«Жақсы сөз – жарым ырыс, жақсы кәсіп – толық ырыс» Избранное

Пятница, 07 Апрель 2023 03:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1076 раз

Шымкентте мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, бизнес бастағандар көбейіп келеді

Халқымыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мақалын жиі естейміз. Неге екені белгісіз осы мақалдың «Жақсы кәсіп – толық ырыс» деген жалғасы барын көбіміз біле бермейді екенбіз. Иә, адам өмірден өз орнын тауып, тұрмысын түзеп, елге пайдасын тигізуі үшін оған жақсы, берекелі кәсіп көзінің керектігі даусыз. Әрі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бүгінде ел экономикасын алға ілгерілетудің бірден-бір жолы болып отыр. Сондықтан да болар елімізде кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің түрлі жолдары, тетіктері көбейіп келеді. Соның бірі – мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттар.

130

 

Бүгінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы  шеңберінде  мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жаңадан ісін бастап жатқан кәсіпкерлер баршылық. Жалпы, елімізде азаматтарға грант беру бағдарламасы 2019 жылдан бастап қолданысқа енгізілген болатын. Осы ретте «Бастау бизнес» жобасы аясында грант алып,  кәсіп ашқан бірнеше бизнес иелерімен тілдескен едік.

Арболиттен салынған үй: қыста – жылы, жазда – салқын

Ерекше жоба авторларының бірі – Нұрымжан Шойбеков. Ол – ағаштан жасалатын арболит блоктарын өндіруді Қазақстанға алғашқы болып алып келген кәсіпкер. Бұрын құқық саласының қызметкері болып еңбек еткен Н.Шойбеков «Елдің өнеркәсібіне үлес қосуды әу бастан қалап жүрдім» дейді.
–Мен өндіріспен айналысуды жастайымнан армандадым. Бірақ сол қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болатын. Бірнеше жыл Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында жұмыс істедім. Сол уақытта түрлі кәсіпкерлемен әңгімелесіп, осы арболит блоктары жайында естідім. Кейіннен соның жасалу жолына қызығушылық таныта бастадым. Бұл өнім ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Еуропада шығарыла бастаған екен. Ал Кеңес Одағы дәуірінде алпысыншы жылдары танымал болған. Сол уақыттарда монша салуға көп қолданған. Біздің елге 2015 жылдардан бастап келді. Содан бастап мен өзім құжаттарын дайындап, сертификатын алып, осы өнімді өндіріп көруге кірістім. Бизнес-жобам арқылы қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Қазір Шымкентте атап айтарлықтай танымалдылыққа ие болған жоқпыз. Тұтынушылар солтүстіктен, орталық Қазақстаннан тапсырыс беріп жатыр, – дейді кәсіпкер.

132


Оның айтуынша, арболиттің ерекшелігі одан салынған ғимарат қыста суықтан, жазда ыстықтан жақсы қорғалады. Құрамы ағаш пен цементтің қосындысы болғандықтан салмағы да жеңіл. Бұл құрылыс жұмысын едәуір жеңілдетеді. Қаржысы жағынан да үй салушыға тиімді. Себебі, арболиттен салынған үйді қосымша жылытқышпен қаптап әуре болмайсыз. Қабырғаға шеге қағуда қиындық тудырмайды. Экологиялық таза өнім болғандықтан адам денсаулығына зияны жоқ, керісінше пайдалы екен.
«Бастау бизнес» жобасы – жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, монополист компанияларға бәсекелестік тудырып, нарықтағы бағаларды төмендету мақсатында ұйымдастырылған. Бұл жоба бес жыл ішінде бірқатар жетістіктерді көрсетіп отыр. «Бизнес Бастау» жобасы нақты жұ-мыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған. 5 жыл ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкерлік негізін оқып, 53 мың бизнес-жоба жүзеге асырылды. Яғни, «Бизнес Бастау» жобасының әр үшінші түлегі өз кәсібін бастаған. Жоба түлектері 70 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, 1,5 млрд теңгеден аса салық төлеген.

«Сапалы әрі пайдалы болғанын қаладым»

Мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткен Эсмеральда Ибрагимова да ойыншық жасау жобасын іске асырып отыр.
–Ұлым интернеттен ойыншық жасау технологиясын көріп, осы өндіріске қызығып жүрді. Біздің елде баланы дамытушы ойыншықтарды өндіру ісі кенжелеп, көбіне шет елден импортталады. Бұл Ресейде өте жақсы дамыған. Өздігімнен ойыншақтардың жасалу жолын меңгеріп, түрлі эскиздерді алдын ала дайындап шықтым. Маған бала ойнап отырып, көп нәрсені үйрене алатындығы маңызды болды.

131

Мысалы, мына (суретте) ойыншық үй арқылы бала сағат тілін түсінуді үйрене алады, түстерді ажыратады, бәтеңкенің бауын байлап, түйме қадауды да игереді. Мұндай зейін ашар ойыншықтарымыздың түрі көп. Бізге көбіне тапсырыстар балабақша мен мектептерден түседі. Сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы да сатып алушы ата-аналар бар. Алғашында жұмысты ағаш кесетін қондырғыны ұлымның досынан жалға алып, бастадық. Грант арқылы соңғы үлгідегі қондырғыға қол жеткіздік. Мемлекеттің осындай қолдауына алғысым шексіз. – дейді Э.Ибрагимова.

