Байдың қорасынан жарлының жалғызы жоғалыпты Избранное

Среда, 16 Октябрь 2019 04:28 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 349 раз

Шымкенттегі Халықты жұмыспен қамту орталығы cыртынан қараған адамға құжынаған құмырсқаның илеуіндей көрінері хақ. Кезекке тұрған адамның қарасында шек жоқ. Бәрі де сол атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін сабылып жүр. Бұл қазіргі күннің «күйіп» тұрған тақырыбына айналды.

329

 

Бірінші жәрдемақыны алып, екіншісіне қол жеткізе алмай жүрген, бала-шағасы етегіне оралған аналар, ұялы телефонының камерасын қосып қойып, барлығының үстінен бұйыра сөйлеген әкелер... Әке демекші, орталық директоры Дархан Беласаровқа кірейін деп тұрғанымызда кабинеттен еңгезердей қара кісі шығып телефонымен видео түсіріп, қорқытып үркітіп, ана жердегілердің азар да безерін шығарды. Алдында бірнеше әйелдің кезекте тұрғанына, өзінің кезексіз кіргеніне қарамастан дөрекі тіл қатады. Жеке басының құқығын қозғап, қара аспанды төндірді. Мұндай мысалдар өте көп.
Әлқисса. Дархан Мұхтарұлының айтуынша, Шымкент қаласында 2019 жылдың 1 қазанына 65 536 отбасыға (324 877 адам) 44,9 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған (оның ішінде 10 813 отбасы (16,5%) – шартсыз, 54 723 отбасы (83,5%) – шартты ақшалай көмек алды). Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 7 596 отбасының табысын жасырғандығы анықталып, 2 529 отбасыға 1 530 млн теңгеге тағайындалған төлемдер толық тоқтатылды. Оның 70,6 млн теңгесі бюджетке қайтарылады. Бүгінгі таңға, 271 отбасыға хабарландырулар таратылып, оның ішінде 3 отбасы 828,4 мың теңге қаржысын бюджетке өз еркімен қайтарды. Басындағы баспанасы мен меншігіндегі мүлкін жасырғандарға байланысты аудан әкімдері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жылдың басынан тағайындалған төлемдерге талдау жасап, учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Масылдық па, әлде мұқтаждық па?

Біз бүгін сол мемлекет қаржысын негізсіз алған 271 отбасы туралы сөз қозғағымыз келеді. Табысын жасырып, ақпараттық жүйеге жалған мәлімет беріп, үкіметтен қарпып қалғысы келгендердің шын пиғылы қандай? Мәселен, Халықты жұмыспен қамту орталығының «Атаулы әлеуметтік көмек» секторының мамандары осы отбасылардың үй жағдайын тексеруге барғанда көптеген кедергілерге, зорлық-зомбылыққа тап болған. Атап айтар болсақ, Әл-Фараби ауданындағы үйлерге тексеріске барған әкімдік қызметкерлерін соққыға жығып жіберіпті. Тәуліктік пәтерді жалған мекенжай ретінде пайдаланып, 3 сағат жібермей ұстап отырғандары да бар екен. Арасында үйіне кіргізбеудің сылтауымен итін босатып жібергендері де кездескен. «Крышасы барлары» аға-көкесін алға тартып, соттатып жібермек болып «қорқытады» екен, тіпті. Міне, біздегі масылдық менталитеттің асқынған түрі. Сондағысы, мәселе – ол «байшыкештер» далиған үлкен үйінің кіреберісінен бастап мәрмәр таспен көмкерілгенін, гаражында соңғы үлгідегі аса қымбат көліктің тұрғанын, жалпы үйі және тұрмыс жағдайының тым жақсы екенін көрсеткісі келмегендігінде боп тұр ғой. Олардың табысын жасырғандығымен қоймай, учаскелік комиссия мүшелерін таяқтың астына алғанына жол болсын...

320


Әсілі, бұл 21 мың теңге қандай отбасыларға беріледі? ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова «Үкімет 21 500 теңгені мұқтаж отбасыларды демеп жіберу үшін, белгілі бір кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтып, тұрмысын түзеп алу үшін тағайындағанын» айтып еді. Сенатордың сөзінен ұққанымыз, отбасыларды өмір бойына үкімет қамтамасыз етеді деген сөз емес. Осы орайда мемлекеттің қаржысын алып, үй жағдайында кәсіп ашып, нәсібін тауып отырғандар бар. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері бізге мемлекеттің қаржысына шын мұқтаждар мен «жалған мұқтаждар» туралы біраз мәлімет берді. Мәселен, Шымкент қаласы, Бигельдинов, 61 мекенжайында тұратын Жанар Қуанбаева бірінші жартыжылдыққа 272 мың теңге АӘК алған. 160 мың теңгеге газ плитасын және пеш сатып алып, кондитерлік өнімдер пісіріп, сатып жүр екен. Яғни, Үкіметтен алған ақшасын мақсатты жұмсаған.
Ал Тельман бөлімшесіндегі Достасқан көшесі, 28 мекенжайында тұратын Наргиза Реджаметова 265 мың теңге алуын алған-ау, оның 100 мың теңгесін – балаларға мектепке киім, 150 мың теңгесін – ауруханадағы қызына, 50 мың теңгесін – үйіне азық-түлікке, 65 мыңын – несиесін жабуға жұмсаған. Негізі үй жағдайы өте жақсы.
Қызылжар шағынауданындағы Жетісай көшесі, 57 мекенжайындағы Гүлноза Әшірметова отбасын толық көрсетпеген, табысын жасырған. Тұрмыстық жағдайы жақсы. Кең сарайдай үлкен үй, есігінің алды толық бастырмамен жабылған. Ауласында соңғы үлгідегі «Джип» көлігі тұр.

