Журналистер Наурызды тойлады Избранное

Пятница, 27 Март 2015 04:01 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4350 раз

DSC 1418Оңтүстіке алғаш рет журналистер қауымы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін атап өтті. Қазақстан Журналистер Одағының ОҚО-ғы филиалы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты –Наурызды дәріптеу, насихаттау және бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы әріптестік іскерлікті нығайту. Оның барысында қалам ұстаған тілшілер қауымы «Ең дәмді Наурыз көже» және салт-дәстүрді насихаттау, тәлім-тәрбиені дәріптейтін «Наурызға ақ бата» сайыстарына белсене қатысты. Сонымен қатар, әр ұжым өнерін ортаға салып,  мерекелік іс-шараның көркін қыздырды.

DSC 1559Қазақстан Журналистер Одағының ОҚО-ғы филиалы ұлық мерекеде журналистердің басын қосты. азақстан Журналистер Одағының ОҚО-ғы филиалы төрайымы Айгүл Қапбарова жиынды ашып, әріптестерді Наурыз мейрамымен құттықтады. Сонымен қатар, облысымызға танымал азаматтар, атап айтқанда Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, белгілі жазушы, журналист, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Уәли, «Замана» баспа үйінің директоры Иса Омар, «Оңтүстік қазақстан» газетінің директор-Бас редакторы Абай Балажан, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр, «Отырар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Оралбаева, «Ер-Нияз» ЖШС-нің директоры Ербол Дайрашев сөз сөйлеп, мерекелік ақ тілектерін білдірді.
Мұнан соң, ақындар айтысы Наурыздың шырайын ашып, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының тілшісі Кенжехан Дүйсенбі мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Ғабит Сапарбеков қазақтың шуақты да қуатты өнері айтыста татулық пен бірлікті дәріптеп, тең түсті.
DSC 1568Мерекелік думан аясында өткізілген «Ең дәмді Наурыз көже» сайысына барлық ұжым ынта- ықыласымен көжесін дайындап әкеліпті. Әділқазылар алқасы барлық көженің дәмін татып, артықшылығы мен кемшілігін айта отырып бағасын берді. Сөйтіп, әділқазылар алқасының төрағасы Мархабат Байғұттың жария етуімен бірінші орынды «Замана» баспа үйінің ұжымы жеңіп алды. Ал, екінші орынға Түлкібас ауданынан келген «Шамшырақ» аудандық газетінің ұжымы ие болды. «Ер-нұр» корпорациясына үшінші орын бұйырды.
Наурызда қанша тілек айтылып, бата берілсе де орынды. Әсіресе, журналистер қауымының оны жатқа айтуы– өзгелерге үлгі болары сөзсіз. Әріптестер «Наурызға ақ бата» сайысында да белсенділік танытты. Өзгелерден озық шыққан «Ер-нұр» корпорациясының ұжымы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының еншісінде болса, үшінші орынға «Отырар» телеарнасының тілшілері  ие болды. Жеңімпаздарға арнайы сый-сияпат жасалып, мерейлері үстем болды.
Жиналған қауым бір-біріне жақсы тілектерін айтып, Наурыз мерекесімен құттықтады. Арнайы келген әншілер мен бишілер өнерлерін ортаға салды. Сөйтіп, облысымыздың журналистері келер жылы да Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурызды ұйымшылдықпен қарсы алуды жөн көрді.

DSC 1519   DSC 1651 DSC 1601

 

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.