Игорь ВЕРБИЦКИЙ: «Театрдың болашағына ешкім сенбеген» Избранное

Пятница, 29 Март 2024 05:09 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 723 раз

Осыдан 95 жыл бұрын ашылған Шымкент орыс драма театрының тағдыры оңай болған жоқ. Бірнеше рет жабылып, халық қажет еткен соң қайта ашылып жатты. Ал, қазір театр Игорь Вербицкийдің басшылығымен қалыптасудың жоғары деңгейіне көтерілгендей. Өйткені мұнда премьера күндері – аншлаг! Әсіресе, репертуардағы балалар қойылымдарына кей-кейде билет табылмай да қалады.

igor-1

 

Қазақстанның оңтүстігінде қалыптасып келе жатқан орыс диаспорасын театр өнерімен таныстыру арқылы олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында 1929 жылы 1 қарашада бірінші театр маусымы ашылған екен.
– Сол заманда театр репертуары революциялық қозғалыс тарихы, қызыл әскер, флот өмірі мен тұрмысы, батыс пен шығыстағы таптық күрес сияқты тақырыптарды қамтыған. Театрдың бастапқы көркемдік жетекшісі мен бас режиссері
М.В.Раздолин болды, – дейді театр директоры И.Вербицкий.

igor


Театрдың тарихы шым-шытырық. Тағы бір жабылған кезінде 1944 жылы 8 мамырда Қазақстан Компартиясы (большевиктер) Оңтүстік Қазақстан облыстық комитеті бюросы мен облыстық атқару комитетінің қаулысы негізінде қайта ашылады. Оған соғыс жылдарында бірнеше мың орыс тілді жұртшылықтың
Қазақстанға эвакуацияланғаны негіз болған. Жергілікті драма театр жоқ болғандықтан, оның орнын Мәскеуден эвакуацияланған «Моссовет» театры алмастырады.
– 1944 жылғы қаулы негізінде театр труппасы бөлініп, қазақ театры жеке құрылды. Дегенмен ресми түрде театр 1967 жылы 15 қарашада сол кездегі Шымкент облыстық мәдениет басқармасының бұйрығымен рәсімделген. Қазақ және орыс
театрының директоры Берещук, ал көркемдік жетекшісі Насонов болды, – дейді ол.
1949 жылы театр Орал қаласына көшіріліп, кейін музыкалық комедия театры ретінде Шымкентке қайта оралады. Ал, 1958 жылы театр қайта құрылып, ғимарат салу жобасын бекіту жайында шешім қабылданған. Құрылыс жұмыстары 1965 жылдың наурыз айында басталып, 1967 жылдың қазан айында аяқталды. Мұнан кейін 2000 жылдары театр ғимараты қайта қалпына келтіріліп, сыртқы келбеті жаңартылған.
– Театр әртүрлі дағдарыс пен тоқырау кезеңін бастан өткерді. К.Медведев, В.Ванченко, И.Дубровский, П.Догмаров, О.Белинский, Ю.Книжников, С.Абдиев, А.Мельников, одан кейін менің басшылығымда болып, үлкен жетістіктерге жетіп, өз көрермендерін тауып келеді. Театр труппасында В.Ломакин, И.Болотова, О.Кобзева, А.Пащенко сынды Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері жұмыс істеді. Дәл қазір өнер ордасының репертуарында ересектерге арналған 26 спектакль мен жастарға арналған 20 қойылым бар. Актерлік құрам аз. Дегенмен үлгеруге тырысып жүрміз. Мен басшылыққа келгенде көрермен тіпті аз еді. Шетелдік театрлармен тәжірибе алмасып, гастрольдік сапарларға шығамыз деген арманым болды. Әрине, бұл жоспарыма сенімсіздік танытып, күлгендер де табылды. Кейін Мәскеуге, Алматыға гастрольдік сапарлармен барып, қойылымдарымыз көптің көңілінен шығып, көрермен риза болды. Қазір де Мәскеуде өтетін фестивальге шақырту алдық, оған «Пиковая дама» қойылымымен қатыспақпыз, – дейді Игорь Вербицкий.
Театр қазақ драматургтерінің туындыларын орыс тілінде қоюға басымдық беріп жүр. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» спектаклі маусым сайын көрсетіліп, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған.
–Театрға көрермен тарту оңай емес. Мен көрермен залын жас буынмен толтырғым келді. Өткені жастар қазіргі уақытта тәрбиеге мұқтаж. Режиссерлердің мықты идеялары мен тамаша ұсыныстарының арқасында көптеген ертегілерді сахналадық. Атап айтсақ, «Кот в сапогах», «Золотой цыпленок», «Золотой осел Насреддина», «Храбрый заяц» сынды спектакльдер сенбі-жексенбі күндері тұрақты қойылып, кішкентай көрермендеріміз көбейді. Баланы жастайынан театрға баулысақ, өскенде ол да баласын қойылымға алып келеді деп сенеміз. Көрермендеріміздің көпшілігі солай, бала кезден келіп үйренгендер. Қазіргі уақытта театрда қойылым тұрақты болғандықтан, балалар спектакльдері аншлагпен өтеді. Ал, актерлік құрамға тоқталып өтсем, біздің өз студиямыз бар. Сонда жас актерлерімізді дайындаймыз. Бізде үйреніп, сахнаға машықтанғандар танымал киноларға түсіп, үлкен сахналарға шығып кетеді. Оның үстіне айлық жалақы театр, өнер саласында аз екендігі баршаға мәлім. Сондықтан да актерлік құрамның жетіспеушілігі тұрғысынан аздап мәселелер кездеседі, – деді И.Вербицкий.
Театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Өзінің әсерлі қойылымдарымен көрерменнің көңілін баурап алған театр ұжымы қаладағы мәдени іс-шараларға да белсенді қатысады. Алдағы уақытта да биік белестерімен, жетістіктерімен, жаңа қойылымдарымен көрерменді талай қуантатынына сенімдіміз.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.