«СУ РЕСУРСТАРЫ-МАРКЕТИНГ» – САПА БИІГІНДЕ Избранное

Среда, 21 Декабрь 2022 05:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1319 раз

Шымкент үздіктер қатарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Алтын сапа» мен «Парыз» байқауларының жеңімпаздарын марапаттап, «Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» аталымы Шымкент қаласының еншісіне бұйырған болатын. Ал, мегаполистегі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і «Экологияға қосқан үлесі үшін» «Парыз» сыйлығының алтын жүлдесімен марапатталды.

116

 

— Шымкент қаласынан республикалық «Парыз» сыйлығына үміткер ретінде биыл 23 мекеме өтінім берген екен. Бүгінде еңбек нарығында жүйелі жұмысымен, уақыт талабына сай өндірісті жандандырып отырған үздік ұжымдарды анықтап, мемлекеттік деңгейде марапаттап келеді. Биыл біздің ұжымға бұйырған «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы — дәстүрлі байқаудың бірегей жүлдесі. Кейінгі 5 жыл ішінде «Су ресурстары-Маркетинг» кәсіпорны бұл бағытта жүйелі жұмыс істеп, еңбегіміз өз нәтижесін беріп отыр, - дейді «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШС-нің бас директоры Анарбек Орман.
«Алтын сапа» және «Парыз» байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 281 кәсіпорын өтініш берген. Оның 23-і Шымкенттен. Ал, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і көп ішінен оқ бойы озық шығып, құрметті марапатқа ие болды.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС — Шымкент қаласының экологиялық жағдайын жақсарту бағытында жұмысты жүйелі жүргізіп отырған бірден-бір мекеме. 2017 жылы Орталық Азияда бірінші болып тазарту құрылғыларында 400кВт/сағ. электр энергиясын өндіретін биогаз қондырғысы іске қосылды. Қазақстандағы бірегей жоба, мамандардың айтуынша, «Жасыл экономикаға көшу концепциясына» сәйкес қолға алынған. Бүгінде финдік әріптестермен бірлесіп, 4 гектар жылыжайды жылыту үшін жылу энергиясына кәріз суын пайдалану бойынша жоба әзірленуде. Сондай-ақ, Ақбай-Қарасу су қабылдағышында күн батареялары стансасы жұмыс істейді, ол 200 сағ/квт электр энергиясын өндіреді.

118


«Су ресурстары – Маркетинг» мекемесінде суды өндіру және тасымалдау процесі толығымен автоматтандырылған, бақылау технологиялық процесті басқару жүйесі арқылы жүргізіледі. Ол су арнасының орталық диспетчерлік бекетінен басқарылады. Диспетчерлер тәулік бойы Шымкент су құбыры жүйесінің негізгі тораптарындағы су қысымының деңгейін бақылайды, ал деректер басты мониторда көрсетіледі. Осы технологияның арқасында сумен тұрақты қамтамасыз етіліп, апаттық жағдайлар азайған.
Тұтынушылар үшін суды есептейтін орамдық, жеке және жалпы үйлік құралдардың көрсеткіштерін қашықтықтан алу технологиясын да қолданысқа енгізген. «Вавиот», «Орион», «Энергия» және «Пульсар» маркаларының 4093 модемі орнатылды. Нәтижесінде су өлшеуіш құралдардың жұмысына бұзып, кері әсер ететіндерге тосқауыл қойылған. Жеткізушіден тұтынушыға дейінгі әрбір кезеңде есептеу құралдарынан көрсеткіштерді қашықтан бақылау жолымен шығындар мен айырмашылықтар зерделеніп отырады. Нақты уақыт режимінде судың есебі көрсетіледі. Барлық пайдаланушылар өз деректерін клиенттік кабинетте WEB сервис арқылы көре алады.
Міне, заманауи технология мен цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білген серіктестік бүгінде үздіктер қатарынан көрініп отыр. Біздің мақалада келтірген мәліметтер «Су ресурстары – Маркетинг» атқарған жұмыстың бір парасы ғана. Тұтынушысы көп ұйымның алдағы уақытта да сапа биігінен көрінетініне сенім мол.

Другие материалы в этой категории: « Еңбегімен елге үлгі «ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ» ӨТТІ »