Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында сіре қардың көбесі енді сөгіліп жатыр. Осындай жағдайда қауіптің беті қайтты деп арқаны кеңге салуға болмайды.
Бұл туралы Мемлекет басшысы кеңейтілген штаб отырысында қадап айтты.
Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті.
Аталған облыстардың әкімдері Президентке өңірлердегі ахуал жайында, табиғи апатпен күресу және су тасқынының зардаптарын жою үшін қабылданған шаралар жөнінде есеп берді.
Аймақ басшыларының айтуынша, жалпы жағдай жіті бақылауда, табиғи апатпен күресу үшін адам күші де, техника да жеткілікті.
Президенттің тапсырмасымен республикалық штабқа жетекшілік ететін Премьер-Министр Олжас Бектенов бастаған Үкімет мүшелері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберілген болатын. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың керек-жарағын шешу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.
Халқымызды қатты алаңдатқан Құлсары қаласындағы жағдай еді. Аллаға шүкір, қарғынның қарқыны қайтты. Жем өзенінің деңгейі біршама төмендеген. Оған себеп, әскерилер алты бөгетті жарып, арнасын Каспий теңізіне қарай бағыттаған. Осының арқасында қауіптің бұлты сейілді. Бір қорқыныштың бір қуанышы бар. Жұртшылық тартылып келе жатқан Каспий теңізінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, талай рет дабыл қаққан еді. Енді айдын молыға бастады.
Құлсарыда аман қалған кәсіпкерлік нысандар қайта ашылып, халыққа қызметін көрсете бастады. Әйтсе де, қаладағы үш мыңнан астам үй мен кәсіпкерлік нысандар қызыл судың тұтқынынан әлі шыға алған жоқ.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев облыста қауіпті саналған он бөгет барын айтады. Алтауы жарылды. Қалған төртеуі де жарылады.
Осындай амалдардың арқасында Жем өзенінің деңгейі түсіп келе жатыр екен.
Осылайша Құлсарыдағы көлкіген су сыртқа шығарылады. Әйтсе де басқа өңірлерде қауіп әлі сейілген жоқ. Сегіз өңір төтенше жағдайда тұр.
Бүгінге дейін су басқан аймақтардан 8 млн. текше метрден аса қар суы сорылды. Апат орындарына 1 млн. 200 мыңнан аса қапшық пен миллионнан аса инертті материал төселген. Құтқару жұмыстарына 23 мың адам, 448 су сору және 130-дан аса жүзу құралы, сондай-ақ
6 әуе кемесі жұмылдырылды. Олар 88 мыңға жуық тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді. Оның 30 мыңы — бала. Эвакуациялау орындарына 7 мыңнан астам адам орналастырылды. Қазір аэровизуальды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы жағдайға мониторинг жүргізіліп жатыр.
Ақтөбе облысында да су басқан өңірлердегі тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген. Қарғынның қатты толқыны Ойыл ауданына залал келтірген еді. Енді Үкімет қарғыннан кейінгі жағдайды оңалтудың жұмыстарына кірісіп кетті.
Ақтөбе облысындағы су басқан Екпетал мен Жаңабаз ауылының тұрғындары аудан орталығына көшуге дайын. Қазір Ойылда жаңа үйлер салынатын жер дайындалып жатыр. Бұл туралы эвакуация орталығын паналаған халықпен кездескен кезде вице-премьер айтты.
— Ешқайсысыңыз далада қалмайсыздар. Бұл туралы Президент нақты тапсырма берді. Жаңа типтік үйлерді қысқа мерзімде салып береміз. Қазір көлемі, бағасы есептеліп жатыр,— деді ол.
Серік Жұманғарин Ақтөбеде отырып басшылық жасап отыр. Ол Ойылдағы тіреуі бұзылған көпірдің құрылысын көріп, жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл ауданда 340 үйді су басқан. Жер толық кеппей, 49 шаңырақ әлі су астында қалып отыр. Екпеталдағы елу шақты үй мен Жаңабаздың жиырма шаңырағы Ойылға қоныс аударады. Жаңа құрылысқа жер де дайын, қазынадан ақшасы да бөлінген. Вице-премьер тұрғындардың өз бетінше үй салу немесе баспана орнына ақшалай өтемақы алу мәселесін Үкімет деңгейінде қарастыруға уәде берді.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бір үйге кем дегенде 22 млн. теңге қаралатындығын айтқан еді. Қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінеді.
— Жоспар аясында тұрғын үйлердің екі эскиз жобасы әзірленді. Біреуі — 80 шаршы метрлік үш бөлмелі жеке тұрғын үй. Екіншісі — жалпы ауданы 160 шаршы метр болатын екі пәтерлі тұрғын үй. Әзірленген тұрғын үйлердің жобасы алдын-ала мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Бұл барлық өңірде типтік жоба құжаттамасы негізінде жұмыс жүргізуді қамтамасыз етеді. Еpsd.kz сайтында көпшілікке ұсынылады,— деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева.
Қазақ «Мал-жан аман ба?» деп жағдай сұрасады. Адамдар тиісінше көмек алып жатыр. Суда қалған малдар да құтқарылғанымен, қауіпті сібір жарасы таралуы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр.
Батыс Қазақстан облысында жұқпалы аурудан өлген малдың он шақты қорымы су астында қалғаны айтылып еді. Құзырлы органдар тек үшеуінің ғана қарғында қалғанын растап отыр. Қалай дегенде де ауру малдың өлексесінен келетін қауіпті жоққа шығаруға болмайды.
— Жалпы мұндай көмінділер біздің облыста —222. Соның 34-і Сырым ауданында. Осының үшеуін Өлеңті ауданында Жымпиты кеше суға кеткен кезде су басқан. Бірақ қазір су басылды. Еш қауіп жоқ. Тиісті ветеринарлық шаралар іске асырылып жатыр,— дейді БҚО Ветеринария басқармасы басшысының орныбасары Абзал Бірәлиев.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Мәселен, Ақтөбенің алғаш боп су астында қалған Ш.Берсиев ауылы тұрғындары малсыз қалдық деп отыр. Үкімет шығынды толық өтейміз дейді. Әйтсе де өлекселер толық жинап алынып, арнаулы орында өртелмесе, түрлі індеттің қауіпі болады.
«Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.
Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі» деген еді штаб отырсында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Тасқыннан қатты зардап шеккен тұрғындар осы сөзді дәтке қуат етіп отыр.