Өңіріміздегі мемлекеттік қызметте 400-ге жуық бос орын бар. Бұл туралы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар бойынша ұйымдастырылған жәрмеңкеде белгілі болды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті мен облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында өткен жәрмеңкеге биыл аймақтан 60-қа жуық мемлекеттік орган қатысты.
– Жәрмеңкенің мақсаты – облыстың жергілікті және аумақтық атқарушы органдарындағы бос мемлекеттік лауазымдарға орналасу тәртібін түсіндіру. Сондықтан жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандарды, жұмыссызд қатарында тұрған азаматтарды көптеп шақырдық. Өйткені, ең төменгі лауазымдарға еңбек өтілі қажет емес, тек дипломы болса болғаны, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысы Әли Көмекбаев.
Департамент басшысы бүгінгі таңда мемлекеттік қызметкерлердің беделін арттыруда бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Нақты айтқанда мемлекеттік қызметкерлерге жалақы төлеудің жаңа пилоттық жүйесі қосылып, сынақ Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен әділет министрлігі, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде басталған.
Бұл жолғы жәрмеңкеге қатысушыларға Шымкент қаласы әкімінің аппаратындағы, Әл-Фараби ауданы әкіміндегі және мәдениет және тілдерді дамыту бөліміндегі бос жұмыс орындары ұсынылды. Айта Іс-шараға қатысушылардың арасында жастардың қарасы көп болды. Жас түлектер өз мамандықтары бойынша облыс-қала әкімдіктері, басқарма, департаменттердің өкілдерінен қажетті кеңестер алды.
Еске салсақ, облыста қазір 575 мемлекеттік органда 8769 мемлекеттік лауазым бар, онда 8500-ге жуық маман қызмет атқарады.