ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫН ОЙЛАҒАН АҒАШ ЕГЕДІ Избранное

Пятница, 09 Февраль 2024 03:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 341 раз

Шымкентте кейінгі жылдары саясы мол ағаштарды отырғызуға басымдық беріліп жүр. Өткен жылы қаланың орталық көшелеріне 51 348 түп көшет егілді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев былтыр қараша айында қала тұрғындарымен кездесуде қалаға жапырақты ағаштар көптеп керек екенін айтқан еді. Өйткені, оның көптеген пайдалы тұстары бар екен.

agash

 

Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әбілқайыр Оңғардың мәлімдеуінше, былтыр күзде қаланың орталық көшелеріне
51 348 жапырақты, 9586 қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Атап айтқанда, Шымкент сити, Тұран, Асар шағынауданы, орталықтағы ағаш-бұталар сиреген аумақтарда жапырақты ағаштар отырғызылды.

agash-1


Бұған дейін бұл көшеттер теңдей егілетін. Қазіргі таңда жапырақты ағаштарға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, былтыр биіктігі 3,5-4 метрге дейінгі емен, қарағаш, күл (ясень) сияқты жапырақты ағаштар отырғызылды. Өйткені, ондай ағаштар 20-30 метрге дейін өсіп, тұрғындарға жақсы сая болады. Ауаны тазартып, сапалы оттегі бөлінуге жағдай жасайды.
Тағы бір ерекшелігі, қылқан жапырақты ағаштар жыл он екі ай жасыл болып тұрады. Қазір қыс маусымында Әкімшілік-іскерлік аумағы, Өтегенов, Төлеметов көшелері бойы жап-жасыл болып тұр.
Өткен жылы көшет отырғызу жұмыстарын Абай ауданында «KazStroyCapital LTD» ЖШС, Әл-Фараби ауданында «Таза Өлке» ЖШС, Еңбекші ауданында «группа Интеко» ЖШС, Қаратау ауданында «Жасыл Жер Шымкент» ЖШС, Тұран ауданында «группа Интеко» ЖШС жүргізді.
Ал көшеттерді суару, күтіп-ұстау жұмыстары да – басты назарда. 2023 жылы қала аумағындағы жасыл желектер мен көгалдарды суғару мәселесін шешу мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 111 су ұңғымалары қазылып, автоматты суғару жүйелері орнатылған. Әр аудан бойынша 20 данадан, саябақтарда 10 дана су ұңғымасы қазылды. Және бұрынғы егілген ағаштар да осы жүйе бойынша суғарылмақ. Жер асты көздерінен бөлек қала аумағы арқылы ағып өтетін Қошқарата бұлағының суы да жасыл желектерді күтіп ұстауға пайдаланылып келеді.
Өткен жылы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында магистральды көшелердегі жасыл екпелерді түгендеу жұмыстары жүргізілген. Яғни, жасыл екпелердің санын, жай-күйін анықтайтын автоматтандырылған платформа жүйесі әзірленді. Инвесторлар есебінен жүзеге асырылған ақпараттық жүйе арқылы екпелердің түрі, диаметрі, биіктігі, жай-күйі зерделенеді. Осы арқылы 2022, 2023 жылы, одан кейінгі жылдардағы ағаштардың тізбесі көрінеді.
Жобаға сәйкес қала аумағындағы барлық (магистральды көше, ішкі орам көшелері, көпқабатты тұрғын үй аулалары, жеке секторлар) ағаштарды санап, тізімі жасалынады. Қазіргі таңда 443 магистральды көшелердегі ағаштар толық саналып «zhasylshym.kz» платформасына енгізілген. Жасыл желектерді түгендеу жұмыстарын 2024 жылдың II тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа жүйе бойынша қаланың жасыл қорын түгендеу нәтижелері ашық қолжетімдікте болады. Автоматтандырылған ақпараттық жүйе бойынша интерактивті картада бүлінген және ауру ағаштардың орналасқан жері, жасыл желектердің жай-күйі туралы деректер толық қамтылады. Әр аудан бойынша жарамды ағаш саны, оның құнарсызданғандары, қурағандары, бұталар саны да есепке алынбақ. Бұл платформаны телефон қосымшалары арқылы қаланың әр тұрғыны қай жерде қандай ағаш егілгені туралы мәліметтерді көріп отыруға мүмкіншілік жасалды.
Шымкент қаласының жасыл желектерін паспорттауға Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу инстиуты, экология және өсімдіктерді қорғау ғылыми-өндірістік бірлестігі ғылыми сүйемелдеуге тартылып отыр.
Қала – ортақ үйіміз. Табиғатты қорғау, қаланың көркін арттыру, өзіміз тұратын үйдің ауласын абаттандыру, көгалдандыруға әрбір азамат жауапкершілікпен қарап, игілікті іске үлес қосуы тиіс.
Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағында экологиялық акциялар аясында ағаш отырғызу қарқын алған. Былтыр Шымкент қаласы тұрғындары да сенбіліктерде, экологиялық акцияларда көгалдандыруға үлес қосты. Ізгілікті іске қала тұрғындары да атсалысып жатыр. Қаланың орталық көшелері, саябақтарынан бөлек, өз үйінің ауласына ағаш егіп, қаланы көгалдандыру, табиғатты қорғауға әрбір тұрғынның үлес қосуға мүмкіндігі бар.
Енді бірер уақыттан кейін жер-дүние жаңарып, табиғат өзгеше түрге енетін мезгіл де келеді. Қоршаған орта өзгеше кейіпке енер шақ. Тұрғын-жайларды абаттандыру, көше бойларын көріктендіру, тал егу жұмыстары қыза түспек.
Халықта «көктемнің әр күні жылға азық» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі егілген талдар мен көктемде отырғызылған көшеттерді күтіп-баптауда «сенікі, менікі» болмауы керек. Сонда ғана сүйікті қаламыз ару Алматы сияқты жасыл желекке бөленген әдемі қала болады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.