Шымкенттегі №2 қалалық ауруханада жүкті әйелдерді емдеуге арналған патология бөлімшесі ашылды. 20 төсек-орынға арналған бөлімше екінші деңгейдегі перинаталды көмек көрсету үшін заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толыққан. Өткен жылдың өзінде ауруханада 4 мыңға жуық сәби дүниеге келген.
– Мегаполисте туу көрсеткіші артып, бала саны көбеюде. 2018 жылы ауруханада 3567 сәби дүниеге келді. Босану бөлімшесіндегі 90 төсек 155-ке көбейтілді. Бұл көрсеткіштер ауруханада жүкті аналарға медициналық қызмет көрсетудің аясын кеңейтіп, ана мен бала саулығын жақсартуда жаңа қажеттіліктер туындады, - дейді №2 аурухананың бас дәрігері Сәрсен Пернебеков.
Бөлімшеде емделіп жатқан қала тұрғыны Тұрсынай Пірматованы дәрігерлер отамен босандыруға дайындауда.
– Үшінші сәбиіме жүктімін. Алдында екі баламды отамен босандым. Кешеден бері дәрігерлер медициналық тексеруден өткізді, денсаулығымды бақылауға алып, жағдайымды сұрап жүр. Енді аман-есен босанып алсам, - дейді жүкті ана.
Патология бөлімшесінде жүктіліктің 34-аптасына бастап қан аздықтың ауыр дәрежесі, бір немесе екі кесарь тілігі бар жүкті әйелдер, айтолғақ, мерзімінен асқан жүктілік, ЭКҰ, көп ұрықты жүктілік секілді паталогиясы бар науқастарға медициналық қызмет көрсетіледі.