Қоғамдық келісім кеңесінде этносаралық татулықты нығайту жайы қаралды

Среда, 05 Октябрь 2022 10:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 634 раз

kogamdyk kelsm

Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысқа Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары мен қызметкерлері, Абай ауданы әкімінің орынбасары мен жауапты қызметкерлер, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы мен мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосуға қатысқан Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттеріне тоқталып, азаматтық қоғам өкілдерін халық пен билік арасындағы ықпалдастықты нәтижелі арттыруға шақырды.

Белгілі қоғам қайраткері, кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиевтің жетекшілігімен өткен жиында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қаралып, Абай ауданы әкімдігінің этносаралық саясатты ілгерілетудегі жұмыс барысы сараланды. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Жұлдызай Сәрсенбаева кредиттік, арендалық баспанамен қамту және қаладағы тұрғын үй қорын жаңғырту жөнінде атқарылған жұмыстары туралы баяндады.

-Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 49 840 азамат тіркелген.   2022 жылға 1605 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланған. Жұмыс істеп жүрген 29 жасқа дейінгі жастарға сатып алу құқығынсыз тұрғын үй бойынша 211 пәтерге конкурс және тұрғын үй комиссиясы өткізіліп, қазан айында жалдау келісім шарттарын беру жұмыстары жүргізіледі, - деді ол.

Өз кезегінде сөз алған Абай ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Көшікбаев 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қоғамдық келісім кеңесінің» маңыздылығына тоқталды.

-Қоғамдық келісімді сақтау және этносаралық даулардың алдын алу мақсатында ақпараттық насихаттық топ құрылған. Оның құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Башенов, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары және басқа да қызметкерлер енгізілген. Биыл медиация туралы заңын тұрғындар арасында насихаттау бойынша Қатынкөпір, Қызылжар, Қазығұрт шағынаудандарында үш кездесу өткізіліп, 200 ден астам тұрғын қамтылды, - деді.

Ғ.Көшікбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы 3000-ға жуық осал топқа жататын отбасыларға демеушілер есебінен көмек көрсетілген. Оның ішінде этнос өкілдерінің қатысуымен қайырымдылық акциялар ұйымдастыруды қолға алды. Аудан бойынша кәсіби емес 8 медиатор тіркелген болса, олардың сотқа дейінгі 36 дауы шешімін тауыпты. 6 этносаралық дауға жол берілмей, ауқымды жұмыстар жүргізілген.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.