Еңбегімен елге үлгі Избранное

Среда, 21 Декабрь 2022 05:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1160 раз

Өз кәсібін сүю, оны жан- тәнімен сезініп, үдесінен шығу үлкен қажырлықты талап етеді. Бүгінгі кейіпкеріміз «Еңбек жолы» байқауының жеңімпазы – Исабаев Фаиль Александрович сондай жандардың бірі. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясының иегері туралы әңгіме өрбітсек.

111

 

Фаиль Исабаев сонау өтпелі кезең аталған 1991 жылы «Шымкентцемент» АҚ еңбек жолын бастап, сол мекемеде осы күнге дейін адал қызмет атқарып келеді. Ол кәсіпорын жабдықтарының апатсыз, дұрыс жұмыс істеуін қадағалап, олардың сапалы жөнделуі мен техникалық қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді. Қаншама жылдар техниканың тілін меңгерген білікті маман заман ағымына сай білімін жетілдіріп отырады. Сондықтан болар жаңа техниканың қыр-сырын да маман жақсы меңгерген. Білгенін жастарға үйретуден жалықпайтын ұстаздың айналасында ылғи жастар жүреді. Файль мырза 2017 жылдан бері зауыттың бас механик қызметін атқарып келеді.
– «Шымкентцемент» – еліміздегі алпауыт зауыттардың бірі. Техникаға келгенде әсте асығыстыққа жол беруге болмайды. Сондықтан өзіме жүктелген жұмысты мұқият қарап шыққан соң ғана іске кірісемін. Кез келген жұмысқа немқұрайлылықпен қарау табиғатыма жат дүние. Не нәрсеге де төзім керек. Сонда ғана бастаған ісіңнен нақты нәтиже шығады. Жастарға осы пайымымды жиі айтып отырамын, - дейді еңбекқор азамат.
Ерінің еңбегін елі ешқашан елеусіз қалдырмайды. Адал еңбекті қашанда өскелең ұрпақ үшін үлгі етеді. Адамды адам еткен еңбек. Ол – дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Ердің елге танылуы да сол еңбектің арқасы.
Әркім өз еңбегі арқылы мемлекетті көркейте білсе, сонда ғана мемлекет қуатты болады. Адам қандай мамандық иесі болса да, өз ісінің шебері болуы керек. Еңбекті сүю, еңбек ете білу, өз болашағың мен елдің келбетін адал еңбек арқылы қалыптастыра білу де – өнер. Еңбексіз өмірде ештеңе де болмайды. Еңбегімен еліне үлгі бола білген, өз ісінің қыр-сырын бес саусағындай білетін Фаиль Александрович болашақ жас мамандарға да тәлімгерлік жасап, өздерінің жүріп өткен еңбек жолын баяндап, жақсы маман болу үшін қажырлы еңбек пен махаббат керек екенін жалықпай үйретіп келеді.

С. ЖАМАЛДИНОВА

 

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.