ЕСКІНІ ЖАМАҒАННЫҢ ЕСІ КЕТЕДІ Избранное

Пятница, 17 Февраль 2023 04:56 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3527 раз

Шымкентте 2023 жылы тозығы жеткен6 тұрғын үй жаңарады

Үшінші мегаполисте тозығы жеткен 107 көпқабатты тұрғын үй түбегейлі жаңарады. Реновациялық бағдарлама инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес тұрғындардың келісімімен жүзеге асырылады. Шаһарда жуырда реновациялауға жататын объектілер бойынша тұрғын үй иелеріне өтеудің тәртібі мен шарттары, сондай-ақ қаржыландыру мәселелері бойынша аудан әкімдіктерінің, тұрғын үй басқармасының, «Shymkent ӘКК» АҚ және инвесторлардың қатысуымен алғашқы қоғамдық тыңдау өтті. Жалпы елімізде 2029 жылға дейін 1500 тұрғын үйді бұзып, орнына жаңадан көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізу арқылы, үй иелерін жаңадан баспаналы ету жоспарланған.

21

Ал Шымкент қаласында 2 311 көппәтерлі тұрғын үй болса, оның 70 пайыздан астамы кеңес заманында пайдалануға берілген. Тіпті, іргетасы 1950 жылы қаланған көпқабатты үйлер мен өндіріс орындарының жатақханаларын әлі күнге дейін тұрғындар паналап отыр. Тозығы жеткен үйлерге қаншама рет ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізгенімен іргетасы отырып, қабырғасы сөгіліп, арасында құлауға шақ тұрғандары жетерлік. Бүгінде қалада осындай 107 көпқабатты үй бар екен. Биылдан бастап Шымкент қаласындағы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мұндай үйлерге реновация жүргізу үшін инвесторларға жоба ұсынып отыр.
Шымкент қаласы әкімідігінің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы қала аумағындағы авариялық, тозығы жеткен 6 тұрғын үйді бұзып, қайта жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Аталған үйлер Абай ауданында - 1, Әл-Фараби ауданында - 1, Еңбекші ауданында - 1, Тұран ауданында - 3.

20


Жуырда «Shymkent» ӘКК» мамандары Төле би көшесі №35, 37 үйдің тұрғындарымен кезекті рет кездесіп, осы бағдарламаның жөн-жосығын түсіндірді. Аталған мекенжайда орналасқан үй 1957 жылы пайдалануға берілген. Алғашында өндіріс орнының жұмысшылары тұрақтаған жатақханада бүгінде 14 отбасы тұрады. Екі қабатты ескі ғимараттың едені шіріп, есік-терезесінің әбден тозығы жеткен.
–Қаладағы ескі үйлерді реновациялау жайында қала әкімінің қаулысы шықты. Осындай үйлерді жаңарту үшін инвесторлар іздеп жатырмыз. Реновация бағдарламасын «Shymkent» ӘКК» АҚ мен қаланың тұрғын үй басқармасы бірлесе атқарады. Ол үшін ескі үйдің барлық тұрғыны келісім беруі керек. Келісімде инвестор тұрғыннан баспанасын түгелдей сатып алуы, құрылыс аяқталғанша арендалық үйге көшіріп, жалдау ақысын төлеу және жаңа көпқабатты үйден пәтер беру секілді ұсыныстар көзделген. Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында тұрғындармен жиі кездесу ұйымдастырып, түсіндіру шарасын жүргізіп келеміз. Басым бөлігі мұндай ұсынысқа оң қабақ танытуда. Десек те, келісім бермей жатқан азаматтар да баршылық. Олардың уәжі ескі үйдің бағасына көңілі толмайды. Мәселен, қарсылық танытқан тұрғындар баспанасының құнын қымбаттатып, сол қаржыны талап етуде. Мәселелердің оңды шешілуі үшін түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Мегаполистегі апат алдындағы үйлерді жаңартып, заманауи ғимараттардың көптеп салынуын, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуды мақсат еткен жобадан ешкім ұтылмайтыны анық, - дейді «Shymkent ӘКК» мекемесінің құрылыс департаментінің директоры Руслан Серікбаев.
Тұрғындардың пікірін білу және ескі үйлердің бүгінгі жағдайымен танысу мақсатында Төле би көшесінде орналасқан №37 үйде болдық. Реновациялау бағдарламасына тұрғындардың көзқарасы әрқилы. Бірі – құлау алдындағы тұрғын үйдің жаңартылатынына қуанса, бірі мұндай жобаның жүзеге асуына күмән келтіреді. Осы үйде 20 жылдан бері тұратын шымкенттік Сафира Құрбаналиева баспанасы сүріліп, орнына жаңа үй салуға келісімін беріп отырған тұрғынның бірі.
–Анам екеуіміздің осында көшіп келгенімізге 20 жылдан асты. Ол кезде 9 жаста едім. Сол кездің өзінде үйдің іргетасы жарамсыз еді. Уақыт өте келе ғимарат шөгіп, іргетасы көрінбейтін болды. Балалық шағым өткен үй маған қашан да ыстық. Алайда, жөндеуге келмейтін үйдің бұзылып, орнына жаңасы салынғаны дұрыс. Жатақхананың асханасы, жуынатын бөлмесі, әжетханасының тозғаны соншалықты мүлдем жөндеуге келмейді. Содан болар тұрғындардың ешқайсысы мұндай істерді қолға алуға құлқы жоқ. Отбасымыздың жалғыз тілегі бар – баспанамыздың орнына жаңа пәтер берілсе екен, - дейді тұрғын.

