Оңтүстіктің абызы

Среда, 25 Сентябрь 2019 04:02 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2985 раз

– ...Татып көр, барың жетеңде,
Таңдайдан дәмі кетер ме.
Әдекең әзиз айтқан сөз,
Айналды мақал-мәтелге. 
Бөрімін деген бөрі емес,
Шерімін деген шері емес.
Базардан қайтқан ажарлы,
Ақылман сіздей көп емес... - деп Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова жазушы, қазақтың өткені мен бүгінінің білгірі, әдебиет зерттеушісі Әдіһам Шілтерхановқа сексеннің сеңгіріне шыққанда өлең арнаған екен. Өкінішке орай, абыз ақсақал тоқсанның ауылын толтырды, бірақ жүзге жете алмады. Енді Әдіһам ата туралы тек өткен шақта айтуға мәжбүрміз.

DSC 4674

... 2017 жылы 9-мамыр Жеңіс мерекесінің қарсаңында редакцияның тапсырмасымен ҰОС ардагері Шілтерхановтың шаңырағында болдым. Газет бетінде «Момышұлымен бір майданда болған» атты мақаламыз жарық көрген-ді. Бұл фәниде атаммен бар-жоғы үш-ақ рет кездескен екенмін. Біріншісі сұхбатта, екінші жолы қарымды қаламгер Асхан апай Майлыбаева екеуміз қарияның көңілін сұрап бардық.

Соңғысында «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұйытқы болған батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын» байқауында сахнада керемет тәлімі зор батасын бергенінде жанында болдық. Бар-жоғы осы үш жүздесудің өзі маған өмірлік азық болды. Содан бері абыздың «Аталы сөздерін» жата-жастанып оқимын десем, өтірік айтпаймын.

Қалам мен қаруды қатар ұстаған майдангер қаламгерлер Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Аманжоловтардың аты аспандап, қазақ даласына кең жайылған кезеңдерде Әдіһам Шілтерханов есім-сойының естілмеуінің өзіндік сыры бар. Атамыз соғыстан оралған соң Бәйдібек ауданында қарапайым мұғалімдіктен кеңшардың бас агрономы, ұжымшар төрағасы қызметтеріне дейін өскен.

Он екі жыл ұжымшарға төрағалық еткен соң, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры қызметін атқарып, 40 жылдық лайықты еңбек өтілінен кейін абыроймен зейнетке шыққан. Міне, кейіпкеріміздің шығармашылықпен, зерттеумен айналысқан кезі – осы тұс. 40 жастан кейін жазуға белсене кіріскен ұлы Абайдай Әдіһам Шілтерханов та 60-тан кейін шығармашылық жұмысқа ден қойған. Әдетте көпшілік қариялар зейнеткерлікке шыққан соң жан тыныштығын ойлап, жанына салмақ салмайды.

Ал Әдіһам атамыз кемелденген қарттық кезеңінде қолына қалам алып, жазуды жанына серік етті. «Аталы сөздерін» жарыққа шығарды. «Үш бәйтерек», «Ақжалдың ақыры», «Саттар Ерубаев», «Дала мен дана» кітаптары және «Ордабасы» баспасынан шығармаларының үш томдығы жарық көрді. Ұзын саны 15 кітаптың авторы атанды.

Өлке тарихы мен әдебиетіндегі көптеген тың деректерді тапты. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде ол кісінің зердесінен шыққан дүниелер халқы сүйіп оқитын кітапқа айналды. Көпшілік жаттап алып, кәдесіне жаратып жүрген аталы сөздері ел аралап кеткені қашан!.. Әдебиет сүйер, сөз қадірін білер қауым оған жақсы пікірін әлдеқашан беріп қойған. Ойшыл қария өзінің шығармашылығы мен зерттеулері жайында таңды таңға ұрып айта берер еді-ау, бірақ, оған уақыт һәм сол кездегі ахуалы мұрсат бермеді.

