Среда, 18 Октябрь 2017 04:30

БАҚ өкілдеріне арналған семинар

shymkala-82-2

«Рухани құндылықтарды жаңғыртуда ақпарат құралдарының рөлі». Осындай тақырыпта «Шымкент» қонақүйінің мәжіліс залында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті.


Оған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков, Қазақстанның Журналистер одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, «Асыл Сөз Медиа» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Асылбек Ноғаев және бірқатар журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері қатысты. 

shymkala-82-1

Шара барысында жастарды ғаламтордағы теріс ақпараттардан қорғау, ақпарат ағынын сүзгіден өткізу және құндылықтарымызды насихаттаудағы БАҚ-тың рөлі жайлы әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан түрлі пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Жиын соңында сауалнама жүргізіліп, сертификаттар табысталды.

– Қазір телеарналар мен ғаламтор жастардың басты тәрбие құралына айналып барады. Сондықтан жақсы мен жаманды ажыратып, саралауда БАҚ-тың рөлі ерекше. Мұндай тақырыптағы семинарлар БАҚ өкілдері үшін өте маңызды деп есептеймін. Алдағы уақытта бұл іс-шаралар жалғасады, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 20 Сентябрь 2017 05:24

«Жақсылар, дастан айтайын...»

байқауының бас жүлдесіне – темір тұлпар

autowp.ru daewoo nexia 14

«Оңтүстiк Қазақстан» қоғамдық-саяси газетiнiң редакциясы ел аумағында алғаш рет тың жобаны қолға алып отыр. Араға апта салып, яғни, қыркүйек айының 26 жұлдызында мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын...» атты облыстық байқауын өткiзбек.

x001.jpg.pagespeed.ic.DJa3HypYQfЖобаның мақсаты – рухы мықты, намысты, қайсар азамат тәрбиелеу, өскелең ұрпақты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып, отансүйгiштік қасиетке баулу. Батырлар жырын жаттап өскен баланың жат елдердiң идеологиясына бой алдырмайтынын ата-аналарға ұғындыру. 

– «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы бұған дейін ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дәріптеу, қазақ балаларының үлкен спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында қазақ күресінен дәстүрлі түрде облыстық деңгейде турнир өткізіп келген болатын, – дейді газеттің бас редакторы Абай Балажан. – Бұл жолы қазақтың ауыз әдебиетін төрге оздыруды мақсат етіп отырмыз. Бұл өз кезегінде, бүгінгі ұрпақ ұмыт қалдырған батырлар жырын насихаттау ғана емес, жасөспірімдердің әдебиетке деген қызығушылығын ояту, сондай-ақ, мектеп мұғалімдерінің, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің беделін көтеру болып табылады. Әрі бұл бастама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен астасып жатқанын да айрықша атап өткен жөн. 

Облыстық газет редакциясының бұл бастамасына облыстық білім басқармасы лайықты қолдау көрсетуде. Мамыр айында өткен байқаудың бірінші кезеңінде өңірдің барлық аудан-қалаларында жырды жатқа айта білетін үздіктер анықталды. Нәтижесінде, алдағы аптада сарапқа салынатын шешуші кезеңде барлығы 50 үміткер бақ сынамақ. Байқаудың жүлде қоры да қомақты. Бас жүлде алған оқушыны даярлаған мұғалiмге бәйгеге «темiр тұлпар» берiледi. Сонымен қатар, жүлдегерлердiң ешқайсысы да сыйлықтан құр алақан қалмайды.

Байқауға 5-10 сынып аралығындағы оқушылар қатысады. Ұсынылған биылғы тақырып – «Қамбар батыр» жыры болмақ. Байқау кезінде үміткерлер жеребе бойынша жұптасып, аталмыш жырдың әділқазылар алқасы нұсқаған белгілі бір оқиғасын баяндауы тиіс. Кезі келгенде, екіншісі алғашқысының тоқтаған жерінен жалғастыруы тиіс. Тиісінше, үш рет мүдірген үміткер сыннан өте алмайды. Байқаудың екінші бөлігінде үміткерлерге арнайы билеттердің көмегімен әдебиет теориясы бойынша сұрақтар қойылады. Ал үшінші кезеңінде үміткерлер әділқазылар алқасының сауалдарына жауап беретін болады.

