Калинин, Чапаев, Дарвин... Шымкентте атауы ауыспаған көше көп Избранное

Пятница, 12 Июнь 2020 03:53 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1947 раз

Шымкент тәуелсіздік алған жылдардан бастап қазақыланды. Егемендік алған тұста идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атаулары қазақ тұлғаларының есімдері мен жер-су аттарын иеленді. Мәселен, Ленин даңғылы – Республика, Советский көшесі – Қазыбек би, Долорес – Желтоқсан, Базарная – Әйтеке би атауын иеленді. Ал Целинная – Тың, Кристальная – Мөлдір, Яблоневая – Алмалы болып өзгерді. Әйтсе де, қала көшелері ескірген атаулардан толық арылған жоқ. Керісінше, есімі ардақтауға әбден лайық тарихи тұлғаларымыздың, Алаш қайраткерлерінің атын мегаполис тынысымен байланыстыруға асығар емеспіз.

70

 

Соңғы деректерге сүйенсек, Шымкентте 100-ге жуық шағынаудан, 2800 шамасында көше болса, соның 500-не әлі атау берілмеген. Ал Бейбітшілік, Абай, Панфилов атында бір емес, қос-қос көше бар. Бұл дегеніңіз ономастика саласының жұмысын жүйелеуді қажет ететінін айқын аңғартады.
Қаланың экс әкімі Ерлан Айтахановтың халықпен кездесулерінде осы мәселе жиі көтерілген еді. Сондай жиынның бірінде зейнеткер Нұрбек Жүнісбеков атауы жоқ көшелер туралы тұрғындардың талап-тілегі мен жанайқайын жеткізді.

71


- 275 пен 276-орамда мыңнан астам халық тұрады. Бірақ көшелерге атау қойылмаған. Атауы, нөмірі болмағасын жедел жәрдем көлігінің мекенжайды табуы қиын. 6 көшенің біріне ат беріліп еді, кейін оны да алып тастады, - деген ақсақал қалалық ономастиканың жұмысына көңілі толмайтынына, мораторийдің ұзақ жылға ұзартылғанына реніш білдірген.
Біз калалық ономастика саласының жұмысын жоққа шығарудан аулақпыз. Әйтсе де, айтылған орынды сын-ескертпелерді қаперге алған жөн.
– Елімізге еңбегі сіңген танымал тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің есімдері елеусіз қалғаны ойлантарлық мәселе. Халыққа аты әйгілі бірқатар тұлғаларымыздың атына көше берілгенімен, ол көшенің орналасқан жері тұлғаның атына сай келмейді. Мәселен, халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы көше елеусіз жерде орналасқан. Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай
Асқаров атындағы көшенің көлемін көрсеңіз, қынжыласыз. Біздің қалада Қуаныш Төлеметов, Арғынбеков, Адырбеков, Сасбұқаев деген азаматтардың аты үлкен көшелерге берілген. Оны есімдері берілген кісілерден қызғанбаймыз. Бірақ олардан да мықты мемлекет қайраткерлері бар емес пе?! Мәселен, Әлихан Бөкейхановқа бір үлкен көшенің атын берсек жараспай ма? Бізге Сайрам көшесінің не маңызы бар? Гагарин көшесін де лайықты қайраткердің есімімен өзгерткен жөн, - дейді жазушы Момбек Әбдіәкімұлы. Жазушының пікірі орынды. Қалалық ономастика бөлімі көтерілген кемшіліктерден қорытынды шығарса дейміз.

Комсомолда неміз бар?

Рас, Шымкенттің кешегі һәм бүгінгі келбетін салыстыра алмаймыз. Бірақ кеңестік идеологияның келбетін танытатын, мәні де, мағынасы да ескірген атаулардан әлі де арылмай келеміз. Мысалы, Проектный, Кремль, Ч.Дарвин, Дружба, Калинин, Парижская, Коммуна көшесі сынды атаулар әлі күнге өзгермеген. Тіпті қоғамдық көліктерде Чернышевский, Кирпичный, Гагарин, Карл Маркс, Советская деп бұрынғы атаулармен хабарлауды да доғарар емес.

