Мәдениетке ғашық жан

Среда, 02 Октябрь 2019 05:52 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 228 раз

Күлия Айдарбекованы былайғы жұрт іскер адам, талапшыл басшы, ұдайы қарбалас пен жанталастың ортасында жүретін қайраткер жан деп біледі ғой. Сырт тұрпаты сүйекті, ірі болғандықтан, көз алдымызда адуынды, тік мінезді әйелдің образы көлбеңдегенін несіне жасырайық. Сұхбат барысында Күлия Смайылханқызымен жақын тілдескен адам оның жанының тым нәзік иірімдерін, мейірімінің теңіздей шексіздігін, көңілінің даладай дархандығын, мінезінің тым қарапайымдылығын сезініп һәм сезері анық. Негізі, Күлия апай туралы айтқанда нәзікжандылардың нәзігі дер едік. Жұмысында өз ісіне қалай берілсе, отбасында да қырық шырағын бірдей жаққан кемеңгер әйелді таныдық. Ерінен ерте айырылса да отбасылық бақытты бірінші орынға шығарған апай нағыз қазақ әйелінің бүгінгі қалпын көз алдымызға әкелді.

DSC 3283

Енеге ізет

– Бәріне қалай үлгердіңіз? Әлде отағасы сізді үнемі қолдаушы ма еді?! - дейміз ғой.

– Үйленгеннен кейін бірнеше жыл пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүрдік. Ақырындап үй салдық. Жолдасым екеуміз еркек-әйелдің жұмысы деп бөлген жоқпыз. Не істесек те, күліп-ойнап, шын көңілмен істейтінбіз, - деді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

– Апай, сіз өміріңізде үш кітап жаздыңыз: «Анаға тағзым», «Әкеге құрмет», «Аманат». Бұл кітаптарды оқып, рухани ләззат алғандардың бірі ретінде менің көкейімде бір сұрақ қалып қойды. Сіз әсіретөркіншіл болдым деп ойламайсыз ба? Екі қанатты тең ұстадым деп айта аласыз ба?

– Біз жас болдық. Шабаданымызды арқалап, үй болудың қамымен жүріп, қайынжұртқа тиісті көңіл бөлдім бе, бөлмедім бе, бір Аллаға мәлім. Бірақ, таяуда ғана үшінші рет қажылыққа барғанымда бәдәл қажылықты апам Мейрамкүл Әбдірқызына арнадым. Себебі, 6 ұлы да өмірден ерте өтіп кетті. Бейсен деген қайынағам 65 жасында, былтыр мәңгілік сапарына аттанды. Жолдасым да қырыққа келмей, дүние салды. Қажылықтың қағидасы бойынша тәуәп, сағид жасап, шашымның ұшын қидырып, зәм-зәм суын ішіп отырған кезде алыстан енеммен сырласудың мүмкіндігі туды.

«Өз перзенттеріңіз тірі болғанда қажылық жасар ма еді, бірақ, мен де сіздің перзентіңіздің бірімін ғой. Разы болыңыз, апа! Арғы дүниеде де Фердаус жәннатында бәрімізге бірге болуды, Кәусар бұлағынан су ішуді нәсіп етсін. Енді сіз қияметте қажы болғаныңызды білгейсіз. Бүгін өзіңіз үшін зәм-зәм суын ішіп отырмын, енді мәңгілікке дейін шөлдемейтін боласыз. Осының бәрін қабыл алыңыз» деп рухымен сырласып отырғанымда апамның кемсеңдеп жылағанын, мөлтек жасының ыршып түскенін байқадым.

Меккедегі мешіттің ең жоғарғы қабатында шаршағанымды басып отыр едім. Апам жанымда жүргендей күй кештім. Ол енді бір тылсым дүние. Енеме арналған қажылық болғаннан кейін ол кісі туралы естеліктер ойыма орала берді.

Жалпы, енем туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Жетім жігітке тұрмысқа шыққан. Кепе тамда бейнетпен ғұмыр кешкен. Бірде «Өзімнің аяғым ауыр. Ай-күнім жақындап қалған. Сонда да күйбең тірліктің қамы үшін тезек теруге бардым. Бір қабын теріп болғаным сол еді, толғағым басталды да кетті.

