Оқушылар сарайы – жас дарындар ордасы Избранное

Среда, 13 Декабрь 2023 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1273 раз

Бала – бақыт, бала – базар, бала – өмір. Бұл нәзік те кінәз өмір гүлінің дәні қандай топыраққа түсіп, қалай өсіп-өнері оны қалай суарып, күтіп-баптағаныңа байланысты. «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады» дейді ұлт жанашыры, ақиық ақын Мұхтар Шаханов. Ал, ақын айтқан күйсандықтың кілтін тауып, бақыты кемел, дүниетанымы жоғары, көшбасшылық қабілеті жетілген, өнерлі, өрелі ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі мектептен тыс қосымша білім беру мекемелерінің басты мақсаты. Бұл ретте осы бағыттағы өзіндік жұмыс ерекшелігімен, көпжылдық тәжірибесімен және толағай жетістіктерімен танылған Шымкент қалалық білім басқармасының Оқушылар сарайын биыл 80 жыл толды.

shkol2

 

Шымкент қаласының Оқушылар сарайы – тарихы сонау сұрапыл соғыс жылдарынан бастау алатын еліміздегі байырғы мектептен тыс мекемелердің бірі. Осы жылдар аралығында облыс және қала балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыс атқарып, озық тәжірибелі мекемелер қатарында республикалық қосымша білім беру саласының «Алтын қоры» кітабына енгізілді. Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері республикалық, халықаралық деңгейде өнер, спорт, білім, шығармашылық саласындағы байқаулар мен жарыстарда жеңімпаз атанып, көк Туымызды желбіретіп келеді.
Өткенсіз бүгін, ал, бүгінсіз болашақ болмайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін дүние екені даусыз. Сондықтан, бақытты балалықтың балдәурен мекеніне айналған Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайының бүгінгі жетістіктерін тілге тиек етпес бұрын оның өткен тарихына аз-кем тоқталып, алғашқы ірге қалау, қалыптасу, даму жолында тұрған тұғырлы тұлғалардың еңбегін көрсету – азаматтық парызымыз.

shkol1


Оқушылар сарайының тарихын шырайлы Шымшаһардың өткенінен бөліп қарауға болмайды. Яғни, Ресей империясы Қазақстанның оңтүстік аумағын өзіне қосып алғаннан кейін қаланың солтүстік-шығыс бетінде орыс қоныс аударушылары құрған жаңа қала пайда болады. Бұл қаланың орталығы – 1903 жылы салынған шіркеу бағы (қазіргі «Кеңбаба» саябағы) еді. Осы саябақта 1913 жылы Николь соборының құрылысы аяқталды. 1923 жылы собор жабылып, ғимарат білім беру мекемелеріне берілді.
1943 жылы ғимаратты балаларға беру туралы шешім қабылданып, маусым айында Пионерлер сарайы мектеп оқушыларына есігін ашады. Мерейлі мекеннің тарихы да дәл осы кезеңнен бастап жылнамаға енеді.
1958 жылы Ленин комсомолының 40 жылдығына орай облыстық Пионер ұйымдары кеңесінің атқару комитеті, облыстық Жұмысшы депутаттар кеңесінің атқару комитеті облыстық Пионерлер сарайына Орта Азия мен Қазақстан комсомолының көрнекті ұйымдастырушыларының бірі Ғани Мұратбаевтың есімін беру туралы шешім қабылдады.
1972 жылы Пионерлер сарайы «Шымкент облыстық пионерлер мен оқушылар сарайы» деп аталды.
1983 жылы 19 мамырда қала балаларына Пионерлер мен оқушылар сарайының жаңа ғимараты тарту етілді. Ол қала орталығындағы мәдениет және демалыс саябағында орналасқан еді. Балалар аттракциондары, бассейн мен стадион, екі кинотеатр, облыстық өлкетану мұражайы, облыстық филармония, балалар кітапханасы Пионерлер мен оқушылар сарайын айнала бой көтеріп, қаланың бұл аймағын халық ең көп шоғырланған ортаға айналдырды.
«Шымкент қаласының мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарын қайта құру туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі №1183 Қаулысы негізінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің«Шымкент аулалық клубтар бірлестігі», Оңтүстік Қазақстан облысы әкімиятының «Шымкент балалар мен жасөспірімдер орталығы» және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі Білім департаментінің «Ғани Мұратбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан облысы Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындарының қосылу жолымен Шымкент қаласы әкімдігінің «Шымкент қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылды. Ал, 2014 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің «Шымкент қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Шымкент қаласы білім бөлімінің «Оқушылар сарайы» МКҚК болып қайта құрылды.

