ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕС – ҚҰТ-БЕРЕКЕ БАСТАУЫ Избранное

Пятница, 10 Февраль 2023 04:12 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1859 раз

Отбасының берекесін ұйытып, бала тәрбиелеп, ер-азаматын күтетін әйелдер ел экономикасын дамыту бағытындағы жұмыстарда да өте белсенді. Әсіресе, кәсіпкерлік саласын өсіп-өркендетуде қыз-келіншектер тартынып жатқан жоқ. Бұған мысал, Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған 95,5 мың бизнес құрылымның 52 пайызын әйелдер басқарады екен.

1003

 

Ал, бұл салаға жауапты мекемелер мен ұйымдар болса нәзікжандыларға бизнес әліппесін үйрету, қаржылық қолдау бойынша кеңес-көмек көрсетіп келеді. Әсіресе әйелдердің кәсіпкерлігі дегенде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанына құрылған Іскер әйелдер кеңесін айтпай кетуге болмас. Бүгінде қаладағы іскер әйелдердің басын қосып, арнайы орта қалыптастырып отырған кеңестің құрымында 127 кәсіпкер қыз-келіншек бар. Бұған дейін түрлі ауқымды жобаларды жүзеге асырып келген кеңестің биылғы атқарар тірлігі аз емес.
–Біздің негізгі мақсатымыз – кәсіпкер әйелдерді бір ұйымға топтастырып, жаңадан кәсібін бастаған жандарды алға қарай жетелеу. Бизнесте жүрген әйелдерді бірнеше топқа бөліп қарасақ, кәсіпті енді бастаушы, кәсібі дағдарысқа ұшыраған, жұмысы енді жанданған, сонымен қоса отбасында өзін-өзі жұмыспен қамтып, ісін жүргізіп отырғандар деп бөлуге болады. Бізге келушілердің барлығын бір мақсат тоғыстырады – ол бизнесін өркендету. Негізінен қаладағы ең ірі бизнеске ер азаматтар жетекшілік етеді. Әйелдердің кәсіпкерлігі шағын бизнестің бастауы болып табылады. Біздің кеңес әйелдерді шағын кәсіпкерліктен ірі бизнеске жетелеп, жол көрсетеді. Осы бағытта биыл ауқымды жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Ең алдымен әйелдердің бизнес деңгейін өсіру үшін олардың сана-сезімі мен көзқарасын өзгерту қажет екенін назарға алып, 6 бағытқа негізделген жоспарды алға тартып отырмыз, - деді кеңес төрайымы Алма Нұралықызы.

1005


Бүгінде әйелдердің басым бөлігі білім беру және медицина мекемелерін басқарады. Ал қызмет көрсету саласынан сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібін дөңгелетіп отыр. Сауда және сұлулық салондары секілді қызмет көрсету салаларында ең көп жұмыс орындарын ашып отырған да осы қыз-келіншектер қауымы. Осы тұста кәсіпкер әйелдердің санын өсіру емес, сапалы түрде дамытып, ірі бизнеске бағыттау қажет. Сонымен қоса, отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер мен жалғызбасты аналарды қоғамнан шет қалдырмай, кәсіпке баулу да аса маңызды мәселе.
–Кез келген ірі кәсіпорынның шығу тарихына үңілсеңіз, алғашында отбасылық шағын кәсіптен басталғанына көз жеткізесіз. Отбасының бір мүшесі кәсіп бастаса оның өркендеуіне бүкіл отбасы жұдырықтай жұмылады. Тіпті, кішкентай баланың өзі көмекші бола алады. Біздің жобаларымыздың басым бөлігі осындай отбасылық бизнеске арналған. Отбасылық кәсіп – көпбалалы аналар, жалғызбасты әйелдерге және мүгедек бала асырап отырған аналарға өте қолайлы. Осы бойынша бірнеше кәсіпкер әйелге осы бағытқа ұсыныс тастап, арнайы бизнес-инкубатор жобасын жасап бердік. Ұсынысымыз оңалту орталықтарының жетекшілеріне ұнап, іске асыруға кірісіп кетті, - деді А.Арқабаева.
Ерекше балаларды қоғамға баулу үшін алдымен оны тәрбиелеп отырған ата-ананы кәсіпке баулып, жұмыспен қамту қажет. Әлеуметтік жағдайында оң өзгеріс орын алғаннан кейін өз кезегінде баланы да қоршаған ортаға бейімдеу оңай болмақ. Осындай мақсатты алға тартқан «Arman alani» коалициясы құрамына бес оңалту орталығы кіріп, іске жұмыла әрекет етіп отыр. Оның құрамында қаладағы Ағабек Қарабеков атындағы оңалту орталығы, «JanBota» инновациялық-әлеуметтік ресурстық орталық, «Рахмет, саған Анашым» мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарынан құралған қоғамдық бірлестігі, «АРДА» аутизммен ауыратын балалардың аналарының қоғамдық бірлестігі және «I am bala» коррекциялық орталығы бар. Ауқымды бірлестікке жетекшілік етіп отырған Фарида Бакибаеваның сөзінше, мұндай жобаны 2019 жылы Қарабеков Ағабек оңалту орталығында тәжірибеден өткізіпті.