Айдалада нәрестемді босанып, кіндігін де өзім кесуіме тура келді. Отынды тастап кетуге обалсынам. Содан бір Аллаға сыйынып, қансырап тұрсам да арқама бір қап тезекті, етегіме баланы салып үйге қайттым. Жол-жөнекей «әкем сорлы мені аямай, мына жетімді несіне аяп жіберді?!» деп іштей торығып келем. Сонда әкемнің «Айналайын, мына Құдай деп жүрген баланы теңелтіп, ортасына қос, үрім-бұтағын көбейт! Сол елдің Домалақ анасы бол!» деген батасы есіме түсіп, бойымды лезде жинап алдым» деп айтқаны бар еді.

...Мен келін боп түскенде барған үйімде 30 шақты адам тұрады екен. Ол уақытта заман солай еді ғой. Үлкен абысынымдарымның әрқайсысында кемі 5-6 баладан. Бәрін қосқанда 15 шақты бала шапқылап жүреді. Ас бөлмесінде үлкен қазан қайнайды. Алғашқысында балаларды тамақтандырады. Енем «біздің шаңырақ – күнәсіз шаңырақ» деп отыратын. Бізсіз де олар үйелменді-сүйелменді боп, бір шаңырақта әрең сыйып күн кешіп жатқан. Бір жағы менің қызметім болды да, бөлек шығып кеттік.

Енем сол елге танымал сынықшы кісі болатын. Дәрігерлер отаға дейін және кейін апамды апарып, сынығын қалпына келтіретін. Атамыз ҰОС ардагері еді. Соғыста мина жарығына түсіп қалып, елге сүйектері сынып, мүгедек болып оралған. Сонда енем атамның сынған сүйектерін қайтадан сындырып, күн сайын жылқының майымен сылап, қалпына келтірген екен. Жол апатынан аяқ-қолына зақым келгендерді үйінде айлап емдеп, аяққа тұрғызып жіберетін. Күн-түн демей келген науқастың бәрін қабылдайтын.

Апам бала күнінде шымшықты, қозы-лақтарды ұстап алып, сүйектерін буыннан шығарып, қайта салып ойнайды екен. Әсілі, апамның арғы тегіне сынықшылық қасиет дарыған сияқты. Көп нәрсені алдын ала сезіп отыратын көріпкелдігі тағы бар еді. Қайсы адам қандай сынықпен келе жатқанын біліп, айтып отыратын. Соңғы жылдары көзі көрмей қалғанның өзінде сынықтарды қолмен сипалап сала беретін. Аса ауыр науқастың келе жатқанын сезіп, қақпаны ашқызып, үйдің алдына шығып күтіп отыратын.

...Ата-енем өмірден өткен кезде біз жастау едік. Бәлкім, содан да олардың қадіріне жете алмаған болармыз. Сіздердің газеттің оқырмандарына енем жайлы көбірек айтуға тырысып, сол бос кеңістікті толтырдым деп ойлаймын. Жолдасым көп балалы отбасынан. Сол алып әулеттің ең кенже келіні мен болдым. Енем «Мына келіндер бір төбе де, сен бір төбесің» деп көтермелеп отыратын. «Сен – елдің адамысың, сәлем салмай-ақ қой» дейтін. Бірақ, мен солай айтты екен деп, келіндік сәлемімді қалайша салмай кетемін?!

Абысындарым болса «Үлкен қызметте жүргеннен кейін, қаражаты көп, сөмкесі қашан көрсең толып келеді» деп әзілмен қағытып отыратын. «Күлшелі бала – сүйкімді» дей ме?! Апам екеуміздің қарым-қатынасымыз өте жылы әрі ерекше болды. Мені барынша еркелетті. Жалпы, қызметім болғаны үшін емес, біздің рухани байланысымыз мықты еді. Біз бөлек тұрдық деп айттым ғой. Ал абысындарымның үйі қара шаңырақтың айналасында болатын. Бір келінінің үйіне барып түскі тамағын ішсе, екіншісінің үйіне барса, кешкі асы дайын тұрады.

Біз болсақ, қол босағанда айында бір келіп кетеміз. Сонда апам құшағына қысып, «Сені құшақтаған кезде көкірегім еріп кетеді. Сені қалай жақсы көретінімді білмеймін. Жеткізіп айта алмаймын», дейтін, жарықтық. «Мына келіндерімнің біреуі маған ұқсайтын қыз тумады, саған рақмет» дейтін. Өйткені, менің екі қызым да әжелерінің «көшірмесі».

