Шымкент дәрігерлері шетелдіктерге ота жасауда Избранное

Пятница, 15 Март 2019 04:42 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1055 раз

Қазақстанға келіп трансплантологиялық операция жасататын шетелдік азаматтар қатары артты. Шетелдіктер денсаулықтарын нығайтуда, әсіресе, Шымкенттің білікті ақ халаттыларына сенім білдіруде.

Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлімдеді.

Хирург 2

Жалпы, мегаполистің хирургтары бүйрек алмастыру бойынша 145 және бауыр алмастыру бойынша 19 операцияны сәтті жасады. Осы білікті дәрігерлер көмегіне жүгінгендердің арасында еліміздің ғана емес, басқа мемлекеттердің де азаматтары бар.

– Медициналық туризмді дамыту мақсатында Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханада шетелдің 17 азаматына тірі донордың бүйрегін салу операциялары жасалды. Олар – Германия, Канада, Израиль, Румыния азаматтары.

Бүгінгі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Донорлар мен ота жасалғандар амбулаториялық ем алды. Барлық операцияны аурухананың білікті трансплантолог-дәрігерлері жасады, - деп мәлімдеді қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Шетелдік азаматтардың Шымкенттің дәрігерлерінің көмегіне жүгінуі өңіріміздің ғана емес, еліміздің медицина саласындағы негізгі жетістік саналады. Бұған бір себеп - трансплантологиялық операцияларды жасайтын клиника заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.

Мұндағы мамандар да білікті. Медициналық ұйымда 7 блоктан тұратын операция жасау бөлімі және бүйрек пен бауыр алмастыратын хирургия бөлімі бар. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді.

– Шетелден келген азаматтар өздерінің донорларымен бірге келеді. Оларға сапалы қызмет көрсетіп жатырмыз. Операция алдында науқастарға түрлі зерттеулер де бізде жүргізіледі. Біздің мақсат – медициналық туризмді дамыту, - дейді қалалық №1 клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Абылай Донбай.

Айта кетейік, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында бүйрек алмастырып салу операцияларын жасау 2013 жылдан басталды.

Арман СӘДУӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.