shkol5


Осындай үлкен қалыптасу, жетілу жолынан өткен балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беру мекемесін педагогика саласының ең мықты мамандары басқарып, дарынды, өнерлі балалардың қаншама буынын тәрбиелеп шығаруға орасан зор үлес қосқанын ерекше атап өткен жөн. Айталық, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері Пионерлер мен оқушылар сарайының директоры қызметін атқарған Раиса Леонтьевна Берючинская, Алима Раманқұлқызы Жүсіпәлиева, Гүлжан Ізтілеуқызы Төлегенова, Элеонора Михайловна Коробко, Шагида Асхатқызы Сүйіндікова, Батырбек Рүстемұлы Қойшиев, Наталья Сергеевна Романованың ардақты есімі бүгінде Оқушылар сарайының тарихында алтын әріптермен жазылған. Осындай тұғырлы тұлғалардың ізін басып, ізгі дәстүрін жалғастыру бақыты бүгінде менің еншіме тиіп отыр.
Алғашында Пионерлер сарайында үш үйірме жұмыс істеді: драмалық үйірме – ұйымдастырған Е.М.Крюкова, фото үйірмесі – жетекшісі А.Назаров және кестелеу үйірмесі, оның жұмысын И.Я.Сощина жүргізді. Иза Яковлевна ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, қыздардың бірнеше буынына кесте тігу өнерін үйретті. Кестелеу үйірмесінің жұмыстары үнемі облыстық, республикалық көрмелерге қойылып, жүлделі орындарға ие болды. Пионерлер сарайында алғашқылардың бірі болып «Жас гүл өсірушілер» үйірмесі жұмыс істеді. Балалар экзотикалық гүлдер өсірді, сабақтарға арналған бөлмелерді гүлдермен көгалдандырды, пионерлер мен оқушылар сарайының ғимаратының жанында гүлзарлар жасады. Жас ботаниктер үйірмесіне Поддубная Надежда Васильевна жетекшілік етті. Ол балаларды табиғатты сүюге, барлық тіршілік иелеріне ұқыпты қарауға үйретті.
Жалпы Шымкент қаласы Оқушылар сарайының негізгі міндеті – балалар мен жасөспірімдердің бейімділігі мен шығармашылық ұмтылыстарын дамытуға көмек көрсетіп, оқу-тәрбие, нұсқаулық-әдістемелік жұмыс жүргізу. Осы мақсатта Оқушылар сарайындағы үйірмелерде, клубтарда, секцияларда түрлі бағыттарда сабақтар өтіп, балалардың қоғамдық-саяси, ғылыми-техникалық білім, эстетикалық тәрбие алып, туристік және спорт салалары бойынша дамуына басымдық беріледі. Мұнда балалар өздерін қызықтырған салалар бойынша толыққанды мағлұмат алып, болашақ мамандықтарының алғашқы іргетасын қалап шығады. Бұдан бөлек, осы үйірме сабақтарында ұжымдаса еңбек етіп, командалық жұмыс дағдыларын игереді және нағыз достық пен бауырмалдыққа, іскерлік пен тез шешім қабылдауға үйренеді.

ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСТАРЫ ӨҢІРГЕ ҮЛГІ

Облыс, қала көлемінде аудандық және қалалық Пионерлер мен Оқушылар үйлерінің әдіскерлері мен үйірме жетекшілеріне балалар қоғамдық ұйымына әдістемелік көмек көрсету бағытында жыл сайын мекеме базасында және жергілікті орында 5-6 рет облыстық семинар ұйымдастырылды.

shkol4


Кеңестер Одағы тараған соң 1992 жылы Қазақстандағы пионер ұйымының VІІІ Слетінде республикалық ұйым тарап, «Атамекен» балалар ұйымының бағдарламасын Қазақстан балалар ұйымдары Одағының бағдарламасы мәртебесінде таныды.
1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының мектептері толығымен «Атамекен» бағдарламасы бойынша жұмысқа өтіп, сәуір айында облыстық «Атамекен» балалар қоғамдық ұйымының І Құрылтайын Оқушылар сарайының ұжымы ұйымдастырды.
1993-2011 жылдары облыс мектептерінде «Атамекен» ұйымымен қатар облыстық «Болашақ» балалар қоғамдық ұйымы жұмыс жүргізді. 2011 жылы Республикалық Бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық ұйымы құрылып, бүгінгі таңда мектептің балалар қоғамдық ұйымы жұмысы осы ұйым бағдарламасымен жұмыс жүргізеді.

«ДОСТЫҚ» КЛУБЫ – ДОСТЫҚ МЕКЕНІ

Бұлай атауымыздың да өз тарихы бар. 1959 жылы Шымкент облыстық Пионерлер сарайы жанында Хо Ши Мин атындағы «Глобус» интернационалдық достық клубы өз жұмысын бастап, 1999 жылға дейін 40 жыл жұмыс жасады. Осы жылдар аралығында достық клубы мазмұнды және қызықты жұмыс атқарып, балалар арасында танымал болды. Ұлттық құрамы бойынша клуб өз атына сай болып, түрлі ұлт өкілдерінен тұрды.

2007 жылы 14 мамырда Оқушылар сарайында (бұрынғы Шымкент қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы) ашылған «Достық» музейі интернационалдық тәрбие, толеранттық қатынас, Қазақстан халқының мәдениетін құрметтеу бағытында тәрбие жұмысын жүргізді. Музейде Оңтүстік өңірінде тұратын ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті, салт-дәстүрі жайлы мәлімет беретін ұлттық киімдер, саз аспаптары, ыдыс-аяқ, қолөнер бұйымдары, т.б. материалдар жинақталған.

shkol3

 

