КӨРІСУДЕН БАСТАЛДЫ КИЕЛІ КҮН Избранное

Пятница, 15 Март 2024 06:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 259 раз

Шымкентте Наурыз думан басталып та кетті. Қалада 14 наурызда Көрісу күні – Амал мерекесі кеңінен тойланды.Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастырған «Көрісу – жаңа өмір, жаңа күн» іс-шарасына 20-ға жуық мәдениет мекемесінің қызметкерлері атсалысты. Іс-шаралар бір мезгілде қаланың көрікті үш локациясында — Абай саябағы, Астана және Арбат алаңдарынан бастау алды.

korisu

 

Көрісу – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдісі. Абай саябағына жиналған «Шымкент-Цирк», Орталықтандырылған балалар кітапханасы, Орталықтандырылған көпшілік кітапхана және саяси қуғын-сүргін музейінің қызметкерлері бір-бірімен көрісіп, осынау ұлттық дәстүрді дәріптеді.
–Көрісу күнінде ата-бабамыз алыстағы ағайын-туысын арнайы іздеп барып, қыстан аман шыққанына көз жеткізіп, көрісіп қайтатын болған. Бүгін, міне, біз де сол дәстүрді жалғап жатырмыз, – деді Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Жұманова.
Амал мерекесі Астана алаңында да тойланды. Бұл жерге Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, Көрме орталығы мен Түркістан сарайының, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен өзбек театрының өнер тарландары, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының мамандары қатысты.

Арбат алаңына жиналған Шымкент қалалық орыс драма театры мен опера және балет театрының, тілдерді оқыту орталығы, А.Пушкин атындағы кітапхана мен жасөспірімдер кітапханасының, «Шымқала» кешені, арнайы кітапхана мен «Ерлік» музейінің қызметкерлері де Амал мерекесін ерекше ықыласпен атап өтті. Алаңның екі басынан домбырамен әуендетіп шыққан өнерпаздар орта тұсында көрісіп, қауышты. Екі жақ бір-біріне амандық-саулық тілеп, қариялар ақ батасын берді.

Nauris


Айта кетейік, Абай саябағы, Астана мен Арбат алаңында басталған көрісу шаралары әрі қарай Шымкент қалалық орыс драма театрында салтанатты жиынға ұласты. Театр әртістері дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын сахналық көрініс қойса, ұлттық аспаптар оркестрі мен қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, жиылған көпшілікті мерекелік көңіл-күйге бөледі.
Орыс драма театры алдында арқан тарту, кір тасын көтеру, қошқар көтеру сынды ұлттық спорттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды. Қошқар көтеруге 7 палуан қатысып, «Шымкент Цирк» мекемесінің қызметкері Әбу Әбдіразақ 80 келі қошқарды 37 рет көтеріп, жеңіске жетті. Ал, арқан тартыстан Шымкент қалалық Опера және балет театрының командасы жеңімпаз атанды. Кір тасын көтеру бойынша 8 үміткер бақ сынап, Шымкент қалалық Мемлекеттік архивінің қызметкері қарсылас шақ келтірмеді.
Еске сала кетейік, Шымкентте Наурыз мерекесі 10 күн тойланады.

Өзипа АЛТАЕВА,
Гүлнұр БАЛАБАСОВА,
Абылайхан ОРАЗАЛИЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.