ҚҰРЫЛЫС – ТАЛАЙ ЕЛДІ ДАМУҒА БАСТАҒАН ИНДУСТРИЯ Избранное

Пятница, 06 Сентябрь 2024 05:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 361 раз

Құрылыс – талай елді терең дағдарыстардан алып шыққан, сөйтіп экономиканың дамуына серпін берген сала. Алысқа бармай-ақ бауырлас Түркияға қарайықшы, түрік экономикасын бәсекеге қабілетті еткен, әлемге «түрік сапасы» дейтін ұғымды танытқан екі сала бар. Бірі – туризм болса, екіншісі – құрылыс. Қош, бауырлас ел бұл жетістікке қалай жетті? Тоқсаныншы жылдардың соңында түріктер осы салаға мән беріп, шет елдерден ірі құрылыс компанияларын шақырды. Барлық ірі қалаларында көптеген ауқымды жобаларға инвестицияны мол салып, небір зәулім ғимараттар тұрғызды. Сөйтіп көп тәжірибе жинақтады, білікті мамандардың үлкен шоғырын қалыптастырды. Нәтижесі қандай? Қазір Түркия жалпыұлттық ішкі өнімінің 7-8 пайызын осы сала құрап отыр. Ресми деректерге сүйенсек, құрылыс саласы экономиканың 200 секторының дамуына ықпал еткен. Құрылысқа интеграцияланған осы салалар түрік экономикасының 30 пайызын құрайды. Түркияда ЖІӨ көлемі 2023 жылы 1,12 триллион АҚШ долларын құрағанын ескерсеңіз, оның 30 пайызы деген қандай қомақты қаржы екенін өзіңіз есептей беріңіз...

kurilis-1

 

Біздің елдегі ең үлкен проблемалардың бірі қайсы? Әрине, жұмыссыздық. Сол жұмыссыздықты жеңудің ең төте жолы – құрылыс индустриясын дамыту. Түркияның ішінде қанша адамның құрылыста еңбек етіп, нәпақасын тауып жүргенін айтпай-ақ қоялық. Шет мемлекеттерде алып ғимараттар салып жатқан түріктің құрылыс компанияларында 250 мың түрік азаматы жұмыс істейді екен.
Тек Түркия ғана емес, кейінгі онжылдықтарда экономикасы серпінді дамыған Оңтүстік Корея, Қытай секілді көптеген елдерде құрылыс индустриясын ілгерілетуге ерекше назар аударылған. Ұзын сөздің қысқасы, құрылыс саласының дамуы экономиканың дамуына ықпал ете алады.

Соңғы жылдары еліміздегі үш ірі заманауи мегаполистің біріне айналып келе жатқан Шымкентте заманауи, сапалы, зәулім ғимараттар бой көтеріп келеді. Бұрындары халқының 70 пайызы жеке сектордағы үйлерде өмір сүретін Шымкентті «үлкен ауыл» деп атайтындар кездесіп қалатын еді. Енді аспанмен таласқан асқақ ғимараттары көбейген сайын олай деуге ешкімнің аузы бармайтын бола бастады.
Осы орайда біз, оқырман қауымды Шымкент қаласында құрылыс саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен таныстыруды жөн санап отырмыз.

Көпқабатты 66 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады

Шымкент қаласындағы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 1900 пәтер сатып алуға биыл бюджеттен 38,6 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде, жұмыс істейтін жастарға 900 пәтер және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1000 пәтерді нарықтан сатып алу көзделуде. Қазіргі таңда 1180 пәтер сатып алынды. Жұмыс істейтін жастарға 604, халықтың әлеуметтік осал топтарына 576 пәтерді биыл қыркүйек-қазан айында тізімде тұрған азаматтарға тапсыру басталады.
Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев шаһарда биылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған нақты жұмыстар мен жетістіктер және алдағы жоспарлар туралы баспасөз брифингін өткізген болатын. Олжас Пердебайұлының мәліметінше, 2024 жылы құрылыс басқармасы тарапынан 114 жоба немесе 146 нысанның құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде, 111 нысанның құрылысы жыл соңына дейін тапсырылады. Қалған 35 нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталмақ.

