КҮРМЕУЛІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛДЫ Избранное

Среда, 05 Октябрь 2022 08:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 979 раз

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданы тұрғындарымен есепті кездесу өткізді. Жиында 9 айда атқарылған жұмыстар сараланып, тұрғындардың мәселелері тыңдалды. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары қатысты.

365

 

Президент Жарлығына сәйкес, қала әкімі әр тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Жиын барысында шаһар басшысы әлеуметтік-экономикалық даму мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу жұмыстарының барысынан тұрғындарды хабардар етті. Мәселен, 2022 жылдың 9 айында тұрғын алаптар мен шағынаудандарда 125 кездесу өткізіліп, 1000-нан астам мәселе тыңдалған. Бүгінде оның 488-і шешімін тауып, 337-ы орындалу барысында. 195 мәселе 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген.
– Есеп беру кездесулері жұмысты жүйелеуге септігін тигізеді. Тұрғындардың әлі де ең көп көтеретін мәселесі – инженерлік-инфрақұрылым жүйелері. Жалпы, мәселелердің 80 пайызы осы салаға қатысты. Даму жоспарына сәйкес, бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда, – деді қала әкімі.
Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов 9 айда атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлармен таныстырды. Ауданда 2022 жылы ауыз су және электр қуатымен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Кәріз жүйесімен қамту бойынша 2022 жылы Самал-3 және Солтүстік-Батыс шағынауданында құрылыс жұмыстары аяқталады. Биыл табиғи газбен қамту бағытында 7 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Ауданда жалпы 320 мыңнан астам тұрғын қоныстанған. Ірі және орта кәсіпорындар саны – 33.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауданда 1 индустриалды аймақ («Стандарт» жеке индустриалды аймағы) салу жоспарланып отыр. Мұнда болашақта 30 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жиында тұрғындар сауалдарын қойды. Құрсай, Ынтымақ, Ақтас, Көкбұлақ, Нұршуақ, Қызылжар тұрғындары жалпы инфрақұрылыммен қамту, қоғамдық көлік, жарықтандыру, көшелерге ат беру, аялдамалар орнату сынды мәселелерін айтты.
Қала әкімі әр тұрғынның мәселесін тыңдап, жауап берді. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.