Сол кезде «Ене деген келінін елжіреп жақсы көре ме?» деп ойлайтынмын. Қазір өзім де енемін. Енемді енді түсініп жатырмын. Себебі, мен де келінімді солай жақсы көремін. Мен де келініме елжіреп, езіліп тұрамын. Ол кісілердей 5-6 келінім жоқ. Жалғыз ұлдан бір-ақ келін. Он жыл бірге тұрып келеміз. Кейде келініне зәбір көрсетіп, күн бермейтін енелерді ұқпаймын...

...Апам 73 жасында өмірден өтті. Қан қысымы көтеріліп, ес-түсін білмей ауруханада жатқанында аузына су тамыздым. Сол кезде менің қолымнан қысты. Көзінен жас ыршыды. Бірақ, көз жасым тамағыма тығылып әрі толқып «Разы болыңыз!» деген сөзді айта алмадым. Жалпы, ата-енем маған разы болды деп ойлаймын.

Бір сөзбен айтқанда енем дана да дара жан еді. Атамыз атадан жалғыз тұяқ болса, бүгінде сол жалғыз тамыр жапырағы жайқалған алып бәйтерекке айналып отыр.
Сондықтан тек төркіншіл болдым деп айта алмаймын.

Күлияның кезеңі

«Күлияның кезеңі келмеске кетті». Мәдениет саласының басы-қасында жүргендердің арасында осы сөздің жиі айтылатынын естиміз. Бір басшы бар, құт боп келеді, бір басшы жұт боп келеді. Ал Күлия Айдарбекова Оңтүстіктің мәдениет саласына құт боп келген басшының бірі. Жалпы, бізде мәдениет басқармасын дәл Күлия апайдай ешкім ұзақ мерзім басқармаған. Төлеби аудандық мәдениет бөлімінде – 8 жыл, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасында – 7 жыл. Негізі, мәдениет саласы өте нәзік те қиын сала. Содан да болар, бұл салаға басшылыққа келгендер көп тұрақтамайды.

Бір шетелдік Президент «Егер ауыл шаруашылығы министрін дұрыс таңдамасам, елім бір жыл ашығар, ал мәдениет министрімді дұрыс таңдамасам, халқым өркениеттен көш қалып кетеді» деген екен. Сол сияқты мәдениетті сүйіп, сонымен ауырып, онымен толғатпаған адам бұл салаға қадам баспауы керек. Мәдениет телевизия сияқты, не істесең де елдің алдына шығып кетесің, сосын оны қайтара алмайсың.
«Он бес жыл мәдениетті басқарып жүрген кезеңде ұстараның үстінде жүргендей едім. Бір іс-шараға мың адам келсе, екі мың көз қадалып отыр деңіз.

Әр шарада бір Аллама сыйынып, алақандарым терлеп тұратын. Ондайда неше уақыт дайындалғаныңа алғыс алуың да, нәлет алуың да мүмкін. Қаншама ұйқысыз түндеріңе ризашылық алсаң, шаршағаның лезде басыла қояды. Он бес жыл бойына Құдай маған «Мынауың дұрыс емес» деген сөзді бірде-бір рет естіртпеді. Барлық басшылар да, келген көрермен де жиын соңында қолымды алып кететін. Егер менің тарапыма «Мына жерің дұрыс болмады» деген сын айтылса, сол күні жұмысымды тастап кеткен болар едім.

Мен мәдениетке ғашық болдым, әлі де ғашықпын. Әлі күнге мәдениет басқармасының іс-шараларына пікірімді айтып тұрамын. Менен кейін пікір айтқызбайтын, араластырмайтын басшылар келді. Бірақ, ақылымды тыңдай ма, тыңдамай ма, қымсынбай ойымды айтамын.

...Қайбір жылы Тәуелсіздік мерекесіне барып, жылап қайттым. Ұйымдастырушылар әнші Мәдина Сәдуақасованың сезім жайлы әнімен ең қастерлі мерекелік кештің шырайын қашырды. Егемендік – біздің ғасырлар бойы армандаған аяулымыз. Одан артық мереке жоқ. әз-Наурызға, Ата заңға, Тәуелсіздікке қызмет етпеген адам мүлде қызмет істемеуі керек.