ҮЙІРМЕНІҢ ҮЙРЕТЕРІ МОЛ

Оқушылар сарайымен бірге жасасып, еліміздің өнері мен мәдениетін алыс-жақын шет елдерге таныстырып, өзі де танымал болған Халықтық «Айгөлек» балалар би ансамблінің тарихына тоқталсам.
Пионерлер сарайына қарасты «Айгөлек» ансамблі 1946 жылы хореографиялық үйірме базасында пайда болды. Ансамбльдің жетекшісі, педагог, би қоюшысы Анна Львовна Цандекова еді. «Айгөлек» ансамблі туралы «Нағыз іс осындай (Когда дело настоящее)» телевизиялық фильмі және «Айгөлек» биі» фильмі түсірілді. 1975 жылдан бастап ансамбльдің балетмейстері, бүгінгі таңда көркемдік жетекшісі болып еңбек еткен жан –Каланова Райхан Муртазақызы. Би ансамблінің тарихында 15 мыңнан астам жас өнерпаз жыл сайын Куба, Ирландия, Ұлыбритания, Түркия, Кипр, Болгария, Испания, Чехия, Дания, Италия, Франция, Норвегия, Финляндия, Қырым, Черногория, Германия, Польша және посткеңестік елдердің бәрінде Халықаралық фестивальдердің лауреаты және Гран при иегері атанып, көрермен көзайымына айналған. Ансамбльде концертмейстер ретінде Рахлин Леонид Аркадьевич, ұл балалармен Кремень Петр Исаакович айналысты. Бүгінгі таңда «Құрмет» орденінің кавалері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Шалқыма» ансамблінің көркемдік жетекшісі Есікеев Әбдрасұл Нижаметдинұлы (1998-2001ж.ж.), Шымкент қаласының танымал хореографы Тәжіметов Төлебай Малагаждарұлы (1998-2004ж.ж.) «Айгөлек» ансамблінде хореограф қызметін атқарған. Қазіргі ансамбльдің хореографтары – Голобокова Елена Владимировна, Садықова Айгерім Бауыржанқызы.
1. «Балбармақ» қазақ халық аспаптар оркестрі 1973 жылы ұйымдастырылды. Оның тұрақты жетекшісі Есполова Күлжан Құлсейітқызы.
2. 1962 жылы Хор капелласы құрылды. Ұжымның ұйымдастырушысы және көркемдік жетекшісі - дарынды хормейстер Александр Владимирович Городов (жұмыс атқарған жылдары 1962-2007ж.ж.).
3. «Жас ұлан» қазақ хоры 1988 жылы ұйымдастырылды. Ұжым жетекшісі Баяндинова Гүлнар Баяндинқызы.
4. Үрмелі аспаптар оркестрі 1976 жылы құрылды, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері Сафаров Владимир Абрамович тұрақты жетекшісі болып табылады.
5. Орыс халық аспаптар оркестрі 1974 жылы құрылған. Оркестрді ұзақ жылдар бойы А.Сиротенко басқарды.
6. «Детство», «Колокольчик» вокалды топтары 1984 жылдан бастап жұмыс атқарды. «Детство» вокалды үйірмесін С.А.Меркушев, ал «Колокольчик» тобын Е.И.Меркушева басқарды.
7. 1983 жылы «Аквариум» үйірмесін А.А. Суровяткин басқарды. 1984 жылдан бастап Е.Латышеваның жетекшілігінде «Гүл өсірушілер» үйірмесі, 1987 жылы педагогтер Н.Рафикова, Б.Альжанова, М.Баятанова басқарды.
8. Техникалық шығармашылық бағыттағы «Кеме жасау» үйірмесінде балалар отандық флоттың даму кезеңдері және кеме жасаудың бастапқы негіздерімен танысты. 1983 жылы құрылған «Радиоэлектроника» үйірмесін Геннадий Николаевич Ковалев басқарды.
9. «Резерв» әскери-патриоттық клубын Шәріпбай Өтегенов, «Антей» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Е.Маркин интернационалист жауынгерлер еді.
10. «Эврика» өлкетану үйірмесіне Ольга Константиновна Демиденко, «Автомодельдеу» үйірмесіне Павел Александрович Приходько жетекшілік етті.
11. Галина Ивановна Красильникова, Валентина Анатольевна Кипчакбаева «Галатея» көркемсурет мектеп-студиясында 1997 жылдан бері жұмыс істеді.
12. «Belissimo» студиясында (жет.ТМуравьева), «Макраме» үйірмесі (жет.В.А.Павлюк)
13. Авиамодельдеу үйірмесінің әр жылдары үйірме жетекшілері Е.А.Шиков, С.В.Соков, З.М.Сокова.
14. «Грядущий» театрына Г.Утегенова (Бопинаева) жетекшілік етті. 1999 жылы театр «Вега» театр үйірмесі ретінде қайта құрылып, 2008 жылға дейін жемісті жұмыс атқарды.
15. 40 жылға жуық осы мекемеде қызмет атқарған Айткүл Жинақбайқызы Есімханова, Мектеп жастары ассоциациясына және Достық музейіне жетекшілік жасаған Сапарбаева Балиха Қорғанбайқызын атап өтер едім.
