Жерасты өткелдерiнiң тазалығы қандай? Избранное

Среда, 18 Май 2016 05:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6573 раз

Қалада жаяу жүргіншілер мәселесін шешуде бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр. Әсіресе, тұрғындардың жолдан алаңсыз өтулері үшін жерасты және жерүсті өткелдері салынды. Ендігі кезекте тұрғындар да өткелдердің тазалығына салғырт қарамаса дейміз. Бүгінде мұндай нысандардың тазалығы қандай? Қаланың қай жеріне өткелдердің қажеттілігі туындап тұр? Осы мәселелерді анықтап көрдік.

DSC 0446

Жалпы, Шымкентте 9 жерасты өткелі бар. Оның ішінде «Колос» аялдамасы мен «Дендросаябақ» маңындағы жерасты өткелдері былтыр пайдалануға берілген.

Тұрғындардың тазалыққа немқұрайлы қарайтындары аз айтылып жүрген жоқ. Бұл мәселе қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тікелей бақылауында екені белгілі. Маңызды нысандарды күтіп ұстау, тазалық жұмыстарын жүргізу өзекті мәселе. Жалпы, жерасты өткелдерінің бәрі базар маңында орналасқан. Әзірге, жерүсті өткелі – екеу. 18 шағынаудандағы соңғы пайдалануға берілген өткелді қала әкімінің өзі ашып берген.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылбек Баймырзаевтың айтуынша, негізгі базарлардың бәрінің тұсында өткелдер салынған. «Автонұр» базарын айтар болсақ, ондағы жағдайды бағдаршам реттеп тұр. 

DSC 1272

Былтыр Мангельдин көшесі мен Темірлан даңғылы қиылысында жерүсті өткелінің құрылысы басталған. Бүгінде нысанның іргетасы ғана құйылып, құрылысының тоқтап тұруының өзіндік себебі бар. А. Баймырзаев қазіргі уақытта әкімдік тарапынан қайта жобалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Мердігер компания – «Алаш Оңтүстік» ЖШС-і 20-шы мамырдан бастап, қайта жұмысты жалғастырмақ. Басты мақсат – құрылысты биыл аяқтау.

Келешекте «Самал» базары маңынан да жерүсті өткелін салу жоспарланып отыр. 
Жерасты өткелдерінің қазіргі жай-күйімен танысу үшін «Колос», «Қырғы базар» маңындағы жер асты өткелін бақылап қайтқан едік.

Мұнда негізінен сауда қатарлары орналасқандықтан, тазалық жұмыстары ұдайы жүргізіледі. 
– Қызметкерлер осы жерден нәпақасын тауып отырғандықтан таза ұстайды. Өтіп бара жатқандардың кейбірі қоқыс қалдырып кетеді. Бейнебақылау қойып еді. Тәртіп біршама түзелді. Өткелдің үстінде бейнебақылау бар. Ал ішінде жоқ, – дейді сатушы Мархабат Сүттібаева. Қала тұрғыны бізге тұрғындардың тазалық мәдениетіне назар аударып, тазалыққа қатысты үгіт-насихат жұмыстарын күшейту керектігін айтты. 

Расында, қазір бұрынғыдай емес, тәртіп біраз түзелген. Темекі тұқылын тастайтындар да азайыпты. Алайда «Қырғы базар» аялдамасындағы жер асты өткелінің маңындағы заңсыз сауда қатарлары әлі тыйылмай тұрғанын байқадық. Полицейлер кеткеннен кейін қайта бұрынғы әрекетіне кірісетін пысықайлар әлі де баршылық.

Осыдан бір апта бұрын «Колос» аялдамасындағы жер асты өткелінде сауда нүктелері бой түзепті. Азық-түлік өнімдерін сатып жатыр. Күзетшісі бар. «Іші лас болып жататын. Қазір біршама реттелген. Дегенмен, әлі де жөнге келтіретін жұмыстар баршылық. Сынған қабырғаларды, сызылғандардың орнын бүтіндеп берсе», – дейді дүкенді жалға алушы Бақыт Нысанов.
18 шағынаудандағы жаңадан пайдалануға берілген жерүсті өткелі кәдеге жарап тұр. Түнде өтсеңіз шамдары жарқырайды. Тұрғындар жолды өткелден өтуге дағдыланыпты. Алайда тұрғындардың айтар уәжі бар: шағынаудан тұрғындарының бәрі биік нысанға қауіпсіз қоршау істеп берсе дейді. 
Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаевтың айтуынша, 9 жерасты өткелінің 5-і жеке меншікке пайдалануға берілген. Олар – «Қырғы базар», «Көктем», «Колос» аялдамасы, «Бекжан» базары және 16 шағынаудандағы жерасты өткелі. Жеке кәсіпкерлер санитарлық тазалық жұмыстарын өз тарапынан атқарады. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. 
– Жерасты өткелдерінің тазалық жұмыстары қолға алынып жатыр. Ішкі қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінде Төлеметов көшесіндегі жерасты өткеліне жарық шам орнату жұмыстары жүргізілді. Төлеби көшесіндегі «Қызғалдақ» сауда орны маңындағы жерасты өткеліне ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде, – дейді бөлімнің бас маманы. 
Қаланы таза ұстау тұрғындардың өздеріне байланысты. Жерасты өткелдері де, жерүсті өткелдері де қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында жүзеге асып жатыр. Соған сәйкес, қала тұрғындары енді мемлекеттік нысандардың тазалығына дұрыс көзқарас танытса құба-құп.

Последнее изменение Среда, 18 Май 2016 06:13
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.