ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА, ҚАРЕКЕТ ҚАЛАЙ? Избранное

Среда, 19 Июль 2023 04:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 555 раз

«Қыс арбаңды, жаз шанаңды қамда», – дейді халық даналығы. Биыл өңірлердегі жылыту маусымына дайындық жұмыстары Президент және Үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынды. «Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа, сондықтан тәуекел де жоғары. Егер, жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады», – деді Үкімет отырысында Әлихан Смайылов. Шымкент қаласында жылыту маусымға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр? Жылыту мекемелерінің жағдайы қай деңгейде? Саралап көрсек.

629

 

Жылу қазандықтары жаңғыртудан өтті

Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов «Энергоорталық-3» АҚ ұжымымен кездескен-тін. Мәжіліс депутаты кәсіпорынның қысқы жылыту маусымына дайындық барысы, инвест бағдарламалардың орындалуы және қызметкерлерлің әлеуметтік жағдайымен танысқан еді.
Стратегиялық маңызды нысандардағы жұмыстарды қадағалау басты назарда. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, мекемеде жұмыс қарбалас. Кәсіпорын жылына орта есеппен сағатына 700 млн кВТ электр қуатын өндіреді. 600 адам жұмыспен қамтылған. Жылу орталығындағы қысқы маусымға дайындық барысы, 2023 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы кестеге сәйкес атқарылуда.
«3-Энергоорталық» АҚ-ның қысқы маусымға дайындық жұмыстарына 1 255,8 млн теңге қаржы қарастырған. Бүгінгі таңда 720 млн. теңгеден астамы теңге игерілген. Мекеменің бас директордың міндетін уақытша атқарушы, бас инженер Жансерік Ерботаев станциядағы қондырғыларды электр қуатын өндіру мен қаланы жылумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысынан хабардар етті. Қазіргі таңда турбоагрегат бірі жаңғыртылып, үш бірдей жылу қазандығында жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

632


– Бізде үлкен қысымдағы 3 жылу қазандығы, 2 турбоагрегатор бар. Қазандық толық газбен жұмыс істейді. Сағатына 26,5 мың текше метр газ жағып, 75 Мват электр энергиясын өндіріп жатырмыз. Қазіргі басты мәселе – 2023-2024 жылғы қысқы жылыту маусымына дайындық. Қазіргі жағдайда №2 жылу қазандықтың жөндеу жұмыстары толық аяқталды. №3 жылу қазандығы 35 пайызға жөнделсе, №1 қазандық тамыз-қыркүйек айында жөндеуден өтеді. Ал турбоагрегаттарды жөндеу жұмыстарын сәуір айында бастадық. Оны 74 күнде аяқтадық. Қазір жұмыс істеп тұр, – дейді бас инженер.
Мекеменің резервтік отынға қажеттілігі 10,7 мың тонна болса, өткен жылу маусымынан соң 9,7 мың тоннасы бар (88%). Қалған 2 мың тонна мазутты қараша айында алу жоспарланған. Өткен маусымда газды азайтуға байланысты 1200 тоннадай мазут жағылған. Оның орнын толтыру жұмыстары тамыз айында басталады.

Тозған құбырлар жаңартылады

Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, қаланың 23 бөлек орналасқан жылу қазандықтарының 12-і қысқы маусымға дайын. Қалған қазандықтар бойынша дайындық жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталады.
Орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциялардан 10-ы дайындыққа келтірілсе, қалғанын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау жоспарда. Қаланың жылу жүйелерінің ұзындығы 838,6 шақырым, оның тозығы жеткені 37 пайыз. Жылу маусымынан соң 100 пайыз қысыммен тексеру жұмыстары атқарылды.
Жалпы қаланың 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы бақылауға алынған, апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде. Таяуда қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһардың жылу жүйелерін қысқы маусымға дайындау барысын пысықтап, жүзеге асқан жұмыстармен танысып шықты. Шаһарда жылу құбырлары қыркүйек айына дейін жаңартылады. Қаладағы тозығы жеткен жылу құбырларын жаңартуға да үлкен мән беріліп отыр. Атап айтқанда, 2023 жылы 6 185 метр жылу құбырын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған.
Қазіргі таңда «ОНС-2» сорғы станциясынан «ТК-4-ке» дейін, «ТК-4-тен» «ОНС-3» сорғы станциясына дейінгі магистралдық жылу жүйесіне қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл сорғы станциялары мен жылу жүйелері 1980 жылдары қолданысқа берілген. Сондықтан жылу құбырларын толық ауыстыру және сорғы станцияларына қайта құру кестеге сай кезеңімен іске асуда. Жоспар бойынша қайта құру биылғы жылдың қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс. Құбырдың жалпы ұзындығы 4 057 метрді құрайды және жоба құны 1 938 миллион теңге.
Құрылыс жұмысы жүріп жатқан аймақтың бірі – А.Байтұрсынов пен Түркістан көшелерінің қиылысындағы «ТК-24» пен «ТК-26» станциясы аралығындағы құбырларын ауыстыру жұмыстарының жалпы ұзындығы 667 метрді құрайды және жобаның құны 341 миллион теңге болып отыр. Сонымен қатар А.Байтұрсынов көшесіндегі «ТК-42» және Ғ.Іляев көшесінде орналасқан «ТК-39» станциясына дейінгі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстарының жалпы ұзындығы 605 метр, сметалық құны 215 миллион теңге. Бүгінде жұмыстардың 60 пайызы аяқталған. Ал Асқаров көшесі «ТК-23-тен» «ТК-3-ке» дейінгі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары 45 пайызға орындалған. Мұрат Дүйсенбекұлы жылу желілерін ағымдағы жылдың шілдеде аяқтауды тапсырды.

«Салғырттық қайталанбауы тиіс»

Мемлекет басшысы таяуда ғана Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Президент өткен жылыту маусымында қалада жылу қуатының тапшылығы қатты сезілгенін, жылу стансаларының меншік иелері мен мердігерлер өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы керек екенін атап өтті.

631


– Үкімет барлық аймақтағы жылу маусымына дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауы керек. 30 градус аязда жылусыз қалған Екібастұз тұрғындарының оқиғасына қайта жол бермеуіміз қажет. Жаздың да тең жартысы өтті, алда уақыт көп емес. Сондықтан қаладағы барлық тиісті қызметтер қысқы маусымға сақадай сай болуы қажет. Күн суытқанша бүкіл елдегі жылу көздері мен коммуналдық желілердің дайындығын пысықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаған жөн. Бұл үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Сондай-ақ, жылу стансаларының меншік иелері мен мердігерлер өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Д.Исабеков «Энергоорталық-3» АҚ ұжымымен кездесуде жаңғырту жұмыстарының барысы, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру, мамандардың біліктілігін арттырудың маңызды екенін жеткізген. Алда жұмысшылардың жалақысын көтеру бойынша ұсыныстар беріп, депутаттық сауал жолдамақ. Ендігі ретте стратегиялық маңызды нысандардың жұмысын әр тоқсан сайын бақылап отыратын мәлімдеді. Ең мықты мамандар осындай кәсіпорындарда жұмыс істеуі керек. Оларды ұстап тұру үшін тиісінше, олардың жалақысы жоғары болуы қажет.
Саннан гөрі сапа маңызды. Алдағы қысқы жылыту маусымын тұрақты өткізуді қамтамасыз ету назардан түспек емес.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.