Облыста индустриаландыру картасына 223 жоба енген. Қырық жобаны биыл іске қосу жоспарланса, қазірге дейін он тоғызы өнімді жұмыс істеп жатыр. Ал Тәуелсіздік күні сегіз бірдей өнеркәсіп орны ашылады деп күтілуде.
Облыста индустриаландыру, инвестиция тарту, шағын және орта бизнес саласы қарқын алған. Ниет еткенге жұмыс табылады. Өндіріс орындары да, бос жұмыс орындары да жетерлік. Жаңа технологияның тілін біліп, инновацияны енгізу, тиімді пайдалануды да меңгердік. Заман талабы солай.
Апта басында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тағы екі кәсіпорынның ашылғанына куә болдық. Бірі облыстағы жалғыз шифер зауыты, екіншісі «KazBioLife» ЖШС-нің гофрокартон өндіретін зауыты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов іске кіріскен кәсіпорындарды аралап, зауыттың мүмкіндіктерімен танысты.
Алдымен «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан «Tectum Enjineering» ЖШС-нің шифер зауытына бас сұқты. Жылына 2,3 млн. дана шифер шығаратын зауыт «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Облыста жаңа технологиямен шифер өндіретін алғашқы кәсіпорын. Жоба құны 1,2 млрд. теңге. Кәсіпорын «Хатчек» әдісімен өнім шығарады. 100 адам жұмыспен қамтылып, шығарылған өнім өңір нарығы мен Жамбыл, Қызылорда облыстарына жөнелтіледі, Тәжікстан Республикасына экспортталады екен.
Асқар Исабекұлы бұл кәсіпорындар Елбасының жуырда ғана өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының ірі мегаполистердің қатарына қосылуына байланысты берген тапсырмаларының аясында іске асып жатқанын айтты.
Ал гофрокортон шығаратын зауыт «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жоба құны 650 млн. теңге. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылған кәсіпорында бүгінде 60 адам жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпорын өндіріске қажетті шикізатты Ресейден, Алматыдан алдырып, жылына 63,3 млн. шаршы метр картон шығару мүмкіндігіне ие.
Жаңа кәсіпорындарды аралап шыққан облыс әкімі негізінен бірінші қажетті өнімдер шығаратын кәсіпорындарға басымдық берілетінін, Тәуелсіздік күні 8 кәсіпорын ашылатынын хабардар етті.