321


Әл-Фараби ауданы, Сәуле көшесі, 183 мекенжайында тұратын Салима Тулегенова балаларына мектепке киім, аяқ киім алған. Үйін жөндеуден өткізген. Зорге көшесі, 3 үйдегі Надира Юлдашева 200 мың теңге алған. Ол ақшаға балаларын балабақшаға орналастырған, ай сайынғы төлемақысын төлеген. Әдемі биік үй, бұның да ауласында соңғы үлгідегі қымбат көлік.
Арасында бастапқыда көрсеткен мекенжайда тұрмай, тұрмысы нашар туыстарының үйін көрсетіп алғандары қаншама.
Шындығында табысын жасырғандардың көбісінің жеке кәсібі, қомақты кірісі бар болып шыққан. Мұны халықтың шағымына сәйкес құрылған тексеру комиссиясы анықтап берді.
Мысалы, қарапайым тұрғындардан «мен мұқтажбын, ал менің көршім мұқтаж емес, бірақ ол осы көмекті алып отыр, ал мен ала алмай отырмын» деген сияқты көп шағымдар келіп түседі. Соны ескере отырып қайта тексеру комиссиясын құрдық, - дейді Д.Беласаров.
Жасыратыны жоқ, әл-ауқаты жақсы болса да, мемлекеттен көмек алғысы келетін масылдар саны артып барады. Бүгінде анықталған азаматтардың үшеуі ғана өз еркімен бюджетке 828, 4 мың теңге қаржыны қайтарған. Ал қалғандарына қолданылатын шара – айқын.
– Табысын жасырғаны тағайындау барысында анықталса, тағайындау тоқтатылады. Кейін анықталса ақша қайтарылады. Қайтармай жатса, сот арқылы іске кірісеміз», - деді ХЖҚО директоры.

Артық байлық адамды аздырады

Шын мұқтаждардың жәйі белгілі. Олардың мұқтаж екенін, заңға, құжатқа сауатсыз екенін әсіре пайдаланған Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері жемқорлыққа бой алдыруда. Бұған дейін орталықтың екі бірдей қызметкері ақша алу фактісімен ұсталып, қазіргі таңда сот тергеу амалдары жүргізілуде.

322


Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаевтың айтуынша, Шымкент қаласы бойынша АӘК алатын 53 616 (264 804 адам) отбасының 17 943-і (116 720 адам), яғни, 44 пайызы көп балалы отбасы. Осы жүргізіліп отырған мониторинг нәтижесінде, әлеуметтік төлемдердің тоқтатылуы халық арасында әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсерін тигізуі және әлеуметтік шиеленіс ошақтарын туғызуы мүмкін.

АӘК-тің жаңа тәсілдері таныстырылды

Енді АӘК көрсетудің жаңа тәсілімдемелері шығып жатыр. Көмек көпбалалы аналарға көрсетіледі. Бұл орайда, көмек мөлшері отбасындағы балалардың санына байланысты болады: бала неғұрлым көп болса, көрсетілетін көмек мөлшері де соғұрлым жоғары болмақ. Учаскелік комиссиялардың өкілеттіліктері күшеймек. Мемлекет аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға бағытталатын «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасының потенциалын максималды қолданбақ. Жаңа ережелерге сәйкес, егер еңбекке қабілетті көмек алушы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасы атаулы әлеуметтік көмектен айырылады.

Соңғы сөз

...Түске жақын қалалық әкімдіктің алдынан өтіп бара жатып бір топ әйелдің шағын шеру ұйымдастырмақ ниеттерін байқап қалдық. Шеруге шығып, айқай туғызсам, қорыққанынан жағдайымды жасайды деу тар ұғымдағы тірлік. Мемлекет басшысы әлеуметтік салада әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту бағытында мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға баса мән берілетінін айтып жатыр. Тұрмысы төмен отбасылардың несиесін де жауып берді. Көбей қазақ, қуан қазақ! Бірақ, мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажыратып ал, енжарлықтың соңы жарға жығатынын ұмытпа дегіміз келеді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.