«Қазір – ақпараттық соғыс жүріп жатқан кезең. Бұл жағдай сандық технологияларды дамыту керектігін меңзейді. Адамзат баласы ғарышқа жол салуға әрекет етіп жатқаны да белгілі. Сол себепті, ендігі кезекте өнім шығару мен ақыл-ой арқылы қаржы табуды 50 пайызға дейін көтеру керек». Елбасы Жолдауы талқыға түскен жиында М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың "Саясаттану және халықаралық қатынастар" кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков осылай деді. Әл-Фараби ауданы әкімдігі мен қалалық білім бөлімі бірлесе ұйымдастырған жиында пайымды пікірлер ортаға салынды. Алдымызда жүктеліп отырған басымдылықтар сөз болды.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған Үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын насихаттау жиынына зиялы қауым өкілдері, білім саласының қызметкерлері, ұстаздар, ата-аналар, ардагерлер қатысты. Жолдау білім саласын дамытуға көп басымдық жүктеп отыр. Өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға, ақпараттық технологияларды меңгеруге, баса көңіл бөлу керек.
Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов биылғы Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру басты мақсат екеніне тоқталса, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Саясаттану және халықаралық қатынастар» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Аралбайұлы халықаралық қатынастардағы жағдайларды сөз етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқан Омаров «ұрпақ тәрбиесінде ата-баба дәстүрін басты идеология етіп алу керек» деген пікірін білдіре келе, мектептерде бастауыш ардагерлер ұйымдарын құруды қолға алу керектігін сөз етті.
Жиынды қорытындылаған қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева ұстаздарды ғылыми-технологиялық жетістіктерді пайдалануға шақырып, оқушылардың шет тілдерін білуі керектігіне назар аударды.