АВТОБУСТАР ЖАҢА ЖҮЙЕГЕ КӨШТІ Избранное

Среда, 01 Март 2023 05:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 553 раз

Шымкентте 1 наурыздан бастап қаладағы барлық бағыттағы қоғамдық көліктер жолаушыларға кондукторсыз қызмет көрсетеді. Шаһарда «Кондукторсыз жүйе» жобасы өткен жылдың тамызында қолға алынған болатын.

56

 

– «iKOMEK-109» орталығына түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі қоғамдық көліктердегі кондукторлардың жұмысына қатысты болды. Автобустарда жолаушыларды қолма-қол ақша төлеуге мәжбүрлеу, кешкі уақытта валидаторларды өшіріп қою секілді кондукторлардың жұмысына қатысты көптеген шағым түсті. Жағдайды түзету үшін қаладағы қоғамдық көліктерді кондукторсыз жүйеге кезең-кезеңімен көшірдік. Жаңа жүйеге сәйкес, енді автобуста кондукторлар мүлдем болмайды. Енді жолаушы қолма-қол, «Tolem» картасы, SMS код немесе QR-код арқылы жолақысын төлеуге жауапты. Осыған орай, 108 адамнан құралған бақылаушы топ құрылған. Бақылаушылардың штат саны алда өзгеруі мүмкін. Жұмыстан босаған кондуктор өз еркімен бақылаушы болып қайта жұмысқа тұра алады немесе жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінуіне болады, - дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев.
Сонымен қатар, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Шымкент қаласы полиция департаментінің арасында арнайы келісім жасалған. Полиция қызметкерлері және бақылау тобы бірлесіп, жол ақысын төлемеген жолаушыларға әкімшілік құқық бұзу туралы хаттама түзіп, айыппұл сала алады. Автобуста жол ақысын қолма-қол төлеген жағдайда, міндетті түрде жүргізушіден билет беруді талап ету тиіс. Бұл жоба төлем жүйесінде ашықтықты қалыптастырып, жүргізушінің жалақысын көбейту мақсатында қолға алынған.
Күнделікті жүргізілетін рейдтік шара кезінде жол ақысын төлеуден жалтарған азаматтарды анықтаған жағдайда, полиция қызметкерлерінің қатысуымен жолаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, мобильді топтың мақсаты – жолаушыларға айыппұл салу емес, оларды міндетті жол ақысын төлеуге шақыру. Автобусқа отырғанда бірінші кезекте валидатор, SMS және QR-код арқылы төлем жасалу қажет. Қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда, жүргізушіден билет талап етіп және оны сапар аяқталғанға дейін сақтау керек.
Айта кетейік, жолақыны көлік картасымен, SMS және QR-код арқылы төлеген кезде тариф 70 теңгені, қолма-қол төлеген жағдайда тариф 100 теңгені құрайды. Сондай-ақ, картада қаражаты қалмай, қолма-қол төлеу кезінде де тариф 100 теңгені құрайды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.