Шымкенттегі емханалар толықтай қағазбастылықтан арылып, электронды қызмет түріне өтті.
Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев Шымқалаға келген сапарында атап өтті. Вице-министр бастаған бір топ делегация «Денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасын іске асыру мақсатында екі күн семинар өткізіп, өңірдегі емхана-ауруханалардың бас дәрігерлеріне жобаны түсіндірген болатын.
«Денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасының елімізде жүзеге асып келе жатқанына биыл - үшінші жыл. Бағдарлама аясында алты бастама іске асырылуда. Онда әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, жекеменшік медициналық мекемелер мен бәсекелестікті нығайту, денсаулық саласында бірыңғай ақпараттық кеңістік құру, дәрі-дәрмек нарығын, медциналық туризм мен импортты алмастыру, әлеуметтік маңызы бар ауруларға түсетін ауыртпалықты азайту көзделген.
– 2020 жылы басталатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, онда қарапайым тұрғындарға қандай шарттар енгізіледі, цифрландыру жүйесі нендей пайда әкеледі және өзге де жобадағы атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіреміз, - дейді денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.
Вице-министр сәуірден бастап медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізу пилоттық жобасы енгізілген төрт аймақтың бірі - Шымқаладағы денсаулық ұйымдарының жұмысына оң бағасын берді. Бүгінгі таңда қаладағы емханаларға онлайн тіркелу, электронды кезекке тұру, дәрігерге жазылу секілді қызмет түрлерін үйінде отырып алуға болады.
Жаңа жоба аясында қаладағы медицина мекемелерінде дәрігерлер қағазбастылықтан құтылып, науқастың ауру тарихын жазу, науқастарды тіркеу, олардың дәрігер алдында кезек күтуі сынды рәсімдер арнайы бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.
– Емханамыз жаңа технологиялармен қамтамасыз етілді. Қазір тұрғындардың мобильді қосымшалар арқылы медициналық қызмет түрлерін алуға толық мүмкіндігі бар. Әзірге қосымшаны тұрғындардың 16-17 пайызы ғана смартфондарына енгізді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізілуде, - деді Шымкент қалалық №11 емхананың бас дәрігері Бақытжан Мырзагелдиев.
Семинар барысында созылмалы аурулардың алдын алу, алғашқы медициналық көмекті дамыту, денсаулық саласына ұжымдық басқару және электронды денсаулық сақтау жүйесі тақырыбында өзекті мәселелер талқыланды.