Мәдени іс-шараға келген әр адам қазақ болып туғанына мақтанып кетуі тиіс. Себебі, біздің мәдениетіміздің тамыры кім не деп айтса да тереңге бойлаған. Бұл үлкен жауапкершілік. Қателесуге хақың жоқ».
Осы сөздерінің өзі-ақ Күлия Смайылханқызының қаншалықты ұлтын сүйетін ұлтжанды, рухсыздыққа қарсы күрестің бел ортасында, тіпті, алдыңғы шебінде жүретін қайраткер екенін әйгілеп тұрған жоқ па!?

Әлқисса, мәдениет саласындағы қызметі, атқарған істері өз алдына бөлек әңгіме. 2011 жылы 700 адам республикада бірінші болып Қара жорға биін билегені естеріңізден шықпаған болар?! Облыстағы 215 би ұжымы шақырылып, бәріне бірдей алқызыл түсте киім тіктіргені ше? Қазіргі тілмен айтқанда флешмобтың ең ауқымдысын сол кезеңде Айдарбекова ұйымдастырған еді. 2015 жылы Тәуелсіздік күні мерекесінде «Бабалар рухы» атты әнге 62 кейіпкер қойылым қойғаны ше? Үш биден бастап Алаш арыстары, берісі Әлия, Мәншүкке дейін қатыстырылған-ды. Сол кезде бүкіл залдың рухы дүр сілкінді. Бір сөзбен, Күлия Смайылханқызы мәдениетті басқарған кезде қазақты танытқысы келді.

Мәдени ошақтарға жылына бір қазақ классикасын қоюды міндеттеп, өзбек театры «Мұхаммед Хайдар Дулатиді», орыс театры «Абылай ханның арманын» сахналады. Театрлардың тіл білмейміз деп сылтауратқаны анық. Бірақ, тапсырма дұрыс берілді, театрлар алып шықты.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінде Леңгірден 200 оқушы әкелінді. Әскери оқу орындарының студенттері мен кішкентай баладан еңкейген қарияға дейін қатыстырылып, іс-шараны ойдағыдай өткізгені бар. Қазақ хандығының 550 жылдығында Шәмші Қалдаяқовтың «Отан» деген әнін 550 мәдениет қызметкерінің хормен айтқанын ел біразға дейін аузынан тастамап еді.

Кейіпкеріміздің өмір жолында көптеген қиындық пен кедергілер де кездесті. Бірақ, рухының мықтылығының арқасында сағы сынбады. Мәселен, Тәуелсіздік мерекесінде Ш.Қалдаяқов атындағы Халық ансамблі симфонияны, симфониялық оркестр қазақ классикасын орындады. Былай қарағанда мүмкін еместей көрінеді. Бірақ, Күлия апай соны істеткізді. Соңында музыканттар апайға алғыс айтып, тәжірибе жасағанына өкінбейтіндерін білдірген.

Тәжірибе жасағанда батылдық танытуды қарамағындағыларға осылай үйретті. Сол жаңалықтарымен бүкіл облыстарды аралады. Шетелдерге шығып, жүлделі орындарға ие болды. Облыстық орыс драма театрымен Мәскеуге дейін барып қайтты.

Қайбір жылы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры «Көшкінді» қойды. К.Айдарбекова әлгі спектакльге «қарны ашып», сапасыз туынды қойғаны үшін режиссері мен сол кездегі басқарма басшысының мойнына сол қойылымға кеткен шығынды «арқалатып» қойды. Әрине, одан кейін Айдарбекованың сыртынан жақсы сөз айтылмайды. «Маған олардың қаңқу сөзі керек емес.

Әділ шешім қабылдау үшін сол спектакльге бірнеше рет бардым. Мейлі мені жынды десін. Сіз бен бізге Тәуелсіздікте өмір сүру бақыты бұйырды. Ендеше неге бір-бірімізді алдауымыз керек?» - дейді Смайылханқызы. Бетің бар, жүзің бар демейтін турашылдығы үшін «апайды шақырмай-ақ қояйық» дейтіндер де табылды. Бәлкім, бұл салаға сондай «жындылар» керек шығар. Өйткені, сахна деген киелі, ол жасандылықты қабылдамайды.

Мысалы, қазір өзі басшылық ететін Отырар кітапханасында қызметкерлеріне түгелдей «Жыл кітабы» ретінде таңдалған Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақырын» оқытуда.