Тамақтың құнарын сақтайды

Кәдімгі ағашты кәдеге асырып, денсаулыққа пайдалы өнім жасаған кәсіпкердің тағы бірі – Шолпан Көпбаева. Ағаштан ыдыс-аяқ бұйымдарын жасап жүрген ол бүгінгі таңда өнімдеріне сұраныс жоғары екенін айтады.
–Менің әкем – ағаш ұстасы. Ал, өзім мейрамхана ыдыстарын сатумен айналысатынмын. Ыдыстарға қарап түрлі идеялар келетін. Ерекше дизайнмен түрлі тісбасарлар салуға арналған және әртүрлі ұлттардың тағамдарын ұсынуға болатын өзгеше ыдыстарды сызып көріп жүрдім. Мұны ағаштан жасаса қалай шығатыны қызық болып, әкеме ұсыныс айттым. Әкем жаңғақ ағашынан, тұт ағашынан эскиздерімді өңдеп жасап көрді. Содан осындай керемет дүниелер пайда болды. Бүгінде «Қара батыр» брендімен біраз танымалдылыққа жеттік. Тапсырыс берушілер мейрамхана, тойхана, ресторандар. Ыдыстарым ас ұсынғанда ғана әдемі көрініп қоймай, тағамның пайдалылығын, нәрлілігін өн бойына сақтайды. Бұл заттар дымқыл ағаштан жасалады. Оның кебуі бар, станокқа салып ою, одан кейін өрнек салу – бәрін есептегенде бір аптадай уақыт кетеді. Ағаш ыдыстарын жасау үлкен еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Есесіне денсаулыққа пайдасы зор. Тамақтың құнарлылығын сақтап, түрлі бактерияларды жояды. Сапалы ыдысты таңдау үшін оның ағашына мән беру керек. Қайың, еменнен жасалған ағаш ыдыстар ыстық пен суық әсерінен тез сынбайды, ұзаққа шыдайды. Қазақ ерте кезден ағашты пайдалана білген. Ал, біз бүгінде бұл өнерді жаңғырту, халыққа ұсыну жұмысымен шұғылданып отырмыз. Ағаш ыдыстарға деген халықтың сұранысы жақсы. Әсіресе, шетелдіктер көп қызығады, – дейді Ш.Көпбаева.

Киізден жасалған бұйымдар денсаулыққа пайдалы

Бүгінде Ш.Көпбаева сынды өнімнің табыстылығын ғана емес, адамзатқа пайдалылығын да көздейтін кәсіпкерлер көбейіп келеді. Соның бірі – Мәдина Нұрланқызы. Ол киізден жасалған бұйымдарды заманауи үдгіде жаңғыртып, халыққа ұсынуда.
–Киізді қой жүнінен жасаймыз, ал, қой жүнінің жылу реттейтін қасиеті бар, – дейді М.Нұрланқызы. –Құрғақ жылу суық тигенде бірден-бір ем. Жүннен жасалған киімдер мен бұйымдар жараның тез жазылуына, сынықтың тез бітуіне көмектеседі. Қой жүнінде ланолин деген табиғи май болады. Ол бұлшық етке, тамырларға, омыртқаға, тыныс алу жүйесіне оң әсер етіп, қан айналымды жақсартады. Жүннен жасалған бұйымдар, әсіресе, ревматизм, остеохондроз және радикулитпен ауыратын науқастарға пайдалы. Киіз деген өзі киелі нәрсе, бір-біріне ұйысатын болғандықтан, тігіссіз өнімдер өндіруге бодады. Қазіргі кезде барлық заттар синтетика болып кеткендіктен адам денсаулығына да едәуір зиян келіп жатыр. Бір қуанарлығы адамдардың көбісі табиғи таза өнімдерге қайта ауысуда. Осыған орай заманауи үлгідегі кілемдерге сай текеметте басып шығардық. Жас келіндерге арналған камзолдар, балаларға арналған үй аяқ киімдерін, бас киімдер тіктік. Сұраныс жаман емес. Жасалу процесі ұзақ уақытты талап етеді. Есесіне пайдасы ұшан теңіз. Мен мемлекеттік грантқа қатысып, ұтқан ақшаға киіз басатын станок сатып алдым. Сол жерде және әлеуметтік желілерде өз өнімдерімізді сатамыз.
Жұмыс жоқ, жалақы аз деген желеумен еңбек етпей, мемлекетке қол жайып отыра бергенде бұл кәсіпкерлер де ешқандай жетістікке жетпеген болар еді. Қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ екенінің дәлелі бүгінгі біздің кейіпкерлер болса керек. Ендеше қолдан келген кәсіпті игеріп, елге де өзімізге де пайдамызды тигізуден аянбаған жөн.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.