ҚҰРЫЛЫС САПАСЫН БАҚЫЛАДЫ Избранное

Среда, 17 Январь 2024 05:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 446 раз

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар мемлекеттік білім мекемесіне арнайы барды. Қала әкімі «Оңалту орталығы», №66 жалпы орта білім беретін мектеп пен №99 «Гүлдер» бөбекжай-бақшасына жүргізілген күрделі жөндеу жұмысының сапасын тексеріп, №31 «Салтанат» бөбекжай-бақшасының мәселесімен танысты.

akim

 

«Оңалту орталығының» іргетасы 1975 жылы қаланған. Орталық 1,3 гектар аумақты алып жатыр. Онда асхана, медпункт, спорт зал мен алаң бар. Қазіргі таңда мұнда 3-7 жас аралығындағы ерекше оқуды қажет ететін 167 бала білім алып жүр. Оңалту орталығының ғимаратына өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілді.
Ал, № 99 «Гүлдер» бөбекжай-бақшасы 1985 жылы пайдалануға берілген. Нысан 0,83 гектар аумақты алып жатыр. Бүгінде 280 бала тәрбиеленіп отырған ұйымда 12 ойын бөлмесі, 12 жатын бөлме бар. Мектепке дейінгі білім беру ұйымы былтыр күрделі жөндеуден өтті.
Іргетасы 1950 жылы қаланған №31 «Салтанат» бөбекжай-бақшасының ауданы 617,1 шаршы метрді құрайды. Бүгінде балабақшада 123 бала тәлім-тәрбие алып жүр. Күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған білім нысанының жартысы жекенің меншігінде.
«Салтанат» балабақшасының мәселесімен танысқан қала әкімі жауаптыларға тез арада зерделеу жұмыстарын жүргізіп, меншік иелегін толық мемлекет меншігіне алу бойынша тапсырма берді. Тапсырма жүзеге асқан соң, күрделі жөндеу жұмысын жүргізу мәселесі қарастырылатынын жеткізді.
Қазығұрт шағын ауданындағы №66 жалпы орта білім беретін мектебі былтыр күрделі жөндеуден өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аталған нысанға барып, былтыр маусым-желтоқсан айларында жүргізілген құрылыс жұмыстың сапасын бақылады.
Іргетасы осыдан отыз жыл бұрын қаланған ғимараттың сыйымдылығы – 1 260 орындық. Мұнда қазір 2 мыңнан аса оқушы білім алуда. Екі ауысымды мектепте 65 оқу кабинеті, кітапхана, еңбекке баулу шеберханалары, мәжіліс залы, асхана қарастырылған.
Ғимараттың күрделі жөндеуіне көңілі толмаған қала әкімі әрлеу жұмыстары мен қабырғалардың сапасын сынға алды. Құрылыс басқармасының басшысына кемшіліктерді мердігерлер есебінен шұғыл ретке келтіруді тапсырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта жеке компаниялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында қадағалау жұмысын күшейтуді жүктеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.