Түліктің төресін баққан,төл сусыннан табыс тапқан Избранное

Пятница, 20 Март 2020 18:52 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 694 раз

IMG 20200303 122025

Шымкент қаласынан бес шақырымдай жердегі Қасымбек Датқа ауылының тұсынан өтіп бара жатып жиырмаға жуық ойсылқара тұқымын алдына салып бағып жүрген апаны көзіміз шалды. Жақындап барсақ ашаң жүзді, кең маңдайлы, жылы шырайлы жан екен. Амандасып, жөн сұрасқан соң Несібелді Мұханқожаевамен әңгімеміз оның шаруа қожалығында жалғасты.

Апамыз шаруа баққан ширақ адам екені бірден аңғарылды. Алдымен өркешті ірі қараларды қораға қотандады. Қора жайына кіргеннен түйелеріне жем салып, суын беріп, олардың әрқайсымен күбірлеп сөйлесіп, тайлақтары мен боталарын қолынан азықтандырып жүр. Отағасы мен балаларының қолы босамаған кездерде қара малды өзі-ақ көкке шығарып келе береді екен. Біз барғаннан жарты сағат бұрын аруаналары мен биелерін сауып, малдарын жайылымға шығарған беті көрінеді. Қожалықта 25-ке тарта қоңды түйеден бөлек құйрық-жалы төгілген 20 шақты жылқы да көзімізге оттай басылды.

– Апа, жасыңыз қаншада? - дейміз үлкен кісінің өндірімді тірліктеріне тамсанып.

– Ее, қарағым, наурыздың 22-сіне 65-ке толамын, бұйыртса. Үйдегі атаңмен бірге 31 жылдан бері осы өзіміз құрған шаруа қожалығында қайнап өстік. Бір сәт те еңбексіз отырғанымыз жоқ. 1989 жылы 12 түйеден бастап едік, қазір олардың саны әжептәуір көбейді. Күніне 60-70 литрдей сүт сауамын, балам, - дегенінде таңданып та, тамсанып та қалдық.
– Бұл жерге Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданынан қоныс аудардық.
«Экологиялық аймақта балалардың болашағы қалай болады?» деген оймен сондағы бар қызмет, игілікті ісіміздітастап кете бардық, - деді үйіне қарай бастаған түйекеш кейіпкерім. Несібелді Шәріпбайқызының бал қымызынан дәм тата отырып әңгімеміз өз желісін тапты. Байқаймын, басымнан базарым өтті деп отырған кейуана көрінбейді. Түйе шаруашылығын алтын қазығына балаған ол бұл іске аса ыждаһаттылықпен бел шеше кіріскен.

– Сондағы бар қызметті тастап келдік дейсіз. Қандай жұмыс еді?

– Жаңақорған ауданы, Келінтөбе совхозында отырғанда жағдайымыз өте жақсы еді. Ол кезде жұрт ақшасы барларды миллиардер деп айтуға именетін. Көкең – ауылда кассир, мен совхоздың сельсоветінде бухгалтер болдым. Кейіннен – дүкен сатушысы болдым. Сол кезеңдерде ішіп-жемнен бастап киім-кешек, тұрмысқа қажет заттардың бәрі тапшы еді ғой. Оның үстіне бүткіл ауылға бір ғана дүкен. Сатуға түскен заттың бәрін әділ үйлестіретінімнен деп ойлаймын, ауылдастарыммен әңгімем жақсы жарасатын еді. Сөйтіп жүргенде декреттік демалысқа кеттім. Сонда бас бухгалтер басшыға «Мұханқожаеваның орнына басқа адамды жұмысқа алайық» дегенінде ол кісі келіспепті. – «Не, оны шешесі дүкеннің ішінде туып па?» деген көрінеді есепші. Құдайға шүкір, мені кеудемнен итерген адамдар болған жоқ. Ауылда еркелетіп Нестай деп айтатын. «Ұлым – Әбекеңдей, келінім – Нестайдай болсын!» деп жаңа түскен келіндердің басына орамал салдыратын. Кейіннен екі рет ауылдық кеңестің депутаты болдым.

