Ханбибі Есенқараева: «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» – ҰРПАҚТЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ Избранное

Среда, 07 Февраль 2024 04:09 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 2948 раз

Бүкіл дүниежүзіне ортақ «Ақындар ауылда туып, Парижде өледі» деген қанатты сөз бар. Құдды, барлық талантты адамдардың бағы үлкен шаһарларда ғана жанатын сияқты.
Күні кеше Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, ақын, Ханбибі Есенқарақызы ұлтымыздың өнер, әдебиет саласындағы ерен еңбегі үшін ҚР Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік стипендия иегері атанды.

xanbibi

 

Ханбибі Есенқараева – Астана, Алматыда тұрмай-ақ алты алашқа мәшһүр болған ақын. Үлкен шығармашылық орталықтарынан алыста тұрып-ақ үлкен аға-әпкелерінің қолдауын көрді. Әрине, талантымен. Соның бірі - қазақ поэзиясының патриархы Әбілда Тәжібаев.
Бұл туралы бір сұхбатында Ханбибі апайдың өзі былай дейді.
– Бүкіл өмірім Шымкентте өтті. Жас кезде аралас-құралас болмаған соң, үлкен ақындардың көзіне де, сөзіне де түспедім десем болады. Ертеректегі бір жазбамда «ілуде бір Алматыға жол түскен кезімде, «Алдымен ақбас Алатауға бас иемін, екінші кезекте ақындардың анасы – Мәриям Хәкімжанова апама сәлем берем. Сосын, алпыс арманымды, сексен сезімімді, үміт пен күдікке толы тоқсан толғанысымды ілестіріп, Фариза апайдың есігін қағып тұрамын», – деппін.
Алматыда тұратын әріптестерім үшін баспасөз бен радио-теледидар қолжетімді еді. Орта болды. Бір-бірін етене таныды. Бір күні «Қазақ әдебиетін» оқып отырсам, Әбділда Тәжібаевтың мақаласына көзім түсіп, өзіме-өзім сенбей қалдым. Бұл 1972 жыл болуы керек.
Онда «Мен жақында «Қазақ әдебиеті» газетіне басылған екі жастың өлеңін оқып болған соң, қастерлеп алып қойдым. Кейінірек бірнеше қайталап оқыдым. Сол жастың бірі – Шымкенттегі Ханбибі Есенқараева деген қызымыз екен. «Ханбибі «Найзағайлы түн» деген өлеңін:
«Дірілдетіп, дүбірлетіп көк белді,
Нөсер алып келе жатты көктемді.
Ару аспан асығыстау көктейді,
Алтын жіппен жыртық қара шекпенді», деп бастапты.
Адал шыным, мен осы өлеңді өзім жазбағаныма өкіндім. Бір шумақ өлеңде қанша эпикалық қуат, көркем сурет бар. Алтын жіппен жыртық бұлттарды көктеу – табиғат құдіретінің, табиғаты күшті ақынның қолынан ғана келеді» депті. Белгілі поэзия патриархының сол кезде айтылған жылы сөзі әлі күнге дейін қуат беріп келеді. Ол кезде үлкен ақындар жастардың өлеңін оқитын. Қай жерде жүрсең де сені көтеретін – өлеңің ғана. Әбділда ағамыздың бір ауыз жылы сөзі – аялы алақандай, маған өмірлік азық болды.
Біз ел ауызында хан қызындай Ханбибі атанып кеткен әпкемізді құттықтап, бірер сауалымызға жауап алып едік.

xanbibi-1

– Хан апа, мемлекет тарапынан берілген стипендияңыз құтты болсын! Сіздің қазақ поэзиясында орныңыз ерек екендігі белгілі. Тіпті, сіздің сөзіңізге жазылған «Нұрикамал», «Алтынай» сияқты әндер көптеген мемлекеттерде айтылып, бүкіл халықтың меншігіндей болып кетті. Біз бүгінгі әңгімеге басқа қиырдан келсек деп едік. Сіз облыстағы Саяси қуғын-сүргін мұражайында басшы болғанда алаш ардақтыларының мұраларын жарыққа шығаруда өлшеусіз еңбек сіңірдіңіз. Бұның бір жағында аталарыңыздың сонау қиын уақытта «халық жауы» атанып, жазықсыз жапа шеккендігі де жатқан жоқ па?

