Мереке жалпыхалықтық сипатқа ие болды ма?

Пятница, 20 Март 2015 08:05 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4853 раз

Наурыз көже Ұлыстың ұлы күні әрбір отбасы дайындайтын басты тағам болғалы қашан. Бүгінде бұл көжеміз өзге этнос өкілдерінің де мерекеде тамсана дәм тататын сүйікті асына айналған.

3a2848Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Қазақтың өзіне бұйырған төл мейрамы – Наурыз», – деп бүйрегі бұра айтқан мереке бүгінде мемлекеттің өмірінен ажырамастай айтулы күнге айналып барады. Бәйшешекті бірінші көретін, өзге өңірлердегілер аузынан бу бұрқырап «көрісіп» жатқанда «Алас күні» аясында тазалыққа кірісетін шымкенттіктер соңғы жылдары Ұлыстың ұлы күнін тойлауды тоғыз күн бұрын бастайтын болған. Әр күннің өз атауы, соған орай атқарылатын іс-шарасы бар. Яғни, әлем бойынша қарсы алатын Жаңа жылдан мән-мағынасы өзгерек, пайдалы тұсы да жетерлік. Етіміз үйренген стандарттық үлгіде ғана тойлаудан алшақтадық. Киіз үйімізді тігіп, ән шырқаумен шектелетін күндер де алыстауда. Киіз үйлердің есігі кез-келген қонаққа ашық. Өйткені, халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды екен. Қыдыр атаны ырыс пен құт, несібе әкелуші дейміз. Демек, үйіңіздің есігі ашық болғаны жөн. Сондай-ақ, түрлі ұлт өкілдері ән айтып, би билеп, өнер көрсеткенімен, 1 мамыр – Бірлік күні сияқты мерекемен шатастырмауға ерекше мән берілуде. Дегенмен, ұлттық киімді, ұлттық қолөнерді, ұлттық тағамды осы мереке күндері немесе соның қарсаңында көбірек сұрайтынымыз, іздейтініміз жасырын емес. Сонымен қатар, Наурызды “қыз ұзату”, “құда түсу”, “тұсау кесу”, “сүндетке отырғызу” көріністерін көрсету деп түсінетіндер де баршылық. Наурызды тойлап жатқан кей мекемелер осы салт-дәстүрлерді келсін-келмесін сахналық қойылым, көрініс ретінде жарыса көрсетіп жатады. Жылда қайталана беретін жаттанды көріністер, салт-дәстүрлермен ғана шектелмей, осы күнге дейін айтылмай, көрсетілмей тереңде жатқан тың дәстүрлерімізді көрсетсек нұр үстіне нұр. Мысалы, мектепте көже пісіріп әкелуге тапсырма берген мұғалімдеріміз оқушыларына тәрбиелік мәні зор «Бәсіре беру», «Ашамайға мінгізу» секілді, сондай-ақ жас ерекшеліктерін ескере «Шарғы салу», «Қыз көші», «Шөміш қағу», «Наурызкөк», «Наурызшешек», «Дәмету», «Құттық», «Бел көтерер», «Селт еткізер», секілді басқа да  ырымдарды ұғындырса дейміз. Біріне тоқталсақ, «Бәсіре беруде» жас бала есі кіріп 4-5 жасқа келгенде оған туған-туыстары бәсіре тай тарту етеді екен. Егер балаға арналған бәсіре аты үйретілген, мінуге жарап тұрған болса, онда «Ашамайға мінгізу» дәстүрімен баланы соған мінгізеді. Сондай-ақ, Наурыз қарсаңында мейрамханалар, дәмханалар арнайы «Наурыз» мәзірін әзірлесе, мерекенің шырайын ашары сөзсіз.
Біз айтқан ұсыныстар іске асырылып жатқан болуы да мүмкін, дегенмен біздікі Наурыз – бауырсақ пен қазы-қартаның, оюлы шапанның, жапатармағай тігілген киіз үйдің шеңберінде қалмауына тілектестік қана. Наурыз – мемлекетті нығайтатын мейрам. Осы орайда, жаңа күн дегенді білдіретін, аты мен заты жаңа болып тұрған мерекенің Шымкентте өткенге қарай тартпай, сол өткеннің өнеге-тағылымына суарыла жаңа деңгейге шығып келе жатқаны қуантады.

Диас НҰРКЕНҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.