72


Шымкенттік тарихшы Сағынғали Әбубәкіров көше, даңғылдарға ұлттық құндылығымызды айқындайтын атаулар қою қажет деп есептейді.
– Ономастика бөлімі атауларды қазақшаландырумен шектелмейді. Ондағы мақсат – әр елдімекеннің атынан ұлттық болмыстың, ұлттық тарихтың иісі сезіліп тұруы керек. Шағын ауданға, көшеге берілген жаңа атау жас ұрпақ санасында ұлттық патриотизмді қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Біздің баһадүр батырларымыз, ақын, жазушы, қоғам қайраткерлеріміз жетерлік. Қай-қайсысы да құрметтеуге лайықты. Әрине, өткен тарихты ұмытуға болмайды. Бірақ келмеске кеткен комсомолда біздің неміз бар? - дейді ол.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, биыл қаладағы аудан әкімдіктерінен атауы қайталанатын, идеологиялық тұрғыдан ескірген және атауы жоқ көшелер бойынша жалпы саны 381 ұсыныс жинақталып, қалалық ономастика комиссиясына өткізілген. Сөйтіп, ұсыныстар республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданған. Мұнан жылдар бойы шешілмей келе жатқан сеңнің қозғалғанын байқауға болады.

Атауы қайталанатын мектептер өзгере ме?

Қазір Шымкентте Мукими, Терешкова, Хамза, Т.Тәжібаев, Кенесары Қасымұлы, М.Мәметова, Б.Момышұлы атындағы 7 мектептің атауы қайталанады. Алайда мектептерге атау беру аяқсыз қалмайды.
Биылғы мамыр айында Ұлы Жеңістің 75 жыл толуына орай №72 жалпы орта мектепке Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат
Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың, Хамза атындағы №53 жалпы білім беретін орта мектепке генерал-майор, Кеңес Одағының
Батыры Сабыр Омарұлы Рахымовтың есімдерін беру жөнінде ұсыныстар қалалық ономастика комиссиясы тарапынан қолдау тауып, республикалық ономастика комиссиясына жолданатын болды.
Сондай-ақ, №13 жалпы орта мектепке Сәкен Сейфуллин, №105 мектепке Дінмұхамед Қонаев, №31 мектепке Жұмабек Тәшенов, №93 мектепке Абылайхан, №108 мектепке Ерғали Сарманов, №81 мектепке Хиуаз Доспанова, №82 мектепке Сәбит Мұқанов, №111 мектепке Қожа Ахмет Яссауи, №120 мектепке Қайрат Рысқұлбеков есімдерін беру жұмыстары басталып кетті. Аталған мектептерге тарихи тұлғаларымыздың есімдері берілсе, атауы қайталанатын білім ордалары азаяр еді.
Иә, оқушыларды ұлттың ұлы тұлғалары арқылы елді сүюге баулу – патриоттық тәрбиенің бір тамыры екені даусыз. Тіпті Алаш арыстарына арналған музей, саябақ ашса да артық емес.
Жалпы, Шымкент қана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де негізгі көшелерге елеусіз есімдер беріліп кеткен жағдайлар аз емес. Шын мәнінде, тәуелсіздік жолында күресіп, сол жолда құрбан болған арыстардың, ұлт тарихындағы тұлғалардың, аты алтын әріппен жазылған тұлғаларымыздың есімін ардақтамау азаматтығымызға сын. Әсілі, қазақ даласындағы әр түйір тастың, сылдырап аққан бұлақтың тарихи атауы бар. Сол атауларды қалпына келтіру де тарихқа жасалған әділеттік болар еді. Ендігі жерде ономастикалық комиссия көшелердің санатына байланысты тізім жасап, сол бойынша жұмыс істегені жөн.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.