– Оның рас. Жас кезімізде көп дүниені білмедік қой. Әкем білімді, көкірек көзі ояу мықты азамат болғанымен біртоға кісі еді. Іштегі запыранын шығара бермейтін. Өлең жазатынын да кейін білдік. Бір күні бір сандық шығармаларын далаға шығарып өртеді. Ол кезде небәрі бес жасар қызбын. «Абай сияқты өлең жаза алмағаннан кейін жазбай-ақ қою керек қой» дегені есімде. Лапылдап жанған қағаздардың от тиген қиындылары көз алдымда айға дейін қалықтап ұшып бара жатқандай көрінген. Кейін ойлаймын, әкем нашар ақын болмаған сияқты. Сол киелі өнері маған қонды ма деп. Менің талпынысымды, шығармаларымның жақсы бағалауларға ие болғанының алдын көрді. Сонда да үнемі қайрап отыратын.
Аталарымыз батыстың тумасы. Әкемнің әкесі, ағайындары зұлмат жылдары «халық жауы» атанып, қорлықты бір кісідей тартқан екен. Мойынға қылбырау түскеннен кейін жансауғалап дүниежүзіне тарыдай шашылып кеткен қазақтардың ішінде менің де туғандарым бар. Олжас Сүлейменов қызмет бабымен әлемнің бар түкпірінде болған ақын. «Адайлар - жер шарының көп жерінде өмір сүріп жатыр. Мен оларды Францияда да кездестірдім» дегені бар. Заман тыныш болса, адам өз туған топырағынан тамыр үзбейді.
Зобалаң біздің отбасыны да айналып өтпеді. Ресейдің Астрахан, Омбы жері - кезінде қазақ жайлаған тарихи жерлер. Ата-бабамыз солай қарай бас сауғалайды. Қазақтың аса бір қадірменді азаматы Амангелді Айталы ағамыздың да отбасы, ағайындары қатты қудалау көріпті.
Әзілдеп «мен оралманмын ғой» деп отыратын. Кейін сұраса келе немере ағам болып шықты. Міне, осыдан-ақ көре бер, қазақтың балапан басы, тұрымтай тұсымен кеткенін.
Әкем Ташкенттегі САГУ-дің түлегі. 1947 жылдары сталиндік репрессия кешегі халық жауларының ұрпағының ізіне түседі. Әкеме де тықыр таянған сияқты. Ізін жасыру үшін Ташкентке тиіп тұрған Сарыағаш өңіріне өтеді. Әуелде жұрт аяғы жете бермейтін қиян Әлімтау жағын мекендеп, кейін қудалау саябырлаған соң ел ішіне көшіп келеді.
Шешеміз де сондай мұңлық. Әкесі дәулетті, болыс болған кісі. Сібірге айдалар болған соң бәрі бас сауғалап жан-жаққа қашады. Тәжікстан арқылы Ауғанстанға өтпек болып тұрғанда тәжік ағайындар тоқтатқан екен.
Соғыстан кейінгі уақыт. Жұмыс күші жетіспейді. Тәжіктер «біз сендерді ұстап бермейміз, осында қалыңдар» деп үй болып кетулеріне барынша жағдай жасайды.
Содан, 1929 жылдан 1939 жылға дейін тәжік жерін паналап қалады. Қуғын-сүргіннің зардабын жеті жасында тартқан шешем он жетіге келгенде Қазақстанға көшуге мүмкіндік алады. Менің «Жібек жолы» деген повесім бар. Арқауы - шешемнің әпкесі. Бәйдібек аумағында тұрған. Жаңадан үйленген жары той болмай жатып, көкпарда аттан құлап өледі. Кейін көкөрім келіншекті елуден асқан дімкәс азаматқа береді. Ел көшкенде қыстауда қалып қойып, әбден азап шегеді.
Сырқат күйеуі қайтқан соң жаяулап Шаянға келсе, Қызыл отаудың қызып тұрған шағы. «Байдың қызы келді, табаныңды жалтырат» деген соң жаялаулап, күн-түн жүріп Ташкентке жетеді. Туысқандарының Тәжікстанда екенін естігенімен жетуге мұрша жоқ. Сондағы бір кісі «Сарыағашта балам бар, соның қасында жан сауғала» деген соң елге қайтады. Сауыншы болады. Озат тракторшы болып, атағы шығады. Қызыл отаудың басшысы болады. Шешем Сарыағаштан әкпесін тауып, қолына келеді. Менің әкем екеуі отау құрады. Әрі қарай белгілі.
Әттеген-айы, әкем 1992 жылы дүниеден өтті. Ал, 1993 жылы Мемлекет басшысының жазықсыз саяси қуғын-сүргін көргендерді ақтау жөнінде Жарлығы шықты. Іштегі запыранын үнсіз жұтып келген қайран әкем бұл жылымықты көрмей кетті.

