Ол өзі әрі ақын,әрі сазгер һәм білімгер... Избранное

Пятница, 14 Февраль 2020 03:41 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 317 раз

«Мәртебелі поэзия мінберінің» кезекті кездесуі ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Баян Тіленшинаның шығармашылығына арналды.

Баян 2

Шымқалалықтар «Отырар» кітапханасында ақын қызын ыстық ықыласпен қарсы алды. Әдеттегідей жыр кешін ақын Нармахан Бегалы жүргізді. Ол Баян Керімқызының шығармашылығы жайында толғана сөз сөйледі. Болмысына шынайы бағасын берді.

– Баян Керімқызы кім? Прозашы ма, ақын ба, педагог па? Әлде композитор ма? Поэзия мінберінің қай қонағы да осал болған емес. Олар тек өлең ғана жазбайды. Әрқайсысының қайталанбайтын әндері, салмақты, пайымды сол сияқты дүниелері бар. Баян Керімқызы поэзияға ғана қалам тартпайды. Әңгіме, хикаяттар да жазады. Яғни ақылын, білімін, қайратын тең ұстаған ақын, – деді Нармахан Бегалы.
Мұнан соң «Отырар» кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова ақынға ізгі тілегін жеткізді.

– Сіздің поэзияда да, прозада да қолтаңбаңыз бар. Педагогикалық әдістемелік «Қазақ ертегілеріндегі психология», «Таным мен тағылым», «Ұстаз беделі неде?» сынды еңбектеріңіздің өзі бір төбе. Бірін-бірі толықтырып тұрады. Шығармаларыңыз арқылы қазақ руханиятына еңбек сіңіріп келесіз. Мәртебелі поэзия мінберінде ақындар ғана емес, Ұлы Абайдың өлеңдері мен әндерінің де қамтылуы байыпты бастама, – деді ол.

Баян

Кездесуде ақынның әрбір жыры, әрбір сөзі шынайы шығып жатты. Мінберге көтерілген Баян Тіленшина оқырманды өзіне бірден тартып әкетті. Тіпті, кеш иесі мен көрермен арасында шектеулі шекара болмады. Стилі ерекше ақын қыздың әдебиетке адалдығы оқырманды еріксіз сүйсінтті.

– «Сұрқия» повесін шығару маған оңай болмады. Қолымда қаражатым жоқ. Төрт бөлмелі пәтерімді кепілдікке қойып, банктен несие алдым,-деген ақын ағынан жарылды. Көпшілік білмейтін сырларын жайып салды. «Ана толғанысы», «Қыз махаббаты» сынды өлеңдерін тебірене оқыды.

Поэзия кешіне арнайы шақырылған өнерпаздар әннен шашу шашты. Сондай-ақ Ұлы Абайдың өлеңдеріне кезек берілді. Ақынды құттықтауға келген достары Баян Керімқызына ізгі ниеттерін білдірді.
Жыр кеші көңіл көкжиегін кеңейтті. Оқырман ақын жырлары арқылы оның ішкі толғанысын, пайымын таныды. Рухты қара өлеңге сусындады. «Мәртебелі поэзия мінберінде» Баян Керімқызы өзін уақыттың тар шеңберіне берілмейтін қаламгер екенін аңғартты.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.