kurilis-2


Биыл 79 тұрғын үйден 207,6 мың шаршы метр 66 тұрғын үйді (кредиттік-64, арендалық-2) пайдалануға тапсыру жоспарда. Наурыз айында 180 пәтерлі (14,0 мың шаршы метр) 2 тұрғын үй пайдалануға берілген-тін. Ал 76,6 мың шаршы метр 13 тұрғын үйдің (Ақжайық шағынауданында 8 үй, Бозарық шағынауданында 5 үй) құрылысы 2025 жылға өтпелі.
Қазіргі таңда басқарма есебінде 174 (10 382 пәтер) көпқабатты тұрғын үйдің кепілдік мерзімдері бар. Олар – Тұран-2 шағынауданында (88 үй), Шымкент сити шағынауданы (24 үй), Нұрсат-3 шағынауданы (44 үй), Бозарық шағынауданында (18 үй) орналасқан тұрғын үйлер. 2024 жылдың 5 айында 10 382 пәтерден 198 кемшілік анықталып, оның 188-і кепілдік мерзімге сәйкес мердігер мекемелер тарапынан қалпына келтірілген. Қалған 10 кемшілік бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы 10 382 пәтерден 556 кемшілік анықталып, қалпына келтірілген еді.
2024 жылы басқарма тарапынан келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін мердігер мекемелерге, техникалық және авторлық қадағалаушыларға 5,5 млн айыппұл салынып, өндірілген. Басқарманың мәліметінше, 2021 жылдан бастап 233 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, сейсмонығайтуды қажет ететін – 68 үй, апатты – 67 үй, тұрақты жағдайда – 98 үй анықталған. Өткізілген техникалық сараптама бойынша 6 үйге ЖСҚ-әзірленіп, 1 үйдің (Уәлиханов көшесі №231) сейсмонығайту жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Мангельдин көшесі №33, №36 және Иляев көшесі №7 тұрғын үйлеріне сейсмонығайту жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірлеуге бюджетке өтінім әзірленіп жатыр.
Шаһарда биыл 14 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы іске асырылуда. Жоспарға сәйкес, 12 нысан 2024 жылдың қорытындысымен пайдалануға тапсырылады. Атап айтқанда, Бозарық шағынауданы – 7, Тұран шағынауданы – 4, Әкімшілік іскерлік орталығы – 1 нысан және Ақжайық шағынауданында – 1 нысан құрылысы аяқталады. Қалған 2 нысанның (Ақжайық шағынауданы, Тұран шағынауданы 25 орам) құрылысы 2025 жылға өтпелі. Инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына республикалық бюджеттен 1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 3,7 млрд теңге, ұлттық қордан 1,7 млрд теңге, жалпы 6,4 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бүгінде жұмыстардың 34,3 пайызы орындалды.

Ескі үйлер қайта жаңғыртылуда

Қалада көпқабатты үйлерді жөндеуден өткізу, тозығы жеткен тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары басты назарда тұр. «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС тарапынан қазіргі уақытта 11 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары басталған. Соңғы уақытта қолға алынған ілкімді жобалардың бірі – реновация бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында 2024 жылы 17 үйді қайта жаңғырту жоспарланса, қазіргі уақытта 4 үйдің құрылыс жұмыстары атқарылуда. Жауапты мердігер – «B like» ЖШС. Ал 13 көпқабатты үй бойынша демеушілер іздестірілуде.
Қаланың тұрғын үй қорын реновациялау бойынша тұрғындарға бағдарлама шарттары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Апатты жағдайда және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын жай меншік иелерінің келісімін алып, «Shymkent» ӘКК» АҚ-мен келісімшарт жасасады. Акционерлік қоғам инвестордың ұсыныстарын қарап, құжаттарын зерделеуден өткізеді. Тиісті келісімдер жасалғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Тұрғындардың уақытша пәтерлерге көшу, жалпы барлық шығындары инвестордың өз қаражаты есебінен төленеді.