Бүгінде республиканың өзге өңірлерінен де байқауға қатысуға ниет білдірушілердің қатары ұлғая түсуде. Байқау шарты бойынша бұл жолғы шара облыстық деңгейді қамтиды. Дегенмен, дәстүрлі байқаудың келесі сындары республикалық ауқымды қамтуы да әбден мүмкін. 

Байқау 26 қыркүйекте ОҚО орыс драма театрында сағат 10.00-де басталады. Мекенжайы: Шымкент қаласы, Әл-Фараби алаңы, 1 үй.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 23 Июнь 2017 05:58

Қос қаламгерге – қос мүйіс

Журналистердің төл мерекесіне орай облыстық ғылыми-әмбебап «Отырар» кітапханасында айтулы шара өтті. Кітапхананың екінші қабатында журналистерге арналған «Мерзімді баспасөз» бөлімі ашылды. Онда белгілі қаламгер, Оңтүстік журналистикасының корифейі саналған Әмірсейіт Әлиев пен Жұмамұрат Тұяқбаевқа арналған қос бұрыштың салтанатты таныстырылымы болды.

DSC 1896

Маңызды жиынға елімізге белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері, қос қаламгердің ұрпақтары қатысты. «Мерзімді баспасөз» бөлімінің ашылу салтанатының лентасын ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов пен Оңтүстік журналистикасының абыз ақсақалы Байдулла Қонысбек қиды. 

Журналистер күнінің қарсаңында ашылған «Мерзімді баспасөз» бөлімі жалпы оқырманға, әсіресе қолына қалам ұстаған қауымға қымбат тосын сый болғаны рас. Залдағы қос мүйістің оң жағы – «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерін ұзақ жыл басқарған Жұмамұрат Тұяқбаевқа арналса, сол жағы – облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ширек ғасырға жуық бас редактор қызметін атқарған Әмірсейіт Әлиевке бағышталған. Қос қаламгердің үлкен портреті мен кітап сөрелері, жазу үстелі мен орындығы залға кіргеннен-ақ көз тартады. Бұл екі тұлғаның да өткен өмір жолы, қаламгерлік ізі оңтүстік журналистикасының қазыналы тарихы.

DSC 1864

Қос редакторға арналған мүйіске қарымды қаламгерлердің авторлық кітаптары мен алған марапаттары, тұтынған заттары қойылған. Кітапхана басшысы Күлия Айдарбекованың айтуынша, қос қаламгердің жазу үстелі мен орындығы үйлерінен арнайы алдыртылған. 

«Мерзімді баспасөз» залында өңір журналистикасының қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетін басқарған басқа да бас редакторларға арналған мүйістер бар. 

DSC 2031

Жиында Әмірсейіт Әлиев пен Жұмамұрат Тұяқбаев жайлы баяндамалар оқылып, сағынышқа толы естеліктер айтылды. Солардың ішінде 90 жылдан астам тарихы бар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бүгінгі бас редакторы Абай Балажанның сөзі жиналған қауымды бей-жай қалдырмады. Абай Бекназарұлы қос қаламгердің табиғаты ұқсас болмағанымен, ұлттық мүдде, ел намысы тұрғысында сіңірген еңбек жолы ұқсас екенін айтты. Өзінің журналистикаға енді қадам басқан кезіндегі редакторы Жұмамұрат Тұяқбаевпен кезекті лездемеден кейінгі 7-8 минуттық әңгіме қағаз бен қаламның қадірін ұқтырғанын тебірене жеткізді. Ал газетті 22 жыл үзіліссіз басқарған редактор Әмірсейіт Әлиев хақында да қандай биік баға, құрметке лайық тұлға екенін ерекше атап өтті. 

DSC 1950

Оңтүстік журналистикасының айтөбелі Байдулла Қонысбек қос тұлғамен ұзақ жылдар бірге қызметтес болғанын, олармен қоян-қолтық араласқанын мақтанышпен жеткізді. 

– Ол кезде таңертең сағат 9.00-де жұмысқа келсек, түнгі 4-5-тер шамасында үйге әрең жететінбіз. Екі-үш сағат көз шырымын алар-алмас қайта жұмысқа келеміз.