– Өзіңіз айтқандай, он бес жыл саяси қуғын-сүргін музейінде басшы болдыңыз. Алаш ардақтыларына қызмет етуге үлкен мүмкіндік алдыңыз. Қазақ зиялыларының қолтаңбасы қалған «Шолпан» журналын түгендеуге еңбегіңіз өтті. «Ақ жол» газетінің тарихын архивтен жинақтап, 25 томын шығардыңыз. Біле білгенге, бұл бір ғылыми орталықтың жұмысы. Осының бәрі қалай мүмкін болды?!

– Рас айтасың. Ғалымдарымыздан, зиялы азаматтардан осындай пікірді естіп, өзімнің өлермендігіме, жанкештілігіме өзім де таң қалдым. Айтуға ғана оңай.
«Шолпан» журналының Ташкентте 1922-1923 жылдары 8 саны шыққан екен. Соның 3-уі ғана табылғанын атақты ғалым Тұрсынбек аға Кәкішев жазған болатын. Мен Ташкенттегі Әлішер Навои атындағы ұлттық кітапханасының архивіне сұрау салып, төрт нөмерін таптым. Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуы. Оны кириллицаға аударып, кітап бастыру үшін Қытайдан келген екі азаматты жаныма тарттым. Ол жігіттерге үлкен рахмет. Өлшеусіз еңбек сіңірді.
«Ақ жолды» табу оңайға түскен жоқ. Ташкенттен, Жамбылдан бөлек, Орынбор архивіне хат жазып, сұрау салдым. Ташкентте 5-6 номері ғана бар екен. Ал, 60 пайызын Мәскеуден 70 шақырым қашықтықтағы Химки қаласынан табылды. Одақ құрамындағы ұлттардың негізгі архиві осы қалаға жинақталған екен.
Қағаздары жұқарып, үлбіреп тұр. Қол тисе төгіледі. Жігіттер лупамен қарап отырып, 612 номерін аударып шықты. Осы ізденуге бақандай 10 жыл уақытым кетті. Музейге кітап бастыруға ақша бөлінбейді. Мен негізінде нашар кәсіпкер екенмін.
Әу баста «Шолпанды» сатылымға шығарып, содан түскен қаржыға «Ақ жолды» кітап етіп бастырам деп ойлағанмын ғой. Есебім дұрыс шықпады. «Шолпанды» алушылар аз болды. Қақпаған есігім жоқ. Ол кезде еліміздің Спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы еді. Бүгінде жемқорлықпен айыпталып жатқан сол адам алаш ардақтыларының еңбегі жинақталған қолжазбаларды кітап етіп шығаруға көмек берді. Он томы осылай жарық көрді. Өзі істі болған соң тоқтап қалды. Қайраным қалмаған соң «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевқа, ҚР Парламентінің депутаттарына хат жаздым. Обалы не керек, 25 том осылайша ел игілігіне қосылды.
2022 жылы пандемияның үдеп тұрған шағы еді. Ғалымдар «Zoom» әдісімен халықаралық конференция өткізді. Үйде жалғыз өзім. «Қазақтың ешбір азаматының қолынан келмеген жұмысты бір қыз тындырды» деген бағалауларды естігенде мейірлендім. Азапты күндер еске түссе жылағым да келген шығар.
Бірақ, қатты қуандым. Өзіме таң қалдым. Осыған қалай ерік-жігерім, күшім жетті деп.
Әке-шешем сол зобалаңның қасіретін әбден тартқанын жоғарыда айттым. Мүмкін әкемнің, аталарымның әруағы жар болған шығар.