Оқушылар сарайын нағыз өнер мен шеберліктің ұстаханасы десек, артық айтпаспыз. Мұндағы үйірмелерден білім мен тәрбие алған балалардың дені бүгінде еліміз ғана емес, әлем деңгейінде түрлі биіктерді бағындырып, халқымыздың мақтанышына айналып жүр. Ғылым мен техника, музыка мен театр, әдебиет пен мәдениет, т.б. салалардың саңлақтарына айналған олардың есімдерін саусақпен санап жеткізу мүмкін емес. Олар тіпті жүздеп, мыңдап саналады.
Бүгінде 1200 балаға арналған Оқушылар сарайында 4921 бала түрлі үйірмелерге қатысуда. Мұндағы жалпы саны 124 үйірменің 35-і – әлеуметтік-педагогикалық, 21-і – тілдік және сөз өнері бағытында, 13-і – спорттық, 4-еуі – техникалық, 15-і – көркемсурет, 5-і – хореографиялық, 17-сі – саздық-аспаптық, 14-і – қолданбалы өнер бағытында жұмыс істейді. Оның ішінде Шымкент қаласының Оқушылар сарайына қарасты «Жастық», «Алпамыс», «Жалын» аула клубтарындағы 34 үйірмеге 1485 бала қосымша білім берумен қамтылған.
Сонымен қатар, қала аумағынан тыс орналасқан Оқушылар сарайына қарасты «Ақсу» сауықтыру лагері де балалар мен жасөспірімдердің демалысын тиімді пайдаланып, жан-жақты тәрбиелеуге үлкен септігін тигізіп отыр. Лагерьге жергілікті бюджеттен қаралған қаржыға жыл сайын жазғы кезеңден аз қамтылған, тұл жетім, жартылай жетім, қамқорлықтағы, атаулы әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы отбасынан шыққан 1200 бала жолдама алады.
Жалпы алғанда, Оқушылар сарайының әдістемелік, техникалық-эстетикалық, бұқаралық, аула клубтары бөлімдерінде оқу-тәрбие жұмысын 150 педагог-қызметкер жоғары деңгейде үйлестіріп, жүргізіп отыр.
Шымкент қаласы білім басқармасының «Оқушылар сарайы» МКҚК базасында 2021 жылы есік ашқан «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің де көтерер жүгі салмақты. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, халықтық фолькорды жаңғыртуды мақсат тұтқан бұл мектепте айтыс, дәстүрлі ән, күй, шешендік өнер, қолөнер, көркем-шығармашылық, ұлттық би, көркемсурет, актерлік шеберлік бағыттары бойынша үлкен жұмыстар атқарылып, талай тарланбоз таланттың үлкен сахналарды бағындыруына жол ашып отыр.
Міне, Шымкент қаласы Оқушылар сарайының осы тәріздес сексен жылдық тарихында қол жеткізген жетістіктері жайлы таңды таңға ұрып әңгімелей беруге болады. Сондықтан, жақында мекеме ұжымының бірлескен күшімен «Мерейлі мекенге – 80 жыл» атты тарихи-танымдық кітапты жарыққа шықты. Бұл кітапта мекеменің қалыптасу тарихына шолу жасалып, бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндайтын материалдар топтамасы енгізілді. Қосымша білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен жалпы зиялы қауымға арналған бұл кітаптан оқырман көптеген аса құнды мәліметтерге қанық болар деген үміттенеміз.
Бүгінгі саналарды жаулауға асыққан ақпараттық ағынының алуан түрінен бас айналып, болашағымыз үшін алаң көңіл мазалаған уақытта баланың мектептен тыс бос уақытын тиімді ұйымдастырып, дұрыс бағытқа жөн сілтеу аса маңызды болып отыр. Бұл ретте әрбір баланың техникалық, интеллектуалдық шығармашылықпен, спортпен айналысуына жол ашып, достыққа үйрететін, қоғам өміріне бейімдейтін, қарым-қабілетін дамытатын Оқушылар сарайының жұмысы қажеттілігін ешуақытта жоғалтпасы анық.
«Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ендеше, болашақтың іргетасын балалық шақтан бастап қалап, бар күш-жігерін елжанды, рухты, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, көшбасшы ұрпақ тәрбиелеу мақсатына жұмсап келе жатқан мерейлі мекеннің 80 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Балалық шағымыз – базарлы, болашағымыз – ажарлы болуы жолында аянбай бірлесіп еңбек ете берейік!