Қабырғалы қаламгердің әдеби айналымға қосқан еңбектері көп. «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұламадан» туған «Елім-ай» дейтін әннің тарихын, «Алпамыс батыр» жырының тек қазаққа ғана тиесілі төлтумасы екенін тарихи тың деректермен дәлелдеді. Жазушының «Мұңлық-Зарлық», «Қамбар батыр», «Мәделі қожа» этнографиялық зерттеулерінде де қазаққа тиесіліні Мұқағали айтқандай, «шекпен жауып, өзіне қайтарды».

Бүгінгі өскелең ұрпақ Әдіһам Шілтерханов хақында, оның майдандағы жанқиярлық қайталанбас ерлігі, әдебиет пен тарихқа қосқан сүбелі еңбегі жайында білуі тиіс. Құмның қойнауында халқымыздың өткеніне қатысты талай дүние жатқанын меңзеп, «Құмға ғашық қария» деп жазды журналист Бейсенкүл Нарымбетова апайымыз.

Ал ақын Нармахан Бегалиев бір сұхбатында Әдіһам Шілтерханов туралы: «Шаруашылықта көп өмірін өткізіп алды әрі өзін-өзі көрсетуге көп ұмтылмайтын адам. ӘдіҺам өте қарапайым жазады, қарапайым жаза отырып көп нәрсені аңғартады», – деген екен.

Ал белгілі журналист Нұртөре Жүсіпке осындағы бір жігіттер «Оқитын бірдеңе табыла ма?» дегенінде жазушының үш томдығын апарып беріпті. Сонда Нұртөре: «Мен мынандай жазушыны осы кезге дейін неге білмегенмін? Туындылары керемет екен ғой», – деген көрінеді. Қысқасы, әр қазақтың үйінде, үнінде, жүрегінде Әдіһам Шілтерханов есімі еленіп, туындылары кітап сөресінде тұрса, одан әркім өзіне жаңа бір әлем ашып, соның кеңістігінен кемел дүниелер табары анық.

... Содан бері «Әдіһам әлемі» еріксіз баурап алды. Белгілі журналист ағамыз Жанболат Аупбаевша айтқанда, менің көз алдымда «Ашылмаған арал» ашылды. Оның «Аталы сөздерінің» өзі не тұрады?! Әрбір сөзін оқисың да, ойға шомып кетесің. Бір өкініштісі, осы құнды кітаптың таралымы бар-жоғы 1000 данамен шыққан. Әдебиетсүйер қауымның көпшілігі әлі бұл туындыға қол жеткізе алмай жүр.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы осы олқылықтың орнын толтырар деген үмітіміз зор.
Ендеше сіздерге де «Әдіһам әлеміне» қош келдіңіздер дейміз. Абыз атаның «Аталы сөздерінен» сусындай отырыңыздар.

Он ақылдыдан,
Бір мейірімді артық.
***

Әкім есірсе,
Елін жау санайды.
Қатын есірсе,
Ерін жау санайды.
***

Жер – жомарт,
Бермейтіні жоқ.
Көп – қырағы,
Көрмейтіні жоқ.
***

Аға сағынуға бар,
Жағынуға жоқ.
Іні жағынуға бар,
Сағынуға жоқ.
***

Жақсылық кешіксе,
Өңін береді.
Жамандық кешіксе,
Жеңілденеді.
***

Жүйрік қашса – жанатпас,
Ұйқы қашса – таң атпас.
***

Күш-қайраты қайтарда
Жасқанбастан жасқанар.
Бақ-дәулеті қайтарда
Мастанбасқа мастанар.
***

Табанының бүрі жоқ,
Тап бергенін қайтейін.
Қасиеттің бірі жоқ,
Бақ келгенін қайтейін.
***

Көздің жасы тамған жер,
Оңайлықпен көктемейді.
***

Білімі жетіктің
Сөзі де тетік.

(жалғасы бар...)

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.