«Бірыңғай әлеуметтік орталық» қызметін бастады Избранное

Пятница, 22 Февраль 2019 04:07 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2957 раз

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы ғимаратында тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсететін орталық ашылды.

IMG 20190221 102216-1

«Бірыңғай әлеуметтік терезеде» білім, денсаулық, тұрғын үй, еңбек және әлеуметтік қорғау және көші-қон, жұмыспен қамту басқармаларының өкілдері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындарға қажетті кеңес беріп, мәселелерін шешуге атсалысады.

Әлеуметтік назын айта келгендерді «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәслихаттың депутаты Ермек Дәрменов тыңдады. Солардың бірі – төрт баланың анасы Қазына Мұратқұлова.

– Күйеуім ішкілікке салынып кеткесін ажырастым, алимент төлемейді. Шымкентке көшіп келгеніме екі жыл болды. Әзірге тұрғын үй кезегіне тұра алмаймын, балаларыма жәрдемақы алмағанмын.

Үлкенім алты жаста, кішкентайым 1 жастан асты. Олар кішкентай болғасын, жұмыс істеуге мүмкіндігім болмай жатыр. Қайнарбұлақ саяжайында сіңлімнің аядай екі бөлмесінде оннан астам адам тұрамыз. Баспаналы болуға қол ұшын берсеңіздер, – дейді жалғызбасты ана.

Қазына Мұратқұлованың мәселесін Бахадыр Нарымбетов сол жерде шешуге әрекет жасап, ананы жатақханамен қамтуға болатынын жеткізді. Осы мәселе бойынша бір депутатты бекітіп, азық-түлік, мектепте балаларының ыстық тамақ, киім-кешекпен қамтуға қолдау жасауға көмектесетінін атап өтті.

Сосын жалғызбасты ананы орталықтағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өкілдеріне жіберіп, балаларға берілетін жәрдемақыға құжат туралаудың жай-жапсарын нақтылап алуды ұсынды.

Ал шымкенттік 5 баланың әкесі Бейбіт Давлетияровты ХҚКО қызметкерлері тұрғын үй кезегіне алмаған.
– 5 бөлмелі үйді жалға алып тұрамыз. Әйелім кішкентайымен үйде, өзім түрлі жұмыстар істеп, ақша табамын. Балаларыма қиындық көрсетпей, ешкімге алақан жаймай, өмір сүріп келеміз.

Бірақ үй алуға мүмкіндік жоқ. Әйелім көпбалалы ана ретінде баспанаға кезекке тұрайын десе, бір жылдық табысты көрсететін құжат сұрайды, – деді азамат.

– Бірыңғай әлеуметтік терезеге келгендердің мәселесін үш жолмен шешуге тырысып жатырмыз. Алдымен әлеуметтік көмекке өте мұқтаждардың мәселесін назарға аламыз. Жергілікті әкімдіктің күшімен көмектесуге болатындарды сол жаққа нұсқаймыз. Кейбір жағдайлар заңнамалық өзгерістерді қажет етеді.

Яғни, үйге кезекке тұруға бізге келген азамат айтып кеткендей, табысын сұрайды. Тұрақты жұмысы болмаса, расында қалай табысын көрсетеді? Сондықтан қазір мұндай мәселелерді жинақтап, орталыққа ұсыныс ретінде жібереміз.

Үшіншісі, жомарт жандардың көмегімен әлеуметтік қолдау жасалады. Үш күннің ішінде 313 азамат өтініш қалдырды. Олардың ешбірі назардан қалмайды, – деді Бахадыр Нарымбетов.

Орталыққа келгендердің шағымдарының бірқатары коммуналдық төлемдерді уақытында төлей алмағандар мен мүгедек балаларға қажетті көмекші құралдарға қол ұшын созуға қатысты.

– 4 мың теңге жарыққа қарыз болған. Қырқып кетіпті. Шиеттей бала-шағасымен осындай суықта жылусыз қалып қойған. Жомарт жандарға шықтық, олар көмектесті, – деді Б.Нарымбетов. Сол үшін қоғамға әрқайсымыз айналамызда жүрген жандардың жағдайына алаңдап, қол ұшын созып, қамқор болайық деген ұсыныс жасады.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі. 

Другие материалы в этой категории: « «Мен – Донормын» Мейірім мөлдіреген күн »