Жұмамұрат ағамыз да, Әмірсейіт ағамыз да газеттің қара жұмысына күн-түн демей төзді. Басылымға реформа жасады, оқырман санын арттырды. Ол кезде «Оңтүстік Қазақстанның» тиражы – 90 мыңнан асты, – деді белгілі журналист.

Шара соңында қос әулеттің ұрпақтары сөз алды. Әмірсейіт Әлиевтің кенже ұлы Дәулетияр Әлиев әкесі хақындағы естеліктерімен бөлісіп, Шалатай Мырзахметов, Еркінбек Тұрысов, Байдулла Қонысбек, Абай Балажан ағаларының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал Әмірсейіт атамыздың шөбересі Айлун Әмірсейіт «Менің атам неге жақсы?» атты эссені оқып берді.

Опубликовано в Әлеумет

Өткен ғасырдың басында қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов «Түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастаған еді. Уақыт өткен сайын тұтас Түркі әлемі осы бір сөзге көбірек көңіл аудара бастағаны байқалады. Оның бір дәлелі, рухани астанамыз Түркістан шаһарында өткен «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты тақырыпта өткен халықаралық медиафорумы.

12-4

Ауқымды шара «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында ұйымдастырылды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Халықаралық Түркі академиясы ұйытқы болған бұл медиафорумға Қазақстаннан бөлек, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Башқұртстан елдерінің ірі БАҚ басшылары қатысты. Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл шараның мән-маңызына тоқталды.

– Ақпараттық кеңістік құрудағы басты мақсатымыз – Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан сияқты түркі елдерімен қатар Жер шарындағы түркі қауымдастықтарымен ақпарат саласында ынтымақтастық орната отырып, жедел ақпарат алмасу, баспасөзде серікестік құру, түбі бір түркіге ортақ тарих, мәдениет, білім, өнер, рухани құндылықтарды бірге насихаттау болмақ. Яғни, ол біздің бірлігімізге, рухани, саяси және экономикалық байланыстарымыздың нығаюына жұмыс істейтін үлкен дүние болады деген сенімдемін, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

13-2-1

Сонымен қатар, форумда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі халықтарының мәдени, рухани интеграциясындағы ақпарат құралдарының маңызын баяндап өтті. Форум жұмысына қатысқан түркі тілдес журналистер мемлекеттер арасында ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру жайын сөз етіп, өзекті тақырыптар төңірегінде кеңінен пікір алмасты. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі форум аясында қабылданған негізгі мәселелерді тарқатып айтып берді. 

– Түркі елдері арасында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ телеарна құру және ақпарат кеңістігін қалыптастыру бойынша тапсырмасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу, оған қолдау көрсету – жиынның басты мақсатының бірі. Сондай-ақ түркі елдеріне ортақ құндылықтар мен рухани мұраларды, киелі жерлерді, ортақ тұлғаларды айқындап, елдігімізді бірге насихаттау, бір-бірімізбен ақпарат алмасулар арқылы бір-бірімізбен бөлісіп тұрсақ деген ұсыныс бар. Ол әлеуметтік желілер, ақпарат агенттіктері, басылымдар арқылы болуы мүмкін. Ортақ мәдениетіміз бойынша Қожа Ахмет Ясауи, Қорқыт ата сияқты сериалдар түсіруді ұйымдастыруға ұсыныс жасау. Мұндай ұсыныстар бұған дейін де болған. Сол жобаларды жүзеге асыруымыз қажет. Түркі әлемі журналистерінің достық клубын Түркі Академиясы жанында құруға ықыластымыз. Біз бұл міндетті өз мойнымызға аламыз. Сосын жақсы ұсыныстар мен баяндамаларды, материалдарды басып шығару, оны тиісті мекемелерге, мемлекет басшыларына жеткізу. Осындай жобалар бар. Бүгінгі жиын алдағы үлкен кеңестердің басы болады деп үміттенеміз, – деді Дархан Қыдырәлі. 