– Келінтөбеде сіздерді басына көтеріп қадірлеген екен. Шымкентке тұз-дәм қалай тартты?

– Жақсы ортаны, жақсы жұмыстың бәрін тастап келгендегі түпкі мақсатымыз – балалардың келешегі еді. Шаң-тозаң, қарасора. Жел тұрса қасыңдағы адамды көре алмайсың. Айнала батпақ. Өзім Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында Мұқағали Мақатаевтың туған жерінде дүниеге келгенмін. Ол кісі менің нағашым болып келеді. Бір әке-шешеден екі ұл, үш қыз өсіп-өндік. Анам 27 жасында бала үстінде дүниеден өтіп кеткен екен. Ал мен ол кезде бар болғаны сегіз жаста екенмін. Әкем мені Алматыдағы эксперименталды мектеп-интернатында оқытты. Мектеп бітірген соң Талғардағы Ауылшаруашылық техникумында білім алдым. Әбекең екеуміз сол кезде таныстық. Оқу бітірер жылы Келінтөбеге келін боп келдім. Шыны керек, пойыздан түскенде «қай жерге келдім» деп шошыдым. Бесарық деген жерден түсіп паромға бардық. Паромнан ары қарай екі сағат көлік күтіп қара шаңыраққа әзер дегенде жеттік. Ата-енем өмірден өтіп кетіпті. Екі жарым жыл үлкен абысынымның қолында тәрбиелендім. «Бөлек шығыңдар» десе, «Жоқ, менің әлі үйренбеген нәрсем көп» деп айтады екенмін. Себебі, сиыр саусам шала сауылатын сияқты. Күбі піссем, майы түспей қалатындай көрініп тұратын, - дейді.
Бүгінде қайрақтай шарланған қайратты Несіп ана титтейінен еңбек етіп, жұмыспен шыныққандықтан, осындай дәрежеге жетіп отыр. Мұнда келгелі қазығына қара байланып, шаруашылыққа кірісіп кеткен. Совхозда кооператив ашып, отағасы Әбілқасым Мұстафаев Түркменстаннан алғашында жүк көлігімен 12 түйе әкеледі. Сөйтіп қатарынан 3 жыл сол жақтан ірі қараларды жеткізіп отырады. «Бозінген» атты шаруа қожалығын ашады. Нарынқолдың ақсаусақ Несібелдісі түйе саумақ былай тұрсын ол кезде бұл жануардың суретін де көрмеген жас келіншек қой. Өкімет шаруашылыққа деп 30 гектар жер береді.
– Ешкім іштен оқып тумайды ғой. Өмір өзі тәрбиелейді екен, балам.
Күнде таң алагеуімде, сағат 6-да ұйқымнан оянамын. Намазымды оқып, сағат 8-де келушілерге сүтімді дайындап тұрамын. Соңғы 7-8 жылдың шамасында ел түйе сүтінің қасиетін ұғынып, жаппай емге ішіп жатыр. Қарабұлақ, Сайрам, Леңгір, Темірлан жақтардан келіп жылы күйінде ішеді. Күніне 20 адамдай қабылдаймыз. Сүт мол болса, артылып қалғанын қымыран қып ашытамыз. Балалай аруаналарды да, сауын биелерімді де үш мезгіл сауамын. Уақыттың қалай өте шыққанын байқамай да қаламыз. Қорадағылар қолбала түйелер, бота кезінен мәпелеп өсірген жануарларым ғой. Түйені сатып аларда малдың мінезін әбден зерттеп, үш литрден жоғары сүт беретінін аламыз. Бізге басы емес, сүті керек. Бағымыздағы әбден екшеліп әкелінген түйелер.

– Қазір бір түйе қаншаға бағаланады? Ал оның сүті ше?

– Қазір шұбаттың 1 литрінің бағасы – 1000 теңге. Ал 3 литрге дейін сүт беретін түйе 1,5 миллион теңгеге саудаланады.

– Түйе баққан оңай ма, жылқы баққан ба?