– Қазіргі таңда барлық салада да кітап оқымайтындар бар ғой. Мамандығы кітапханашы болған соң оқытып жатырмын. Ал кітапханашының өзіндік ойы болуы керек. Кітапханалардың арасында Абайдың шығармаларын жатқа оқу эстафетасы бірінші біздің кітапханадан бастау алды. Менің сыртымнан «талапшыл, өз міндеттеріне кірмейтін жұмыстарды істетеді» деген сыңайдағы әңгімелер айтылатынын білемін. Мұның бәрі менің жеке басыма қажет емес. Мен өз-өзімді аямайтын еңбектің адамымын. Әйел жөнделмей – қоғам жөнделмейді, - дейді өзі.

Біз мұның барлығын не үшін жазып отыр дейсіздер ғой. Басшылыққа кім келіп, кім кетпеген. Соңынан айтылар сөз емес, төккен тері мен жүрген ізі-ақ сол адам туралы сайрап тұрады. Сол кезеңде көрермен әр іс-шараға «енді қандай жаңалық болар екен?» деп баратын. «Күлияның кезеңі» деп ерекшелеп жазуымызға түрткі болған да сол ерен еңбек. Жүрген жерінде жанқиярлықпен патриот жасау – оның стихиясы.

Таудың биіктігін төбе аңғартады

Күнгейде Күлия апайдай мәдениет саласын ұзақ басқарған адам жоқ деп айттық қой. Апайдың жеке мұрағатын ақтарып отырып, сол 15 жылдың күреске толы отты жылдар болғанын аңғарғандаймыз. Смайылханқызын қаралап, күйе жаққысы келгендер қаншама!.. Олардың арасында «Жаңғызтөбе» деп кекетіп, мұқатып, газеттің бір бетіне көлдей ғып мақала жазғандары да бар. Тіпті, онкологиялық ауруханада ота жасатып, ауыр жағдайда жатқанында да соңынан шырақ алып түскендері де кездескен.

Төлеби ауданындағы қызметінде арыз дегеннің не екенін білмей, «елдің қызы» деген құрмет-қошаметке ие болып жүрген апайымыз Шымкент атты үлкен қалаға келгенде жаңағыдай жамандықтарды көріп, жылап қалады екен.

– Жамандыққа жамандықпен қайтарғым келмейді. Елге танымал, көкірегіне нан пісіп тұратын аға-апаларымыз бата берудің орнына астыртын жамандық жасағандары да рас. Бірақ, Құдай мені төмендетпеді. Ешқайсысының алдына барып «Мынауың не?» деген емеспін. Жүзім жарық. Маған кесірін тигізген адамдардың бетіне тік қарап сәлемдесе аламын.

Ешқандай өкпе-ренішім жоқ. Ал олардың жүзі төмендеп тұрады. Қазірге дейін бастарына іс түссе «сол қызға айтыңдаршы» деп іздейді. Өмір деген – бумеранг. Қайта сол оқиғалар мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Анам «ит қапты деп сен де үрсең, одан не айырмашылығың бар» деп айтып отыратын.

Сол қиындықтарды сабырлықпен жеңдім. Кезінде күйе де жағылды. Мен одан қараланып қалған жоқпын. Аллаға шүкір, жалғыз емеспін. Өніп-өскен үлкен әулеттің ұрпағымын. Балаларым – үйлі-жайлы, немерелерім бар. Қай жерге барсам да түсетін үйім, күтіп алатын адамдарым бар. Сонысымен де менің өмірім – мәнді де сәнді.

Сол кісілер маған жамандық жасаймын деп табалдырықтан аттатқызып, төбеге шығарды. Төбеден ары қарай тауға шықтым. Алла сол биіктен түсірмесін деймін, - деді Күлия апай жан-дүниесінен шуағы төгіліп отырып.

Арман деген – көп белес, біріне шықсаң, бірі бар

Кейіпкеріміздің болашаққа жоспарын, арман-мақсатын білгіміз келді. Айдарбекованың арманы асқақ екен. Біз секілді күнделікті тірлікке, жеке басқа қажет дүниелерді емес, туған жеріне, балалық шағы өткен ауылына септігін тигізуді ойлайдыі.

«Мен өсіп-өнген Төлеби ауданы, Аққұм ауылында кітапхана жабылып қалған. Сол жерден кітапхана ашқым келеді. Әрине, оған қомақты қаржы қажет. Ата-анамыздан қалған кітап қоры бар, өзім жинақтаған қорымды ауылдың игілігіне жаратсам деймін. Қиялымдағы шағын ғана ауыл кітапханасы ауыл балалары білім қаузайтын жер болса деп армандаймын.