10-5

Ортақ телеарна ашу мәселесі де журналистер форумында назардан тыс қалған жоқ. Бұл ретте түркиялық «NTV» телеарнасының бағдарлама редакторы Ахмет Йешильтепе телеарнаның ғимараты Түркістанда болуы тиіс деген ұсынысын жеткізді. Басқосуда сөз болған келелі мәселе төңірегінде Түркі кеңесінің жоба жетекшісі Джейхун Шахвердиев, «TRT-Avaz» телеарнасының директоры Мұрат Аккоч пен бас кеңсесі Брюссель қаласында орналасқан «EURELIZ» Медиа және стратегиялық коммуникациялар компаниясының директоры, журналист Эли Хаджиевалар да өз пікірлерін білдірді. Түркі елдері үшін ашылатын ортақ телеарна құру мәселесі туралы ұсыныстар ескеріліп, барлық мемлекеттердің министрліктеріне жолданатын болды. Бұл мәселе сондай-ақ «ЭКСПО -2017» халықаралық көрме аясында өтетін Еуразиялық медиафорумда да талқыланбақ. 

Форумда шынайы жанашырлық сын да айтылды. «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп болашақта түркі баласының кез келген жетістігін кеңінен насихаттап, маңызды оқиғаға айналдыруымыз керек екенін айтты.

2-3 

– Бірлік қарапайым нəрселерден де байқалады. Мысалы, жуырдағы əнші Димаш Құдайбергеннің жеңісі түркі тілдес елдердің БАҚ-тарында сондай бір қуанышпен атап өтілмегенін байқауға болады. Əрбір түркі баласының жетістігі бізді біріктіретін маңызды қадам болуы тиіс. Түркі баласы ғарышқа ұшатын болса да, жаңағыдай үлкен жетістікке жететін болса да біз сол ақпараттың маңыздылығын кеңінен көрсетуге тырысуымыз керек. Мәселен сол Димашты Франция еліндегідей шақырып, Түркияда, Әзірбайжанда, Қырғызстанда шақырып ән айттырса, несі айып?! Алдымызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне бауырлас елдердің танымал әншілері келіп, қазақ, түрік елдерінде ән айтса деген ойлар келеді, – деп ұтымды ұсынысын жеткізді белгілі журналист. 

Форум барысында Түркі əлемін насихаттаған журналистерге Исмаил Гаспыралы сыйлығы тапсырылды. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «2016 жылғы үздік дипломат-елші» атағымен марапатталды. Әлем журналистері ұйымының шешімімен берілген бұл сыйлықты ұйым басшысының орынбасары, белгілі журналист Орxан Селен мырза табыстады. Осы ретте, аймақ басшысы түркі елдерінің рухани байлығын молайтуға қосқан елеулі үлесі үшін халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліні «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Форумда түркітілдес мемлекеттер арасында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өзара тәжірибе алмасып, алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу туралы келісімге келді.

Опубликовано в Қоғам

Әлеуметтік желі – бүгінде ақпарат алмасудың ең оңай жолына айналып отыр. Әйтсе де, жылт еткен жаңалықты өзі қызмет ететін бұқаралық ақпарат құралына жариялай салу, негізсіз ақпармен бөлісу журналисті ұятқа қалдырары анық. Бұның алдын қалай аламыз? Әлеуметтік желіні қалай дұрыс пайдаланамыз? Осы орайда «Оңтүстік баспасөз» орталығында Журналистер Одағы ОҚО филиалының ұйымдастыруымен БАҚ қызметкерлері арасында семинар-тренинг өтті.

IMG 71923

«Дана жол» қолданбалы экономика орталығының Оңтүстіктегі өкілі Әйгерім Мыңбаеваның «Адамдардың мінез-құлық стратегиялары немесе Да Винчидің арманы» тақырыбында өрбіген сағаты тыңдаушыны ұйытып әкетті. Ә.Мыңбаева адамдардың мінез-құлқына қарай әртүрлі стратегиялық ұстанымдарын және бір-бірімен әрекеттесу барысында орын алатын жағдайларды өте тартымды баяндады.
Сондай-ақ, «Әлеуметтік желілерде ақпарат тарату және алмасу тәсілдері» тақырыбында – журналистің әлеуметтік желі мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану жағы айтылды.