- Ел ішінде желбуаздар көп қой. Мемлекеттік стипендия жастарға берілу керек. Неге зейнеткерлерге беріледі деген пікірлер айтылды. Сол шіркіндер бір өзіңіздің екі көмекшіңізбен бір ғылыми орталықтың жұмысын тындырғаныңызды білмейді ғой. Сұхбатты алаш ардақтыларының еңбегін жинақтауға сіңірген еңбегіңізге бұрғанымыздың бір мәнісі осы. Сол биік мінберде сөйледіңіз, не айттыңыз?
- Ондай жел сөздер айтыла береді, мен оған пысқырмаймын. «Жас кезіңде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген сөзді дана халқымыз айтқан. Есмұхан Обаев, Иранбек Оразбаев қазақ мәдениетіне үлкен еңбек сіңірген тұлғалар. Сексен алтыға келген Нұрғали Нүсіпжанов халқымыздың мақтанышы. Бұл кісілер кәсіпкер емес, артық дүниесі жоқ. Мынадай заманда аз зейнетақы қай жыртыққа жамау болады?!
Ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды. Мен сөз сөйледім. Өткенде әдебиетіміздің ақсақалы, классик жазушы Мұхтар Мағауин сұхбатында небір патшалардың өмір сүргенін айтты. Ішінде ақымақтаулары да, ауру-сырқаулары да бар екен. Бірақ, елін, жерін толайым сатқан патша бізде болды деп күңіренді. Бәрін көріп отырмыз. Сыбайлас жемқорлық тамырымызды шірітуге, елді ірітуге жетіп қалыпты. Бір отбасы бірнеше мемлекетті асырауға жететін қаржы, дүниеге иелік етуі сұмдық қой. «Хабар» телеарнасынан бір депутатымыз Атырау жақта бір ақсақалдың ірі көлемде жерге иелік етіп келе жатқанын айтты. Сөйтсе, ол ақсақалыңыз бұрынғы Елбасының курстасы екен. Мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Бір мемлекет еркін сиятын жерді бір адам иелене беретін болса халық жоқшылықтың қамытын киіп, кедейлене береді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осындай келеңсіздіктердің бәріне тоқтау салып жатыр. Заңсыз иеленген активтер мемлекет меншігіне өтуде. Халыққа болсын, мемлекетіміздің іргесі мықты болсын дейді.
Мұндай Президентімізді қалай қолдамайсың?! Оған өте ауыр. Осындай кезде ұлт зиялылары маңайына топтасып, көмек берейік дедім. Жұрт қолдады.
Аида Балаева қолымды қысып, рахметін айтты. «Қайдан таныссың?» деп сұрадым. «Сізді мұқым Қазақстан біледі, аңыз адамсыз ғой» деді.
Білдей министр шығармашылығыңмен, еңбегіңмен таныс болып, ризашылығын білдіріп жатқаны мерейіңді тасытады екен. Кезінде Темірбек Жүргенов, бертінде Өзбекәлі Жәнібеков таланттарға осылай қолдау білдіріпті.
Қазақстан – біздің Отанымыз. Ол мықты мемлекет болу үшін сыбайластықтан ада, іргесі мықты, дәулетті, ынтымағы жарасқан ел болу керек.
Мені қаланың жаңа әкімі Ғабит Сыздықбековтің қадамы қуантады. Келгенде сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күресетінін, ел дәулетін еселеуге еңбек ететінін айтқан еді. Сол үдеден шыққанын қалаймын.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай жігерлі, елге болсын дейтін жастарға сенім артқаны сүйсіндіреді. Біздің тілек Отанымыздың амандығы, экономикасы артып, өркениетті елдердің көшіне қосылуы. Аға буынның арманы осы.