Ауылды жерде екі қабатты үйлер өте сирек. Екінші қабатында терезелері көп болса, сол жерде ауыл балалары отырып, қиялдары биікке самғап, әлемді араласа деген арманым бар. Кітапхананың алдында орындықтар болса, ауыл адамдары отырып тынықса... Сөйтіп соңғы жаңалықтарымен бөліссе...

Мешіт салу әр әулеттің арманы ғой. Мүмкіндік болып жатса, бала-шағаммен, бауырларыммен, бәріміз бірігіп, ауыл жақтан киіз үй формасындағы мешіт салсақ деп армандаймын. Ауласында керемет бауы болса...

Жағдайым келіп жатса, қажылықты армандайтын, бірақ, мүмкіндігі болмай жүрген бір адамға болса да септігімді тигізсем деймін. Ислам әлемі – екінің бірі еркін жүзе алмайтын алып мұхит. Мен де сол мұхитқа сүңгіп, уағыз тыңдап, електен өткізіп, қажылық туралы кітап шығарсам деп армандаймын. Жалпы, бізде қажылық туралы кітап көп емес.

Меккеге барғанда басқа бір есік, білім бұлақтары ашылады. Соның барлығын қарапайым тілмен жеткізуге Алла тағала шығармашылық шабыт берсе деп тілеймін. Тірі адамның арманы көп қой. Жастарға «армандаңдар, сол арманға еңбектеп болса да жетіңдер, өз армандарыңды өздерің сатып жібермеңдер» деймін», - деді арманы адастырмайтын ақкөңіл Айдарбекова.

Эпилог орнына

Жалпы, біздің мақсатымыз Күлия Айдарбекованың қалпынан періште жасау емес еді. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар. Соны ұстандық. Оның қоғамға келтірген пайдасы мен өмір жолындағы өнегелі істерін көпшілікке үлгі еткіміз келді. Мәселен, көптің аузында талқыға түскен «Анаға тағзым» кітабын алайық.

Смайылханқызы ана туралы жазған бірінші және соңғы адам емес. XX ғасырда аналардың жиынтық образын жасаған Ғ.Мүсіреповтен бастап әйелдер бейнесін Ж.Аймауытовтың «Ақбілегінен», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» мен «Күлпашынан», М.Әуезовтің «Абай жолы», «Қорғансыздың күнінен», М.Мағауиннің «Аласапыранынан», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айшасынан» да айқын байқап, аңғара түскенбіз.

Ал К.Айдарбекова өзінің «Анаға тағзым» кітабында ХХІ ғасырдағы сіз бен біздің аналарымыздың жалпылама образын жасады. Бұл аналар дәл қазір арамызда жүр. Шығарма сонысымен де ұтымды. Жазушы Серік Жанәбілдің аталған еңбек турасында «Бір ғана кітап жазып, бүкіл аналарға ескерткіш орнатты» деп айтқаны сондықтан деп ойлаймыз.

Әсілі, Күлия Смайылханқызы өзі туралы жоғарғы пікірдегі өзімшіл адам емес. Қатты бір көзге түсіп, белсенді боп кетуден де аулақ. Үш миллион тұрғыны бар Түркістан облысында ұдайы үлкен қызмет жасау екінің біріне бұйырмаған бақ деп есептейміз. Алла тағала бақ беріп, басшылық қызметте жүргеннен кейін ел таниды, біледі.

Ал негізі оның бойында кәдімгі қазақ қызының, аяулы ананың, мейірімді ененің, тату абысынның, ағайын-бауыр арасында жақсы әпкенің, кемеңгер әженің, ақ маңдайы жарқыраған көркем кейіпті әйелдің болмысы тұнып тұр. Алладан ғана қорқып, Жаратқанға жалбарынып жүрген өзге қазақ әйелдерінен еш айырмашылығы жоқ.

Біздің періште мінезді, кең пейілді, зиялылық пен парасат биігіндегі кейіпкерімізді қаншалықты ашып, аша алмағанымыз өздеріңізге аян. Бір білеріміз, Күлия апай хақында айту үшін газеттің тұтас бір нөмірін арнаса да аздық етуі мүмкін. Ал біз мақаламыздың соңында апайға толағай шығармашылық табыс тілегіміз келеді. Қазақтың Күлиядай қыздары көп болса екен!..

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.

Другие материалы в этой категории: « Баталы ел арымас Оңтүстіктің абызы »