреттік демалыста үйде отырған жерімнен режиссер Әскер Құлданов шақырып, Джульеттаны ойнатты. Балам алты айлық кезінде Алматыға гастрольге бардым. Джульеттаммен көрермен назарына іліктім. Сол үшін де Әскер ағама ризамын.

saia-2

–Сахнада туындаған тосын оқиға есіңізде ме?
–Төрт баланың анасы боп ойнайтын рөлімде, төрт ұлы соғыста қаза тауып, қара қағаз келеді. Әр ұлдан қара қағаз келген сайын, сахнадағы биік станоктан етекке қарай домалаймын. Төртінші рет домалағанымда тобығым тайып кетіп, аяғым ақсаңдап жүріп, соңына дейін ойнап шықтым. Спектакльдің соңында аяғым күп боп ісіп кетті. Көрерменнің алдында аяқты елеуге мұрша жоқ, соңына жеттім.
Келесі оқиғам, М.В.Иовлеваның «Ғажайып құс» деген ертегісін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, режиссер О.Әбубәкіров аударып, Тастан Өтебаев сахналаған болатын. Мен жас қыздың рөліндемін. Орманда адасып кетіп, ағаштың түбіне тығылып қалатын жерім бар. Қарақшыны Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Отызбай Жұмабеков ағамыз ойнайды. Қарақшы мойныма арқан лақтырып, ұстап алуы керек. Мен, екінші балама аяғым ауыр болатын. Тасада тығылып отырамын деп, шынымен ұйықтап қалыппын. Отызбай аға қайта-қайта арқан лақтырады. Мен ұшын ұстамаймын. Ұйықтап кеткенмін. Бір кезде маңдайыма бір нәрсе сарт етті. Сөйтсем, Отызбай аға арқанның ұшын түйіндеп алып лақтырыпты. Атып тұрып, қайда екенімді түсінбей, апырақтап қалдым. Сөйтсем, Отызбай аға «Ей, мынау жынды ма не, арқанды мойныңа сал?! Мынаның есі дұрыс па?!» деп кіжініп сыбырлады. Есімді жиып, арқанның ұшын жалма-жан мойныма салдым. Содан, арқанмен сүйреп, сахнаның сыртына әкетті.

–«Акрисалық бақытқа кенелген жанмын» деген сөзді айтып қалдыңыз...
–Өнерде жүргенде сан-қилы жайттар боп жатады ғой. Өзіме алдымдағы аға-апаларымнан тек қамқорлық көрдім. Аяғымнан шалған сәт болмады. Актрисалық бақытқа кенелдім. Мен келгенде Айжан Жұмабекова театрдың күллі басты ролдегі кейіпкерлерді ойнап жүрген актриса екен. Әдетте, жастау, мықты актриса келсе: «Орнымды тартып алар?..» деген күдік туындайды ғой. Айжан өзі менен екі-ақ жас үлкен болса да, еш қызғанбады. «Қошақан, қошақан» деп қасына ертіп, қалдырмай жүретін. Білмей тұрған жерімді үйретуден жалықпады. Сол үшін де алғысым шексіз.
Жалпы кәсіби жетілген кезеңдерде ел аналарын ойнасам деп армандадым. Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Анасын» ойнасам деп армандадым. Бізде қойылмады. Өз-өзіме «Құпия, осы уақыт аралығында қандай жетістікке жеттің?» деп сұрақ қоямын. Содан өз-өзіме «Өзіме шынайы, әділ бағасын беретін көрермен арттырдым. Қамқор, қайырымды аға-апаларымды таптым. Шынайы дос арттырдым. Өнердің туын құлатпай, биігін аласартпай, адал, таза еңбек еттім деп ойлаймын. Жетістігім – осы.

Тұла бойың тұнып тұрған ән еді,
Қазақ қызын саған ойнау тән еді.
100-ге жуық сен ойнаған кейіпкер,
Тұрлауы жоқ, бұл фәнидің мәні еді.
Сен шыққанда сахнаға иіліп,
Қаракөздің сәукелесін киініп.
Мың құбылып, жыласаң да, күлсең де,
Табынушың отыратын сүйініп. – деп актер, ақын Зәкәрия Жүніс жырлағандай, сіз сомдаған кейіпкерлер галареясы ешқашан тоқтамасына бек сенеміз.

Сая ҚАСЫМБЕК,
драматург, Ж.Шанин атындағыы академиялық қазақ драма театры
әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.