Азаматтық альянс донорлық акция ұйымдастырды Избранное

Пятница, 23 Февраль 2024 08:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 303 раз

27 ақпан – Халықаралық Үкіметтік емес ұйымдар күні. 2014 жылдан бері жыл сайын дүниежүзілік деңгейде өткізіліп келе жатқан атаулы мереке қарсаңында Шымкент қаласының Азаматтық альянсы да бірқатар арнайы іс-шаралар ұйымдастырды. Үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық күні аясында Шымкент қаласының Азаматтық альянсы қаланың Қан орталығында қан тапсыру жөнінде бастама көтерген болатын. Бұл бастамаға Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы қолдау көрсетті.

donor

 

Қан тапсыру акциясына Азаматтық альянс төрағасы Жұмағали Білісбеков, ресурстық орталық басшысы Сара Имбарова, корпоративтік директоры Юсуп Арзыханов бастаған бірлестік мүшелері, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма қызметкерлері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері - барлығы жүз шақты адам қатысты. Бұл игі іс-шара 27 ақпандағы Халықаралық Үкіметтік емес ұйымдар күні мерекесін атап өтудің лайықты бастамасы болды.
Жалпы, Үкіметтік емес ұйымдарды «үшінші сектор» деп текке атамайды. Олар – билік пен қоғамның арасындағы көпір. Бүгінде мұндай ұйымдар көптеген әлеуметтік іс-шараларға белсенді түрде атсалысып жүр. Солардың бірі – Шымкенттің Қан орталығында ұйымдастырылған акция. Өзін қоғаммен бірге және қажетті істерге қолынан келгенше атсалысуды азаматтық борышы санайтын көптеген қала тұрғыны осы игілікті де сауапты іс-шараның бел ортасынан табыла білді. Бұл акцияның өткізілуіне бастамашы болған Шымкент қаласының Азаматтық альянсына жүрекжарды алғысын білдіргендер аз болған жоқ.
Шымкент қаласының Азаматтық альянсының жұмысы мұнымен шектеліп қалмайды. Енді 26 ақпаннан бастап қаланың Үкіметтік емес ұйымдары үшін арнайы іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, Үкіметтік емес ұйымдар жұмысын құқықтық реттеу, олардың мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды орындауға қатысу ережелері, қаржылық және салық есептілігі сияқты маңызды тақырыптарды қамтитын тренингтер өтеді.
Өзіміздің отандық және бірқатар шетелдік мамандардың қатысуымен өтетін бұл тренингтердің Үкіметтік емес ұйым өкілдеріне берері аз болмайды. Осында олар қажетті ақпараттарға қанығады, әдістемелер мен тәжірибе алады, оларды өздерінің алдағы уақыттағы жұмыстарында қолданатын болады.
Халықаралық Үкіметтік емес ұйымдар күні мерекесіне арналған іс-шаралар 27 ақпанда «Ramada» қонақүйінде өтетін қалалық конференциямен аяқталмақ. Онда Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамның түрлі салаларын дамытудағы, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешудегі, жалпы Азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ролі мен үлесі жөнінде айтылады. Осында жергілікті Үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жүрген жұмыстары жөніндегі деректермен де танысуға болады.
Міне, Шымкент қаласының Азаматтық альянсы Халықаралық Үкіметтік емес ұйымдар күні мерекесіне орай осындай маңызды іс-шаралар өткізіп жатыр. Оның нақты іспен айналысып жүрген Үкіметтік емес ұйымдарға да, жалпы, азаматтық қоғам құруды ойлайтын, оған атсалысқысы келетін көпшілікке де берері мол болмақ. Өйткені мемлекетіміздің алға қойып отырған жоспарларын тиімді іске асыруға барша халық мүдделі, сондықтан азаматтардың қоғамдық белсенділігі артуы керек. Осы орайда Үкіметтік емес ұйымдардың іс-әрекетінен көп үміт күтіледі.

Д.ОРАЗ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.