 MG 7224

– Ақпарат алмасу ыңғайына қарай өзіне тиімді әлеуметтік желіні таңдаған журналист өз аты-жөнімен тіркелгені мақұл. Өйткені, виртуалды байланыс шынайы қарым-қатынасқа ұласуы мүмкін. Ал аудиторияның көбі белгілі бір БАҚ-қа қарағанда жеке журналистке көбірек сенім артады, – дейді Ә.Мыңбаева.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 03 Июнь 2016 06:42

Журналистер спортта да жүйрiк

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің дәстүрлі Спартакиадасы жалауын көтерді. Бұл – қаламгерлер қауымының салауаттылықты насихаттап, әріптестікті, ынтымақтастыққа шақыратын спорт мерекесі. Мәртебелі сайысты ҚР Журналистер Одағы ОҚО филиалы, облыстық ішкі саясат, денешынықтыру және спорт басқармасы бірлесе ұйымдастырды.

 MG 1762

Ойы ұшқыр, қаламы қарымды журналистер, баспа саласының майталмандары спортта да жүйрік. 1 маусым күні жалауы көтерілген сайыс бел ортасына таяды.
ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде әдеттегідей спорттық ойындардың ашылу салтанаты өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат депутаты Әбілқасым Досболов, ардагер журналистер Байдулла Қонысбек, Мархабат Байғұт, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысып, құттықтау сөздерін арнады.

– Облыстың қаламгерлері жыл сайын спортта да жүйрік екенін көрсетіп жүр. Өздері салауаттылықты БАҚ беттерінде жариялап қана қоймай, өздері де спортты насихаттайды. Үнемі жаңалықты бірінші болып жеткізуге құмар жандардың спортта да бірінші болуға талпынып жүргенін білеміз. Спорт – бейбітшілік елшісі. Елдің елдігін, ердің ерлігін, рухтың биіктігі мен ұлттар достастығын айғақтайтын нышанға айналғалы қашан. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! Жарыста мықтылар жеңсін! – деді Ұ. Сәдібеков.

 MG 1756

Жазушы-журналист Мархабат Байғұт облыстағы ақын-жазушылар атынан мерекемен құттықтап, журналистердің спартакиадасы – бірліктің, ынтымақтың, ізгіліктің, татулықтың, тілеулестіктің мерекесі болсын деген тілегін айтты.
Облыста баспасөз қызметкерлерінің спорт ойындары осыдан 21 жыл бұрын басталған. Оны ең алғаш қолға алған – «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен облыстық телерадио компаниясы. Мінекей, содан бері игілікті іс-шара жалғасып келеді. Ардагер журналист Байдулла Қонысбек те мерекемен құттықтай келе, сайыстың тарихына тоқталып кетті.

 MG 1657

Спорттың 9 түрінен (шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, жүзу, арқан тарту) күш сынасып жатқан қаламгерлердің талабы қуантарлық. Әрбірінің де жеңіске деген ынта-ықыласы зор. Ақпарат құралдары өкілдері арасында заулағанда құстай ұшатын желаяқтар, допты әуеде шиіре ұратын шеберлер, зияткерлік ойынға құмартқандары баршылық. Бүгінге дейін волейбол, жүзу, шахмат, жеңіл атлетикадан үздік шыққандардың есімдері белгілі болады. Волейбол бәсекесінде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қыз-жігіттеріне тең келер ешкім болмады. Олар шешуші кезеңде «Ернияз» командасын 2:1 есебімен жеңді. Жүзу сайысында «Отырар» телеарнасының қызметкері К. Гавшев үздік шықса, әйелдер арасында «Ернұр» корпорациясының өкілі С. Презенцова жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, журналистер шахматта да зияткерлігімен көпшілікті тәнті етті. Ерлер сайысының жеңімпазы – Дүйсенбек Бердияров («Ернұр» корпорациясы). Нәзікжандылар арасында Малика Елтаева («Жанубий Қозоғистан» газеті) алғырлығымен көзге түсті.
Бүгін тоғызқұмалақ және бильярдтан, ертең үстел теннисінен сайыстар өтеді. Жарыстың жабылу салтанаты 5 маусым күніне жоспарланып отыр.

Опубликовано в Спорт