Есіктен кірген бойда ғимарат іші өткен ғасырды еске салады. Дәліздері қараңғы, қабырға бояуы да әбден көнерген. Бірінші қабаттағы пәтердің көбі бос тұр, онда тек екі отбасы ғана тұрып жатыр екен. Екінші қабатқа көтерілетін ағаш баспалдақта да өткеннің ізі жатыр. Асханасының есік-терезесіз қалғанына 5 жылдан асыпты. Едені шіріп, бөлменің бір шеті опырылған. Ішке кіруге жүрексіндік. Десек те, осы үйдің тұрғындары қысы-жазы терезесі жоқ, едені жарамсыз асханада ас пісіріп келіпті. Ал, жуыну бөлмесі аты болғанымен, ол жердегі тұрып қалған қалдық судың иісі қолқаны қабады.
–Мен бұл ғимараттың бұзылуына қарсымын, - дейді есімін атаудан бас тартқан тұрғын. Оның сөзінше, ескі ғимаратта 7 кәсіпкерлік нысан бар. Сол нысанның бірі – осы тұрғынға тиесілі. Бизнес бағытындағы пәтерлер Төле би мен Сарбаздар көшесіне қараған бетте орналасқан. Азық-түлік дүкені, техникалық қызмет көрсету мен бір сырахана бар.
–Жеке өзім инвестор келіп, мына үйдің орнына жаңасын салып, сосын тұрғындарға пәтер кілтін оңай жолмен беретініне көзім жетпейді. Мұндағы барлық бизнес нысандар бірінші қабатта орналасқан. Бәлкім екінші қабат апатты жағдайда шығар. Ал, бірінші қабатқа мұның түк қатысы жоқ. Былтыр да бір кәсіпкер келіп, ескі үйдің орнына жаңа үй салып берем деген еді. Өзім келісім бермейтінімді айттым. Инвестор үй салып бітем дегенше дайын кәсібімді тоқтата алмаймын, -дейді кәсіпкер.

22


«Shymkent» ӘКК-тің» мамандары бұл азаматқа реновация бағдарламасының заңдылығы мен оның жүзеге асуы жайында толық мәлімет берген соң кәсіпкердің келісімге келгені байқалды.
Шымкентте ескі үйлер мәселесі бүгін қозғалып отырған жоқ. 2019 жылы құрлыс компанияның өкілдері бірнеше үй тұрғындарымен ғимаратты сүріп тастап, құрлысы бастау жайлы келісім жүргізген екен. Ол кезде тұрғындар бұл бастамадан үзілді-кесілді бас тартып, реновация тақырыбы уақытша жабылған. Бүгінге келіп үйдің жөндеуге келмейтініне әбден көз жеткізген тұрғындар жаңа бағдарламаны жылы қабылдай бастады. Ал, бұрынғы қарсылық танытып жүрген үй иелері бір бөлмелі жатақханасын арзан бағаға жалға беріп, өздері қаланың басқа бұрышынан жаңа пәтерді жалдап тұрады екен.
–Үйдің жағдайына байланысты жалдау ақысы да төмен. Айына 15 мың теңгеге көп балалы аналар мен жалғыз басты әйелдер көп келеді. Кезінде үйді бұзуға қарсы болған көршілерім енді өздері басқа жақтан пәтер жалдап жүр. Өрт қауіпсіздігі талабы сақталмайтын болғасын осы жатақханада жиі өрт шығып тұрады. Бәрінен де шиіттей 6 бала асырап отырған отбасыларды уайымдаймын. Өзім 20 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істегендіктен реновацияға бұрын да келісім бергенмін. Қазір де ойымнан айнымаймын. Тек дәл осы жерде салынған үйден пәтер берсе болғаны. Осында 34 жылдан бері тұрамын. Қаламызда құрылыстың өркендеуін өз көзіммен көріп келемін. Сондықтан жаңашылдыққа еш қарсылығым жоқ, – дейді тұрғын Валентина Лесникова.
Шаһардағы реновация бағдарламасын жүзеге асыруға 6 инвестор өз қызығушылығын білдіріпті. Бүгінде кәсіпкерлермен құжат рәсімдеу жұмыстары басталып кетті. Тұрғындар толық мәмілеге келсе, үш жақты келісім жасалып көне үйлер сүріле бастайды.
Енді әлемдегі ірі қалаларда қолға алынған реновация бағдарламасының тарихына келсек, ол алғаш рет бұдан 68 жыл бұрын қолға алынған. Ол 1954 жылы АҚШ-тың Президенті Дэвит Эйзенхауердің кезінде Миссури штатындағы Сент-Луис қаласында басталды. Бұл бағдарлама «Приюитт-Айгоу» деп аталды. Жұмыс жас архитектор М.Ямасакидің жобасы бойынша жүргізілді. Қаланың жанындағы бір-біріне мінгескен лашықтардың орнына бір текті 33 он бір қабатты үй салынған. Жаңа ғимарат жанынан жасыл-желекті гүлзарлар да пайда болды. Ал пәтерлер қарапайым, әрі тұрмысқа қолайлылығымен ерекшеленіп тұрды. Бұл бағдарламаның тиімді болғаны соншалық, осы тәжірибе АҚШ-тың басқа қалаларында, кейіннен әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұрғындары тығыз орналасқан ірі қалаларға тарай бастады. Шымкент қаласы да озық елдер тәжірибесін қолдана отырып, көнерген үйлердің орнына жаңасын салу ісін жандандыруға көшті.