1004


–Біздің оңалту орталығымыз 2018 жылы өз жұмысын бастап дисплазиямен ауыратын нәрестелерге ем жүргізе бастады. Мұндай науқастардың аналары көп уақыт балаларға күтім жасау үшін жұмыс орнынан айырылып, табыссыз қалатынын көп көрдік. 2019 жылдан бастап оңалту орталығы жанынан шағын тігін курсын аштық. Балалар дәрігерлерден ем алып жатқанда аналары тегін курс оқып, жаңа кәсіпті меңгерді. Курсты тәмамдағын қыз-келіншектерді жұмыспен қамту үшін шағын тігін-шеберханасын да жолға қойдық. Нәтижесінде, аналар әрі балаларын емдетіп, әрі табыс тауып отырды. Осылай шеберханада 40-қа жуық ана жұмыс істеді. Ендігі мақсатымыз – осы кәсіпті кеңейтіп, әкелерге де арналған дәнекерлеу, автослесарь секілді мамандықты үйрететін курс ашуды көздеп отырмыз. Одан бөлек, мүгедектігі бар, бірақ білім алуға қабілетті балаларға арнап инклюзивті білім беру орталығын ашу жоспары да бар. Қазір құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Ерекше балалардың бойында да ерекше қасиеттер кездеседі. Осындай балаларға білім беріп, кәсіпке баулитын болсақ, болашақта олардың арасынан ғылымға жаңалық енгізетін азаматтар шығуы бек мүмкін - дейді Фарида Палуанқызы.
«Arman alani» коалициясы құрамында 2 оңалту орталығы, 3 коррекциялық мекеме біріктірілген. Балаларға инклюзивті білім беру, оңалту орталықтарында емделу қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау басқармасының жолдамасымен ақысыз түрде жүзеге асырылмақ. Ал, оңалту орталығында тігін курсын оқыған аналар алдағы уақытта «Бизнес бастау» жобасы арқылы мемлекеттік грант алып, үйінде өз кәсібін дөңгелетуді жоспарлап отыр. Орталықта ісмерлікті үйренген Ақерке Азизбекова да үйде бала тәрбиелеп, әрі табыс табуды көздеп отырған ананың бірі.
–Үшінші перзентім дисплазиямен ауырады. 2021 жылы Ағабек Қарабеков оңалту орталығында баламды емдетіп, әрі сол жерде ашылған тігін тігу курсына қатыстым. Біз курста төсек-жаймаларды тігуді үйреніп, әрі сол жерде жұмыс істедік. Баланы дәрігер емдеуіне қалдырып, күтіп отырғаннан жаңа кәсіп үйренген әлдеқайда жақсы. Өзім жоғары оқу орнын химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған болатынмын. Тұрмысқа шығып, жылма-жыл дүниеге келген балаларға күтім жасап, жұмыс істей алмадым. Қазір төртінші сәбидің күтіміндегі анамын. Алдағы уақытта осы тігіншілік бағыты бойынша бизнес-жоспар құрып, мемлекеттің қолдауынан үміттімін. Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіп бастауға ниет еткен жандардың барлығына қолдау көрсетіп жатқанын көріп жүрмін. Осылайша отбасылық бизнесті жолға қойсам деймін,- дейді Ақерке Жақсылыққызы.

1006


Көпбалалы, жалғызбасты немесе ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақыға байланбай, үйде отырып табыс табамын, отбасылық кәсібімді дөңгелетемін дегені көңілге қуаныш ұялататыны анық. Ниетпен бірге әрекет те қажет-ақ. Егер бағытқа тағы бағдар қажет болса, «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесіне жүгінуге болады. Кеңестің төрайымы Алма Арқабаева кәсібін дамытып, қоғамға пайдалы болғысы келетін әйелдерге әрдайым есігіміз ашық деп отыр. Жуырда Іскер әйелдер кеңесінің қамқоршылық кеңесі қаладағы көпбалалы, мүгедек бала асырап отырған, жалғызбасты және аз қамтылған 32 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіпті. Ендігі сәтте, осы отбасыларды бизнеске баулитын жобаны жүзеге асырмақшы.
–Ақпан айынан бастап 32 отбасына арналған «Өзіңе сен» деген жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Жоба шеңберінде 4 кездесу ұйымдастырылып, оның алғашында бизнеске жоспар құруды үйренеді. Екінші кездесуде өзіне сенімділікті арттыру үшін психологтар сабақ жүргізеді, үшінші сабақта өзінің бойындағы қабілетін анықтап, кәсіптің сол түріне қарай бағыт берілсе, төртінші күні бизнеске «Жол карта» жасауды үйренеді. Мақсатымыз – мұндай отбасылардың әлеуметтік мәселесін шешілуіне жол көрсетіп, оларды қаржылық тәуелсіздікке жеткізу. Өйткені, ерлі -зайыптылар іскер әріптес ретінде жарасып жұмыс істей алады. Сондықтан бизнес бастауға ниеттенгендерге ең алдымен отбасылық кәсіпті таңдауға кеңес беремін.
Отбасылық бизнестің әлеуеті шексіз. Қазір бұл салада шағын дүкеннен бастап ірі кәсіпорындарға дейін бар. Қашанда еңбек еткен адамның еңсесі биік. Істің көзін тауып, кәсібін өрістетіп жатқандардың алға қойған жоспары да, ойға алған тірлігі де көп. Себебі, олар өзіне сенеді. Мемлекеттен қолдау бар екенін де біледі. Ендеше, ойда жүргенді амалға асыру әркімнің еркіндегі мәселе. Отбасында әйел болсын, ер болсын бір кәсіпте жұдырықтай жұмылса алып күш, бәсекеге қабілетті бизнес болмақ.