СТРАТЕГИЯЛЫҚ НЫСАНДАР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Среда, 04 Сентябрь 2024 04:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 221 раз

Шымкентте ауыз судың тарифтері тұрғындар үшін де, бюджеттік ұйым мен заңды тұлғалар үшін де өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Мысалы, Шымкентте тариф 1 текше метрге шамамен 97 теңге болса, Астанада бұл көрсеткіш 1,5 есе төмен, яғни 65 теңге. Ал, Алматыдағы тариф – 55 теңге, яғни, Шымкенттегіден 2 еседей арзан.

 

Бұның себебін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов айтты.
Айдын Мейрамбекұлының айтуынша, қаладағы жалғыз мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның екі су қабылдағышы – «Тассай-1» және «Тассай-2», «Уникансервис» тазарту қондырғысы және «ТрансВиК» автокөлік шеберханасының жекенің еншісінде екен. Тарифтің қымбат болуы осыған байланысты көрінеді.
- 1996-1998 жылдары Шымкент қаласының сол кездегі әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын монополиядан арылту шеңберінде қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін бәсекелес ортаға беру туралы шешім қабылдаған. Тасымалдау барысында қаладағы жалғыз мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның екі су қабылдағышы «Тассай-1» және «Тассай-2», «Уникансервис» тазарту қондырғысы және «ТрансВиК» автокөлік шеберханасы еншілес ұйымдарға бөлінді. Одан әрі құрылған төрт еншілес кәсіпорын мен қосымша «Бадам-Сайрам» және «Ақбай-Қарасу» су қабылдағыштары да жекешелендіруге берілген. Ал, бұл екі ұйымның су тарифі екі бөлек болып келді, –дейді Айдын Кәрімов.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғындары сарқынды судың иісіне қатысты арыз-шағымдарын жауаптыларға талай рет жеткізген. Алайда, мәселе аяқсыз қалуда. Бұл «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің сарқынды суды тазарту және шығару жұмыстарының өз деңгейінде емес екендігін көрсетеді. Осы ретте Шымкент қаласының әкімдігі бұрын жекешелендірілген стратегиялық сумен жабдықтау және су бұру нысандарын мемлекет меншігіне қайтаруды көздеп отыр. Объектілерді мемлекет меншігіне қайтару сумен жабдықтау және су бұру бойынша тарифтік шығындарды ұстау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді екен.

Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.