kurilis


Қалада өткен жылы реновация бағдарламасы бойынша жол картасы әзірленді. Жол картасымен 2023-2029 жылдар аралығында қаладағы апатты және тозығы жеткен 78 тұрғын үйді (862 пәтер) бұзып, азаматтарды жаңа баспанамен қамту жоспарға енгізілген.

Әлеуметтік нысандардың әлеуеті артып келеді

Биыл Абай ауданы аумағында «Шымкент сити» саябағының бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Қазіргі таңда екінші кезеңнің жұмыстары атқарылуда. «Шымсити» шағынауданындағы әлеуетті демалыс аймағы тұрғындар үшін нағыз саялы орынға айналған. Әр сенбі сайын «Шым қала кештері» концерттік іс-шарасы тұрғындарға керемет әсер сыйлауда. Жалпы, қалада абаттандыру, әлеуметтік нысандар құрылысы да қарқын алған.
Әлеуметтік нысандар бойынша биыл бірқатар құрылыс жұмыстары аяқталады. Қала аумағында басқарманың тапсырысымен 12 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, 7 нысан жаңа құрылыс, 5 нысан күрделі жөндеу. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында Ұлттық жоба аясында 18 мектептің құрылысы іске асырылуда. Соның ішінде, 11 мектептің құрылысын 2024 жылы, 7 мектептің құрылысын 2025 жылы аяқтау жоспарға алынған.
Сондай-ақ, басқарма тарапынан 4 мәдениет, 2 спорт, 1 саябақ, 2 әлеуметтік қамтамасыз ету, 2 ауыл шаруашылығы, 6 төтенше жағдайлар, 1 қорғаныс, 4 мемлекеттік орган нысандарының құрылысы жүргізілуде. 12 білім нысанының 8-і, 5 мәдениет үйінің 4-уі, 2 спорт нысанының 1-і жылдың аяғына дейін тапсырылады.
Білім саласы бойынша 12 нысан құрылысына жоспарға сәйкес, 14,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Жаңа құрылыстардың 3-і мектеп болса, техникалық және кәсіптік білім беру нысандары – 1, қосымша білім нысандары – 3. Күрделі жөндеу бойынша 4 мектеп, 1 техникалық және кәсіптік білім беру нысаны бар.
Мәдениет нысандары бойынша жоспарланған 5 нысан құрылысының 4-уі биыл аяқталады. Атап айтқанда, Өтеміс мәдениет үйін қайта жаңарту (344,5 млн теңге), Базарқақпа мәдениет үйін қайта жаңарту (267,3 млн теңге), Көкбұлақ мәдениет үйін қайта жаңарту (336,3 млн теңге), Қайнарбұлақ мәдениет үйін қайта жаңарту (260,3 млн теңге) жұмыстары толық орындалып, халық игілігіне беріледі.
Спорт саласында 2 нысанның біреуі келесі жылға өтпелі. №12 спорт мектебінің құрылысы биыл аяқталады. Ал №15 спорт мектебінің құрылысын 2025 жылы аяқтау назарда тұр.
Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы бойынша «№1 арнаулы қызметтер көрсету орталығы» қосымша 50 орындық ғимарат құрылысы, «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Екі нысан құрылысы да 2025 жылға өтпелі.
Биыл 2 ауыл шаруашылығы нысаны құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне беріледі. Атап айтқанда, Ақтас шағынауданында орналасқан қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстауға арналған баспана құрылысы («КДСМ» ЖШС), «Ақтас» шағынауданында орналасқан ғимаратқа сыртқы инженерлік инфрақұрылым құрылысы атқарылды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.