– Жер кең, шөбі шүйгін болса түйе баққан оңай ғой. Бір сиырды сауып болғанша үш түйе сауасың. Оны сауғанда тізерлеп отырмайсың. Түрегеп сауып ала бересің.
Осы кезде қазақтың халық ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының:
– «Көштің көркі түйе еді,
Шыңырауға қауға байлап бақ.
Жетекші келер жылқы мал,
Семізін мініп айдап бақ.
Қой деген мал береке,
Қолайлы қоныс жайлатпақ.
Сиыр, өгіз тоқ қылар,
Түнеген жері айбатпақ.
Шаруа болсаң, мәнісін
Әрқайсысының ойлан тап», - деген өлең шумағы ойыма оралды. Бұл жерде «түйені шыңырауға қауға байлап бақ» дегені, көнтеріден жасалған шелегіңді тастама деп ұғындырғысы келгені. Яғни, қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп, мал шаруашылығын кәсіп еткен бабаларымыз ХІХ ғасырда-ақ түйенің, оның сүтінің пайдасы көл-көсір екенін меңзеп тұр.
Ресейліктер хайуанаттың барлық түрін жинап, лазер сәулесіне жатқызып, тәжірибеден өткізіпті. Сонда тек түйе ғана тірі қалыпты. Тексере келе, оның өркешінде, майында, жүнінде радиация өткізбейтін ақуыз бар екені анықталыпты. Орыстар сол кезде осы құпияны білген, бірақ жасырын ұстаған. Қазірде түйе жүнін бойынан ешқандай сәуле өткізбейтіні үшін ғарышкерлердің киіміне пайдаланады деседі.
– Өзім түйенің жүнінен көрпе тігемін, белбау тоқимын. 65 жастамын десем, ешкім сенбейді. Денсаулығыма ешқандай шағымым жоқ. Таңғы 6-да тұрып, түнгі 12-де басым жастыққа тиеді. Жасыратыны жоқ, кейбір кездері шаршаңқырайтын кезім болады. Балалар да «көп шабыла бермеңіз!» деп шырқырайды. Көкеңе: «Шаршадым» деген сөзді айтпайықшы. Құдай шаршатпасын!» - деп айтып отырамын.
Әдепкіде жұрт біздің кейіпкерімізге «түйеші» деп менсініңкіремей миығынан күле қараған екен. Осы кәсіпті ашқалы жергілікті тұрғындардан түрткі көргенін де жасырмады. Бос жатқан жайылымдық жерді қызғанатын көрінеді. Не өзі қарекет етпейтін, еңбектенген адамды көре алмайтын пенделік-ай десеңші! Әйтпесе, Әбілқасым көкеге қора жұмысына, Несіп апаға түйе саууға қолғабыс ететін малшы, сауыншылар ауадай қажет-ақ. Олар өз ауылдарына хабарлама да беріпті. Бірақ, қара жұмыс істеуге ешкім құлық таныта қоймапты.
Ресми атауы Қасымбек Датқа болғанымен, Несібелді апаның түйесіне бола бұл ауыл Түйелі аталып кеткен екен. Қалаға қайтып келе жатып: «Өкіметке қол жайып, бала туғанын міндет етіп, үйде бекер отырған кейбір әйелдер жасы 70-ке қарай қадам басқан Несібелді ападан үлгі алса еді. Сауыншылыққа шақырса, шіреніп бармайтын келіншектер нәсіп түбі еңбек екенін ұқпай ма екен» деп ойландым.
Шынында 31 жылдан бері түйе шаруашылығын кәсіп етіп, халыққа табиғи ұлттық сусын ұсынып келе жатқан Әбілқасым мен Несібелдідей еңбекқор жандардан үйренеріміз көп. Соны білген әйгілі британдық Би-би-си арнасының тілшілері былтыр арнайы келіп кейіпкерімізді бейнетаспаға түсіріп, репортаж жасапты.
Адам еңбегімен бағалы деген рас қой.

Последнее изменение Воскресенье, 22 Март 2020 19:24
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.