Бақытжан МҰСТАФАЕВ,
Шымкент қалалық білім басқармасы «Оқушылар сарайы» МКҚК директоры

1991-2020 жылдар белесінде ұйымдастырылған іс-шаралар

 

- Түрлі категориялы мектептен тыс мекеме педагогтеріне арналған облыстық семинар - жылына 4-6 рет – 500-700-ге дейін адамды қамту;
- Педагогтер үшін кәсіби-әдістемелік кездесулер – әр апта дүйсенбіде;
- түрлі категориялы педагогтерге кеңес беру- 200-250 адам;
- Әдістемелік нұсқаулар дайындау: қосымша білім беру жұмысы, іс-шаралар ұйымдастыру бойынша – жыл бойы 25-30 дана;
- Әдістемелік көмек көрсету және зерделеу жұмысына аудан, қалалардағы мектептен тыс мекемелерге бару – жылына 10-15 рет;
- Педагогтердің санатын көтеру бағытындағы жұмыс- 5-10 адам;
- Көпшілік іс-шаралар, байқау-жарыстар өткізу: Оқушылар сарайында –80-85 рет; облыс көлемінде: 10 – 20 рет өткізу;
- Көпшілік іс-шаралар, байқау-жарыстарға қатысу:
республикалық – 7-10; облыстық – 15-20; қалалық – 10-15;
- Мекемеден тыс орында концерттік бағдарлама, іс-шараға қатысу - 15-25 рет;
- Қолөнер, бейнелеу өнері көрмесі: мекемеде -15-20; облыстық - 5-10 рет;
- Мектеп оқушылары, ЖОО студенттері, мектептен тыс мекеме қызметкерлеріне экскурсия- 90-120 рет, қамтылуы - 950-1500 адам;
- Шымкент қаласы тарихи-мәдени орындары, табиғат аясына экскурсия;
- Спорт кандидаттары және шеберлерін дайындау - 2-4 спортшы;
- Жазғы сауықтыру алаңына қамтылған бала саны – 400-600 бала;
- Құқықбұзушылыққа бейім балаларды үйірмеге тарту: КТІЖИ-де есепте тұрған балалар саны- 2-3 бала; мектепішілік есепте тұрғандар саны – 20-30 бала;
- Үйірмеге әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының қамтылуы: - жетім балалар саны – 5-10 бала; көпбалалы отбасы балалары – 250-300;
- әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары – 400-450 бала;
- Үйірме түлектерінің саны – 130-160 бала.
- Оқушылар сарайында 1991-2006 жылдары 15 жыл бойы мектеп оқушыларының көктемгі демалысы кезінде 2 күнге созылған жас суырыпсалма айтыскерлер мен термешілер сайысы дәстүрлі өткізілді. Бұл сайыс облыстық білім департаментінің қолдауымен ұйымдастырылып, талапшыл қазылар алқасы жұмыс атқарды. Бүгінде елге танымал Оңтүстіктің дүлдүл айтыскер ақындары Бекарыс Шойбеков, Карима Оралова, Анар Жаппарқұлова, Біржан Байтуов, әнші Еркін Нұржанов Оқушылар сарайының киелі сахнасынан бала айтыскер ретінде өнер көрсетіп, айтыс әлеміне алғашқы қадамдарын жасады. Өткен оқу жылынан бастап бізде 2 айтыс үйірмесі ашылды. Алдағы уақытта да ойлы өлеңімен, уәжді сөзімен елді мойындатқан суырып салма айтыскерлер осы сахнадан өсіп шығады деп
сенеміз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.